Accessibility links

Младич өмірлік түрме жазасына тартылды

Бұрынғы серб командирі Ратко Младичтің үкім естіген кездегі түрі. Гаага, 22 қараша 2017 жыл
Бұрынғы серб командирі Ратко Младичтің үкім естіген кездегі түрі. Гаага, 22 қараша 2017 жыл

Гаагадағы әскери қылмыстарды қарайтын БҰҰ соты 1990 жылдары Боснияда болған соғыс кезіндегі қылмыстары үшін серб командиріне ең қатаң жаза кесті.

Боснияда 1992-95 жылдары болған соғыста серб қолбасшысы ретінде танылған Ратко Младичке БҰҰ-ның Гаагадағы халықаралық соты "геноцид ұйымдастырды" деген айып тағып, жазасын өмір бойы түрмеде өтеуге үкім етті.

"Боснияның қасапшысы" деген аты шыққан 75 жастағы Младичке жалпы саны 11 айып тағылған. Олардың ішінде "адамзатқа қарсы жасалған қылмыс" та бар.

Сот бұрынғы серб командирін 1995 жылы Сребреница қаласында жеті мың және Сараево қаласын қоршауға алғанда он мың босниялық мұсылманды қырып тастауға қатысты деп айыптады. Өлгендердің ішінде балалар мен әйелдер де болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: 20 жыл ұлының сүйегін іздеген босниялық ана

Младич 2011 жылы мамырда Белградта ұсталып, маусымда Гаагада соты басталған еді.

Сербия үкіметі Балқан соғысында қылмыс жасады деген соңғы күдікті әскериді 2011 жылғы шілдеде ұстап берген. Соңғы жылдары Сербияда Гаага сотының шешімдеріне қатысты қоғам наразылығы үдей түсті. Әсіре ұлтшылдар халықаралық сотты "тек осы елді нысанаға алуға құмар" деп айыптайды. Балқан соғысындағы қылмыстары үшін жауапқа тартылғандардың 80 пайызы серб екеніне нұсқайды.

Ал соғыстан зардап шеккен мұсылмандар Гаага халықаралық сотының кейбір қылмыскерлерді айғақ жеткіліксіз деп босатып жібергенін, жазаға тарту өкілетінің әлсіз, әсерсіз екенін айтып шағымданады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Балқан соғысының қаһармандары мен жендеттері

Соғыстың зардабын тартқан босниялық әйел Радичтің үкімін естігенде көзіне жас алды. Сребреница, 22 қараша 2017 жыл
Соғыстың зардабын тартқан босниялық әйел Радичтің үкімін естігенде көзіне жас алды. Сребреница, 22 қараша 2017 жыл

Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Нюрнберг пен Токиода соғыс қылмыстарын әшкерелеу үшін халықаралық соттар құрылған. Соғыстан кейін 1993 жылы бірінші рет дәл осындай себеппен БҰҰ Гаага халықаралық сотын құрды.

Содан бері Гаага соты бұрынғы Югославия ыдыраған кезде болған соғыстар кезінде жасалған қылмыстарды әшкерелеп, кінәлілерді жазалау үшін бес мыңнан астам куәгерден жауап алды. Жалпы саны 161 адамға айып тағылды, олардың көбі - бұрынғы жоғары лауазымды мемлекет қызметкері.

Балқан соғысындағы қылмыстары үшін халықаралық сотқа тартылған ең лауазымды шенеунік - Югославияның бұрынғы президенті Слободан Милошевич 2006 жылғы наурызда Гаага түрмесінде сот үкіміне жетпей қайтыс болған еді.

Басқа да халықаралық сот мекемелері сияқты Гаага соты кінәлілерді ұстау мен жауапқа тарту кезінде шетел үкіметтерінің көмегіне тәуелді болып келді. Сол себепті құзыретінің шектеулі болғанына байланысты кейбір процестері тым ұзаққа созылып, қоғамның наразылығын тудырды. Әйтсе де соғыстан зардап шеккен адамдар кезінде жаппай қырып-жою операцияларын ұйымдастырған әскерилер мен саясаткерлердің Гаага сотына тартылып, жазаланғандарына разы. Бірақ соттың жетекшілігі мен прокурорлары кейбір соғыс қылмыскерлерінің Сербияда "қаһарманға" айналып бара жатқанына алаңдайды.

Фотогалереяны көре отырыңыз: Босния соғысының Дейтон бітімі

Босния соғысының Дейтон бітімі

6 маусым 1992 жыл. Босния астанасы Сараево қаласын бомбалаған кезде жертөледе жасырынып отырған отбасы. Мұндағы ұрыстар БҰҰ бітімгершілігі нәтижесінде жасалған әуежайды ашу және серб жасақтарын қаладан шығару жөніндегі келісімге қарамастан жалғасып жатты.  
1/15 6 маусым 1992 жыл. Босния астанасы Сараево қаласын бомбалаған кезде жертөледе жасырынып отырған отбасы. Мұндағы ұрыстар БҰҰ бітімгершілігі нәтижесінде жасалған әуежайды ашу және серб жасақтарын қаладан шығару жөніндегі келісімге қарамастан жалғасып жатты.  
8 маусым 1992 жыл. Сараево орталығындағы "Мергендер аллеясындағы" "егіз" ғимараттар жанып жатыр. Серб-босния комедиялық дуэтінің құрметіне Momo мен Uzeir атанып кеткен ғимараттар қатты бүлінгенімен, құлаған жоқ.  
2/15 8 маусым 1992 жыл. Сараево орталығындағы "Мергендер аллеясындағы" "егіз" ғимараттар жанып жатыр. Серб-босния комедиялық дуэтінің құрметіне Momo мен Uzeir атанып кеткен ғимараттар қатты бүлінгенімен, құлаған жоқ.  
"Олимпиялық ауылдағы" мергендер оғына ұшпауға тырысқан әкесі мен баласы көпірде жүгіріп келеді. 4 қаңтар 1993 жыл. 
3/15 "Олимпиялық ауылдағы" мергендер оғына ұшпауға тырысқан әкесі мен баласы көпірде жүгіріп келеді. 4 қаңтар 1993 жыл. 
Босниялық сербтер командирі Ратко Младич пен олардың лидері Радован Караджич 1993 жылы 5 тамызда Паледе өткен кездесуде отыр. 
4/15 Босниялық сербтер командирі Ратко Младич пен олардың лидері Радован Караджич 1993 жылы 5 тамызда Паледе өткен кездесуде отыр. 
Босния сербтері 1993 жылы 31 наурызда қоршап алған Сребреница қаласынан БҰҰ әскерилері  босниялық мұсылмандарды эвакуациялап жатыр. Осы қалада төрт айдан соң сегіз мыңнан астам мұсылман қаза тапты. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ірі жаппай қыру оқиғасы болды.  
5/15 Босния сербтері 1993 жылы 31 наурызда қоршап алған Сребреница қаласынан БҰҰ әскерилері  босниялық мұсылмандарды эвакуациялап жатыр. Осы қалада төрт айдан соң сегіз мыңнан астам мұсылман қаза тапты. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ірі жаппай қыру оқиғасы болды.  
Нидерландтың бітімгер жауынгерлері босниялық мұсылмандар жасақтарымен сөйлесіп тұр. 1 наурыз 1994 жыл. 
6/15 Нидерландтың бітімгер жауынгерлері босниялық мұсылмандар жасақтарымен сөйлесіп тұр. 1 наурыз 1994 жыл. 
Босния әскері жанармай тапшылығынан азық-түлікті ат арбамен тасуға мәжбүр болды. 5 қаңтар 1995 жыл. 
7/15 Босния әскері жанармай тапшылығынан азық-түлікті ат арбамен тасуға мәжбүр болды. 5 қаңтар 1995 жыл. 
Сребреницадағы мұсылмандар қырғынынан қашқан босқындарды БҰҰ әскері автобустарға отырғызып, Тузла әуежайына тасыды. Бұл адамдар - 11 шілде күнгі қырғыннан аман құтылған жандар. 14 шілде 1995 жыл. 
8/15 Сребреницадағы мұсылмандар қырғынынан қашқан босқындарды БҰҰ әскері автобустарға отырғызып, Тузла әуежайына тасыды. Бұл адамдар - 11 шілде күнгі қырғыннан аман құтылған жандар. 14 шілде 1995 жыл. 
16 қазан 1995 жыл. Адамдар 15 мәйітті бір жерге жинап жатыр. Серб әскері шегінгеннен кейін Боснияның солтүстік-батыс аумағынан көптеген мәйіттерді бір жерге көміп кеткен белгісіз бейіттер табылды.  
9/15 16 қазан 1995 жыл. Адамдар 15 мәйітті бір жерге жинап жатыр. Серб әскері шегінгеннен кейін Боснияның солтүстік-батыс аумағынан көптеген мәйіттерді бір жерге көміп кеткен белгісіз бейіттер табылды.  
Дейтон қаласындағы бейбіт келіссөздерге қатысқан (солдан оңға қарай) АҚШ-тың арнайы өкілі Ричард Холбрук, Хорватия президенті Франьо Туджман, Босния және Герцеговина президенті Алия Изетбегович, АҚШ мемлекеттік хатшысы Уоррен Кристофер, Сербия президенті Слободан Милошевич. 31 қазан 1995 жыл. 
10/15 Дейтон қаласындағы бейбіт келіссөздерге қатысқан (солдан оңға қарай) АҚШ-тың арнайы өкілі Ричард Холбрук, Хорватия президенті Франьо Туджман, Босния және Герцеговина президенті Алия Изетбегович, АҚШ мемлекеттік хатшысы Уоррен Кристофер, Сербия президенті Слободан Милошевич. 31 қазан 1995 жыл. 
Дэйтон бітіміне қол қою. 21 қараша 1995 жыл. 
11/15 Дэйтон бітіміне қол қою. 21 қараша 1995 жыл. 
Босниялық серб жастары бітімді тойлап жатыр. Банья-Лука, 21 қараша 1995 жыл. 
12/15 Босниялық серб жастары бітімді тойлап жатыр. Банья-Лука, 21 қараша 1995 жыл. 
Боснияның солтүстігіндегі Оджак қаласындағы қаңыраған үйін қимай отырған босниялық серб әйелі. Дейтон бітімі бойынша, бұл қала Босния үкіметінің қарауына өтті. Мұндағы 19 мың серб басқа аймаққа көшуге міндетті болды.  
13/15 Боснияның солтүстігіндегі Оджак қаласындағы қаңыраған үйін қимай отырған босниялық серб әйелі. Дейтон бітімі бойынша, бұл қала Босния үкіметінің қарауына өтті. Мұндағы 19 мың серб басқа аймаққа көшуге міндетті болды.  
АҚШ-тың Бірінші армиясы көліктері Босния мен Хорватия арасында көпір салу үшін Славонски Бродқа қайықтар мен понтондар тасып жатыр. 13 желтоқсан 1995 жыл. 
14/15 АҚШ-тың Бірінші армиясы көліктері Босния мен Хорватия арасында көпір салу үшін Славонски Бродқа қайықтар мен понтондар тасып жатыр. 13 желтоқсан 1995 жыл. 
Босниялық серб әйел Мелица Сарич ұлы Велимирдің бейітінің басында тұр. Велимир соғыстың соңғы жағында Сараевода оққа ұшты. 24 желтоқсан 1995 жыл. 
15/15 Босниялық серб әйел Мелица Сарич ұлы Велимирдің бейітінің басында тұр. Велимир соғыстың соңғы жағында Сараевода оққа ұшты. 24 желтоқсан 1995 жыл. 
Previous slide
Next slide

Айдар
XS
SM
MD
LG