Accessibility links

Мұнайдың жолында су құрбан. Көкжидедегі өзендер тартыла ма?


Ақтөбедегі Көкжиде жерасты су қоры – Қазақстандағы ең ірі әрі жоғары сапалы табиғи су көзінің бірі. Аймақта совет үкіметі кезінен бері мұнай өндіріледі. Ғалымдар мен экобелсенділер су құрамынан мұнай өнімдері шыққанын айтып, мұнай ұңғымаларын жабуды талап етсе де, шетелдік компания өндірісті тоқтатпады. Үкімет бірде ұңғымаларды жабуды жоспарлап, бірде қайта өндіріске рұқсат беріп, Көкжиде дилеммасын шешуге асықпай келеді.

Қазақстанда су тапшылығы бары жасырын емес. Әлем ресурстары институтының жазуынша, климаттың өзгеруінен, көрші елдердің суды көбірек пайдалана бастауынан және Қазақстанда суды тиімді тұтынбаудан жағдай күрделеніп барады. Бұл, әсіресе, елдің оңтүстік, орталық және батыс бөлігінде байқала бастады.

Кейінгі жылдары билік те мұны ашық айтып жүр. Елде су ресурстары министрлігі құрылды, ресми Астана Өзбекстан және Қырғызстанмен Сырдария су бассейнін пайдалану шартын қайта бекітті. "Бірақ Қазақстан үкіметі мұнай өндірісі үшін елдегі ең үлкен жерасты су қорының біріне немқұрайды қарап отыр" дейді мамандар. Ол – Көкжиде су резервуары.

КӨКЖИДЕ ЖЕРАСТЫ СУЫ

Көкжиде табиғи су қоры Ақтөбеден 180 шақырым жерде Көкжиде құм алқабында орналасқан. Ғалымдар су сапасы өте жақсы, жерді бір метр қазса өте тұщы су шығады дейді. Ғалымдар Көкжидеде кемінде 1,5 миллиард текше метр таза су барын айтады. Одан да көп болуы мүмкін. Салыстыру үшін мына дерекке қараңыз. Қазақстан жыл сайын Батыс Қазақстан облысына қажет 150 миллион текше метрдей суды Ресейден сатып алады. Оған кейінгі 10 жылда бюджеттен кемі 40 миллиард теңге жұмсалған.

Бұл жердің астында тек тұщы су емес, мұнай да бар. Совет кезінен бастап, кейін Қазақстан тәуелсіздік алған соң да осы Көкжидеден мұнай өндіріледі. Бірақ 2022 жылы осы табиғи су қоры шикізат өндірісінің кесірінен ластанғаны анықталды. 2022 жылы өткен үкімет брифингілерінің бірінде сол кездегі экология министрі Серікқали Брекешев "жалпы су құрамында мұнай өнімдері бары рас" деген.

Ақтөбедегі Жұбанов университеті экология кафедрасының доценті Ақылжан Телеуов тектоникалық жылжу әсерінен қалыптасқан Мұғалжар тау жүйесінің арқасында Көкжиде құм алқабының астында су жиналады дейді.

1985 жылдан бері Ақтөбе флорасы мен экологиясын зерттеп келе жатқан ғалымның сөзінше, Мұғалжар шағын ғана тау болса да, Атлант мұхитынан келетін ауа массаларын ішінара бөгей алатын ерекшелігі бар. Соның нәтижесінде ылғал жиналып, Ембі, Атжақсы және оның саласы Темір секілді өзен арналарын қалыптастырады.

Ғалым айтқан өзендер Көкжиде құм алқабына келіп сіңеді. Құм шамамен 350 шаршы шақырым жерді алып жатыр. Ал жер қыртысынан 150-200 метр тереңде жерасты суы жиналады. Ал 3000 метрге дейінгі тереңде мұнай қабаты бар.

"Көкжидедегі суды мұнайшылар су іздеп жүргенде тауып алған. Яғни әуелі мұнай өндіру жоспарланды. Бірақ біздегі мұнай ауыр болғандықтан, [оны өндіргенде] қабат арасында бос кеңістік пайда болып, техногендік бұзылу қаупі туындайды. Сол себепті [бос қуысты толтыру үшін] олар су іздеп, осы кезде Көкжидені тапқан, яғни су мұнайшыларға қажет болған. Бірақ олардың сорына, біздің бақытымызға болар, бұл су өте-өте таза ультратұщы болып шықты" дейді ғалым Телеуов.

Кеңқияқтағы мұнай қабаты қатты болғандықтан оны жұмсарту үшін жоғарыдан бу қысымы жіберіледі. Кейін жұмсарған мұнай мен ыстық суды ұңғыма жоғарыға тартып шығарады. Британдық Just Finance ұйымының жазуынша, өндіруші компаниялар бұған суды Көкжиде жерасты су қорынан алып отыр. Шамамен тәулігіне 5000 текше метр су жұмсайды екен. Британдық ұйым есебінде зерттеушілер мұнай өндірісінің экологияға әсерін талдап, үкіметтің керітартпа шешімін сынайды.

Барлау жұмыстары Кеңқияқ кен орнында 1959 жылы басталып, 1980 жылдары мұнай мен газ шығару жолға қойылады. Ал 1997 жылдан бастап өндірісті қытай инвесторлары қаржыландыратын "CNPC-Ақтөбемұнайгаз" акционерлік қоғамы қолға алады. Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, үкімет пен қытайлық инвесторлардың өзара келісімшартының мерзімі 2042 жылға дейін деп бекітілген. 2010 жылдардан бері экобелсенділер жерасты суын сақтап қалу үшін мұнай ұңғымаларын түгел алып тастау керек деп мәселе көтеріп келді. Өңірдегі тұрғындар да тұтынатын суы мен ауа ластанып жатыр деп шағымдана бастады.

Ақылжан Телеуов құм алқабының астында жатқан су қоры тек құм контурымен шектелмейтінін айтады.

"Біз бұл резервуардың нақты шекарасын анықтай алмай отырмыз. Әзірге құм алқабының аумағы шартты түрде белгіленген. Жүріп келеміз – міне, құм басталады, ал төменге қарай перпендикуляр қазсақ, судың бар екеніне көз жеткіземіз. Сондықтан мұнайды өндірушілер "біз құм контурына кірмейміз" дейді. Бірақ бұл судың тек құм аумағымен шектелгенін білдірмейді. Су сол жердің астында жалғасып жатыр. Мәселе де осында: олар "құмда емеспіз" дейді, бірақ іс жүзінде судың үстінде отыр" дейді ол.

2021 жылы Ақтөбе облысының прокуратурасы Көкжидеде экологиялық нормалар бұзылғанын айтып, үш компанияның 134 ұңғымасын жабуды талап етті. Бірақ қомақты айыппұл төленгеннен кейін қылмыстық іс жабылды. Әйтсе де, экологиялық залал мұнымен азаймады.

"Жалпы судың құрамында мұнай өнімдері бары рас. Иә, мөлшері аз, рұқсат етілген шектен аспайды. Бұл – осы жерасты су қоймасына адамның ықпалы барын көрсетеді. Сондықтан мен премьер-министрден [Кеңқияқта] мұнай өндіріп жатқан сегіз компанияның қызметін біртіндеп тоқтату мүмкіндігін қарастыруды тапсыруын сұрадым" деді 2022 жылы сол кездегі экология министрі Серікқали Брекешев үкімет өткізген брифингтердің бірінде.

Көкжиде ластанып жатқаны жайында ақпарат жиі шыға бастаған соң, екі жыл бұрын үкімет Көкжиде су резервіне жақын ұңғымаларды біртіндеп жабу жоспарын дайындады. Ал 2024 жылдың тамызында су ресурстары министрлігі Көкжиде су қорының ауқымын анықтау үшін гидрогеологиялық зерттеу жүргізетінін мәлімдеді. Сол жылы қыркүйекте вице-премьер Роман Скляр зерттеу нәтижесі шыққанша мұнай өндірісін тоқтатпауды бұйырды. Сәтбаев университетінің ғалымдары жүргізіп жатқан зерттеу жұмыстары биыл желтоқсанда аяқталуға тиіс.

"Мониторинг жұмыстары аяқталғаннан кейін 2025 жылы Көкжидеде кен орнының ұңғымаларын жою жұмыстарына қатысты одан әрі іс-қимылдар айқындалады. ҚазҰТЗУ ғылыми институтының жерасты суларының геоэкологиялық және гидроэкологиялық зерттеу жүргізуіне байланысты оның қорытынды нәтижесі шыққанға дейін ұңғымаларды жою жұмыстары тоқтатылды" деп жауап жазды экология және табиғи ресурстар министрлігі Азаттық жолдаған сауалына.

СУ МА, МҰНАЙ МА?

Just Finance ұйымы Кеңқияқ мұнай кен орнынан өндірілетін мұнай көлемі елдегі жалпы өндірістің 0,7 пайызы деп жазды. Бұл – шамамен 600 мың тонна мұнай. Энергетика министрлігінен кейінгі 10 жылда өңірде қанша мұнай өндірілді деп сұрадық. Ведомство бұл дерек жария етілмейді деді.

"Батыс Қазақстанның үш облысын сумен қамту үшін Көкжиденің маңызын ескере отырып, теңгерімді шешім пысықталып жатыр. Ол энергетикалық және экономикалық тұрақтылықты қолдауға ықпал етіп қана қоймай, су ресурстарын қорғауды да қамтамасыз етеді" деді энергетика министрлігі.

Үкімет мұнай өндірісі тоқтаса, өңірдегі экономикалық ахуал тұрақсыздана ма деп алаңдайды. Сондықтан ұңғымаларды жабу процесі әзірге тоқтап тұр. Президент Тоқаев биыл сәуірде ауыз су тапшы Маңғыстау облысына барып, Көкжиде қорын Маңғыстау және Атырау облыстарына тарту керек деді. Су ресурстары министрлігі Азаттыққа Көкжидеден Атырау мен Маңғыстау облыстарына магистральдық су құбырларын салу жоспарланып жатыр деп мәлімдеді. Жұбанов университетінің ғалымы Ақылжан Телеуов суды көрші облыстарға тартпай тұрып, қай деңгейде оның орны толатынын анықтау керек дейді.

"Бізде бұл қордың орны қай деңгейде толатынына қатысты нақты мәлімет жоқ. Егер су толмайтын болса, неге оны келер ұрпаққа сақтап қоймай, жұмсаймыз?! Ал егер толығатын болса, онда бәріміз бірге пайдалансақ болады. Дәмін татпай тұрып торттың дәмі жайлы қалай айтамыз? Меніңше, егер біз суды пайдаланып көрсек, "бізге су керек пе, әлде мұнай керек пе?" деген сұрақ мүлде туындамайтын болады" дейді Жұбанов университетінің ғалымы Ақылжан Телеуов.

Экология министрлігі Азаттыққа өндіруші компаниялармен қоршаған ортаны ластауды азайту жоспарын жүзеге асырып жатқанын мәлімдеді. Одан бөлек, инвестор компания экологиялық міндеттемелерге сәйкес, Кеңқияқ, Сарыкөл кенттері мен Шұбарши ауылының аймағын көгалдандырып жатқанын жеткізді. "CNPC-Ақтөбемұнайгаз" акционерлік қоғамына Көкжиде болашағы мен компанияның Кеңқияқтағы мұнай өндіру жоспары жайлы білу үшін сауал жолдадық. Әзірге жауап келген жоқ.

Ғалым Ақылжан Телеуов Қазақстанның батысында кейінгі жылдары құрғақ климат күшейгенін айтады. Оның сөзінше, жауын-шашын азайып, жазда Көкжидеге келетін кей өзендер құрғай бастаған.

XS
SM
MD
LG