Биыл 11 ай ішінде Қазақстанда 80,5 млн тонна мұнай өндірілді, жоспар 98 пайыз орындалған. Өндіріс азайғанына ірі кен орындарындағы күрделі жөндеу жұмыстары әсер еткен. Бұл туралы 17 желтоқсандағы үкімет отырысында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.
"2024 жылғы қаңтар-қараша айларында мұнай мен конденсат өндіру көлемі 80,5 млн тоннаға жетті. Теңіз кен орнында 25,9 млн тонна мұнай өндірілді. Қашағандағы мұнай өндіру көлемі – 15,8 млн тонна, Қарашығанақ жобасының көрсеткіші – 11,1 млн тонна", – деді Сәтқалиев.
Министрдің сөзінше, Теңіз кен орнында мамыр мен тамыз айында жалпы 50 күн, Қашағанда 21 күн жөндеу жұмыстары болған.
Бұдан бөлек, өндіріс азайғанына Қарашығанақ кен орнындағы жұмыстың жоспардан тыс тоқтап қалғаны, Орынбор газ өңдеу зауытының газ қабылдауды шектегені, Каспий құбыр консорциумы жұмысы жоспар бойынша профилактикаға байланысты тоқтап қалғаны, Теңіз кен орнының екінші кезеңіндегі зауытта болған жөндеу жұмыстары әсер еткен.
"Осыған байланысты биыл мұнай өндіру көлемі 87,8 млн тонна болады деп болжанып отыр", – деді энергетика министрі.
Мұнай өндіру көрсеткіші оның экспортына да әсер еткен. Сәтқалиев 11 ай ішінде 63,2 млн тонна мұнай экспортталды деді.
Қазақстан бюджеті мұнайға тәуелді. Қазынаға кірістің 55-65 пайызы мұнайдан түсіп отыр. Былтыр Қазақстанда 90 млн тоннаға жуық мұнай өндіріліп, оның 70 млн тоннасы шетелге сатылды. Қазақстан осы мұнайдың 80 пайызын (56 млн тонна) Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тасымалдайды.
Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ мұнай кен орындарының серіктестері – Батыстың алпауыт мұнай компаниялары.
ПІКІРЛЕР