Accessibility links

Хоккейден шахматқа дейін: СССР спортшылары елден қалай қашты?


Мәнерлеп сырғанаушылар Людмила Белоусова мен Олег Протопопов Гренобльдегі Олимпиада кезінде. 15 ақпан 1968 жыл.
Мәнерлеп сырғанаушылар Людмила Белоусова мен Олег Протопопов Гренобльдегі Олимпиада кезінде. 15 ақпан 1968 жыл.

Беларусь ұлттық олимпиада комитеті жеңіл атлет Кристина Тимановскаяны Токио олимпиадасындағы жарыстардан шеттетіп, еш ескертпестен Минскіге жібермек болған. Спортшы еліне оралмайтынын, Еуропадан саяси баспана сұрайтынын айтты.

Өз еліне қайтудан бас тартып, Батыстан пана сұраған жалғыз Кристина Тимановская емес. Совет одағының кезінде ондай спортшылар көп болды. Олардың кейбірі арнайы қызметтің бақылауынан шаршағанын, енді бірі материалдық жағдайға бола кеткенін айтса, кейбірі мансабын билік кедергі жасамайтын Батыс елдерінде жалғастырғысы келген.

ЛЮДМИЛА БЕЛОУСОВА МЕН ОЛЕГ ПРОТОПОПОВ, МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУ

Людмила Белоусова мен Олег Протопопов – 1960-1970-жылдардағы ең танымал спортшылардың бірі. Олар – жұптық мәнерлеп сырғанау бойынша 1964, 1968 жылдардағы Олимпиада чемпионы, 1965-1968 жылдардағы Еуропа және әлем чемпионы, 1962-1964, 1966-1968 жылдардағы СССР чемпионы. 1979 жылы гастрольдік сапар кезінде 47 жастағы Протопопов, 44 жастағы Белоусова Швейцарияда қалып қойған. СССР құрамасына енбеген екеуі сол кезде Ленинградтағы мұз балетінің солистері еді.

Людмила Белоусова мен Олег Протопопов Азаттық радиосында қонақта. Архив суреті.
Людмила Белоусова мен Олег Протопопов Азаттық радиосында қонақта. Архив суреті.

Спортшылар елден қашу туралы ойламағанын, бірақ үшінші Олимпиадасына жолдама ала алмағанда бәрі өзгергенін айтады.

"Бізді ешқайда апаратын ойлары да болмады, – деп жазды Олег "Непревзойденные" кітабында. – Егер үшінші Олимпиаданы жеңсек, шетелде қалатынымызды айтып жүрді. Сол кезде бұған негіз жоқ еді. Мұны кім істегенін білмеймін, бірақ осылай дегендері ауыр соққы болды".

Мәнерлеп сырғанаушылардың сөзінше, олар елден тек шығармашылық мақсатта кеткен. Олар мұз бен сырғанау мүмкіндігі қажет екенін, ал СССР-дің жасына болы осы мүмкіндіктен айырмақ болғанын айтты:

"Мұздағы балетте тұншыққандай, қорланғандай болдым. Үнемі саусақтарын шошайтып, қысым көрсететін. Сондықтан мүмкіндік болып жатса, ол жерде дәнеңе жоқ деп шештік" дейді Белаусова бір сұхбатында.

Олардың кетуі СССР-де дауға ұласты. Белоусова мен Протопоповтың аты-жөні спорт анықтамаларынан алынды. Бұл оқиғаның жаңғырығы ондаған жыл бойы сезілді. Мысалы, 1988 жылы Белоусова мен Протопоповті Калгаридегі Олимпиададада өнер көрсетуге шақырған. Мұны естіген Совет делегацисы Олимпиаданың жабылу салтанатына бойкот жариялайтынын айтқан.

"Әсіресе менің әпкем мен оның күйеуіне ауыр тиді. Ол мемлекеттік банкте істейтін, бір бөлімнің бас инженері еді. Оның (жалақысын) бірден екі есе қысқартқан. Бұл оларға өте ауыр тиді" деп есіне алады Белоусова.

ВИКТОР КОРЧНОЙ, ШАХМАТ

47 жастағы шахматшы, СССР-дің бірнеше дүркін чемпионы Виктор Корчной 1976 жылы Амстердамдағы халықаралық жарыстан кейін еліне қайтудан бас тартып, Батыста қалған. Ол СССР-ден қашқан бірінші шахматшы болмаса да (Бірінші болып 1921 жылы шахматшы Александр Алехин қашқан), үлкен дау туды.

Виктор Корчной 1973 жылғы жарыста. Артқы планда шахмат ойнап отырған Тигран Петросян.
Виктор Корчной 1973 жылғы жарыста. Артқы планда шахмат ойнап отырған Тигран Петросян.

"Мені диссидент дейтіндер, Совет одағының құлауы үшін күресті деп ойлайтындар көп. Мұны мүлдем жоққа шығаруға болмайды, – дейді Корчной бір сұхбатында. – Совет билігі маған соғыс ашты, онда мен "диссидент" позициясында болдым. Шахматтағы өміріме қауіп төніп тұрғандықтан, СССР-ден кетуім керек болды".

Корчнойдың СССР-де қалған отбасына, әсіресе ұлына қиынға соқты. СССР оның беделін түсіруге тырысып, аты-жөнін еш жерде атамайтын болды. Тіпті, шахмат тәжін сарапқа салатын матчты жеңіп, Анатолий Карповпен ойнауға дайындалып жатқанда баспасөз құралдары оны тек "қарсылас" деп атаған.

Елден қашқан Корчной Швейцарияда тұрған. СССР тараған соң, оның ұлы да сонда көшкен. СССР оны азаматтығынан, спорт шебері атағынан айырды, бірақ СССР құлаған соң атағын қайтарып берді. СССР-ден қашқан Корчнойдан басқа да шахматшылар бар:

  • 1979 жылы Германияда өтіп жатқан шахматтан чемпиондар кубогында Лев Альбурт саяси баспана сұраған. Одан кейін АҚШ құрамасына ауысқан.
  • Өзбекстан шахматшысы Игорь Иванов 1980 жылы Кубадағы турнирден қайтып келе жатып, Канадада ұшақ ауыстыратын жерінен кетіп қалып, саяси баспана сұраған. Бірақ елден кеткен соң бұл екеуінің мансабы Виктор Корчнойдыкі сияқты сәтті болмады.

ГАТА КАМСКИЙ, ШАХМАТ

Корчнойдан кейін қашқандар ішінде ең танымалы Гата Камский (шын аты Гатаулла Сабиров) болды. Шахмат "вундеркинді" атанған спортшы 1989 жылы еліне оралмады. Нью-Йорктегі турнирлердің бірінен соң оның әкесі, бокстан спорт шебері Рустам Камский АҚШ-та қалу туралы ұсынысты қабылдаған. Камский сұхбаттарында елден кетуді өзі емес, әкесі шешкенін айтқан.

"Ол кезде 14 жаста болдым. Мен үшін бәрін әкем шешті, бұл қадамды алдын ала жоспарлады. 1988 жылы жасөспірімдер арасындағы чемпионатта ойнадық. Әкем Америка шахмат федерациясының өкілдерімен кездесіп, олардан шақырту алғысы келді. Сол кездің өзінде ол Батысқа кетуді жоспарлаған, – деп түсіндірді ол. – ФБР-мен байланыстық. Нью-Йорктегі турнирдің соңғы күнінде ФБР-дің адамдары ойыным біткен соң залға кіріп, әкем екеумізді қонақүйдегі бөлмеге апарып, (ғимаратты) қоршап алды. Содан соң заттарымызды фургонға салып, ФБР-дің Нью-Йорктегі бас ғимаратына апарды. Содан кейін үш-төрт адам әкемнен ұзақ уақыт жауап алды. Әкем адамды елітетіндей сөлей алады. Әкем бәрін айтып берген соң олар бізге саяси баспана берді".

Камский татар болғанына бола қуғынға ұшырағаны үшін емес, мансабына бола елден кеткенін, АҚШ шахмат құрамасында СССР құрамасына қарағанда бәсеке аз болғанын айтты.

"Әкем менің Америкаға шахматтан әлем чемпионы титулын алып бере алатынымды түсіндірген. Совет одағында үнемі бәсеке жоғары болды. Феномен таланттар да көп еді. Жасөспірімдер арасындағы Ресей чемпионатында екі рет жеңіске жетсем де, халықаралық жарыстарға қатыса алмадым, – деді Камский. – Бұл саладағы шешімнің бәрін мемлекеттік спорт комитеті қабылдайтын. Шахматшылардың тағдыры солардың қолында еді. Егер қандай да бір себеппен оларға ұнамай қалсақ, талантқа да қарамайтын. Әкем мұнымен күресу қиынға соғатынын түсінді".

Гата Камский Қазанға сапарында. 4 мамыр 2021 жыл.
Гата Камский Қазанға сапарында. 4 мамыр 2021 жыл.

1991 жылы Камский АҚШ чемпионы атанып, әлем біріншілігінде Анатолий Карповпен ойнау құқығын иеленді. Одан жеңілген соң мансабы құлдырай бастады.

СЕРГЕЙ НЕМЦАНОВ, СУҒА СЕКІРУ

Жүлдеге үміткер суға секірушілердің бірі Сергей Немцанов 1976 жылғы Монреалдағы олимпиада кезінде Канадада қалмақ болды. Бірақ Канада баяси баспана мәртебесін тек 18 жастан асқандарға беретін, ал Немцанов ол кезде 17 жаста болатын. Сөйтіп Совет билігі оны елге қайтар білген.

Сергей Немцанов 1979 жылы.
Сергей Немцанов 1979 жылы.

Қашып кеткен спортшыдан туған әжесі жалғыз тастамай, елге оралуын сұраған. Спортшы үш аптадан соң СССР-ге қайтып келген. Сергей Немцанов әжесінің қолында өскен. Әкесі Венгриядағы совет әскерінде ұшқыш болып, анасы балаға қарай алмаған соң, әжесі оны жалғыз баққан. Олар алдымен Қырғызстанның Бішкек қаласында, кейін Алматыда тұрған.

Немцановты қайтару үшін Канада оған қарсы қандай да бір санкция салынбауын талап етті. СССР сөзінде тұрды: Немцанов институт бітіріп, 1979 жылы СССР чемпионатында жеңіске жетті, олимпиада құрамасына кірді. Бірақ одан кейін ішімдікке салынып, мансабын аяқтады. Көп жылдан соң Сергей Немцановтың ұлын оқуға шақырып, ол отбасымен АҚШ-қа кетті. Оның ұлы Денис те суға секіру спортымен айналысқан.

ВЛАДАС ЧЕСЮНАС, ЕСКЕК ЕСУ

Каноэмен ескек есу бойынша 1972 жылғы олимпиада чемпионы, СССР-дің бірнеше дүркін чемпионы Владас Чесюнас 1979 жылы Литвадан қашқан. Жаттықтырушы боп жүрген спортшы Германияның Дейсбург қаласына барып, саяси баспана сұраған. Бірақ КГБ арнайы операция жүргізіп, спортшыны ұрлап әкетіп, елге қайтарған.

Владас Чесюнас 1972 жылы.
Владас Чесюнас 1972 жылы.

Совет баспасөз құралдары Чесюнастың СССР-ден кету ойы болмағанын, тек "күмәнді ортаға түсіп", кейін ерікті түрде қайтып келгенін мәлімдеді. Бірақ Германия спортшыны Совет одағының арнайы қызметі ұрлап әкеткеніне сенімді болды. 2002 жылы Los Angeles Times газетіне телефон арқылы берген сұхбатында Чесюнас Батыс Германиядан "ерікті түрде" қайтып келгенін, бірақ совет билігі дезертирлігі үшін түрмеге қамаймыз деп қорқытқанын айтты. Ал 2018 жылғы бір сұхбатында спортшы: "Үйіме өз еркіммен оралдым. Бірақ одан кейін СССР-де қалай қиналатынымды білгенімде, Германияда қалар едім. Үш ай бойы КГБ-ға жұмысқа барғандай барып жүрдім, түсіндірме жазып, жауап бердім. Осының бәрі ауыр тигені сонша, ауруханаға түстім".

АЛЕКСАНДР МОГИЛЬНЫЙ, ХОККЕЙ

Совет хоккейшісі Александр Могильный 1989 жылғы 1 мамырда Стокгольмдегі әлем чемпионатынан кейін бірден Батысқа қашып, АҚШ-тан саяси баспана сұраған. Кейін оның елден кетуінің саяси себебі жоқ екені, оны бұған келісімге отырған Buffalo Sabres хоккей командасының скауттары дайындағаны белгілі болды.

Александр Могильный, ҰХЛ суреті.
Александр Могильный, ҰХЛ суреті.

АҚШ-қа қашқаннан кейін 22 жылдан соң Могильный "Спорт-Экспресс" басылымына сұхбат беріп, Мәскеуден "бір тиынсыз кеткенін", экономикалық мақсатта елден кеткенін айтты.

"Мәскеуден бір тиынсыз кеттім. Бейшара болдым. Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы, СССР-дің үш дүркін чемпионы едім. Бірақ, тұрғын үйдің бір метрі де бұйырмады. Мұндай өмір кімге керек? Медаль мен мақтау қағаздарыны не пайдасы бар?" дейді ол.

Александр Могильный Ұлттық хоккей лигасында жақсы карьера жасады. Ол – мыңнан астам ұпай жинаған бес ресейлік хоккейшінің бірі, ҰХЛ командасының капитаны атанған бірінші ресейлік хоккейші.

СЕРГЕЙ ФЕДОРОВ, ХОККЕЙ

1989, 1990 жылдары СССР хоккей құрамасында әлем чемпионы атанған Сергей Федоров 1990 жылы Сиэтлдегі ойын қарсаңында СССР құрамасының лагерінен кетіп қалып, кейін ҰХЛ-ге кіретін Detroit Red Wings клубы сапында ойнады.

Сергей Федоров Беларуське қарсы ойында. 2010 жыл.
Сергей Федоров Беларуське қарсы ойында. 2010 жыл.

Сергей Федоров 1990-жылдары елден кеткендіктен, билік оны азаматтығынан айырмады. Сондықтан ол бір жылдан соң СССР құрамасында әлем кубогында ойнап, басқа да жарыстарға қатысты. Федоров Могильный сияқты елден экономикалық мақсатта кеткенін айтты. ҰХЛ мүлдем басқа ақша төлейді. Федоров"Детройт" сапында үш рет Стэнли кубогын алды, НХЛ кезеңінде ең үздік ойыншы жүлдесін алған алғашқы еуропалық болды. Ол 2012 жылы мансабын аяқтады.

ЮЛИЯ СТЕПАНОВА, ЖҮГІРУ

Ресейлік жеңіл атлет Юлия Русанова Ресейден 2010 жылдары кеткен. Бұл да үлкен дау болды. Ол күйеуі Ресейдің допингке қарсы агенттігінің (РУСАДА), бұрынғы қызметкері Виталий Степановпен Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікке (WADA) ақпарат беріп, Ресей жеңіл атлетикасындағы допинг бағдарламасы туралы айтқан.

Юлия Русанова (Степанова) 2011 жылы.
Юлия Русанова (Степанова) 2011 жылы.

Степанова жаттықытрушы Владимир Мохневтің ұсынуы бойынша өзі де ұзақ уақыт допинг қабылдаған. Ал РУСАДА қызметкерлері халықаралық жарыстарда оның анализдерінің "таза" шығуын қамтамсыз еткен. Бірақ 2013 жылы спортшы ұсталып, ойыннан шыққан. Одан кейін Степанова мен күйеуі WADA ақпаратшысына айналып, жаттықтырушы, спортшы, дәрігерлермен допинг бағдарламасы туралы әңгімелерін жазып алып, беріп жүрген.

Das Erste телекомпаниясы олардың айтуы бойынша "Құпия допинг: Ресей қалай жеңіске жетіп жүр?" (нем. Geheimsache Doping – Wie Russland seine Sieger macht) деген деректі фильм түсірді. Нәтижесінде Ресей федерациясының жеңіл атлетика құрамасы Олимпиададан шеттетіліп, Ресей билігіне қатысты үлкен тергеу басталды. Тергеу басталған соң Русанова күйеуімен, сегіз айлық баласымен Ресейден кетті. 2014 жылдан бері олар Германияда тұрып, одан кейін Канададан саяси баспана сұрады. Кейін АҚШ-қа көшті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG