2018 жылы Ресей президенті Владимир Путин Чукоткадағы құны бір триллион рубльден (14 млрд доллар) асатын тау-кен байыту комбинаты (ТКБК) құрылысын ресми түрде бастап берген. Азат Еуропа / Азаттық радиосының "Система" зерттеу тобы Ресейдегі осы жобаға Қазақстанның бұрынғы президенті әрі Путиннің ескі досы Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіндегі тұлғалардың қатысы барын анықтады.
Бұл қандай жоба?
Тау-кен байыту комбинаты әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі – Баим мыс кенішінде салынып жатыр. Құрылыс 46 нысаннан тұрады, олардың қатарында: қалқымалы АЭС, порт және 400 шақырым жол бар. Инвестицияның жалпы көлемі – 1,1 трлн рубль, бұл Ресей Арктикасындағы ең ірі жекеменшік жоба саналады. Жоба іске қосылған соң Ресейдегі мыс өндірісі 25%, ал алтын өндірісі – 4% артады деген болжам жасалған.
Құрылыстың ресми иесі кім?
Бұрын бұл жоба ресейлік миллиардер Роман Абрамович пен оның серіктестеріне тиесілі болған. Алайда 2018 жылы оны қазақстандық ірі мыс өндіруші компания – KAZ Minerals сатып алды. 2022 жылы Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс бастағаннан кейін Баим жобасы АҚШ санкциясына ілікті және үлескерлер жайлы ақпаратты ашпайтын жабық пай қорының иелігіне өтті.
2023 жылғы шілде айында KAZ Minerals компаниясы Trianon Limited компаниясының Чукоткадағы активін сататынын хабарлады. Бұл компанияның артында KAZ Minerals акционерлері Владимир Ким мен Олег Новачук тұрған. Келісім құны 200 миллион доллар болды. Ал кезінде KAZ Minerals бұл активті ресейліктерден 900 миллион долларға сатып алған еді. Ақыр соңында KAZ Minerals Чукоткадағы мыс жобасынан кетуі шығын әкелгенін мойындаған.
Trianon туралы не білеміз?
Trianon Limited 2022 жылы Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелген. Осы компания арқылы Ким мен Новачук Мәскеуде тіркелген "Баимский Холдинг" және "УК Баимская" жауапкершілігі шектеулі қоғамдарын құрған.
2024 жылы бұл қоғамдардың құрылтайшысы ауысты: "Северный Аврора" аралас жабық үлестік (пай) инвестиция қоры құрылтайшы болды. Сол кезде БАҚ Владимир Ким мен Олег Новачук Ресейдегі мыс жобасынан шықты деп жазған.
Жабық үлестік инвестиция қоры өз үлескерлері туралы ақпарат жарияламайды.
Жобаның шынайы иесі кім?
"Система" зерттеушілері бұл тау-кен байыту комбинаты әлі де KAZ Minerals компаниясының негізгі акционері Владимир Киммен байланысты екенін анықтады. Қазақстандық миллиардер Ким жұрт арасында Назарбаевтың сенімді адамы, тіпті "әмияны" аталып кеткен. Ол 2005 жылғы президент сайлау науқанында Назарбаевтың сайлау штабы құрамында болған. Ал оның компаниялары Назарбаев пен оның отбасының қорларын қаржыландырған және тіпті Назарбаевқа ұшақ сатып әперген болуы мүмкін деген әңгімелер бар (компаниялар ол ақпаратты жоққа шығарған).
Биыл сәуір айында америкалық Forbes журналы 64 жастағы Владимир Кимнің байлығын 5,7 миллиард доллар деп бағалаған (жыл ішіндегі өсім – екі миллиард доллардан астам). Ол әлемдегі ең бай адамдар рейтингінде 620-орында тұр.
KAZ Minerals Ltd. компаниясының 63,5 пайыз акциясы Кимге тиесілі. Ал басқа тау-кен компаниясы – Kazakhmys Holding Limited-те оның үлесі – 70 пайыз. Кимнің кәсіпорындары Павлодар облысындағы Бозшакөл кен орнын, Шығыс Қазақстан облысындағы Ақтоғай кенішін, сондай-ақ Шығыс Қазақстандағы үш жерасты кенішін және Қырғызстандағы Бозымшақ алтын-мыс кен орнын игеріп жатыр.
Қазақстанның банк саласында да Кимнің үлесі бар. Ол елдегі ең ірі он коммерциялық банктің қатарына кіретін Bank RBK-ті бақылау пакетіне ие.
Жоба иесі кім болуы ықтимал екенін қалай анықтадық?
Оны жобада жұмыс істейтін менеджерлердің өмірбаянын зерттеу нәтижесінде анықтай алдық. 2024 жылы Баим холдингін басқаруға Қазақстан азаматы Елена Раскошная кірісті. Ол сондай-ақ холдингке иелік ететін компаниялардың да бас директорына айналды. Осы қызметтерге тағайындалған кезде Раскошная "2Ком", "Цифра Один" және "Сетел" телеком-компанияларында бас директордың орынбасары болып істеген. Бұл компаниялардың бәрі Кимге тиесілі "Алмател" тобына кіреді.
Ал Баим жобасын басқарушы компанияның бас директоры Георгий Фотин бұл қызметте 2022 жылы компания құрылған кезден бері отыр. Ол бұған дейін Мәскеудегі "Каз Минералз" жауапкершілігі шектеулі қоғамын басқарған. Бұрын Фотин осы Баим жобасын қадағалайтын Ресей вице-премьері Юрий Трутневтің қарамағында жұмыс істеген. Бұған қоса Фотин тау-кен байыту комбинаты құрылысын басқарған "Вега Развитие" компаниясына да жетекшілік етеді. Бұл компанияның иесі – Дубайда тіркелген Nord Rim DMCC, ол Владимир Кимнің қазақстандық банкімен байланысы бар құрылымдар қатарында аталады.
Бұл неге маңызды?
Жоба Ресей билігінен елеулі жеңілдіктер алып отыр: мысалы, алғашқы бес жылда мүлік, пайда және жер салығынан босатылды. Ресейдің мемлекеттік даму корпорациясы (ВЭБ) бұл жобаға шамамен 1 трлн рубль ($12,9 млрд) инвестиция құюды жоспарлап отыр, ал "Росатом" мемлекеттік корпорациясы қалқымалы атом электр станциясын салмақшы.
Владимир Кимге жақын тұлға – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2022 жылғы қаңтардағы наразылықтардан кейін саясаттан кеткенімен, ара-тұра Владимир Путинмен бұрынғыдай кездесіп жүр. Екеуі кейінгі рет 2025 жылғы мамыр айының аяғында Кремльде жүздесті. Назарбаевтың өкілі ол бейресми кездесу болғанын және Путин екеуін "көп жыл жалғасып келе жатқан достық қарым-қатынас" байланыстыратынын айтқан.
Назарбаевтың өкілі "Система" жолдаған сауалдарға жауап бермеді. Сол сияқты экс-президент қоры да, сондай-ақ KAZ Minerals, Кимнің банкі, Баим тау-кен байыту комбинаты және оған жақын "Рускапитал" басқарушы компаниясы да сұрақтарға жауап беруден бас тартты.