Accessibility links

Хан сарайындағы "жөндеу" жұмыстары жұртты шошытты


Хан сарайындағы "жөндеу" жұмыстары. Бақшасарай, Қырым, 19 желтоқсан 2017 жыл
Хан сарайындағы "жөндеу" жұмыстары. Бақшасарай, Қырым, 19 желтоқсан 2017 жыл

Қырым татарлары Ресей тағайындаған басшылықтың нұсқауымен түбектегі Хан сарайын жаңғырту жұмыстарын атқарып жатқан фирма 16-ғасырда тұрғызылған тарихи ескерткішті бүлдіріп жатыр деп дабыл қағады.

Ғасырлар бойы тұрған емен белағаштар сындырылып, орнына бетон құйды. Баға жетпес қыштастарды алып тастады. Жоғары қысыммен атқылаған су фрескаларды өшіріп жатыр. Ресей басып алған Қырым түбегінің оңтүстігіндегі 16-ғасырда салынған түрік сарайын жаңғырту жұмыстары туралы осындай ақпараттар түсіп жатыр.

Мәскеудің өзі аннексиялап алған түбекте тағайындаған билігі Қара теңіздегі портты қала - Севастопольден 50 километр жерде орналасқан Бақшасарайдағы Хан сарайын қалпына келтіру жұмыстарын атқаруды жүктеген компанияның тарихи нысандарды жөндеу тәжірибесі жоқтығы байқалады.

Оқи отырыңыз: Хан сарайының тағдыры қалай болмақ?

ОРНЫ ТОЛМАС ЗИЯН

Сала мамандары 2013 жылы ЮНЕСКО халықаралық ұйымы әлемдік мәдени мұра тізіміне кіруден үміткер нысандар қатарына қосқан көне ғимаратқа орны толмас зиян келіп жатыр деп дабыл қақты.

- Сарайға тарихи құнын жоғалту қаупі төніп тұр. Жұмысшылар белағаштарды кесіп тастап, құрылыстың кей жерлеріне цемент қолданып жатыр. Олар – нағыз вандалдар. Жаңғырту жұмыстары бұлай жүргізілмейді, - деді Қырымдағы ұлтаралық қатынас және депортацияланған азаматтар комитетінің бұрынғы жетекшісі Эдем Дудаков.

Мәдени жәдігердің болашағына алаңдаған Киев ЮНЕСКО ұйымын Мәскеуден халықаралық нормаларға бағынуды талап етуге шақырып, әйтпесе тарихи нысанға орны толмас зиян келуі мүмкін екенін ескертті деп хабарлады баспасөз құралдары.

Бақшасарайдағы Хан сарайы. 14 желтоқсан 2016 жыл
Бақшасарайдағы Хан сарайы. 14 желтоқсан 2016 жыл

БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы саналатын ЮНЕСКО бұл мәселені назарда ұстап отыр.

- Қазір біз соңғы өзгерістер туралы ешқандай пікір айта алмаймыз. Бірақ, бір білетінім – бұл нысан биыл әлемдік мәдени мұра тізіміне енгізуге ұсынылмайды, - деді Азаттыққа ЮНЕСКО ұйымының баспасөз хатшысы Лаетиция Каци.

Бақшасарайдағы Хан сарайы – 16-ғасырда салынған, Қырым хандарының резиденциясы болған тарихи ғимарат. Қырым хандығы – 1478-1774 жылдар аралығында Осман империясына қараған түркі мемлекеті. Қырым хандығы – Алтын Орда империясының орнында пайда болған түркі хандықтарының ішінде ең ұзақ өмір сүрген мемлекет.

Дуалмен қоршалған қалашықтың ішінде мешіт, гарем, мазар, тұрғынжайлар және бақша бар.

Украина Қырымдағы Хан сарайының жайына алаңдайды (орыс тілінде):

АННЕКСИЯДАН КЕЙІНГІ ҚУҒЫН-СҮРГІН

2014 жылғы наурызда, ешқандай айырым белгілері жоқ киім мен бетперде киіп, қару асынған ресейлік әскерилер Украина құрамындағы түбекке бақылау орнатқаннан кейін бір айдан соң, Ресей Қырым түбегін аннексиялап алған.

Басым көпшілігі аннексияға қарсылық білдірген Қырым татарлары, басқаларға қарағанда көбірек қысым мен қудалауға ұшырап, зардап шекті. Қырым татарларына қатысты бұрыннан бар этностық дискриминация түбекте Ресей билігі орнағаннан кейін іс жүзінде "институттандырылған қудалауға" ұласты деп мәлімдеді Мемлекеті жоқ ұлттар мен халықтар ұйымы өкілдері.

Хан сарайындағы мешіт мұнаралары. Бақшасарай, Қырым, 25 қаңтар 2018 жыл
Хан сарайындағы мешіт мұнаралары. Бақшасарай, Қырым, 25 қаңтар 2018 жыл

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының 2017 жылғы қарашадағы есебінде "түбектегі қарсы пікірді біржола тұншықтыру мақсатын көздеген түрлі сылтаулармен қудалаудың күшейе түскені" айтылған.

- Ресейдің Қырымда тағайындаған билігі 2014 жылы түбекте Ресей оккупациясы басталысымен оған ашық қарсы шығып, белсенділік танытқан Қырым татарларын үнемі қудалап келеді, - дейді Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон.

Қырым татарларының көбі қазірге кезде Хан сарайында болып жатқан жайттарды осы қудалаумен байланыста қарастырады. Қырым татарларының құқықтарын қорғаушы, заңгер Эмил Курбединов нысандағы жөндеу жұмыстарын "Қырым татарларының тарихи жәдігеріне, мәдени мұрасына негізсіз жасалған шабуыл" деп атайды.

ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫНАН ТӘЖІРИБЕСІ ЖОҚ ​ФИРМА

Бақшасарайдағы Хан сарайын қалпына келтіруді ондай жұмыстан тәжірибесі шамалы екені байқалатын компанияға тапсырылғанына жұрттың көбі наразы.

Жөндеу жұмыстарының бас мердігері – Мәскеуде орналасқан Atta Group архитектура және жоспарлау холдингі. Ол жөндеу жұмыстарын атқаруға Қырымдағы жергілікті "Кирамет" фирмасын қосалқы мердігер ретінде жалдаған.

Сарайды жаңғырту жұмыстарына неліктен осы компанияларды таңдағаны белгісіз, себебі, ол туралы шешім жұрттан жасырын қабылданған. Atta Group компаниясының веб-сайтынан олардың көбіне зәулім үйлер, әуежай терминалы мен спорт стадионы тәрізді ғимараттар тұрғызумен айналысатыны аңғарылады.

"Жөндеу" жұмыстары жүргізіліп жатқан Хан сарайының кесілген емен бөренелері. Бақшасарай, Қырым, 5 ақпан 2018 жыл
"Жөндеу" жұмыстары жүргізіліп жатқан Хан сарайының кесілген емен бөренелері. Бақшасарай, Қырым, 5 ақпан 2018 жыл

Өткен жылғы қарашада Украина Мәдениет министрлігі тарихи нысанға қандай зақым келгені жайлы нақтырақ айтып берген. Министрлік сонымен бірге "ұлттық маңызы бар тарихи орын – Хан сарайында заңсыз жүріп жатқан кең ауқымды жұмыстарға наразылық білдіретіні" туралы мәлімдеген.

Ұлы хан мешітіндегі қыштастар мен ескі емен белағаштарын алу кезінде 18-ғасырда салынған фрескаларға зақым келгені, бұған қоса, жоғары қысыммен шашқан судан ғимараттың сыртқы қабырғасы бүлініп, сылағы түскені айтылған. "Әлгіндей техниканы қолдану кесірінен "Александр фонтаны" нысанына да зақым келген" делінген Украина Мәдениет министрлігінің 2017 жылғы 6 қарашадағы мәлімдемесінде.

Бақшасарай тарихи-мәдени музей-қорығының бұрынғы директоры Эльмира Аблялимова.
Бақшасарай тарихи-мәдени музей-қорығының бұрынғы директоры Эльмира Аблялимова.

Бақшасарай тарихи-мәдени музей-қорығының бұрынғы директоры Эльмира Аблялимова "Крым.Реалии" сайтына (Азаттықтың Украин қызметінің жобасы) берген сұхбатында тарихи нысанның қазіргі суреттерін көріп күйзелгенін айтты.

Оның сөзінше, мешіт шатырының астындағы 16-ғасырда қаланған құрылыс материалдары қиратылған, ал жәдігер тастар жай қоқыс тәрізді жерде шашылып жатыр. Эльмира Аблялимова мұны "қылмыс" деп атады.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚҚА ЖҮГІНУ

Эдем Дудаков Киев Мәскеуді тиісті шаралар қабылдауға мәжбүрлеу үшін Хан сарайының қазіргі ахуалын халықаралық қауымдастыққа жеткізуі керек деп санайды.

Украина мұны жергілікті мәселеден ұлттық мәселе деңгейіне көтеруі керек. Сонда ғана халықаралық қауымдастық бұл жайтқа көбірек назар аударатын шығар

- Кеткен зат кетті, бірақ біз тым болмағанда ескі қыштастарды сақтауымыз керек. Оларды жұлып алып, белгісіз жаққа алып кеткен, ал күзетшілер тарихи нысанға ешкімді кіргізбейді. Егер қыштастар орнында қалмаса, онда Хан сарайы ЮНЕСКО нысаны бола алмайды. Меніңше, Украина мұны жергілікті мәселеден ұлттық мәселе деңгейіне көтеруі керек. Сонда ғана халықаралық қауымдастық бұл жайтқа көбірек назар аударатын шығар, - дейді Эдем Дудаков.

ЮНЕСКО баспасөз хатшысы Лаетиция Каци ұйымның бас хатшысына Украина Сыртқы істер министрлігінен хат келіп түскенін және ол хатқа жауап әзірленіп жатқанын айтты.

Қаңтардың 7-сі күні Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазған постында Эдем Курбединов заңгерлер командасымен бірге Бақшасарайдағы Хан сарайын заңдық тұрғыдан қорғау шарасын бастайтындарын хабарлады. Курбединовтің мәлімдеуінше, олар ЮНЕСКО және басқа да халықаралық ұйымдарға арызданардан бұрын Ресей Федерациясынан ресми жауап алуға тырысып көрмек.

XS
SM
MD
LG