Алматы облысы Қарасай ауданының сотында Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтарын азаптады деп айыпталған алты полицейдің сотында жарыссөз басталды.
26 желтоқсанда өткен процесте прокурор Арыстанбек Әликенов соттан іс бойынша күдікті деп танылған полиция қызметкерлері Бауыржан Сопақов, Арман Шойбеков, Берік Әбілбеков, Олжас Айдарханов, Серік Тұрпанов және Нұрсұлтан Хамитовті кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан және шенінен айырып, сот залында қамауға алуды сұрады.
Істе жәбірленуші деп танылған 23 өзбекстандықтың адвокаты Айна Шорманбаева прокурор сұраған жазамен келіспейді. Оның сөзінше, жаппай азаптау үшін бұл тым жеңіл жаза.
– Не айтуға болады? Жаппай азаптау үшін Қазақстанда осылай жазалайды. Халықаралық қысымның, резонанстың және құқық қорғаушылар жұмысының арқасында ғана бұл іс сотқа жетті. Біз олардың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 146-бабының 2, 3-бөліктері бойынша саралануы тиіс деп санаймыз, – дейді Айна Шорманбаева.
Жәбірленуші тарап қорғаушылары бұған дейін де тағылған айыпты қайта саралауды және істі Қарасай аудандық сотынан басқа сотқа ауыстыруды сұраған. Олар оқиға Қарасай ауданында болғандықтан істе мүдделер қайшылығы болуы мүмкін екенін айтқан және жәбірленуші деп 44 емес, 98 адам танылуы тиіс деген. Істі қарап жатқан судья Дінмұхаммед Адайбаев істі басқа сотқа ауыстыруға негіз жоқ деп, өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.
Сот 16 қыркүйекте басталған. Күдікті полицейлерге «Лауазымын асыра пайдалану» және «Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар» баптары бойынша айып тағылған. Іс бойынша үш елден 44 азамат жәбірленуші деп танылған.
Айыптау актісіне сәйкес, 2022 жылы 7 қаңтарда Алматы қаласындағы дүрбелеңге қатысы бар азаматтарды «анықтау операциясы» кезінде Алматы-Бішкек тас жолында ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің арнайы жасағы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның 99 азаматын ұстаған. Кейіннен олардың 98-і Қошмамбет ауылындағы уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қамау кезінде ешқандай құжат толтырылмаған. Абақтыға кірген сәттен бастап соққыға жығылып, жауап алынған.
Қаңтар дүрбелеңінде Қазақстанның мемлекеттік телеарнасынан «бүлікке қатысқаны үшін ақша алғанын» «мойындаған» жігіттің видеосы көрсетілген. Кейіннен оның қырғыз музыканты Викрам Рузахунов екені, оны полиция қызметкерлері азаптап, жалған куәлік етуге мәжбүрлегені белгілі болған. Іс халықаралық дауға ұласқан. Осы оқиғадан соң Қазақстан билігінің «Қаңтар оқиғасы кезінде елге Орталық Азия елдерінің бірінен террористер келді» деген мәлімдемесі сынға қалған.
ПІКІРЛЕР