Accessibility links

Алып тиін және президенттің "жұпыны" туған күні


Алматыда орнатылған тиіннің мүсіні.
Алматыда орнатылған тиіннің мүсіні.

Батыс баспасөзі Алматыда тиіннің алып мүсіні пайда болғанын, президент Назарбаевтың туған күнімен қатар Астана күні атап өтілгенін және қазақстандық мұнай-газ компаниясы мен қытай инвесторы арасындағы келісім жасалмағаны туралы жазған.

"ЕСТЕН ТАНДЫРҒАН" ТИІН

Осы аптада Алматыда алып тиіннің мүсіні салынғаны туралы бірнеше басылым жазды. Сабан мүсін Art Energy фестивалі аясында тұрғызылды, оған 23 миллион теңге (шамамен 67 мың доллар) жұмсалған деседі, оның 15 миллионын жергілікті әкімдік бюджеттен бөлген.

Британдық ВВС жаңалықтар агенттігі сайтында жарияланған "Қазақстандық арт-инсталляция тиіннің құны шу тудырды" деген мақалада мүсінді оңтүстік-африкалық мүсінші Мариус Янсен мен концептуалды дизайн жөніндегі ағылшын суретшісі Алекс Ринслердің жасағаны айтылады. Ринслер бұрын да осындай жобалар жасаған, Шанхайдағы көрмеге мүсін әзірлеген. Оның сөзінше, қазақстандық тиін "ауыл өмірінен қалаға көшкен табиғатты, соның ішінде Алматыдағы өмірді сипаттайды".

Алматыда сабаннан тиіннің алып мүсінін құрастырып жатқан кезде түсірілген сурет.
Алматыда сабаннан тиіннің алып мүсінін құрастырып жатқан кезде түсірілген сурет.

Әлеуметтік желілердегі пікірлерді талдай келе, ВВС тиінді "масқара" деушілердің бар екенін айтады, жобаны "салықты желге шашу", ал тиіннің өзі өрт қаупін төндіреді десе, басқа біреулер мүсінді мақтап, "балалардың қуанышы" деп сипаттаған.

Америкалық Fox News агенттігі сайтында шыққан "Қазақстандағы тиіннің алып арт-инсталляциясы 67 мың доллар болғаны үшін дау тудырды" атты мақалада әлеуметтік желіде айтылған пікірлерден мысал келтірген. "Тиінге сонша ақша жұмсау есуастық", - дейді желі қолданушылардың бірі. "Адамдар, ғайбат айтып, теріс пікір таратқанды қояйық! Алматыдағы тиін – тамаша! Сенбесеңдер, балалардан сұраңдар!", - дейді тағы бірі.

Америкалық New York Post газетіне шыққан "Тиіннің біртүрлі мүсіні қаланы естен тандырды" деген мақалада мүсінді "алып жаңғақты кеміріп отырған құйрығы түкті құбыжық" деп сипаттаған. Автор әлеуметтік желілердегі пікірлерді келтіріп, "бұл ақшаға ондаған мұқтаж отбасыға пәтер әперсе болар еді" деген сынды көрсетеді.

"Тиін - жемқорларға қойылған ескерткіш"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:26 0:00

Ағылшын тілді Eurasianet.org сайтындағы "Қазақстан: алып тиін теріс пікір тудырды" деген мақалада мүсінді мақтаған және даттаған әлеуметтік желі қолданушылардың пікірі берілген. "Ол егеуқұйрыққа ұқсайды. Бұл ақшаны операцияға жұмсаса болар еді", - деп жазады бір қолданушы. Мүсінге FUNK компаниясымен бірге Алматы қалалық әкімдігі Art Energy фестивалі аясында тапсырыс берген.

"ЖҰПЫНЫ" ТУҒАН КҮН

Британдық Economist журналы "Қазақстан президенті туған күнін жұпыны тойлап өтті" деген мақала жариялады. Онда президенттің туған күнімен "тұспа-тұс келетін" Астана күні туралы айтылады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің туған күні және Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында халықаралық қаржы орталығын ашып тұр. Астана, 5 шілде 2018 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің туған күні және Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында халықаралық қаржы орталығын ашып тұр. Астана, 5 шілде 2018 жыл.

"Мұнайға бай Қазақстан 1998 жылы арнайы салынған Астана қаласын ресми түрде астана деп жариялады. Биыл 20 жыл толған мерейтойды үкімет жылдағыдай шілденің 6-сында атап өтуді ұйғарды. Бұл күн президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне дөп келеді, ол мемлекетті тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері басқарып отыр", - деп жазады Economist.

Оқи отырыңыз: Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің мызғымайтын төрағасына айналды

Ары қарай басылым Астанада өткен іс-шаралар туралы жазады. Ресми деректер бойынша, мерекелік іс-шараның жалпы құны 55 миллион долларды құраған.

"Көп ауылда әлі күнге дейін су құбыры салынбағанын еске алған ызылдақ тұрғындар үкіметтің басымдық туралы көзқарасына күмәнданады. Әлсіз күбірге билік елең етпейді, бірақ шара кезінде шеру жасамақ болған сыншыларды дереу тұтқындады", - дейді Economist.

Оқи отырыңыз: Қауіпсіздік күшейтіліп, кей адамдар ұсталған мереке

Басылым өз құрметіне Астананың атын ауыстыру туралы ұсынысқа Назарбаевтың қарсы екенін айтады. "Оған әуежай атауы берілді және бұрынғы астанаға жақын орналасқан шыңды да Назарбаев шыңы деп атады. Сол күні Алматыда бес мың адам шыңға көтерілді" деген мақала авторы "Қазақстанда басқа президент болған емес, сондықтан бір адамды неге құрметтемеске", - деп түйіндепті.


БОЛМАЙ ҚАЛҒАН КЕЛІСІМ

Вашингтонда шығатын Diplomat газеті "Қытай инвесторы қазақстандық мұнай компаниясын қапаландырды" деген мақала жариялаған. Онда қытайлық CEFC компаниясының қазақстандық Kazmunaigas International (KMGI) акциясының бақылау пакетін алмайтыны туралы мәлімдейді: "екі жылдан астам дайындалған келісім осылай сәтсіз аяқталды" депті.

Құны 700 миллион болатын келісімді шілденің 3-і күні тоқтатқан. Қытай дереккөздерінің айтуынша, CEFC келіссөзді жүргізуге қажетті 50 миллион доллар депозитті маусымның соңына дейін салмаған. Биылғы жыл CEFC-ге "ауыр тиіп тұр" деп жазады Diplomat, компанияның қарызы жеті миллиард долларға жеткен, "жұмысшылар екі ай бойы жалақысын алмаған", енді кәсіпорын штатты екі есе қысқартпақ.

Өз кезегінде KMGI компаниясы Шығыс Еуропада, соның ішінде Румынияда активтерін сатуда кедергіге тап болған. Румыния билігі 2016 жылы компанияға қарсы тергеу жүргізіп, румын үкіметі алдындағы қарызын өндірмек болған.

Румыниядағы Rompetrol желісіне қарасты жанармай бекеттерінің бірі. Rompetrol – KMG International тобының сауда маркасы.
Румыниядағы Rompetrol желісіне қарасты жанармай бекеттерінің бірі. Rompetrol – KMG International тобының сауда маркасы.

"Бас компания "ҚазМұнайГаз" қаражатқа қатты мұқтаж тәрізді, жақында облигация бойынша берешек құрылымын қайта қарағаны соны байқатады. Ықтимал IPO алдында халықаралық инвесторларға активтерді тартымды ету үшін компанияның үлесі Shell-ге сатылуы мүмкін. CEFC – KMGI келісімі 30 айға созылған мәміледен соң құрдымға кетті, енді "ҚазМұнайГаз" қарызы мен шығынын жабу үшін ақша алудың басқа жолын табуы керек", - деп жазады Diplomat.

"БОРАТТЫҢ" ОРАЛУЫ

Ағылшынның Reuters жаңалықтар агенттігі сайтында "Борат пен Бруноның жұлдызы тағы да АҚШ-қа мысқылдап қарайды" деген мақала шықты. Онда британ комигі Саша Барон Коэнның телевизияға оралғаны айтылады. Бұл жолы ол "Америка деген кім?" атты АҚШ туралы жеті сериялы комедия түсірмек.

Премьера америкалық Showtime кабельді телеарнасында алдағы жексенбіде, британдық Channel 4 арнасынан шілденің 16-сы күні көрсетілмек. Анонста "сериал танымал тұлғалардан бастап саяси және мәдени салада белгісіз адамдарды қамтиды" делінген.

Қазақстандық журналист Борат Сағдиевті сомдаған актер Саша Барон Коэн.
Қазақстандық журналист Борат Сағдиевті сомдаған актер Саша Барон Коэн.

Reuters Коэннің 2006 жылы фильм түсіріп, антисемиттік көзқарастағы қазақстандық тілші Бораттың рөлін ойнағанын еске салады. Ол өзінің ойдан шығарылған кейіпкер екенін білмейтін нағыз америкалықтармен кездесіп, сөйлеседі. Фильм әлемдік прокатта 261 миллион доллар жинаған.

Қазақстан билігі оған наразылық білдіріп, Борат туралы фильмді шығаруға және сатуға тыйым салған. Бірнеше жылдан соң Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Саша Барон Коэннің картинаны елге туристерді тартқанын мойындады.

Америкалық CNN телеарнасының сайтында "Саша Барон Коэн Showtime арнасына "Америка деген кім?" деген тақырыппен келеді" атты мақала шықты. Арнаның атқарушы директоры Дэвид Невинс актерді "комедия данышпаны" және "қазіргі кездегі бірінші арандатушы" деп атапты. Ол тұзақты еппен салады, оның артында адамдар, жерлер мен саясат туралы шынайы ізденіс жатыр" депті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG