Accessibility links

Bellingcat: Скрипальге шабуыл операциясын ГРУ офицері қадағалаған


Bellingcat зерттеу ұйымының пайымдауынша, Ресейдің бұрынғы әскери агенті Сергей Скрипальге шабуылды Лондон орталығындағы қонақүйден ресейлік ГРУ офицері Денис Сергеев бақылап отырған. Бұған дейін ақпарат құралдары «ГРУ-да жұмыс істейтін Сергеевті Қазақстанда туған Ресей азаматы» деп жазған.

Ресми Лондон Солсбериде Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия Скрипальге Ресей билігі шабуыл жасады деп санайды. Ұлыбритания билігінің дерегінше, Скрипальдерді Совет одағы кезінен бері дайындалатын «Новичок» уымен уламақ болған. Ресей президенті Владимир Путин Скрипальдерді улауға Мәскеудің қатысы бар деген айыптауды жоққа шығарады.

Bellingcat тәуелсіз зерттеу тобы жақында жариялаған есебінде «Скрипальдерді улау операциясын Ресей бас барлау басқармасының (ГРУ) қазіргі қызметкері Денис Сергеев бақылап, басқарып отырған. Бізде телефон қоңырауларының жазбасы бар» деп жазды.

Bellingcat тобымен бірге зерттеу жүргізген BBC Newsnight мәлімдеуінше, Сергеевте генерал-майор шені бар.

«Бұл істі ГРУ генерал-майорының бақылауға алуы бұл операцияның қаншалықты маңызды болғанын көрсетеді» деп санайды Bellingcat.

Bellingcat дерегінше, Сергеев телефонмен тілдескенде өзін «Сергей Федотов» деп таныстырған және Лондонға наурыздың 2-сі күні келген. Ал Солсбериде Скрипальдерге шабуыл наурыздың 4-і жасалған еді.

Bellingcat Сергеев Лонлондағы Паддингтон метросы маңындағы отельде отырып, демалыс күндері Мәскеуге 11 рет қоңырау шалған. Ол телефонмен сөйлескенде «Амир» деген есімді қолданған.

Зерттеу тобының дерегінше, Сергеев қоңырау шалған сим-карта еш жерде тіркелмеген және мұндай «ерекше нөмерлерді» ресейлік арнайы қызметтер түрлі операцияларға қолдануы мүмкін.

Bellingcat телефондағы деректерді тексере келе, Сергеевтің қонақ үйден көп шықпағанын, тек наурыздың 3-і күні Оксфорд-стрит пен жағалауға барып қайтқанын анықтаған. Осы күні ГРУ-дың екі офицері Анатолий Чепига мен Александр Мишкин де Лондонның осы аймағында болған. Олар Лондонның Ватерлоо станциясынан пойызбен Солсбериге аттанған.

«Ватерлоо вокзалы мен жағалаудың арасындағы аудан – Сергеевтің Чепига және Мишкинмен кездесуіне ыңғайлы жер болған»деп жазады Bellingcat өз есебінде.

Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипаль 2018 жылы Солсберидегі орындықта ес-түссіз жатқан жерлерінде табылған. Олар бірнеше апта ауруханада жатқан. Дәрігерлер уланған Скрипальдерді құтқарып қалған.

СЕРГЕЕВ КІМ?

Бұған дейін ресейлік «Фонтанка» басылымы мен британиялық Telegraph газеті «Сергей Федотовты» Скрипальдерге шабуыл жасаған үшінші адам ретінде көрсеткен еді. Оның алдында Bellingcat ГРУ қызметкерлері Александр Мишкин мен Анатолий Чепиганың (құжаттағы есімдері – Руслан Боширов пен Александр Петров) Скрипальдерді улауға қатысы барын мәлімдеген.

Bellingcat дерегінше, «Сергей Федотовтың» шын есімі – Денис Вячеславович Сергеев, ГРУ офицері және Ресей әскери-дипломатиялық академиясының түлегі.

  • Ол 1973 жылы қыркүйектің 17-сінде Қазақ ССР Үшарал қалашығында туған.
  • Новороссийск қаласында әскери борышын өтеген. 2000-2002 жылы Әскери-дипломатиялық академия қатарына қабылданған. Бұл академияны жұрт «ГРУ консерваториясы» деп атайды.
  • Денис Сергеев отбасылы, бір қызы бар.
  • Bellingcat мәлімдеуінше, Ресей билігі Денис Сергеевтің барлық жазбаларын жоюға тырысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG