Accessibility links

Грузия президенті сайлауында билік қолдайтын кандидат озды


Грузия президенттігіне кандидат Саломе Зурабишвили (ортада). Тбилиси, 28 қараша 2018 жыл.
Грузия президенттігіне кандидат Саломе Зурабишвили (ортада). Тбилиси, 28 қараша 2018 жыл.

Грузиядағы президент сайлауы екінші турының алдын ала қорытындысы бойынша, билік партиясы қолдайтын кандидат Саломе Зурабишвилидің көп дауыс жинағаны хабарланды. Оппозиция билікті "сайлау кезінде бұрмалауға барды" деп айыптайды.

Грузия Орталық сайлау комиссиясы қарашаның 28-і күні өткен президент сайлауының екінші турында азаматтар дауыс берген сайлау учаскелерінің 98 пайызынан түскен бюллетеньдер саналғаннан кейін жариялаған алдын ала мәлімет бойынша, биліктегі "Грузия арманы" партиясы қолдау білдірген тәуелсіз кандидат Саломе Зурабишвили 59,6 пайыз дауыс жинап алда тұр. Біріккен оппозициялық күштердің кандидаты Григол Вашадзеге сайлаушылардың 40,4 пайызы дауыс берген.

Грузия ОСК өкілі Анна Микеладзенің мәлімдеуінше, президент сайлауының екінші турына сайлаушылардың 56,23 пайызы, яғни 2 миллионға жуығы қатысқан. Бұған дейін қазанның 28-і өткен президент сайлауының алғашқы турында 25 кандидат бәсекеге түсіп, ОСК мәліметі бойынша, сайлаушылардың 46,7 пайызы дауыс берген.

Грузия заңына сәйкес, екінші турда көп дауыс жинаған кандидат президент болып сайланады.

ЭКЗИТ-ПОЛ НӘТИЖЕСІ

Сәрсенбіде сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталғаннан кейін Gallup зерттеу ұйымы жариялаған экзит-пол қорытындысы бойынша, Зурабишвили 58 пайыз, Вашадзе – 42 пайыз дауыс алған.

Америкалық Edison Research компаниясы жүргізген экзит-пол қорытындысына сәйкес, Зурабишвилиге сайлаушылардың 55 пайызы, ал Вашадзеге - 45 пайызы қолдау білдірген.

Грузия президенттігіне кандидат Григол Вашадзе сайлау учаскесінде дауыс беріп тұр. Тбилиси, 28 қараша 2018 жыл.
Грузия президенттігіне кандидат Григол Вашадзе сайлау учаскесінде дауыс беріп тұр. Тбилиси, 28 қараша 2018 жыл.

Экзит-пол нәтижелері жарияланған соң Зурабишвили жеңіске жеткенін мәлімдеп, сайлаушыларға "дұрыс әрі берік таңдау жасағаны" үшін алғыс білдірді.

Экс-президент Михаил Саакашвилиді жақтайтын "Біріккен ұлттық қозғалыс" партиясымен біріккен оппозицялық күштердің кандидаты Григол Вашадзе сайлауда жеңілгенін мойындамай, сайлаудың ресми қорытындысын күтетінін мәлімдеді. Ол билікті "сайлауды бұрмалап, заңды өрескел бұзды" деп айыптаған.

Қазір шетелде тұратын экс-президент Саакашвили Грузиядағы президент сайлауының екінші турының алдын ала нәтижелері жария болған соң, "дауыс беруде заң бұзушылық көп болғанын" мәлімдеп, грузиялықтарды "еркіндік, демократия мен заңды қорғап қалу" үшін жаппай бейбіт шеруге шығуға шақырды.

Грузия экс-премьері миллиардер Бидзина Иванишвили сайлау аяқталғаннан кейін президенттікке кандидат Саломе Зурабишвилидің штабы маңында жақтастарын құттықтап тұр. Тбилиси, 28 қараша 2018 жыл.
Грузия экс-премьері миллиардер Бидзина Иванишвили сайлау аяқталғаннан кейін президенттікке кандидат Саломе Зурабишвилидің штабы маңында жақтастарын құттықтап тұр. Тбилиси, 28 қараша 2018 жыл.

Президент сайлауының екінші турының ресми қорытындысы бейсенбіде жарияланбақ, алайда өткен түнде Грузия премьер-министрі Мамука Бахтадзе мен экс-премьер миллиардер Бидзина Иванишвили негізін қалаған, биліктегі "Грузия арманы" партиясы Саломе Зурабишвилиді президент сайлауында жеңіске жетуімен құттықтады.

Егер Зурабишвили ресми түрде сайлау жеңімпазы болып танылса, Грузия тарихындағы тұңғыш әйел президент болмақ.

БӘСЕКЕЛЕСТЕР

Президент сайлауының екінші турында өзара бәсекеге түскен Саломе Зурабишвили мен Григол Вашадзе бұрын Грузия сыртқы істер министрі болып қызмет атқарған.

Грузия президенттігіне кандидаттар Григол Вашадзе (сол жақта) мен Саломе Зурабишвилидің суреттерінен коллаж.
Грузия президенттігіне кандидаттар Григол Вашадзе (сол жақта) мен Саломе Зурабишвилидің суреттерінен коллаж.

Бұрын оппозициялық "Грузия жолы" партиясын басқарған, Франция тумасы 66 жастағы Саломе Зурабишвили Грузия Мәскеу мен Батыс елдерімен қарым-қатынасында теңгерімді саясат ұстанғаны жөн деп санайды. Оның бәсекелесі, оппозициялық "Біртұтас ұлттық қозғалыс" партиясының өкілі 60 жастағы Григол Вашадзе Грузияның Батыспен жақындасып, Мәскеумен қатаң саясат ұстануын қолдайды.

Бұған дейін Грузия мен Ресей арасында 2008 жылы тамызда бес күнге жалғасқан қарулы жанжалға қатысты Грузия тарабын айыптап келген Зурабишвили президент сайлауының екінші туры қарсаңында Ресейге қарсы мәлімдемелер жасаған.

Грузияның сепаратистік аймақтарымен шекарадағы елді мекендерде болған кезде ол біріккен оппозициядан сайлауға түскен бәсекелесін Мәскеумен байланысы бар деп айыптаған.

- Бізге қолдан жасалған қоршаулармен келісуге болмайды. Бұл еліміздің ең үлкен жан дерті. Болашақ президентті ең алдымен осы мәселе толғандыруы керек. Оккупациялық қоршау жойылып, мемлекетіміздің табиғи шекарасы қалпына келтірілуі тиіс, - деген Зурабишвили.

"Біртұтас ұлттық қозғалыс" бастаған біріккен оппозиция болса "Мәскеумен ауыз жаласқан солар" деп саяси бәсекелестерін айыптайды. Оппозициядан президенттікке кандидат Григол Вашадзе жеңіске жеткен жағдайда елде мерзімінен бұрын сайлау өткізуге уәде берген.

- Біз міндетті түрде жеңіске жетеміз. Және екінші тур аяқтала салысымен көптеген экономикалық, әлеуметтік және саяси проблемаларды шешу процесі басталады. Елімізді қазіргі дағдарыстан алып шығатын тиімді, көппартиялы, коалициялық, батысшыл үкімет құру басталады, - деген Вашадзе.


САЙЛАУ БАРЫСЫНДАҒЫ ДАУ-ЖАНЖАЛ

Грузиядағы бұл жолғы президент сайлауы бірқатар дау-жанжалға себеп болды. Оппозиция билікті "сайлаушыларды жаппай сатып алмақшы" деп айыптаған.

Сайлаудың екінші туры қарсаңында Грузия премьер-министрі Мамука Бахтадзе желтоқсанның ортасынан бастап жыл соңына дейін ел тұрғындарының 600 мыңға жуық өтелмеген қарызы кешірілетін болады деп мәлімдеген. Оның айтуына қарағанда, бұл акцияны биліктегі "Грузия арманы" партиясының негізін қалаушы миллиардер Бидзина Иванишвилидің "Карту" қайырымдылық қоры қаржыландырмақ.

- "Қара тізімдегі" қарыздардың 95 пайызға жуығының сомасы екі мың лариден аспайды. Банктер, онлайн-ұйымдар мен өзге де қаржы институттарына берешек қарыз міндеттемелерінің жиынтық сомасы шамамен 1,5 миллиард лариді құрайды. Шешімге сәйкес, азаматтарымыздың бұл қарыздары жойылады, - деген Бахтадзе.

Президент сайлауының екінші турында дауыс беріп жатқан сайлаушы. Тбилиси, 28 қараша 2018 жыл.
Президент сайлауының екінші турында дауыс беріп жатқан сайлаушы. Тбилиси, 28 қараша 2018 жыл.

Үкіметтік емес ұйымдар мұны сайлаушыларды сатып алудың жанама түрі деп атаған.

- "Карту" қорын билік партиясына жетекшілік ететін адам басқаратыны мәлім. Осындай факторлар бұл әрекетті сайлаушыларды тікелей сатып алу деп санауға негіз болады. Құзырлы органдар бұл мәселені зерттеуге кірісуі керек деп ойлаймын, - деп мәлімдеген Transparency International ұйымының Грузиядағы бөлімшесінің өкілі Леван Натрошвили.

Президенттікке кандидат Саломе Зурабишвили биліктің бастамасы мен сайлау арасында байланыс бар деп санамайтынын білдірген.

Грузияның ең бай адамы миллиардер Бидзина Иванишвили басқаратын "Грузия арманы" партиясы 2012 жылы парламент сайлауында жеңіске жеткеннен кейін Михаил Саакашвилидің "Біртұтас ұлттық қозғалыс" партиясы биліктен оппозицияға кеткен. Содан бері "Грузия арманы" партиясы билікте отыр.

Саакашвили 2013 жылы екінші президенттік мерзімін тәмамдаған соң шетелге кетіп қалғаннан кейін Грузия билігі оған "бюджет ақшасын дұрыс жұмсамады", "билігін асыра пайдаланды" деген айыптар таққан. Биыл қаңтарда Грузия соты Михаил Саакашвилиді 2006 жылы қаза болған грузин банкирі Сандро Гиргвлианидің өліміне "айыптыларға негізсіз рақымшылық жасағаны" үшін сырттай үш жылға соттаған.

Қазір Нидерландта тұрып жатқан Саакашвили өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, "үкімнің саяси астары бар" деп мәлімдеген.

Грузия заңы бойынша, президент елдегі мемлекеттік органдардың Конституцияны сақтауын қамтамасыз етеді, сонымен бірге халықаралық келісімдерді бекіту кезінде мемлекет атынан қатысады. Бұған қоса президент елшілер мен өзге де дипломатиялық өкілдерді тағайындайды.

Биылғы сайлау Грузия президентін ел азаматтары төте дауыс беру жолымен таңдайтын жалпыхалықтық соңғы сайлау болды. Бұған дейін Конституцияға енгізілген өзгеріске сәйкес, 2024 жылдан бастап Грузия президентін парламент депутаттары мен жергілікті билік өкілдерінен тұратын арнайы сайлаушылар алқасы сайлайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG