Accessibility links

Кавказдағы антисемитизм көрінісі: Газадағы соғысты пайдаланбақ болған Мәскеу отпен ойнап отыр


Тель-Авивтен келген ұшақ қонған Махачқала әуежайына антисемиттік ұрандар айғайлап жиналған топтың арасынан бір адам "Дағыстан сіздермен бірге!" деген жазу жазылған Палестинаның туын ұстап тұр.
Тель-Авивтен келген ұшақ қонған Махачқала әуежайына антисемиттік ұрандар айғайлап жиналған топтың арасынан бір адам "Дағыстан сіздермен бірге!" деген жазу жазылған Палестинаның туын ұстап тұр.

Кремль Израиль мен ХАМАС арасындағы жанжалды өз мүддесіне пайдалануға тырысып, Батыс елдерін сынап, палестиналық содырлар делегациясын қабылдады. Дағыстан әуежайындағы бүлік Мәскеудің Таяу Шығыстағы күштер балансын өзгертуі Ресейдің өзіне қауіпті болуы мүмкін екенін аңғартты.

Ресейдің мұсылмандар көп тұратын Солтүстік Кавказ өңіріндегі антисемиттік наразылықтар авторитар президент Владимир Путиннің Израиль мен ХАМАС экстремистік тобы арасындағы соғыстан саяси пайда көруге талпынысы Ресейдегі ішкі қауіптерге жол ашатынын көрсетті.

29 қазанда мыңнан астам адам Дағыстан астанасы Мачахқаладағы әуежайға баса-көктеп кірді. Олар антисемиттік ұрандар айғайлап, Израильден ұшып келген жолаушыларды қалаға кіргізбейтінін мәлімдеді. Тәртіпсіздік кезінде 20 адам зардап шегіп, ондаған азамат ұсталды. Әуежай жабылды.

Жергілікті билік халықты деструктивті топтардың арандатуына ермеуге, қоғамның шырқын бұзбауға шақырды.

Әуежайға шабуыл – Солтүстік Кавказда кейінгі күндері болған антисемиттік оқиғалардың бірі ғана. Бұл оқиғаларға Дағыстан еврей босқындарды қабылдайды-мыс деген қауесет себеп болған.

28 қазанда өзеуреген топ Дағыстанның Хасавюрт қаласындағы қонақ үйдің маңына жиналды. Телеграм арналар сол қонақ үйде Израиль азаматына ұқсайтын адам тұрып жатыр деп жазған. Полиция наразыларға қонақ үйге кіріп, Израиль азаматы жоғына көз жеткізуге мүмкіндік берді. Осыдан кейін абыр-сабыр басылды. Кейін қонақ үйдің сыртына "Израиль азаматтары мен еврейлерді қабылдамаймыз" деген жазу ілінді.

Ертеңіне вандалдар Қабардин-Балқар республикасының астанасы Нальчиктегі еврей мәдени орталығының құрылыс алаңын өртеді. Шабуылдан ешкім зардап шеккен жоқ. Бірақ наразылар ғимараттың сыртына "Еврейлерге өлім келсін" деп жазып кетті. Еврей орталығын салуға қарсы онлайн-петиция 20 мың қол жинады. Кейін билік "бұл расизмге жатады" деп, петицияны өшіріп тастады.

Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Махачкала әуежайындағы тәртіпсіздікке жауап ретінде Мәскеуде үкімет, парламент пен қауіпсіздік өкілдерімен үлкен кездесу өтетінін хабарлады. Жиында "Батыс елдерінің Таяу Шығыстағы жағдайды пайдаланып, Ресей қоғамына іріткі салуы" талқыланады деген хабар тарады.

7 қазанда ХАМАС Израильге шабуыл жасағалы Мәскеу әлем назарын Украинаға қарсы басқыншылығынан басқа арнаға аударуға тырысты. Мәскеуге бір жағынан, Израильмен, екінші жағынан, өңірдегі маңызды серіктесі – Иранмен қарым-қатынасын сақтап қалу маңызды болды.

Ресей ХАМАС-тың әрекетін сынаған жоқ. Мәскеу өткен аптада ХАМАС делегациясын қабылдап, кикілжіңге АҚШ пен Батыс елдерін кінәлады. Кремльдің пропагандистері мемлекеттік арналар мен әлеуметтік желілерде "ХАМАС Украинаның жемқор шенеуніктері ұрлаған Батыс әскери техникасы есебінен қаруланған" деген расталмаған ақпарат таратып жатыр.

– Ресей басшылары ХАМАС-қа алғыс айтуы керек. Украинадағы соғыс назардан түсіп қалды. Америкалық Конгресс мүшелері шабуылға ұшыраған қос мемлекетке көмекті біріктіруді ұсынып, таласып жатыр. Сауд Арабиясы мен Израиль арасындағы бейбіт процесс аяқталды. Мұнай бағасы өсті. Газадағы жанжал аяқталмайынша, Батыс пен ғаламдық оңтүстік арасындағы алшақтық арта береді. Осының бәрі Мәскеуге Украинадағы соғысын еш қиындықсыз жалғастыруға мүмкіндік береді, – дейді украин саяси шолушысы Виталий Портников.

Ресейде түрмеде отырған оппозиционер Алексей Навальныйдың Мәскеудегі істері бойынша бұрынғы координаторы Олег Степанов Путин Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыста жеке саяси мүддесін адамгершілік пен моральдан жоғары қояды дейді.

Ресейдің Таяу Шығыстағы саясаты бойынша сарапшы Ханна Нотте әуежайға шабуыл Кремльдің Израиль-ХАМАС жанжалына қатысты ұстанып отырған саясаты Ресейдің өзіне зиян екенін көрсетті деп санайды.

– Путин кейінгі екі аптада істеген ісінің салдарын көріп жатыр. Әлемдегі Палестинаны қолдайтын көпшілікке жағып, Батысқа қарсы тұрамын деп, ішкі күштерге дем беріп жіберді. Енді олар Мәскеудің өзіне мәселе туғызып жатыр, – дейді Нотте.

КРЕМЛЬДІҢ ҚОРҚЫНЫШТЫ ТҮСІ

Ресей Газадағы соғысқа қатысты бейтарап қалуға тырысқанымен, мемлекеттік арналар мен Кремльді қолдайтындар Израильге қарсы ақпарат таратты. Бұл Солтүстік Кавказға қысымды күшейтті дейді Киевтегі Таяу Шығыс зерттеулері қауымдастығы директорының орынбасары Сергей Данилов.

– Мемлекеттік пропаганда Израиль мен оның азаматтарына қарсы өшпенділікті қоздырып жатыр. Бұл жалпы еврейлерге, оның ішінде Ресейде тұратын еврейлерге қарсы қозғалыс. Пропагандистер палестиналықтардың жағында екенін көрсетті. Олар палестиналықтарды ғана емес, ХАМАС-ты да қолдайды. Бұл Дағыстан мен Солтүстік Кавказдағы көңіл-күйге әсер етті, – дейді Данилов.

Сарапшының сөзінше, Кремль мен жергілікті билік өңірдегі әлеуметтік шиеленіске ұзақ уақыт көңіл аудармай келген.

– Ресейдің басқа өңірлерімен салыстырғанда, Солтүстік Кавказда әлеуметтік шиеленіс үлкен. Аймақта кландар мен ұлттық топтар арасындағы бәсеке жоғары. Мәселе ислам дінінде емес. Бұл жерде Солтүстік Кавказдың шымбайына бататын мәселелер мен өңірдегі шиеленістер туралы сөз болып отыр, – дейді ол.

Антисемиттік ұрандар айғайлаған жүздеген адам ойран салған Махачқала әуежайы. Ресей, Дағыстан, 30 қазан, 2023 жыл
Антисемиттік ұрандар айғайлаған жүздеген адам ойран салған Махачқала әуежайы. Ресей, Дағыстан, 30 қазан, 2023 жыл

Ресей саясаты бойынша сарапшы Марк Галеотти 30 қазанда The Spectator-ға жазған мақаласында Солтүстік Кавказдағы жергілікті көшбасшылар бір жағынан мұсылмандардың сезімін қорламай, екінші жағынан, этносаралық зорлықты ары қарай күшейту үшін қолынан келгеннің бәрін жасады деп жазды.

Кремль мемлекеттік арналардан әуежайда болған оқиға туралы хабар таратып, Ресей тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкинге бұл істі жеке бақылауына алуды тапсырды. Ресей халқының 10 пайызын мұсылмандар құрайды. Украинада соғысып жатқан әскер қатарында да мұсылмандар үлесі біркелкі емес, сондықтан Мәскеудің алаңдауға себебі көп дейді Галеотти.

– Ресей қарулы күштері Украинада соғысып жатқанда, Шешенстанның тұрақтылығына қауіп төніп тұр. Өңір басшысы Рамзан Қадыровтың денсаулығы сыр бере бастады деген сыбыс бар. Кремль үшін аймақтағы тұрақсыздық қорқынышты түспен тең, – деп жазды сарапшы.

Рамзан Қадыров – Шешенстанның Кремль тағайындаған басшысы. Путин оған 15 жыл бойы арқа сүйеп келді. Совет Одағы тарағаннан кейін аймақта екі рет сепаратистік соғыс болды, адам құқықтары бұзылды, бірақ Қадыров Кремльге адалдығынан танған жоқ.

Ресейдің ТАСС мемлекеттік ақпарат агенттігінің дерегінше, полиция аймақтағы синагогалар маңындағы күзетті күшейткен.

Ресейлік саяси шолушы Андрей Гусий Дағыстандағы наразылық бір сәтте туған жоқ, халықтың ішінде қордаланған ашу-ыза шығуы керек еді деп түсіндіреді.

– Олар биліктен рұқсат алып, митинг өткізсе болар еді. Бірақ енді ондай бейбіт нұсқа болмайды. Жалғыз жолы – қуғын-сүргін, – дейді сарапшы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG