Accessibility links

Тәжікстан жапқан медреселер аймақ елдерінде де сыналады


Мешіттегі айт намазынан соң тарап жатқан жамағат. Душанбе, 31 тамыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет.)
Мешіттегі айт намазынан соң тарап жатқан жамағат. Душанбе, 31 тамыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет.)

Бір кезде 19 діни медресесі болған Тәжікстанда өткен аптада соңғы медресе жабылды. Сарапшылар Орталық Азияның өзге елдерінде жұмыс істеп жатқан медреселердің сапасын көтеру керек дейді.

Тәжікстанның Соғды облысында қызметі үш жыл бұрын тоқтатылған медресе өткен аптада ресми түрде жабылды. Бұл – осы елде жабылған соңғы медресе. Алайда жергілікті мамандар соның салдарынан совет кезінде «шайхана» аталған астыртын медреселер қайта гүлдейді деп қауіптенеді. «Шайханаларда» белгілі дін ғұламаларының дәрісі насихатталатын.

Елде діни медреселер жабылғанымен, оның орнын Тәжікстан ислам институты жанындағы гимназия алмастыратыны хабарланды.

ЭКСТРЕМИЗМНЕН АЙНЫТУ АМАЛДАРЫ

Тәжікстанда діни медреселерді жабу жеті жыл бұрын басталған дейді діни мәселе бойынша жергілікті сарапшы Саид Ахмадов. Азаттықтың Тәжік қызметіне оның айтуынша, әуелде діни медреселерді жай ғана қысқарту мәселесі көтерілген. Мұны билік жастарды экстремистік топтар жетегінен сақтандыру шарасы ретінде түсіндірген. Сол кезде Тәжікстанда ресми тіркелген медреселердің саны 19 болған.

Саид Ахмадовтың айтуынша, медреселердегі оқу жүйесі өткен ғасырлардағы жүйеден өзгермеген екен. Яғни, медресе шәкірті бір кітапты оқып болғаннан кейін барып екінші кітапқа ауысып отырған. Сол кезде үкімет жанындағы діни комитеттің лицензиясынсыз діни білім беру заңсыз деп табылған. Бұл үшін 5-12 жыл арасында бас бостандығын шектеу жазасы да қарастырылған. Тәжікстан билігі осы аралықта шетелдерде (Ауғанстан, Пәкістан, Египет және басқа да ислам елдері) діни оқу орындарында оқып жатқан 3054 студенттен 2896 адамды елге қайтарған. Елге оралғандардың көпшілігі жергілікті оқу орындарына түсе алмаған соң еңбек мигранттары ретінде Ресейге кеткені, немесе әртүрлі жолмен қайтадан елден сырттағы діни оқу орындарына кеткені айтылады.

Тәжікстандық сарапшы Саид Ахмадовтың айтуынша, төрт жыл бұрын елде үлгілі деп танылған Әбу Ханифа медресесі де жабылып, оның шәкірттері педогогикалық оқу орындарында білімін жалғастырған.

Тәжікстан білім және ғылым министрлігінің білімді дамыту ғылыми-зерттеу институтының директоры Шарифмуроди Исрафилниё ендігіде ислам негіздері мектептерде оқытылатынын айтады. Қазір 9-сыныпқа арналған «Діндер тарихы» оқулығы шығарылып, мектептерге таратылған. Бұл пәнді оқыту өткен жылы басталғанымен, пән оқулығы биыл ғана дайын болған.

Тәжікстанның Соғды облысы Ходжент қаласындағы медресе.
Тәжікстанның Соғды облысы Ходжент қаласындағы медресе.

Бұған дейін елдегі мектептерге «исламдық білім» пәнін енгізу көзделген еді. Осы пәннің оқулығы да жарық көргенімен, білім министрлігі оны оқытуды қажет емес деп тапқан.

Шарифмуроди Исрофилниёнің Азаттықтың Тәжік қызметіне айтуынша, биыл жоғары оқу орындарында бірінші рет «дінтану» пәні оқытыла бастайды.

Өзі де кезінде діни істер комитетін басқарған сарапшы Саид Ахмадов медресенің жабылуынан тәжік жастары арасындағы экстремизм азая салады дегенге сенбейді. Айтуынша, ендігіде жастар белгілі бір молдалардан астыртын түрде білім алуға көшуі мүмкін. Саид Ахматовтың айтуынша, совет уақытында әрбір ауданда ел «шайхана» деп атаған құжыраларда астыртын діни білім алатын болған. Таяу арада осындай «шайханалар» қайтадан пайда бола бастауы мүмкін.

МЕДРЕСЕЛЕР БҮГІНГІ КҮН ТАЛАБЫНА САЙ ЕМЕС

Қырғызстандық сарапшы Қанатбек Мурзахалилов Азаттыққа берген сұхбатында Тәжікстанның 2009 жылдан бері дінге қатысты саясатын күшейткеніне назар аударған. Айтуынша, Тәжікстан – Орталық Азияда шетелдерде дін оқып жатқан жастарын қайтарып,салафия, «Тәблиғи жамағат» ұйымдарына қатысты бірінші болып, қатаң талап қоя білген бірден-бір ел.

– Бұл бір жағынан діни бостандықты шектеу тәрізді көрінгенімен, екінші жағынан оқу бағдарламасын мемлекет өз бағалауына алғаны өте жақсы деп ойлаймын. Бірақ тыйым салынған істің астыртын әрекеті көбейетіні де белгілі. Дінге қатты қысым жасауға болмайды, - дейді Қанатбек Мурзахалилов.

Қырғызстан парламентіндегі намаз оқитын бөлме.
Қырғызстан парламентіндегі намаз оқитын бөлме.

Ол Қырғызстандағы діни білім беру жүйесіне де тоқталды. Оның Азаттыққа айтуынша, бүгінгі таңда қырғыз елінде дін істері бойынша мемлекеттік комиссия тіркеуінен өткен 89 діни медресе мен ислам институттары жұмыс істейді. Маманның айтуынша, діни медреселердегі білім сапасы төмен.

– Діни медреселерде зайырлы оқу жүйесі көп таралмаған. Қырғызстан тарихы, компьютерден басқа зайырлы пәндер жоқ. Медреселердегі білім деңгейі бүгінгі күн талабына, шартына жауап бермейді. Онда сабақ беретін мұғалімдердің біліктілігі де төмен. Сондықтан мемлекеттік деңгейде діни білім беру жөнінде заң жобасы парламентте талқыланып жатыр, - дейді ол.

Қанатбек Мурзахалиловтың айтуынша, діни медреселерді бітіргендердің дипломдары мемлекет тарапынан мойындалмай келген және олардың көбі жұмыссыз.

СОВЕТ СОҚҚЫСЫНАН КЕЙІНГІ ТАЛПЫНЫС

Қазақстандық шығыстанушы-ғалым Әшірбек Мүмінов Тәжікстан діни саясаттың жаңа моделін қалыптастырып жатыр деп санайды. Бұған қоса ол тәжік еліндегі діни медреселердің жабылуын тыйым салынған «Исламдық жаңғыру партиясының» ықпалын жою әрекетімен де байланыстырады.

Қазақстандағы діни білім беру жүйесі туралы шығыстанушы қазір тәуелсіздіктен бері ашылған медреселерді жүйелеу процесі жүріп жатқанын айтады.

– Қазақстанда діни білім бойынша сатылап оқыту жүйесі қалыптасып жатыр. Дегенмен білім сапасын әлі көтеру қажет. Қазіргі нәтиже қанағаттандырмайды. Жақсы маман дайындайтын білім беру жүйесі толығымен орындалды деп айта алмаймыз. Оқытудың мазмұны жағынан да көп жұмыс істеуіміз керек. Қазақстан жаңа жүйе жасауға тырысып келеді, - дейді Әшірбек Мүмінов Азаттыққа.

Түрме қоршауы маңында орналасқан мешіт. Заречный ауылы, Алматы облысы, 12 қыркүйек 2014 жыл.
Түрме қоршауы маңында орналасқан мешіт. Заречный ауылы, Алматы облысы, 12 қыркүйек 2014 жыл.

Оның айтуынша, елде діни сауат ашу курстарынан бастап, қарилар дайындау орталықтары, медреселер, имамдар білімін жетілдіру институты және университетті қамтитын бес сатылы оқу жүйесі қалыптасып жатыр.

Шығыстанушы Әшірбек Мүмінов совет билігі орнағаннан кейін Орталық Азиядағы ірі діни оқу ордаларына қатты соққы берілді деп санайды.

– 1920 жылдары жәдидтік оқу жүйесіне көшу желеуімен дәстүрлі діни беру жүйесі толығымен жойылды. 1943 жылы Орталық Азияда ортақ діни басқарма құрылған кезде де өзгерістер болды. Діни медреселердің түлектері диплом алып шыққанымен, толымды білім алмады. Тоқсаныншы жылдарға дейін Өзбекстандағы діни оқу орындарының сапасы жақсы еді дегенге мен қосылмаймын. Әлі де осылай ойлайтын советтік инерция күшті, - дейді ол Азаттыққа.

Қазақстанда мұсылмандар діни басқармасына қарасты тоғыз діни медресе жұмыс істейді.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG