Accessibility links

Ресей үкіметінде жұмбақ өлім көбейді. Неге?


Құқық қорғау органдары қызметкерлері отставкаға кеткеніне бірнеше сағат болғаннан соң қаза болғаны хабарланған бұрынғы көлік министрі Роман Старовойттың денесін алып барады. Одинцово, Мәскеу облысы. 7 шілде, 2025 жыл.
Құқық қорғау органдары қызметкерлері отставкаға кеткеніне бірнеше сағат болғаннан соң қаза болғаны хабарланған бұрынғы көлік министрі Роман Старовойттың денесін алып барады. Одинцово, Мәскеу облысы. 7 шілде, 2025 жыл.

Ресейде бұрынғы көлік министрінің мәйіті табылған күннің ертесінде дума депутаттары жаңа министрді бекітті. Ресей президенті оны қаза болардан бірер сағат бұрын ғана қызметінен босатқан еді.

Путин Роман Старовойттың өліміне қатысты бірден пікір білдірмеді, бірақ Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 8 шілдеде журналистерге бұл жаңалыққа "шок болғанын" айтты.

Старовойттың денесі 7 шілде күні Мәскеу облысындағы Одинцово қаласында тұрған Tesla автокөлігінен табылды. 53 жастағы министр бұл қызметті бір жылдан сәл ғана артық уақыт атқарып, еш түсіндірмесіз босатылған еді.

Тергеушілер Старовойт өзіне өзі қол салған болуы мүмкін деген күдігін айтты, бірақ нақты қорытындыны жариялаған жоқ. Бұл өлім әртүрлі болжамдарға себеп болды.

"Ресейдің тергеу және сот органдары қандай да бір шындықты ашуға келгенде қаншалық қауқарсыз екенін ескерсек, шындық, сірә, ешқашан жария етілмейді" деді "Настоящее время" арнасына сұхбатында Прагада тұратын ресейлік саяси шолушы Иван Преображенский.

Ресей парламентінің төменгі палатасы – мемлекеттік дума депутаттары 7 шілдеде көлік министрінің орынбасары Андрей Никитинді Старовойттың орнына тағайындау туралы шешімді мақұлдады.

Ақша ұрлау күдігі

2024 жылдың мамырында көлік министрі болып тағайындалғанға дейін Старовойт оңтүстік-батыстағы Украинамен шекаралас аймақ – Курск облысының губернаторы қызметін атқарған.

Былтыр тамызда бұл аймаққа украин күштері басып кіріп, бұл жағдай Кремльді тығырыққа тіреді. Ресей әскері украин қарулы күштерінің соңғы бөлімшелерін осы көктемде ығыстырды.

Украина шабуылы Ресей шекарасы қорғанысқа қаншалық қабілетті деген мәселеге назар аудартты. Тергеушілер кейін қорғанысқа бөлінген мемлекеттік қаражаттың ұрланғанын анықтағанын айтты. Ал "Коммерсант" газеті Старовойт ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша тергеліп жатқан болуы мүмкін деп жазды.

Старовойттың екі орынбасары қамауға алынды, ақпарат құралдарының хабарлауынша, олардың бірі — Алексей Смирнов Старовойтқа қарсы айғақ беруге дайын болған.

Құқық қорғау қызметкерлері экс-министр Роман Старовойттың көлігін тексеріп жатыр. Одинцово, Мәскеу облысы. 7 шілде, 2025 жыл.
Russia -- The scene where the body of former Russian Transport Minister Roman Starovoit was found.

Карнеги халықаралық бейбітшілік қорының сарапшысы Александр Баунов Старовойттың өлімі билік басындағы элита арасында үрей тудыруы мүмкін дейді.

Жақында жемқорлық үшін сотталған жоғары лауазымды шенеуніктерге берілген ұзақ мерзімді түрме жазалары Старовойтты өзін-өзі өлтіруге итермелеуі мүмкін немесе оның өлімі әдейі ұйымдастырылған болуы да ықтимал.

"Бұл бір реттік оқиға болып қалса да, билік элитасы үшін шешуші сәтке айналуы мүмкін" деп жазды Баунов Facebook-тегі жазбасында.

Ресей жөніндегі сарапшы Андраш Тот-Цифра блогында кейбір таралып жатқан нұсқалар Кремльді алаңдатып отырғанын атап өтті.

Оның пікірінше, бастысы — бұл нұсқаларда Путин оқиғаларға бақылауды емес, тек "сырттай бақылаушы" немесе "оқиға өрбігеннен кейін ғана әрекет етуші" ретінде көрінеді.

Тағы бір мәйіт

Бұған қоса Старовойттың денесі табылған күні көлік министрлігінің теміржол департаментінде жұмыс істеген тағы бір шенеунік — Андрей Корнейчук қайтыс болды.

Ресей ақпарат құралдарының хабарлауынша, Корнейчук іскерлік кездесу кезінде жүрегі ұстап, аяқ астынан көз жұмған.

"Бұл жай ғана сәйкестік дегенге сену өте қиын", — дейді Преображенский. Ол екеуінің бұрыннан жұмыс бабында байланысы болғанына назар аударды.

"Ол Старовойт қандай жағдайда да өзін сатпайды деп сенді... Ал одан соң сіздің “қорғаушыңыз” не өзін-өзі атып тастайды, не оны біреу атып өлтіреді. Мұндайда адам абдырап, жағдай осындай қайғылы аяқталады" деді ол.

Күдікті өлімдер тізбегі

Ресми өкілдердің айтуынша, Старовойттың өліміне қатысты ең ықтимал нұсқа — суицид.

Алайда Ресейде әдетте кенеттен болған өлім түрлі өсек-аяңға не оқиға себебіне қатысты долбар-болжамға алып келеді.

Старовойт Украинамен шектесетін Курск облысының губернаторы болып тұрған тұста оның екі орынбасары шекараны бекемдеуге бөлінген ақшаны жымқырды деген күдікке ілінген. Украин әскері 2024 жылы тамызда шекараны оңай бұзып өтіп, Курск облысының біраз бөлігін басып алған. Бұл оқиға Кремльді ыңғайсыз жағдайда қалдырған.

Десе де Ресей билігіндегі дау-дамайға қатысы бар басшылар арасында өз-өзіне қол салу оқиғасы сирек кездеседі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG