Accessibility links

Голландияда дайындалған шорт-трекшілер жүлдесіз қалды


Қазақстандық Нұрберген Жұмағазиев (41-нөмерде) 500 метрге жүгіруде құлаған сәт. Пхенчхан. 22 ақпан 2018 жыл.
Қазақстандық Нұрберген Жұмағазиев (41-нөмерде) 500 метрге жүгіруде құлаған сәт. Пхенчхан. 22 ақпан 2018 жыл.

Соңғы үш жыл бойы мемлекеттің қолдауымен Голландияда жаттыққан Қазақстан шорт-трек құрамасы Пхенчхан олимпиадасында медаль ала алмады.

Ақпанның 22-сі күні Қазақстан жанкүйерлері Каннындағы (олимпиаданың мұздағы жарыстары өтіп жатқан қала) Ice Arena мұз айдынынан жақсы хабар күтті.

Абзал Ажғалиев, Денис Никиша және Нұрберген Жұмағазиев 500 метрге жүгіруде іріктеуден өтіп, ширек финалға шыққан. Ширек финалда қазақстандықтар бес адамдық топта жүгірді. Спортшылардың айтуынша, 500 метрде бес адамдық топта жүгіру - қиындау. Себебі мұз жолға таласта бір-бірін итеріп, кедергі келтіреді.

Денис Никиша өз тобында үшінші орын алды. Шорт-тректе жарыстың келесі кезеңіне мәреге алғаш келген екі спортшы ғана өтеді. Ал Нұрберген Жұмағазиев мәреге 300 метр қалғанда мұзға шалынып құлап, жарысты аяқтады. Жұмағазиев 1500 метрлік жарыста да құлап, келесі кезеңге өте алмаған еді.

Нұрберген Жұмағазиев 500 метрдегі жарыста құлаған сәт. 22 ақпан 2018 жыл.
Нұрберген Жұмағазиев 500 метрдегі жарыста құлаған сәт. 22 ақпан 2018 жыл.

Абзал Ажғалиев өз тобында мәреге бесінші келген. Осы топта жарысқан венгриялық Лю Шаоан Ажғалиевке кедергі келтіргені үшін пенальти алып, жарыстан шеттетілді. Қазақстан спортшысы төрешілер шешімімен жартылай финалға шыққан. Бірақ Ажғалиев жартылай финалда өз тобында бесінші орын алып, финалсыз қалды.

500 метрде алтынды қытайлық Ву Дацзин әлем рекордымен алтын алса, күміс пен қоланы оңтүстік кореялық Даехеон Хван мен Хьочжун Лим иеленді.

Абзал Ажғалиев (көк формада) мұз айдында. Пхенчхан. 22 ақпан 2018 жыл.
Абзал Ажғалиев (көк формада) мұз айдында. Пхенчхан. 22 ақпан 2018 жыл.

Қазақстан шорт-трекшілері Пхенчхан олимпиадасында 1000 және 1500 метрге жүгіруде іріктеуден ширек финалға да өте алмаған. Сол кезде Денис Никиша журналистерге берген сұхбатында “бар күшін 500 метрге салып, медаль алуға тырысатынын” айтқан. Ал Абзал Ажғалиев 500 метрде жақсы нәтиже көрсету үшін басқа қашықтықтарға жарысқа қатыспады Жұмағазиев 500 метрдің ширек финалына өткен кезде “Төрт жыл бойы 1000 және 1500 метрге дайындалып жүлдесіз қалдым. 500 метрде қиын болады. Себебі мен спринтер (қысқа қашықтыққа жүгіруші-ред) емеспін. Дегенмен [500 метрде] тырысып көремін” деген. Бірақ үш қазақстандықтың да жоспары орындалмады.

2014 жылғы Сочи олимпиадасында шорт-тректен Қазақстан ерлер құрамасы 5000 метрлік эстафетада финалға шығып, үздік бестікке енген. Бұл жетістікті Қазақстан жанкүйерлер мен шенеуніктер жоғары жетістік деп бағалап, шорт-трек спортына бөлінетін қаржыны көбейткен болатын. Құрама үш жыл қатарынан Голландияда жаттыққан. Жаттығу шығынын мемлекет өтеген. 2016 жылы Қазақстан шорт-трек құрамасы әлем кубогында жүлде ала бастаған еді. Абзал Ажғалиев Солт-Лейк-Ситидегі (АҚШ) әлем кубогы кезеңінде 500 метрге алтын, Денис Никиша (500 м) мен Нұрберген Жұмағазиев (1000 м) қазір олимпиада өтіп жатқан Пхенчхандағы әлем кубогы кезеңінде алтын иеленген.

Қазақстандық сарапшылар мен бапкерлер “Голландияда жаттығу” идеясынан нәтиже шыға бастағанын айтқан. Ал Қазақстан шорт-трекшілері Пхенчханда кем дегенде бір медаль алып, мемлекет бөлген қаржыны ақтауға тырысты. Олимпиадаға келген қазақстандық журналистердің бірі “егер шорт-трекшілер кем дегенде бір медаль алмаса, Голландия жаққа жол жабылуы мүмкін. Мұны бапкерлер де, спортшылар да түсінеді” деген.

“ТӨККЕН ТЕР АҚТАЛМАДЫ”

500 метрлік жарыстан кейін үш спортшы да нәтижелеріне көңілі толмайтынын ашық айтты. Жұмағазиев журналистерге сұхбат берген кезде көз жасын әрең іркіп тұрды.

- Көңілім толмады. Өкінішке орай жарыс кезінде екі рет құлап, психологиялық жағынан жинала алмадым. Үш жыл бойы Голландияда дайындалдық. Нәтижеге қарап бәрі бекерден бекер болды деуге болады. Төккен тер ақталмады. Алда көрерміз. Үшінші олимпиадаға қалам ба қалмаймын ба әлі ойланам. Көптеген қателіктер жасадым. Бәріне өзім кінәлімін. Психологиялық жағынан дайын болмай шықтым. Қызым және ұлым дүниеге келгенде жандарында бола алмадым. Отбасыңды тастап, елің үшін шетелде жүріп, нәтиже көрсете алмасаң ішің ашиды екен. Алыста жүргеннің де әсері болған шығар, - деді ол.

"Психологиялық жағынан жинала алмадым"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:08 0:00

Абзал Ажғалиев келесі олимпиадаға Голландияда емес Қазақстанда дайыналуды қалайды.

- Әр кезеңге пенальтисіз шығып, соңына дейін күресу міндеті болған. Сочиден кейін шетелде жаттықтық үш жыл бойы. Осы олимпиадан кейін біз Қазақстанда жаттығуымыз керек деп ойлаймын. Туысқандарымыздан алыста жүру қиын, - деді ол.

Денис Никиша Пхенчхан олимпиадасында. 22 ақпан 2018 жыл.
Денис Никиша Пхенчхан олимпиадасында. 22 ақпан 2018 жыл.

Ал Денис Никишаның “Олимпиадаға дейін қандай нәтиже болды, сондай нәтижені көрсеттік. Қандай спорттық формада болдық сол формамен шықтық” деп қысқа қайырды да микст зонадан (журналистердің спортшылардан сұхбат алатын аймағы) жылдам кетіп қалды.

"ҚАЗАҚСТАН ШОРТ-ТРЕКТІ САҚТАП ҚАЛУЫ КЕРЕК"

Пхенчхан олимпиадасынан хабар таратып жүрген қазақстандық журналист Амангелді Сейтханның айтуынша, Қазақстан шорт-трекшілеріне кінә артпай, кешіріммен қарау керек.

- Қазақстан шорт-тректі сақтап қалу керек. Қазақ балаларының оң жанбасына келетін спорт түрі екен Егер дамытса келесі бір ойындарда жүлдеге ілінуі әбден мүмкін. Абзал ұнады. Ашылу салтанатында Қазақстан туын ұстап шыққан оған қатты әсер етіпті. Жігіттерде көзінде намыс бар екен. Нұрберген бізге сұхбат беріп тұрып, көзінен жас тоқтамады. Жастықтан емес, бар мүмкіндікті пайдалана алмағанына өкініп тұрды. Жігіттер шын мәнінде олимпиадамен өмір сүрді, олимпиадамен тыныстады. Оларға кінә артатын болсақ, ұят болады. Енді-енді бастап келеді. Мәдиғали Қарсыбековті (Қазақстан құрамасының бас бапкері-ред) сақтап, оған мүмкіндік беру керек, - дейді журналист.

Шорт-тректен Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі Ким Йонг А мен Анастасия Крестова да Пхенчхан олимпиадасында іріктеуден аса алмады. Оңтүстік Кореяда туған Ким Йонг А өз елінің құрамасына ене алмаған соң 2013 жылы Қазақстан құрамасына ауысқан. Оның Қазақстанға кетуіне Оңтүстік Корея шорт-трек федерациясы қарсы болмаған.

Қазақстан Пхенчхан олимпиадасында бір қоламен жалпы есепте 27-орында келеді.

XS
SM
MD
LG