Accessibility links

"Қызыл мандат". Ресей компартиясы мемлекеттік думаға тағы өтті. Бұл жолы бірдеңе өзгере ме?


Ресей коммунистік партиясын қолдаушылар жиыны. Көрнекі сурет.
Ресей коммунистік партиясын қолдаушылар жиыны. Көрнекі сурет.

Ресей мемлекеттік думасының жаңа құрамында коммунистік партияға 15 орын тиюі мүмкін. Тәуелсіз сарапшылар бұл қатаң бақылаумен өткен саяси шараның сайлауалды кезеңіндегі болжамнан анағұрлым жақсы көрсеткіш дейді. Мұның себебі неде? Бұдан бірдеңе өзгере ме?

Ресейде сайлаудың алдын-ала қорытындысы жарияланды. Одан Мәскеудегі 151-сайлау учаскесінде сайлаушылардың 29 пайызы Ресей федерациясы коммунистік партиясын (КПРФ), 20,3 пайызы биліктегі "Единая Россия" партиясын қолдап дауыс бергенін көруге болады.

Мәскеудегі 151-сайлау учаскесі ГУЛАГ тарихы музейі ғимаратында орналасты. Бұл ғимарат совет диктаторы, коммунист Иосиф Сталиннің жасаған қылмысының ізі қалған жерге жақын маңда тұр.

Бұл сайлау учаскесіндегі дауыс беру нәтижесі КПРФ-ны қолдаушы саны күрт көбейгенін көрсетеді. Сайлаудың ресми алдын-ала қорытындысы бойынша, бұл партия парламенттің төменгі палатасы – мемлекеттік думада 15 орынға ие бола алады. Ресейде бұл жолы өткен сайлауда да алаяқтық жасалғанына дәлел-айғақтар бар.

Тәуелсіз бақылаушылар да, аталған партия бақылаушылары да Совет одағы коммунистік партиясы ізбасарының мұның алдындағы сайлауға қарағанда көбірек дауыс жинағанын айтады. Компартия мүшелері жыл сайын 5 мамырда Сталиннің зиратына гүл қойып, қызыл ту ұстап шеру өткізіп тұрады.

Ресей федерациясы коммунистік партиясы жетекшісі Геннадий Зюганов. Мәскеу, 19 қыркүйек 2021 жыл.
Ресей федерациясы коммунистік партиясы жетекшісі Геннадий Зюганов. Мәскеу, 19 қыркүйек 2021 жыл.

"Барлық сайлаушыға ұсыныстарымызды айттық. Олар бізді тыңдады. Бізге сенді. Бізге дауыс берді" деді партия жетекшісі Геннадий Зюганов сайлау учаскелері жабылған күннің ертесінде. Партия Ресейдің Қиыр шығыс аймағында, Оралда, Еділ өзенінің ортаңғы бөлігіне жақын аудандарда көп дауыс жинаған.

2016 жылы өткен сайлауда дауыс бергендердің 13 пайызы қолдау білдірген компартия 42 орынға ие болып, мемлекеттік думаға өткен. Бұл 2011 жылғымен салыстырғанда анағұрлым аз еді. Ол кезде партия 19 пайыз дауыс жинап, думадан 92 орын алған.

Биыл 17-19 қыркүйекте өткен сайлаудың алдын-ала қорытындысы бойынша, компартия тағы да сол 19 пайыздық межеге жақын тұр. Бұл жолы партия мемлекеттік думадағы 450 орынның 57-сін ала алады: Компартия бір мандатты округ бойынша 225 мандаттың тоғызын, ал "Единая партия" 198-ін иеленеді. Мемлекеттік думаға сайлау аралас жүйе бойынша өтті: 225 депутат – партия тізімі бойынша, қалған 225-і бір мандатты округ бойынша сайланады.

Яғни, билік партиясы мемлекеттік думадағы орынның 72 пайызын алады. "Единая Россия" биылғы сайлауда партия тізімі бойынша 50 пайызға жетер-жетпес дауыс жинады. Екінші орында тұрған компартия 19 пайыз дауыспен думадағы мандаттардың 12,7 пайызын алады.

17-19 қыркүйекте өткен Ресей мемлекеттік думасы сайлауының алдына ала қорытындысы туралы инфографика (ағылшын тілінде).
17-19 қыркүйекте өткен Ресей мемлекеттік думасы сайлауының алдына ала қорытындысы туралы инфографика (ағылшын тілінде).

Тәуелсіз сарапшы Сергей Шпилькиннің есебінше, "Единая Россия" шын мәнінде 31-33 пайыз дауыс жинаған.

Ресми нәтиже бойынша компартияның мұндай табысы жаңа думада ешнәрсе өзгермейтінін білдіреді дейді Мәскеудегі Карнеги орталығының қызметкері Андрей Колесников "Настоящее время" арнасына.

– Коммунистерге көп дауыс жинаудың керегі жоқ, себебі олай болса президент әкімшілігіне мұны түсіндіруіне тура келеді. Негізінен, меніңше, 20 пайыз дауыс үшін ренжи қоймас. Бірақ егер олар 25 немесе 30 пайыз дауыс алса, ол шектен шыққандық болар еді. Мұндай жағдайда Зюгановқа жаңа жағдайды мойындап, фракциясын жүгендеп ұстау үшін үнемі күресуіне тура келер еді, – дейді Колесников.

Компартия бұдан да көбірек мандат алса, Зюгановқа партияның жаңа жас мүшелерін қосуға тура келер еді. Саяси мансабын жергілікті жерде бастаған жастар қоғамның қолдауына сүйеніп отыр. Сондай адамдардың бірі – Самара аймағының депутаты, YouTube арқылы көпке танылған коммунист Николай Бондаренко.

37 жастағы мәскеулік профессор Михаил Лобанов бір мандатты округ бойынша "Единая Россия" мүшесі Олег Поповтан жеңіліп қалды. Ол сайлаудың алдын-ала қорытындысымен келіспейді. Лобановтың кандидатурасын ол мүше болған компартия қолдаған. Лобанов бұл партияны ұзақ мерзімді болашақта Кремльмен ауыз жаласпайтындай көреді.

– КПРФ жиырма жылдан астам уақыт қысым көріп келді, – дейді Лобанов биліктің қолындағы "оппозиция" атанған партияның орны жайлы.

Жүйе оппозициясы атанған мұндай партиялар түптеп келгенде Кремльді қолдайды.

– Мен және басқалар көрген, ақтап алуға келмейтін ымыралар осындай қысымның нәтижесі шығар. Компартияны немесе оның мүшелерін, кей депутаттарын радикалдандыру қысымы күшейе беретіні анық. Репрессия жалпы ұйымға қарсы қолданылуы мүмкін, – дейді ол.

Ресей Орталық сайлау комиссиясы жариялаған Мемлекеттік дума сайлауының алдын ала қорытындысы көрсетілген экранның алдынан өтіп бара жатқан адам. Мәскеу, 20 қыркүйек 2021 жыл.
Ресей Орталық сайлау комиссиясы жариялаған Мемлекеттік дума сайлауының алдын ала қорытындысы көрсетілген экранның алдынан өтіп бара жатқан адам. Мәскеу, 20 қыркүйек 2021 жыл.

Онлайн-дауыс беру қорытындысы жарияланғанда Лобановтың артта қалғаны белгілі болды. Сол кезде Лобанов Азаттықтың Орыс қызметіне алаяқтықпен күресетінін, тек партия басшылығынан емес, басқаларынан да қолдау күтетінін айтты. Ол сайлауға наразылық "Коммунистік партия лидерлері мен депутаттарын ғана емес, қолдаудың жаңа базасын да қамтуы керек" деді.

– Сайлау нәтижесімен және бұл елде біз айтпайтын басқа да маңызды мәселелермен келіспейтіндердің пікірін білдіру үшін осы мүмкіндікті пайдаланайық, – деді Михаил Лобанов.

Биліктің "Единая Россия" партиясын жеңіске жеткізу тактикасы компартияның оң жамбасына келгендей. Биліктегі партия – президент Владимир Путин билігі сүйенетін басты тетіктердің бірі.

Билік оппозиция лидері, қазір түрмеде отырған Алексей Навальныйға қатысы бар кандидаттардың бәрін сайлауға жолатпаған соң, электрораттың көп бөлігі қай партияға немесе кандидатқа дауыс берерін білмей аңтарылып қалды. Навальныйдың "Ақылмен дауыс беру" жүйесі де коммунист кандидаттарды қолдауға шақырды. Бұл жүйе партиясына немесе идеологиясына қарамастан "Единая Россияға" қарсылас бола алатын кез-келген кандидатқа дауыс беруге шақырған.

Биылғы сайлауға билік мұғалімдер, медицина, әскери сала, құқық қорғау және қорғаныс органдары қызметкерлері секілді мемлекетке тәуелді адамдарды жұмылдырды. Олар әсіресе сайлаудың алғашқы күні сайлау учаскесіне жаппай келді. Бірақ "Единая Россия" партиясының ондаған жыл бойғы билігінен мезі болғандардың көбі компартияға дауыс берген болуы мүмкін.

Колесниковтің сөзінше, компартия "Единая Россия" электоратының іші-сыртындағы "қарсы дауыс берудің" пайдасын көрген.

"Барлығына қарсы дауыс беру жайлы айтып отырмын. Бірақ мұны бюллетеньдерден біршама жыл бұрын алып тастаған еді" дейді ол.

Колесников мемлекеттік думаның жаңа құрамы Кремльге қарсы шыға қоймайды дейді. Қазір Кремль бар назарын 2024 жылы өтетін президент сайлауына бұрған. Сол жылы Владимир Путин президент қызметіндегі төртінші мерзімі аяқталады.

– Дума бастықтарына өзінің пайдалы екенін дәлелдеуіне тура келеді. Мұның негізгі көрсеткші репрессия жүргізетін, ессіз заңдар болмақ. Жүйе жұмыс істеуін осылай жалғастырады. Былтыр ерекше қиын жыл болды, биыл да қиын кезеңге дайындалуымыз керек, – дейді Андрей Колесников.

"Яблоко" партиясы жетекшісі Григорий Явлинский мемлекеттік дума сайлауы алдында "Единая Россия" мен компартияның еш айырмашылығы жоғын, екеуін де "постмодернистік сталинизм" деп есептейтінін айқан. "Яблоко" бұл жолы партиялық тізімге өту үшін қажет 5 пайыз дауысты жинай алмай, ешбір округте мандат алмады.

– Сайлаудан кейін не болар дейсіз. Сталинистер жеңіске жетсе, "шетел агенті" және "қажетсіз ұйымдары" бар қазіргі заманғы сталинимз орнайды. Конституция өзгерді. Бұған бәрі дайын, – деді ол Азаттықтың Орыс қызметіне 15 қыркүйекте берген сұхбатында.

– Олар былтыр Конституцияны өзгерткен кезде-ақ ойын-қалжың аяқталған болатын. Тек жұрттың көбі мұны түсінбеген еді, – деді Явлинский былтыр заңға енгізілген, Путинге 2024, 2030 жылдары президент лауазымына қайта сайлануына мүмкіндік беретін түзетулерді меңзеп.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG