Қазақстан негізгі кеніштердің біріндегі жөндеу жұмыстарына байланысты қазан айында мұнай өндірісін күрт қысқартса да, өндірісті қысқарту бойынша ОПЕК+ талаптарын орындай алмай отыр деп жазды Bloomberg.
Қазан айында Қазақстан күніне 1,29 млн баррель мұнай өндірген. Бұл қыркүйекпен салыстырғанда 292 мың баррельге аз, бірақ ОПЕК+ шарты бойынша өндіруі керек көлемнен 90 мың баррельге көп. Басылым бұл 1 желтоқсанда өтетін ОПЕК+ елдердің жиынында Қазақстан үкіметқиын жағдайда қалдыруы мүмкін деп санайды.
ОПЕК+ шикізат арзандап, сұраныстың өсуі неғайбыл жағдайда өндірісті ерікті түрде қысқарту жоспарын екі рет кейінге шегеруге мәжбүр болған.
Қазақстан билігі Қашағандағы жөндеу жұмыстары мәселені шешеді деп үміттенген, бірақ жөндеу жұмыстары жоспардан ерте аяқталған. Оның үстіне жақында Теңіздің жаңа жобалары іске қосылып, инвесторлар көбірек мұнай өндіруге мүдделі болады, бұл Қазақстан үшін ОПЕК+ талабын орындауды қиындатпақ деп түйіндейді басылым.
"Теңізшевройл" 2025 жылдың екінші тоқсанында ірі Теңіз кенішін ұлғайтудың алғашқы жемісін көреміз деп үміттеніп отырған шақта Қазақстан үшін жағдай одан да қолайсыз болуы мүмкін. Наурызда құны 48,5 миллиард долларға бағаланған жоба Қазақстанның өндіріс қуаттылығын тәулігіне шамамен 260 мың баррельге арттырады" деп жазды басылым.
Қазақстан энергетика министрлігі бұл мәселе бойынша басылымға комментарий бермеген.
Бұған дейін Қазақстанның энергетика министрлігі қыркүйекте артық өндірілген көлем үшін өтемақы төленетінін және қазан айында Қашаған кен орнындағы жөндеу жұмыстарына байланысты өндірісті барынша қысқартатынын хабарлаған.
ҚазТАГ-тың жазуынша, қараша басында Қазақстан мен Ресей ОПЕК-ке мұнайды артық өндіруге байланысты өтемақының жаңа кестесін таныстырған.
ПІКІРЛЕР