Accessibility links

«ВКонтакте» қыспақта қалды


«ВКонтакте» әлеуметтік желісінің белгісі. Көрнекі сурет.
«ВКонтакте» әлеуметтік желісінің белгісі. Көрнекі сурет.

Ресейдегі «ВКонтакте» жетекші әлеуметтік желісінің мемлекеттік қара тізімге енуін кейбір сарапшылар еркін ойды жуасыту үшін жасалған іс деп санайды. Ал ресми тұлғалар мұны кездейсоқтық деп түсіндіреді.

Ресейдің жетекші әлеуметтік желісі «ВКонтакте» - достардың хат жазысып, тәжірибе алмасатын, жоспар құратын жері ғана емес, елдің алыс аймақтарына оппозицияның сөзін жеткізетін платформалардың біріне айналған еді.

Желінің негізін қалаған Павел Дуров биліктің қырына ілінген соң елден кетті. Оппозиция өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар Кремль интернеттегі еркін ой-пікірге бақылау орнатуды көздеп отыр деген пікірде. Ал билік өкілдері «Дуров көлікпен адам қағып кеткені үшін жауап беруі тиіс» дейді.

ҚАРА ТІЗІМГЕ ЕНУДІҢ АСТАРЫ

Ресейдің мемлекеттік телекоммуникацияны қадағалайтын органы (Роскомнадзор – ауд.) балалар порнографиясына қатысты суреттер салған сайттарды жазалау кезінде «ВКонтакте» әлеуметтік желісі қара тізімге «кездейсоқ» ілінгенін, кейін қайтадан онлайн режимге оралғанын айтты.

Бірақ медиа сарапшы, әрі оппозициялық блоггер Олег Козырев әлеуметтік
Олар орыс интернет қауымының тәуелсіздігін, ашық пікір айтуын азайтып, барынша «ізетті» етуді көздейді
желінің қара тізімге «кездейсоқ» ілінуінің астары бар деп санайды.

– Бұл – әдейі жасалған, ишарасы бар шара. Олар орыс интернет қауымының тәуелсіздігін, ашық пікір айтуын азайтып, барынша жуасытуды көздейді, – дейді блоггер.

Козырев пен басқа интернет белсенділер өкілетті орган «балаларды қорғаймыз» деген желеумен билікке жақпайтын сайттарды шектеу үшін қара тізімге енгізеді деген пікірде. Оның үстіне «ВКонтакте»-нің басына төнген бұлт қара тізіммен ғана бітпейді. Кейбір бақылаушылар «ВКонтакте»-ге қарсы жүріп жатқан кампания әлеуметтік желіні тізгіндеп, оның еркін ойлы бас директорының қанатын қырқуды мақсат етеді» деп санайды.

ДУРОВТЫ ҚУДАЛАУ

«ВКонтакте» сайтының негізін 2006 жылы Санкт-Петербург тұрғыны, 28 жастағы Павел Дуров қалаған. Facebook-тің жасаушысы Марк Цукербергпен салыстырылатын Дуров күн сайын 47 миллион пайдаланушы қолданатын желіні ойлап тапты.

2011 жылы Ресей мемлекеттік думасына сайлау басталғанда Дуров федералдық қауіпсіздік қызметінің «оппозициялық топтар сайтты қолданбасын» деген өтінішін орындаудан бас тартты. Сол кезде сайлауға қарсы наразылық акциясы өтті. Бірақ шараның айтарлықтай әсері болмады.

«ВКонтакте» сайтының негізін қалаған Павел Дуровтың әлеуметтік желідегі жеке парағы. 24 мамыр 2013 жыл
«ВКонтакте» сайтының негізін қалаған Павел Дуровтың әлеуметтік желідегі жеке парағы. 24 мамыр 2013 жыл
Биыл сәуірде Дуровты мемлекеттік автоинспекция (ГАИ) қызметкерін қағып кетті деп айыптап, әлдебір видеоны интернетке салған болатын. Сәуірдің 16-сы күні полиция қызметкерлері «ВКонтакте»-нің бас кеңсесінде тінту жүргізді. Жеке автокөлігі бар екенін жоққа шығарған Дуров Ресейден кетіп қалды, содан бері оны ешкім көрген жоқ.

«ВКонтакте»-нің кеңсесіндегі тінтуден кейін бір күннен соң Кремльмен жақсы қарым-қатынастағы United Capital Partners (UCP) Павел Дуровтың әріптестері Вячеслав Мирилашвили мен Лев Левиевтен компанияның 48 пайыз үлесін сатып алды. Дуров инвесторлардың әрекетіне қарсы шығып, 2011 жылы «ресми жауап» ретінде ерсі ишара жасаған суретін жариялады.

UCP президенті Илья Щербович – «Роснефть» компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі және оның бас директоры Игорь Сечинге қарайлас дәулеттің иесі. Оны президент Владимир Путинге жақын адам деп атайды.

АҚПАРАТТЫҚ СОҒЫС

«ВКонтакте»-нің басқа ірі акционері, Mail.ru компаниясының қожайыны Алишер Усманов 39,9 пайыз үлеске ие. Ол да Кремльге жақын жүретін адам. «Коммерсант» баспа үйін сатып алғаннан бері Усмановты «редакторларды жұмыстан қуып, медиа холдингтің мазмұнын құртты» деп сөгетіндер бар.

Дуров әлі күнге дейін әлеуметтік желінің 12 пайыз акциясына ие және Mail.ru-ге
Ресейдің жеке, тәуелсіз интернет менеджерлерін қысымға алып, олардың орнын биліктегі топтар баспақ
тиесілі акция атынан дауыс бере алады. UCP Дуровты жетекшіліктен ығыстыруды көздемейміз десе де, интернет белсенділер олардың түпкі мақсаты сондай деп күдіктенеді.

– Осының бәрі интернет-сайтқа қауіп төндіру үшін жасалды. Ресейдің жеке, тәуелсіз интернет менеджерлерін қысымға алып, олардың орнын биліктегі топтар баспақ, – дейді медиа сарапшы Олег Козырев.

Қауіпсіздік қызметінің өкілдері интернетті бақылайтын ниеттерін жасырмайды.

– Блог өкілдерінің пікірі маңызды саяси, экономикалық, әлеуметтік үрдістерге ықпал етіп жатыр, болашақта олардың рөлі арта түседі, – дейді тергеу комитетінің өкілі Владимир Маркин "Интерфакске" берген сұхбатында.

Маркин интернетте «адамдардың мемлекетке және құқық қорғау өкілдеріне деген сенімін жоюды көздейтін ақпараттық шабуыл жүріп жатқанын» және ол «кейбір олигархтар мен шетелдік орталықтарға тән екенін» айтады.

Мақаланы ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG