Accessibility links

Харьковта қираған ресейлік әскери техника. 28 ақпан 2022 жыл.
Харьковта қираған ресейлік әскери техника. 28 ақпан 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 24-28 ақпан арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

Ресейдің Украинаға басып кіргеніне төрт күннен асты. Елдің солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде Украина қарулы күштері мен Ресей әскері арасында шайқас жүріп жатыр.

Украина жағы Ресейдің үш мыңнан астам әскери қызметкері қаза тапты дейді. Ресей 27 ақпан күні сарбаздарының опат болғанын алғаш рет мойындады, бірақ нақты санын айтпады. Украина сарбаздары арасында жүздеген адам опат болған, қаза тапқандар арасында бейбіт тұрғындар да бар.

АҚШ, Еуроодақ, Ұлыбритания және көптеген өзге ел Мәскеуге қарсы санкцияны күшейтіп жатыр. Еуроодақ елдері Украинаға шабуылдаушы ұшақтар беретін болды. Ресей президенті Владимир Путин Ресей ядролық қаруын арнайы тәртіпке көшіруді бұйырды.

Еуроодақ Ресей ұшақтарына әуе кеңістігін жауып, Кремльге жақын Sputnik және Russia Today бұқаралық ақпарат құралдарының Еуропа елдеріндегі жұмысына тыйым салмақ.

01:06 1.3.2022

Киевте кешкісін қатты екі жарылыс болып, дабыл қағылды. Спутниктен түсірілген суреттер тарататын Maxar компаниясы ресейлік танкілердің Киев облысындағы Иванова ауданында кетіп бара жатқанын көрсететін мына фотоны жариялады. Иванковадан Киевке дейін 80 шақырым.

00:22 1.3.2022

28 ақпанда Украинадағы соғыс қалай өрбіді? Барлық ақпаратты қысқа-нұсқа шолып шықтық:

  • Беларусьте Украина мен Ресей делегациясы арасында келіссөздің бірінші раунды аяқталды. Екі делегация президенттерімен ақылдасу үшін елдеріне оралды. Тараптар келіссөз жайлы басқа ақпарат таратпады.
  • Ресей Харьков қаласына шабуыл жасады. Украина тарабы қаза болғандар мен жараланғандар бары айтылды.
  • Украина президенті Владимир Зеленский Еуропа одағынан Украинаны осы одаққа қабылдау процесін бастауды сұрады. Бұған қоса ол Ресей әскерилерін қаруларын тастап, Украинадан кетуге шақырды. Зеленский Украинаны ЕО-ға қабылдау туралы өтініш жазды.
  • Ресейге салынған санкциялардан соң бір доллардың құны 100 рубльден асып кетті. Қазақстанда бір доллар 495 теңге болды.
  • Украина тарабы 5300 ресейлік әскери қаза тапты деп мәлімдеді. Мәскеу әскерилері қатарында қаза болғандар барын мойындағанымен, нақты санын жарияламай отыр.
  • Саяси шиеленістерде өзін бейтарап ұстайтын Швейцария Еуропа одағының Ресейге салған санкцияларына қосылып, Ресей ұшақтары үшін әуесін жапты. Осылайша Швейцария 1815 жылдан бері алғаш рет бейтарап статусын бұзды.
  • Ұлыбритания ресейлік олигархтардың үйлері мен яхталарын бұғаттамақ.
  • Халықаралық олимпиада комитеті спорт федерацияларынан Ресей мен Беларусь спортшыларын жарыстарға қатыстырмауды сұрады. ФИФА мен УЕФА Ресей футбол құрамасы мен ресейлік клубтарды жарыстардан шеттетті.
00:15 1.3.2022

ФИФА мен УЕФА Ресей құрамасы мен клубтарын жарыстан шектеді

Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) кеңесі мен Еуропа футбол одағының (УЕФА) атқарушы комитеті Ресейдің Украинаға соғыс ашқанына байланысты осы елдің құрамасы мен клубтарын барлық жарыстан шектеді.

22:36 28.2.2022

Ұлыбритания Ресейге санкцияны күшейтті

Ұлыбритания ВТБ, Совкомбанк, Внешэкономбанк активтерін бұғаттады. Сбербанкке қатысты да жаңа санкция дайындалып жатыр.

Ресейлік байлардың Ұлыбританиядағы үйлері мен яхталары да бұғатталуы мүмкін.

Ұлыбритания транспорт министрлігі ресейлік кемелерді ел порттарына өткізбеуді сұрады.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG