Accessibility links

Татарстанның «ұлттық картасы»


Татарстан Республикасының мемлекеттік кеңесшісі Минтимер Шаймиев пен Татарстан президенті Рустам Минниханов (солдан оңға қарай).
Татарстан Республикасының мемлекеттік кеңесшісі Минтимер Шаймиев пен Татарстан президенті Рустам Минниханов (солдан оңға қарай).

Биыл күзде қоғам назары Татарстанның егемендігі, ұлттық сана-сезім, Қазан мен Мәскеу арасындағы қатынастар тақырыбына ауды. Республика билігі бұл көңіл-күйді барынша қолдап отыр.

Бұған Татарстан мен Ресей арасындағы өкілеттіліктерді бөлісу туралы келісім-шарт мерзімінің биыл жазда бітуі ресми түрткі болды. Ал іс жүзінде, мұның астары, әрине, күрделірек. Бұл федералдық ірі бизнес-құрылымдардың аймақтағы ірі активтерге көз тігуі күшейіп, губернаторларды жаппай қызметінен босату жиілеп, соның салдарынан саяси элиталардың орындары ауысқан президент сайлауы алдындағы жыл болды. Қалай болғанда да, ұлттық картамен ұтымды ойнау үшін экономикалық және саяси алғышарттар туып, мектептерде татар тілін оқыту мәселесі төңірегіндегі дау оның шарықтау шегіне айналды.

Совет Одағы құрылғаннан бері автономиялық республикалар қатарында екінші сорт саналып келген татар халқының ұлттық сана-сезімі 1990 жылдардың басында күрт оянды. СССР-дің ыдырауы оның Прибалтикадан бастап Орталық Азия мен Кавказға дейінгі бұрынғы территориясында қордаланған ұлттық мәселелерді қозғады. Бүкілтатар қоғамдық орталығы мен оның Набережные Челны қаласындағы бөлімшесі, "Иттифак" партиясы, "Азатлык" жастар қозғалысы сияқты ұлттық және ұлтшыл қозғалыстар дәл сол кезде – 1990 жылдардың басында құрылған еді.

Бірақ татар ұлтшылдарын ислам радикалдарынан ажырата білу керек. Олардың бір-бірімен байланысы жоқ.

Фаузия Байрамова, ағайынды Рафис пен Нафис Кашаповтар сияқты татар ұлтшылдарының ең көрнекті жетекшілері де сол кезде пайда болды. Бірақ татар ұлтшылдарын ислам радикалдарынан ажырата білу керек. Олардың бір-бірімен байланысы жоқ. Біріншілері ислам емес, татарлар туралы, діни ұстаным емес, ұлттық сана-сезім туралы айтады. Сосын Татарстанның алғашқы президенті Минтимер Шаймиев Мәскеумен саяси тұрғыдан алғаш рет өте сауатты саудаласып жүріп, республиканың салыстырмалы болсын азды-көпті экономикалық, саяси егемендігіне қол жеткізді.

Минтимер Шаймиев пен Борис Ельцин. Татарстан, 1996 жыл.
Минтимер Шаймиев пен Борис Ельцин. Татарстан, 1996 жыл.

Татар ұлтшылдарын сахнадан ығыстырып тастады. Олар біртіндеп әлеуметтік қолдау мен саяси ықпалынан айырылғанымен, сахнадан біржола кеткен жоқ. 10 жылдан кейін қайта пайда болған олар бұл жолы экстремизммен күрес науқанының нысанасына айналды.

Рафис Кашаповтың үстінен Ресей қылмыстық кодексінің 282-бабы бойынша алғашқы іс бұл құбылыс сәнге айналардан көп бұрын - 2003 жылы қозғалған болатын. Кашаповты Иракты қолдауға арналған митингі кезінде ұлтаралық араздықты қоздыруға шақыратын парақтар таратты деп айыптаған. Ол кезде биліктің даналығы жетіп, Татарстан саяси астары бар үкімдерді көбейткен аймақтар тізіміне ілікпей қалған еді. Сот Кашаповты толық ақтап шығарған, ал прокуратура ресми түрде одан кешірім сұраған.

Татарстан полициясы да есеп беруі тиіс болғанын ескерсек, Кашаповты ерте ме, кеш пе тұтқындайтыны анық еді.

Бірақ ол ең көрнекті татар ұлтшылына айнала бастағанда Бүкілтатар қоғамдық орталығы мен оның Набережные Челны қаласындағы бөлімшесі арасында қайсысы көбірек радикалды деген мәселе бойынша жік туған. Бүкіл елде экстремизммен күрес күрт күшейіп, федералдық орталық ішкі саясатында көбірек мән бере бастаған 2006-2007 жылдары Татарстан полициясы да есеп беруі тиіс болғанын ескерсек, Кашаповты ерте ме, кеш пе тұтқындайтыны анық еді.

Экстремизмге қатысты екінші қылмыстық іс 2009 жылы айыптау үкімімен аяқталды. Кашаповты блогында «Христиандандыруға жол жоқ» («Нет христианизации») мәтіні сияқты алты материалды жариялады деп айыптады. Сол кезге қарай қалыптасып үлгерген сот практикасына сәйкес, сот бір жарым жыл шартты жаза кесумен шектелді. Кашапов елдегі 282-бап бойынша алғаш сотталғандардың біріне айналды. Ол кезде бұл әлі барынша сирек, бірақ сәнге айналып бара жатқаны байқала бастаған құбылыс болатын. Еуропа соты Кашаповтың алғашқы үкімге қатысты шағымын биыл қыркүйекте Ресейге жолдаған, ал қазанның 3-і Страсбург соты нижегородтық құқық қорғаушы Станислав Дмитриевскйидің ісінде 282-бап бойынша алғашқы үкім шығарды.

Үш жыл ішінде Кашаповтың жазасын да жеңілдетпеді, режимді де жұмсартқан жоқ.

Еуропаның адам құқығы жөніндегі соты экстремизм үшін сотталғандардың Ресейден түскен сансыз көп шағымдарына 2016 жылдың басында назар аударып, 2007-2010 жылдардан бері сөрелерде шаң басып жатқан ондаған қылмыстық істі қарауға қабылдаған еді. 2015 жылдың қарсаңында «Э» орталығы қызметкерлері Рафис Кашаповты ұстап әкетіп, сепаратизмге шақыру (РФ қылмыстық кодексінің 280- бабы) бойынша Ресейдегі алғашқы қылмыстық іспен бірге экстремизм бабы бойынша үшінші қылмыстық іс қозғады. Бұл жолғы айыптауға Кашаповтың Қырымдағы жағдай туралы әлеуметтік желілерде жариялаған материалдары түрткі болды. Сот оны қамау туралы шешім шығарды, ал кейін құқық қорғаушылар белсенді түрде араша түскеніне қарамастан айыпты деп танып, үш жылға соттап, жазасын жалпы режимде өтеуге кесті. Ол қазір осы жазаны өтеп жатыр. Үш жыл ішінде Кашаповтың жазасын да жеңілдетпеді, режимді де жұмсартқан жоқ. Оның орнына оны камера түріндегі тәртібі қатал ортақ бөлмеге ауыстырып, жақындарымен кездесуден айырды, айыппұл абақтысына қамады, шартты жазамен ерте босап шығу құқығын орындаудан бас тартты. Рафис Кашапов 2018 жылдың қарсаңында бостандыққа шығуы тиіс.

Рафис Кашаповтың сот залында түсірілген суреті. 2015 жылдың шілдесі.
Рафис Кашаповтың сот залында түсірілген суреті. 2015 жылдың шілдесі.

«Ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін» 2014 жылы Фаузия Байрамоваға үкім шықты. Facebook желісінде жариялаған екі посты үшін оны бір жылға шартты жазаға кесті. Кашаповтың үкіміне қатысты шу басылған бетте тергеу комитеті, прокуратура және соттардың татар ұлтшылдарына қырғидай тиетіні түсінікті болды. Дәл солай болып шықты. 2003 жылдан бері Татарстанда ұлтшылдарға қатысты он шақты қылмыстық іс қозғалды, оның үшеуі- Кашаповтың ісі. 10 істің жетеуі кейінгі үш жылда қозғалған.

Рафис Кашаповты қолдау акциясы ретінде өткен жалғыз пикет. Мәскеу, Лубян алаңы, 2016 жыл.
Рафис Кашаповты қолдау акциясы ретінде өткен жалғыз пикет. Мәскеу, Лубян алаңы, 2016 жыл.

2016 жылы қылмыстық қудалауға татарлардың "Алтын Урда" патриоттық майданы жетекшісі Данис Сафаргали ұшырады. Биыл тамыздың 31-і күні сот оны "ВКонтакте"желісінде жариялаған 15 посты үшін үш жылға колонияға кесті. Азаматтық белсенді Айрат Шакиров та өзінің қылмыстық ісін татар ұлттық қозғалысына мүше болғанымен байланыстырады.

Тіпті зілсіз сөздер мен лебіздердің өзі қылмыстық істерге ұласты. "Лена, зачем ты крестила наших детей. Твой Ильфатик" деген жазуы бар граффити және әлеуметтік желілердегі жазбалары үшін Мансур Мусин мен Ильдар Камалов экстремистік сипаттағы ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген күдікке ілінді.

Рафис Кашаповтың үкімі күшіне енген күні татардың белгілі жазушысы Айдар Халимнің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Татар халқының Иван Грозныйдың Қазанды алуына орай еске алу және аза тұту күні өткен митингіде сөз сөйлеген ол өшпенділік пен араздықты қоздырған айыпталушыға айналды. Адвокаттардың айтуынша, бұл өте қиын іс болған. Татар халқының мәдениетіндегі орны мен маңызын ескергенде, татар әдебиетінің көзі тірі классиктері қатарына жатқызатын Айдар Халимнің ісін қарау ұзаққа созылды.

Айдар Халим.
Айдар Халим.

Оған Татарстанның бір де саясаткері араша түскен жоқ. Керісінше, оны қылмыстық қудалауды олар өзара, тіпті жария түрде құптады. Ал бұл үлкен қателік болды, өйткені Кашаповтың үкімінен кейін кез келген татар ағартушысын, жазушысын, публицистін қудалау басталды. Кашаповты соттағаннан кейін іле-шала Бүкілтатар қоғамдық орталығы экстремистік ұйымдар тізіміне ілікті, ал биыл тамызда оның (Кашаповпен салыстырғанда) "жуастау" басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Татар тілін қолдау шарасы. Қазан, 2017 жылдың қыркүйегі.
Татар тілін қолдау шарасы. Қазан, 2017 жылдың қыркүйегі.

Татар ұлтшылдарын қудалап, қылмысты етіп шығарған билік қазір асқынып тұрған ұлттық сана-сезімдегі дағдарыстың тууына өздері жағдай жасап берді. Қоғамдық-саяси ортада радикалдық дәрежесі әртүрлі ойыншылар болуы керек, ал зорлық-зомбылыққа сотталғандардың ешқайсысы шақырмағанын, олардың сөздері пікірталас жүргізудің дәстүрлі ережесіне толық сай болғанын айта кеткен жөн. Олардың бәрі мемлекеттік саясаттан гөрі радикалдырақ көзқарастарды ұстанғаны үшін ғана соттады.

Бірақ оларды қоғамдық-саяси ортадан шеттетіп тастаған Татарстан Республикасы билігі енді автоматты түрде өздері радикалға айналады. Енді татар тілін үйрену қажеттігі туралы билік өкілдерінің аузынан шыққан кез-келген пікір әлдебір радикализм, ал федерация аясында Татарстанға айрықша мәртебе беру туралы келісім-шартты ұзарту қажет деген әңгімелер сепаратизмге шақыру сияқты болып көрінеді.

"Агора" халықаралық құқық қорғау тобының жетекшісі Павел Чиковтың комментарийі орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG