Accessibility links

Харьковта қираған ресейлік әскери техника. 28 ақпан 2022 жыл.
Харьковта қираған ресейлік әскери техника. 28 ақпан 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 24-28 ақпан арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

Ресейдің Украинаға басып кіргеніне төрт күннен асты. Елдің солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде Украина қарулы күштері мен Ресей әскері арасында шайқас жүріп жатыр.

Украина жағы Ресейдің үш мыңнан астам әскери қызметкері қаза тапты дейді. Ресей 27 ақпан күні сарбаздарының опат болғанын алғаш рет мойындады, бірақ нақты санын айтпады. Украина сарбаздары арасында жүздеген адам опат болған, қаза тапқандар арасында бейбіт тұрғындар да бар.

АҚШ, Еуроодақ, Ұлыбритания және көптеген өзге ел Мәскеуге қарсы санкцияны күшейтіп жатыр. Еуроодақ елдері Украинаға шабуылдаушы ұшақтар беретін болды. Ресей президенті Владимир Путин Ресей ядролық қаруын арнайы тәртіпке көшіруді бұйырды.

Еуроодақ Ресей ұшақтарына әуе кеңістігін жауып, Кремльге жақын Sputnik және Russia Today бұқаралық ақпарат құралдарының Еуропа елдеріндегі жұмысына тыйым салмақ.

18:13 26.2.2022

Украина президенті Владимир Зеленский жаңа видеомәлімдеме таратып, "соғысты аяқтау керектігін" айтты.

18:22 26.2.2022

Ресей қорғаныс министрлігі хабарлама таратып, Ресейдің тәуелсіз ақпарат құралдарын "Украина қауіпсіздік қызметі дайындаған жалған жаңалықтарды" жариялады деп айыптады. Ведомство хабарламада тәуелсіз "Новая газета" басылымына шүйліккен.

Қорғаныс министрлігі тәуелсіз ақпарат құралдарын "АҚШ пен одақтастарының үгіт-насихат орталықтарында бұрын әзірленген үлгі бойынша" жаңалықтар жазып, таратып отыр деп кінәлады.

Оның алдында бірнеше сағат бұрын Роскомнадзор ресейлік он шақты БАҚ-тан Ресейдің Украинадағы әскери қимылын "шабуыл" немесе "соғыс" деп атаған жаңалықтарын өшіруді талап еткен. Бұған дейін Роскомнадзор ресейлік БАҚ Украинадағы оқиғаларды тек Ресейдің ресми дереккөздеріне сүйеніп жазуы тиіс деп мәлімдеген.

21:27 26.2.2022

26 ақпанда не болды?

  • Сенбі күні таңертең Украина әуе күштері басқармасы Киевтен 30 шақырым жердегі Васильково елді мекенінде Ресей әскерімен қызу шайқас жүріп жатқанын хабарлады.
  • Сенбіге қараған түні Лондон Ресей басшысы Владимир Путин мен сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа жеке санкция салды. Санкция тізімінде Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу, премьер-министр Михаил Мишустин, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев бар.
  • Еуропа кеңесінің министрлер комитеті Ресейдің аталған ұйымға мүшелігін тоқтату процедурасын бастады.
  • Киев маңындағы елді мекендерде болған шайқастар кезінде 71 бейбіт тұрғын жараланды деп хабарлады Киев облысының әкімшілігі.
  • Ресейді келесі аптада халықаралық SWIFT төлем жүйесінен ажырататыны хабарланды
  • Молдова, Румыния, Болгария, Литва, Латвия, Эстония, Польша, Чехия, Ұлыбритания ресейлік ұшақтарға өз елдерінің төбесінен ұшуға тыйым салды.
  • Ресей Украинаға басып кіргелі бері 198 украин азаматы қаза болған, үшеуі бала. 1115 адам жараланған, 33-і – бала. Украина денсаулық сақтау министрі Виктор Ляшко осылай деп хабарлады.

23:20 26.2.2022

Украина ақпарат құралдары 26 ақпанда кешке бірнеше қалада – Харьков, Чернигов, Николаево, Сумы және Киевтің бірнеше ауданында оқ атылғанын жазды. Харьков тұрғындары BBC агенттігіне түнде қалада қатарынан бірнеше жарылыс естілгенін хабарлаған.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG