Accessibility links

Қырғыз қауіпсіздік комитеті Kloop журналистерінен жауап алып, екі адамды 48 сағатқа ұстады


Cолдан оңға қарай: Зиягүл Болот қызы, Александр Александров, Айдай Еркебаева, Зара Садығалиева.
Cолдан оңға қарай: Зиягүл Болот қызы, Александр Александров, Айдай Еркебаева, Зара Садығалиева.

28 мамыр күні Kloop тәуелсіз басылымының бірнеше бұрынғы және қазіргі қызметкерін мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне тергеуге алып кетті. Оған қоса журналистердің екі досын да ұстаған. Бірнеше сағаттан соң бес адамды тергеу жайлы жарияламау туралы қолхат алып босатып, екеуін 48 сағатқа ұстап қалды. ҰҚМК оларды қандай іс бойынша тергеп жатқанын айтпай отыр.

28 мамырда Қырғыз Республикасының ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) Kloop тәуелсіз басылымының тілшілері Айдай Еркебаева, Зиягүл Болот қызы және бұрынғы қызметкері Зара Садығалиеваны бірнеше сағат бойы ұстап, тергеу жайлы ақпарат жарияламау туралы қолхат алып босатқан. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Сол күні журналистермен бірге ҰҚМК Бішкек қалалық басқармасына жеткізілген тағы екі азамат та босап шыққан. Олардың арнаулы қызмет кеңсесінен шыққан сәтінен түсірілген видеоны Kloop өз Telegram-арнасына жариялады.

Ал басылым операторы Александр Александров пен бұрынғы қызметкері Жоомарт Дуулатовты ҰҚМК 48 сағатқа ұстап, осы мекеменің Бішкектегі уақытша ұстау изоляторына қамағанын бейсенбіге қараған түні адвокат Бақыт Автандил хабарлады.

"48 сағат ішінде оларға бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі қаралады. Біз оларды ұстау заңсыз деп санаймыз. Ұсталғандар жаппай тәртіпсіздікке шақырды деген күдікке ілінген", – деді адвокат.

Сәрсенбі күні бірнеше сағат бойы ҰҚМК кеңсесіне кіре алмай, сыртта тұрған адвокат Автандилды тек кешкі сағат ондар шамасында ішке кіргізген. Онымен бірге сол жерге ұсталған журналистердің туыстары мен әріптестері де жиналған еді.

ҰҚМК неліктен журналистердің үйіне тінту жүргізілгені және оларды тергеуге әкетіп, екеуін уақытша қамау орнына отырғызуының себебі жайлы әзірге ешқандай ақпарат берген жоқ.

ҮЙІН ТІНТІП, ӨЗІН НОУТБУК, СМАРТФОНЫМЕН ҚОСА АЛЫП КЕТКЕН

28 мамыр, сәрсенбі күні таңертең ҰҚМК өкілдері Ош қаласында Kloop тәуелсіз басылымының жергілікті тілшісі Зиягүл Болот қызының үйінде тінту жүргізіп, кейін журналисті тергеуге алып кеткені жайлы ақпаратты Kloop бас редакторы Анна Капушенко Facebook желісінде жариялаған.

Кейінірек журналистің туыстары да бұл ақпаратты растады. Олар Зиягүл Ош қаласы мен облысы бойынша ҰҚМК басқармасына жеткізілгенін айтты.

Алдын ала мәлімет бойынша, Зиягүл Болот қызының үйіне тінту жүргізген арнауы қызмет өкілдері журналистің ноутбугі мен смартфонын алып кеткен.

Жергілікті журналистер ҰҚМК басқармасына барған, бірақ олар Зиягүлдің не үшін ұсталғанын біле алмаған, арнаулы қызмет ешқандай ақпарат бермеген. ҰҚМК-ның қоғаммен байланыс бөлімі де Зиягүл Болот қызының үйіндегі тінту мен тергеу жөнінде түсініктеме берген жоқ.

Бұрын Оштағы T-Media телеарнасында жұмыс істеген 25 жастағы Зиягүл Болот қызы кейінгі кезде Kloop басылымында тілші болып жүрген.

Журналистің анасы Нұрипа болған оқиғаны баяндап, жағдайдың барлық мән-жайынан хабары жоғын айтты:

– Бірнеше күн бұрын ҰҚМК адамдары менің күйеуімді, яғни қызымды емес, оның әкесін іздеп жүр дегенді естідім. Қызымнан не жағдай болып жатыр, бәрі дұрыс па деп сұрағанымызда, ол "бәрі жақсы" деп айтты... Содан көңілім орнына түскен. Ал екі күн бұрын келінім босанып, Бішкекке келген едім. Бүгін таңертең көршілерім хабарласып, ҰҚМК біздің үйді тінтіп жатқанын айтты. Олар таңертеңгі 9-да келіпті, үйде екі қызым ғана болған. Олар қызымның телефонын сөндіріп, бүкіл үйді тінтіп шыққан. Біз қызымызбен милиция арқылы сөйлесейікші дегенімізде, олар: "оны тергеуге әкетеміз" деді. Үйді астан-кестеңін шығарып ақтарған: көрпе-көпшікті, сандықтарды, телефон мен басқа да заттарды түгел қарап шыққан. Кейін оның ноутбугін, телефоны мен құжаттарын алып кеткен.

Сол күні түстен кейін Kloop редакциясы Бішкекте басылым қызметкерлерінің бірі – Александр Александров ұсталған деп Telegram-арнасында хабарлады. 28 жастағы Александров Kloop-тың видеооператоры әрі фототілшісі болып бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Оған қоса редакция тағы бір тілшісі – Айдай Еркебаева байланысқа шықпай жатқанын айтты. Кейін ол да Бішкектегі ҰҚМК кеңсесінде тергеуде екені анықталды. Оның қасында Kloop басылымында 2023 жылға дейін жұмыс істеген бұрынғы қызметкер Зара Садығалиева да болған. Сол сияқты, басылымның бұрынғы қызметкері Жоомарт Дуулатовты да ҰҚМК кеңсесіне жеткізгені кейінірек мәлім болды.

Басылым өкілдері "ҰҚМК ұсталған адамдарға адвокаттарды жолықтырмай жатыр" деп мәлімдеді.

БАСЫНА ҚАРА БҰЛТ ТӨНГЕН БАСЫЛЫМ

2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Kloop сайты кейінгі жылдары журналистік зерттеулер, соның ішінде мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлықты әшкерелейтін материалдар жариялап, келеңсіз жайттарға жұртшылық назарын аударған.

Қырғызстан жоғарғы сотының азаматтық және экономикалық істер жөніндегі алқасы Kloop Media қоғамдық қорын тарату туралы Бішкектің Октябрь аудандық соты 2024 жылы ақпан айында шығарған шешімді күшінде қалдырғаны былтыр 29 тамызда белгілі болған. 16 шілдеде шешім шығып қойғанын басылым заңгерлері арада бір ай өткенде ғана естіп-білген.

Билік тәуелсіз Kloop сайтын түбегейлі жабуға тырысып жатыр (12 ақпан, 2024 жыл)

Қырғыз билігі тәуелсіз Kloop сайтын түбегейлі жабуға тырысып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:11 0:00

Октябрь аудандық соты қала прокуратурасының Kloop басылымы "қазіргі биліктің саясатын қатаң сынап-мінейтін және мемлекеттік әрі муниципалдық мекеме өкілдерінің беделін түсіруді көздейтін жағымсыз ақпаратты жиі жариялайды" деген шағымын қанағаттандырған еді.

Қазіргі уақытта Kloop веб-сайты Қырғызстан аумағында бұғатталған.

ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ СӨЗ ЕРКІНДІГІНІҢ ЖАЙЫ ЖӘНЕ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ПІКІРІ

Басылымның негізін қалағандардың бірі Ринат Тухватшин былтыр қыркүйек айында Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа үндеу жасаған. Ол Kloop медиасы Жапаров оппозицияда болған кезде саясаткердің қызметі жайлы ақпаратты халыққа жеткізгенін еске салып, енді қазір соттың негізсіз шығарған шешімімен жабылып жатқанын айтқан.

Ринат Тухватшин
Ринат Тухватшин

Тухватшин Қырғызстанда сөз еркіндігіне қысым күшейіп жатқанын, өзі құрған медиа қазіргі президенттің қызметін де бейтарап тұрғыдан баяндайтынын айтып, егер саяси жағдай өзгеріп, "қайтадан қуғынға ұшырасаңыз, оны да әділ көрсетеміз" деп мәлімдеген.

Оған дейін, 3 қыркүйекте президент Садыр Жапаров Kloop Media басылымының жабылуына қатысты "Кабар" мемлекеттік ақпарат агенттігіне түсініктеме беріп, бұл жайт елдегі сөз еркіндігінің ахуалына әсер етпейді деген. Жапаров Kloop-тың журналистік зерттеулерін "біржақты, қаралау сарынында" деп сипаттаған.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров

"Біз 30 жылдан бері анархияны демократиямен, өсек-аяңды сөз еркіндігімен шатастырып келдік. Қазір қоғам осы дерттерден айығып келеді. Бізде сөз еркіндігі болған және бола береді. Тек шындықты айтып отырса, бәрін қолдаймыз. Анархия, өсек-аяң, жалған ақпарат тарату – бұл сөз еркіндігі емес. Зерттеулерді біржақты, белгілі біреуді қаралау мақсатында жүргізгені үшін жабылып жатқан болар. Соттар да жайдан-жай шешім қабылдамаса керек. Көп жағдайда біржақты және жалған материалдар екенін өздеріңіз де көрдіңіздер ғой", – деген Жапаров.

Қырғыз президенті сол жолы "екі жақты зерттеулер жүргізетіндерді қолдаймыз" деген.

"ҚАРА ДАҚ". ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР РЕАКЦИЯСЫ

Халықаралық Журналистерді қорғау комитеті Қырғызстан сотының Kloop Media туралы шығарған шешімін айыптап, еркін БАҚ-тың жабылуын тәуелсіз елдің тарихына түскен қара даққа теңеген.

"Халықаралық сыйлықтар алған, журналистік зерттеулер жүргізген Kloop басылымының күшпен жабылуы — ұзақ жылдар бойы Орталық Азиядағы еркін медианың тірегі саналып келген Қырғызстанның қазіргі тарихындағы қара дақ", – деп мәлімдеді халықаралық ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Гүлноза Саид.

Ол Қырғызстан билігін еркін журналистерге бағытталған "репрессиялық саясаттан" бас тартып, Kloop пен өзге де медиаларға еркін жұмыс істеуге мүмкіндік беруге шақырған.

Kloop басылымының орыс тіліндегі сайты 2023 жылғы 12 қыркүйектен бастап жабылған. Оған "Саясаткер Равшан Жээнбеков түрмеде азапталғаны хабарланды" деген мақала себеп болған. Қырғызстанның қауіпсіздік қызметі бұл материал "шындыққа сай емес және ҰҚМК-ның беделіне нұқсан келтіреді" деп, Мәдениет министрлігіне шағынған.

Даулы мақалаға байланысты шағымды қараған министрлік халық арасында "фейк туралы заң" деп аталып кеткен "Жалған ақпарат туралы" заңға сүйеніп, 2023 жылдың қараша айында Kloop басылымының қырғыз тіліндегі ky.kloop.asia доменінде орналасқан сайтын бұғаттаған.

Kloop басылымы сот шешімдеріне келіспейтінін мәлімдеп келеді.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Эрнист Нурматовтың материалы бойынша жазылды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG