Accessibility links

"Путиннің күйеу баласы". Йоррит Фаассен кім?


Ресейге Украинаға басқыншылығы үшін Батыс елдері салған санкцияларда Ресей президенті Владимир Путиннің екі қызының аты-жөні аталды. "Настоящее время" мен "Медуза" басылымдары жүргізген зерттеуде Йоррит Фаассен (суретте) есімді адам Путиннің үлкен қызының күйеуі деп көрсетілген.
Ресейге Украинаға басқыншылығы үшін Батыс елдері салған санкцияларда Ресей президенті Владимир Путиннің екі қызының аты-жөні аталды. "Настоящее время" мен "Медуза" басылымдары жүргізген зерттеуде Йоррит Фаассен (суретте) есімді адам Путиннің үлкен қызының күйеуі деп көрсетілген.

"Настоящее время" мен "Медуза" басылымдары Ресей президенті Владимир Путиннің үлкен қызы Марияның күйеуі деп айтылып жүрген Нидерланд азаматының құпия өмірін зерттеп көрді.

Наурыздың алғашқы аптасында Амстердам маңындағы Дуйвендрехтте бос тұрған жердегі дуалда Украина туы ілініп тұрды. Сол маңдағы пошта жәшігінде "AveMariaPutin" деген жазу пайда болды.

Онда "Бейбіт ауданымыздан екі мың шақырым жерде сіздің әкеңіз құртып жатқан тәуелсіз ел бар" деп жазылған. "Оған ешкімнің қолы жете алмайды, тіпті, баскесер де оны тоқтата алмайды. Бірақ ата-ана мен баланың жөні бөлек. Қолыңызды кеудеңізге қойып, жүрегіңізді тыңдаңыз, бұл мәнсіз азапты тоқтатыңыз. Сізден соны сұраймыз, Мария Путина".

Бұл жердің иесі – Нидерландтың 42 жастағы азаматы, инженер-құрылысшы Йоррит Фаассен. Ол 12 наурызда Нидерланд сайттарының біріне он алты жыл елде болмағанын, сол жылдары Мәскеуде тұрғанын айтқан.

"Бір кездері Нидерландқа оралғым келді, бірақ Мәскеудегі өмірім толығымен көңілімнен шығатын" деді ол Follow The Money сайтына.

ЙОРРИТ ФАССЕН МЕН МАРИЯ ВОРОНЦОВА

Фаассеннің Мәскеуге қазіргі немесе бұрынғы әйелі үшін көшкені айтылып жүр және ол әйел Ресей президенті Владимир Путиннің қызы Мария Воронцова екені айтылады.

Мария мен оның сіңлісі Екатерина Тихонова – Путин мен оның бұрынғы әйелі Людмиланың қыздары. Путин 2013 жылы әйелімен ажырасқан еді.

Кейінгі жылдары бұл екі қыз жұрт назарына жиі түсіп жүр. Осы аптада АҚШ пен Еуропа одағы оларға санкция салғаны газеттердің бірінші бетінде жарияланды. АҚШ қаржы министрлігі оларға "Путиннің баласы" болғаны үшін шара қолданылғанын айтқан.

Тихонованың Путиннің жақын серігінің ұлына тұрмысқа шыққан деген сөз бар. Бірақ күйеуі кім екені белгісіз. Ал Марияның жағдайы басқаша.

"Настоящее время" мен "Медуза" басылымдарының бірлескен зерттеуі Амстердам маңындағы жер телімін тіркеген кезде көрсетілген Мәскеудегі мекен-жай Фаасенге тиесілі екенін анықтады. Зерттеу барысында Кремльге жақын маңдағы тұрғын үй кешені анықталды. Фаассен мен Мария осы мекен-жайға азық-түлік алып отырған.

Фаасен "Настоящее время" мен Медузаның Telegram арқылы жіберген сұрақтарын оқығанымен, жауап бермеген. Мария да Telegramнан жіберілген хатқа жауап қатпапты.

Нидерланд газетіне берген сұхбатта Фаассен президент Владимир Путиннің қызына үйленгенін жоққа шығарған.

"Мүлдем олай емес" деген ол әйелінің ұлты орыс екенін айтқан.

"Орыс әйелге үйленгенмін, балаларымыз бар" дейді Фаассен.

Путиннің маңайына жақын және оның отбасын танитын шенеуніктердің бірі "Настоящее время" мен "Медузаға" Фаассеннің тығырыққа тіреліп, еліне оралуға қорқатынын айтқан.

ВОРОНЦОВА, ТИХОНОВА

Мәскеу мемлекеттік университетінде медицина ғылымдары кандидаты дәрежесін алған Мария ғылыми мақалаларын "Мария Фаассен" деген атпен жариялаған. Қазір ол жұрт алдына "Воронцова" деген фамилиямен шығып жүр. Еуропа одағы мен АҚШ санкция салғандар тізімінде де осылай жазылған.

Воронцова деген фамилияның қайдан алынғаны жұмбақ. Путин мен оның бұрынғы әйелінің отбасында мұндай есім кездеспейді. Ал оның әпкесі Тихонованың тегі президенттің анасы Людмила Путинаның отбасынан алынған.

Мария мен Фаассеннің қашан кездескені белгісіз. 2000 жылдардың ортасында әлеуметтік желіде және ресейлік New Times онлайн журналында жарияланған фотодан Марияның Лейденде патшайым құрметіне өткен костюмді карнавалда тұрғанын көруге болады. Лейден – Фаассеннің туған жері.

Нидерландтың Leidsch Dagblad газеті 2005 жылы жариялаған суретте терезеге қағаз жапсырып тұрған Йоррит Фаассеннің жанындағы әйел Марияға ұқсайды.
Нидерландтың Leidsch Dagblad газеті 2005 жылы жариялаған суретте терезеге қағаз жапсырып тұрған Йоррит Фаассеннің жанындағы әйел Марияға ұқсайды.

Нидерландтың Leidsch Dagblad газеті 2005 жылы Лейденде терезеге қағаз іліп жатқан жастардың суретін жариялаған. Онда Фаассеннің жанындағы әйел Марияға ұқсайды.

2009 жылы дәл осы басылым Фаассен мен Марияның қала сыртындағы пентхаусқа көшкенін хабарлаған. Қала архивіндегі жазбалар Фаассен екі пәтерлі кешенді 700 мың еуроға сатып алғанын көрсетеді. Ал кешен атауы "Қырым ауданы" деп аударылады.

Көршілер газетке екеуінің ең қымбат дүкендерге жиі баратынын айтқан.

Нидерланд басылымдарының бірі Мария мен Фаассен 2008 жылғы жазда Вассенаар ауылындағы сарайда той жасағанын хабарлады. Бұл жер Гаага маңындағы қымбат аудандардың бірінде орналасқан. Жиында болған қонақтар "Тойда қыздың ата-анасы болмады, бірақ оның сіңлісі келді" деп айтқан.

Фаассеннің туысы, суретші Каспер Фаассен журналистерге тойда болған орыстарды бірі байлар баратын клубтар жайлы талқылағанын айтқан.

Каспер Фаассен "Настоящее время" мен "Медузаның" сауалына жауап бермеді.

ФАССЕН НЕМЕН АЙНАЛЫСҚАН?

2010 жылғы 10 қарашада мәскеулік банкир Матвей Урин Йоррит Фаассенді көлікпен қағып кеткен. Сол кезде Ресей басылымдары оның жол апатынан қатты зардап шеккенін хабарлады.

Бірнеше сағаттан соң Урин мен оның оққағарларын Федералды қауіпсіздік қызметі [ФСБ] өкілдері ұстап әкеткен. Бұл агенттік Путин мен басқа да жоғары лауазымды шенеуніктердің қауіпсіздігіне жауап береді. Сол кездегі жаңалықтарда оқиға болған жерге Мәскеу полиция бөлімінің басшысы Владимир Колокольцевтің барғаны айтылады.

Кейін Колокольцев Ресей ішкі істер министрі болды.

Урин сегіз жылдан астам уақыт түрмеде отырды, оның иелігіндегі немесе бақылауындағы банктер банкротқа ұшырады. Уриннің жүргізушісі мен оққағары да сот үкімімен екі және төрт жылға бостандығынан айрылған.

Екатерина Тихонова (сол жақта), Владимир Путин (ортада) және Марина Воронцова.
Екатерина Тихонова (сол жақта), Владимир Путин (ортада) және Марина Воронцова.

Ресейдегі жаңалықтарда Фаассенді мемлекет бақылауындағы "Газпром" компаниясының атқарушы директоры деп атаған. Бірақ 2016 жылы New Times басылымына дейін оны ешкім Путиннің қызымен байланыстырған емес.

Уриннің адвокаты "Настоящее время" мен "Медуза" басылымдарына пікір білдіруден бас тартты. Ал Уриннің жүргізушісінің адвокаты сот тергеуінің күмәнді өткенін айтты.

"Қандай да бір жолмен [Фаассеннің] жай адам емес екені белгілі болды. ФСБ-да таныстары бар деген сыбыс шықты" деді қауіпсіздік мақсатында аты-жөнін атамауды сұраған адвокат. Путин 1998-99 жылдары Ресей федералды қауіпсіздік қызметін басқарған.

2011 жылы ресейлік "Ведомости" басылымы Фаассеннің "Газпром" компаниясына еншілес "Газпромбанк Инвестте" жылжымайтын мүлікті басқару жөніндегі маман болғанын, содан кейін "Стройтрансгаз" деген тағы бір еншілес компанияның вице-президенті болғанын хабарлады. Газет оған ауданы 60 шаршы метр кеңсе мен Lexus маркалы көлік берілгенін жазған.

Путиннің достары мен әріптестеріне жақын адамның сөзінше, Фаассен мен Мария 2014 жылдың шілдесіне дейін жыл сайын бірнеше ай Нидерландта болған. Сол жылы Ресейдің қолдауына сүйенген сепаратистер Украинаның шығысында Malaysia Airlines жолаушылар ұшағын зымыранмен атып түсірген еді. Ұшақтағы 298 адамның бәрі қаза тапты, олардың 198-і – Нидерланд азаматы.

Нидерландта қылмыстық процесс өтіп, прокурорлар оқиғаға Ресей әскерилерінің қатысы барын дәлелдейтін телефон жазбалары мен басқа да сот-медицина сараптамаларын көрсеткен.

Аты-жөнін атамауды сұраған адам содан кейін Путин қызы мен немересінің Ресейде тұрғанын қалады дейді.

"Фаассен мұндай өмірге дайын болмады, бірақ басқа жол жоқ еді" деді Фаассен мен Марияның танысы.

Ресей президенті Владимир Путин мен оның қолынан "Ресей федерациясының Еңбек ері" атағын алған кәсіпкер Аркадий Ротенберг. 18 наурыз 2018 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин мен оның қолынан "Ресей федерациясының Еңбек ері" атағын алған кәсіпкер Аркадий Ротенберг. 18 наурыз 2018 жыл.

2014 жылы Фаассен RG-Development деп аталатын құрылыс компаниясына кірген. Мұны аты-жөнін атамауды сұраған компания қызметкері айтты. Компанияны бұдан бір жыл бұрын Путиннің жақын досы, байырғы әрі сенімді серігі Аркадий Ротенберг ашқан.

Компания қызметкерінің сөзінше, Фаассен "Роснефть" мемлекеттік мұнай компаниясының штаб-пәтерін салу жобасын басқарған. Ғимарат Мәскеудегі танымал Кутузов даңғылында салынуы тиіс еді. Бірақ Батыс елдері Украинаның Қырым түбегін аннексиялаған Ресейге санкция салған соң, қаржы дағдарысы болып, жоба тоқтап қалған.

"Роснефть" өкілі Михаил Леонтьев "Медуза" мен "Настоящее время" басылымдарының сұрағына жауап бермеді.

Фаассен RG-Development компаниясында 2018 жылға дейін жұмыс істеп, айына 900 мың рубль жалақы алып отырған. Оның салық деректері сақталмаған.

ФААССЕННІҢ ХАТТАРЫ

Мәскеудегі Нидерланд диаспорасында Фаассенді танитындар көп, бірақ көретіндер аз. Ол Нидерланд азаматтары ұйымдастырған қоғамдық іс-шаралар мен отырыстарға бара бермейді.

"Біздің жиындарымыздан үнемі алыс жүретін, ешқайда бармайтын және ешкіммен араласпайтын" дейді Ресейде тұратын Нидерланд азаматы.

2020 жылы Ресей журналистері хакерлер жариялаған электрон пошталар базасын анықтады. Миллиондаған электрон поштаны қамтитын деректер базасында Путиннің досы, бұрын "Банк России" басқармасына кірген адамның ұлы Кирилл Шамаловтың жазған хаттары бар.

АҚШ қаржы министрлігі "Банк России" қаржы мекемесін "Ресей жоғары лауазымды тұлғаларының жеке банкі" деп атаған.

2018 жылы Шамалов Марияның сіңлісі Екатерина Тихоновамен ажырасқан.

2011 жылғы мамырда Шамалов Фаассенге Амстердамға алынған билеттің көшірмесін жіберген. 2013 жылғы тағы бір хатында Шамалов Фаассенді тойға шақырған. Электрон пошта базасына енген той қонақтары тізімінде Йоррита Фаассен мен Мария Воронцова бар.

ПИТЕР ОРНО

Фаассен біршама жыл бойы Facebook пен Telegram әлеуметтік желілерінде Питер Орно деген лақап атпен отырған. ВК әлеуметтік желісінде Ұлы Петр [Peter De Grote] деген атпен тіркелген.

2018 жылғы тамызда Фаассен Австриядағы Ironman марафонына қатысқан. Шараны ұйымдастырушылар түсірген фотодан спорт костюмін киген Фаассеннің жүгіріп бара жатқанын көруге болады.

"Настоящее время" мен "Медуза" басылымдары Фаассен мен Марияның ұлы, яғни, Владимир Путиннің немересі барын анықтады.

2021 жылы өткен Starkids сайысы жайлы жазбаларда 2012 жылы тамызда дүниеге келген Фаассен деген қатысушы тіркелген. Ұлты жайлы деректерде оның "Нидерланд азаматы" екені жазылған.

Путиннің жақындарымен байланысы бар шенеунік "Медуза" мен "Настоящее время" басылымдарына Нидерландта Кремль мен Путинге өшпенділік өршіп тұрғандықтан, Фаассен еліне оралуға қорқатынын айтады.

"Фаассен Еуропаға қайтса, ол жақта өзін жайлы сезінбейтіні сөзсіз. Ол Путиннің жақын ортасына тап болды. Ол жайлы мақалалар жазады, оған журналистер мен туыстары хабарласады, сондықтан ол Нидерландқа орала алмайды" деді ол.

YANDEX.FOOD ҚЫЗМЕТІ

Фаассен мен Марияның ресми некеге тұрған-тұрмағаны белгісіз. Ресейде екеуінің неке туралы куәлігі тіркелмеген.

Журналистер Нидерландтағы жазбалардан да мұндай дерек таба алмады. Ал 2019 жылы Фаассен бойдақ екенін айтқан еді.

"Настоящее время" мен "Медуза" Фаассен мен Мария қазір бірге тұрмайды деген қорытындыға келген.

Евгений Нагорный.
Евгений Нагорный.

Басылымдар сұхбат алған екі адамның сөзіне және әуе жолаушыларының онлайн базасына сүйеніп, 2017 жылы Мария мен Евгений Нагорный есімді ұлты орыс азаматтың балалы болғанын айтады.

Бұрын заң факультетінде оқыған, кейін кеденде жұмыс істеген адамның сөзінше, Евгений Нагорный кейінірек Ресейдегі ең ірі "Новатэк" газ компаниясына жұмысқа кірген.

Мария Воронцова мен Евгений Нагорный.
Мария Воронцова мен Евгений Нагорный.

Ресей деректеріне сенсек, 2020 жылы Нагорный қазір 280 миллион рубльге бағаланатын қымбат пәтер сатып алған. Онда үш жатын бөлме, төрт жуынатын бөлме, кітапхана, камин бар, басқа да жайлы жағдай жасалған.

Хакерлер Яндекс.food тамақ жеткізу қызметінің электрон пошталар мен телефон нөмірлері базасы арқылы 2021 жылғы қазан мен 2022 жылғы қаңтар аралығында Нагорный пәтеріне тоғыз рет тамақ жеткізілгенін анықтаған. Онда "Юрий" есімі кездеседі. Бұл Фаассеннің Йоррит деген есімінің орысша айтылуына ұқсайды. Ал тамақ жеткізу үшін қолданылған нөмір Фаассенге тиесілі.

Сол мекен-жайға ФСБ қызметкеріне де тамақ жеткізілген. Онлайн сервис арқылы қарағанда нөмірді "Марияның көмекшісі" немесе "Машаның адъютанты" деп сақталғанын көруге болады. Маша – Марияның лақап аты.

Тамақ жеткізу қызметінен тарап кеткен деректер базасында Мария Нагорная есімі де кездеседі. Бұл – Марияның Евгений Нагорныйдың фамилиясын алғанын көрсетеді.

Евгений Нагорный "Настоящее время" мен "Медуза" басылымдарының хаттарына жауап бермеді.

"Настоящее время" тілшісі Андрей Сошников пен "Медуза" тілшісі Светлана Рейтердің зерттеуі бойынша жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG