Accessibility links

Қостанайда "сыпайы адамдар" туралы жазбаны репост жасап, қамалған белсендіні 200 мың теңге төлеуге міндеттеді


Сергей Зинченко
Сергей Зинченко

Қостанайда жергілікті белсенді Сергей Зинченко Facebook-та "сыпайы адамдар" (2014 жылы Қырымды басып алған ресейлік сарбаздарды жұрт «сыпайы адамдар» деп атап кеткен) туралы жазбаны репост жасағаны үшін қазан басында 20 тәулікке қамалған еді. Енді сот оны шағым түсірушінің өтінішімен 200 мың теңге төлеуге және әлеуметтік желіде "жоққа шығарып", жазба жариялауға міндеттеген. Соңғы сот туралы Адам құқығын қорғау жөніндегі бюро (Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы) жазды.

28 қарашада Қостанай соты шағым түсірушінің өтінішін жартылай қанағаттандырып, Зинченконы 200 мың теңге төлеуге және әлеуметтік желіде алдыңғы репостын "жоққа шығарып" жазба жариялауға міндеттеген.

Соттан кейін Зинченко шешімді дауламайтынын және осының өзі кешірім сұраумен пара-пар болады деп айтқан.

Биыл қазанда Қостанайда "жала жабу" бабы бойынша айыпталған азаматтық белсенді Сергей Зинченконың 20 тәулікке қамалғанын Азаттық жазған. Бірнеше ай бұрын әлеуметтік желіде "сыпайы адамдар" деген жазуы бар (2014 жылы Қырымды басып алған ресейлік сарбаздарды жұрт «сыпайы адамдар» деп атап кеткен) және нөмірінде Калашников автоматының суреті бар Қостанай тұрғыны Татьяна Г.-ға тиесілі көліктің суреті тараған. Сергей Зинченконың сөзінше, ол суретті Facebook желісінен көріп қалып, парақшасында қайталап басқан. Одан кейін Instagram желісіне Уикипедиядағы анықтамасымен бірге шығарған. Бұдан кейін көлік иесі Татьяна Г. оның үстінен сотқа шағым түсірген. Ол әлеуметтік желіде өзінің көлігінің суреті тарағаннан кейін кейбір қолданушылар оны "сепаратист", "оккупантка" деп атай бастағанын айтқан.

Зинченко қамауда 20 тәулік отырды, ал босап шыққан кезде жәбірленушінің одан жария түрде кешірім және моральдық өтемақы ретінде 2 мың доллар талап еткені белгілі болды.

"С.Зинченко бұл көлікті сепаратистер айдап жүргені туралы жазба жариялағаннан кейін Зинченконың жақтастары шағым берушіні қудалай бастаған. Мысалы, Facebook, Instagram, Tik Tok әлеуметтік желілерінде Зинченконың жақтастары жала жабуға және жеке басын қорлауға бағытталған әрекеттерді жалғастырып, шындыққа сәйкес келмейтін постар жариялай бастады" деп жазылған белсендінің ісінде.

Зинченконың адвокаты Данияр Хамитов бұған дейін Азаттыққа берген түсініктемесінде Зинченконың "көлік иесін ғайбаттағаны туралы" факт сотта сол күйі дәлелденбегенін айтқан еді.

"Зинченконың жазбасындағы комментарийде «қостанайлық сепаратистер» деген тіркестің пайда болуына жазба авторын кінәлауға болмайды, оның үстіне мәселе репост жөнінде болып отыр" дейді адвокат.

Бюроның жазуынша, өз кезегінде көлік иесі даулы нөмірді "күйеуі сыйлағанын" айтып, "саясаттан хабарсыз болғандықтан" және оның мәніне жетпей жатып ілгенін айтқан.

Бұған дейін Зинченко істің саяси астары бар деп санайтындығын айтқан. Оның сөзінше, билікке оны АЭС бойынша референдум алдында қамалуы тиімді болған, себебі ол сайлау учаскесінде бақылаушы болғысы келгенін айтқан.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтистің пікірінше, Зинченконың кейсі Қазақстан үшін қауіпті прецедент болуы мүмкін, себебі Ресей басқыншылығының символдарымен бұған дейін видеоға түскендер де осыдан кейін өздерін "жала құрбаны" деп атай бастамайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG