Accessibility links

Екпе салдыр не жұмыстан шық. Ерікті вакциналау міндетті шараға қалай айналды?


Cауда-сауықтыру кешеніндегі вакциналау пункті. Алматы, 25 маусым 2021 жыл.
Cауда-сауықтыру кешеніндегі вакциналау пункті. Алматы, 25 маусым 2021 жыл.

Қазақстан Ресейдің ізімен қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндерді коронавирус вакцинасын салдыруды міндеттеді. Вице-премьер бұл шараның "міндетті вакциналау" деп аталатынын растады. Бұл бастамаға қарсы азаматтар екпені міндеттеуді мәжбүрлеу шарасы деп түсінеді, ал заңгерлер "қызмет көрсету саласы" деген ұғымға жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың бәрін жатқызуға болатынын айтады.

22 маусымда Қазақстандағы "ерікті" вакциналау "міндетті" шараға айналды. Осы күні премьер-министр Асқар Мамин Қарағандыда өндірілген "Спутник V" вакцинасын салдырды. Кейін коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Қазақстанның вице-премьері Ералы Тоғжанов бас санитар дәрігерге Нұр-Сұлтанда коронавирустың "Дельта" деп аталатын "үнді" вариантының табылуына байланысты қосымша шаралар қабылдауға кеңес берді.

Комиссия медициналық қарсы көрсеткіштері болмаса да, коронавирусқа қарсы вакцинадан бас тартқан азаматтарды ПТР тест тапсыруға міндеттеуді ұсынды. Одан бөлек, Ashyq қосымшасына жаңа кәсіпкерлік субъектілерін қосу және қазір тіркелген бизнес өкілдерінің осы жоба аясындағы жұмысын жалғастыру үшін онда жұмыс істейтін барлық қызметкер, оның ішінде мекемені жалға алған адам да вакцина салдыруы керек деген талап қойылды.

Ashyq жобасына сауда орталықтары, сауда үйлері мен азық түліктен басқа тауарлар сататын базарларды да қосу ұсынылып отыр.

"ВИРУСТЫҢ ТАРАЛУЫН ТОҚТАТА АЛМАЙМЫЗ"

– Конституцияның 29-бабына сәйкес, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Қабылданған шаралар қызмет көрсету саласын ғана қамтиды. Дәл осы салада жұмыс істейтін субъектілер едәуір қауіп төндіруі мүмкін. Қызмет көрсету саласы – үлкен бағыт. Бұл шағын және орта бизнеске ғана қатысты. Конституциялық құқықтың бұзылғанын көріп отырған жоқпын. Вакциналау ерікті түрде жүреді. Бірақ жаңа мәселелерді ескеріп, бірқатар азаматты вакцина алуға міндеттеуге мәжбүрміз, – деді 23 маусымда өткен брифингте сөйлеген вице-премьер Ералы Тоғжанов.

Вице-премьер "жаңа мәселелер" туралы:

– Вирустың таралуын тоқтата алмаймыз, 7500 шақырым шекарамыз бар, бірақ вирус бәрібір елге кіреді. Бүкіл шекараны жауып тастай алмаймыз ғой. Вирустың инкубациялық кезеңі әртүрлі. Әрине, біз Үндістанмен әуе байланысын жауып, вакцинасы бар, ПТР тест тапсырып келген адамдардың өзін инкубациялық кезеңді ескеріп 14 күнге карантинге жатқызып жатырмыз. Біз күте алмаймыз, сондықтан осындай қатаң шара қабылдау туралы шешімге келдік. Қызмет көрсету саласында істейтін қызметкерлердің бәрі міндетті түрде вакцина алуы керек. Вакцинадан бас тартса, апта сайын ПТР тест тапсырады. Базарда, сауда орталығында қаншама адам жүр. Сондықтан азаматтарды вакцина алуға міндеттеуді шештік, – деді.

Сауда-сауықтыру кешенінде коронавирус екпесін салдырып жатқан әйел. Алматы, 23 маусым 2021 жыл.
Сауда-сауықтыру кешенінде коронавирус екпесін салдырып жатқан әйел. Алматы, 23 маусым 2021 жыл.

Ол сондай-ақ қызметкерлерге "таңдау берілетінін", вакцинадан бас тартқандарға ПТР тест тапсыруға болатынын айтты. Азаттықтың "ПТР тестін қаншалық жиі тапсыру керек? ПТР тестің ақысын кім төлейді?" деген сұрағына Тоғжанов "Қызметкерлер ПТР тестің теріс нәтижесін апта сайын өткізуі керек" деп жауап берді.

– ПТР тестің ақысын не жұмыс беруші, не қызметкердің өзі төлейді. Мұны жұмыс беруші шешеді, – деді денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Журналистер денсаулық сақтау министрінен "ПТР тестке кеткен шығындардың міндетті медициналық сақтандыру қорының есебінен төленбеу себебі не?" деп сұрады.

– Вакциналау мемлекет есебінен жүргізіледі. Өтінемін, вакцина салдырыңыздар. Бастысы, ПТР тесті сізді коронавирустан қорғамайды, ал вакцина қорғайды. Сондықтан бұл жерде нақты таңдау жасау керек: ауырғыңыз келмесе, мемлекет тегін вакцина алу мүмкіндігін ұсынып отыр. Азаматтар белгілі бір себеппен вакцинадан бас тартса, ПТР тестке ақша төлеуге дайын болуы керек, – деді Алексей Цой.

Қазір Қазақстанда коронавирустық инфекцияға ПТР тестін тапсыру құны кем дегенде жеті мың теңге (шамамен 17 доллар) тұрады. Сонда вакцинадан бас тартқан адам бір айда ПТР тестіне 28 мың теңге жұмсайды (шамамен 70 доллар).

БАСШЫЛЫҚТЫҢ ВАКЦИНА САЛДЫРУҒА "ҮГІТТЕЙТІН" ХАТЫ

Азаттық редакциясына жекеменшік мекемелерде істейтін азаматтардан жұмыс орнында мәжбүрлі вакциналау жүріп жатқаны туралы шағымдар түсіп жатыр. Қарағанды қаласының тұрғыны Катерина сауда саласында жұмыс істейді. Ол жұмыс орнындағылар күнде "вакцина салдырмасаңдар, жұмысқа кіргізбейміз" деп жүргенін айтады.

– Бұл вакцинаға сенбеймін, ол жеткілікті зерттелмеген, толық сынақтан өтпеген. Болашақта вакцинаның қандай салдары болуы мүмкін екені белгісіз. Мені бәрінен бұрын осы тоқтатады. Оның үстіне коронавирус үнемі мутацияға ұшырап отырады. Сондықтан бұл вакцина басқа штамдарға қарсы тұра алады дегенге ешкім кепіл бере алмайды. Кей адамдардың вакцинадан кейін қатты ауырып қалып жатқаны да қорқытады. Сонда вакцина аурудан қорғайды дегендері қайда? Мүмкін вакцина салдыратын да шығармын. Бірақ адамдарға қалай әсер ететінін көргім келеді, тым құрығанда бір жылдан кейін салдырамын, – дейді Катерина.

Ол жұмыста вакцина салдырған және екпе алмаған қызметкерлер арасында кикілжің туындап жатқанын айтады.

Алматы әуежайында күзетші Ashyq қосымшасын көрсетіп тұр. Мобильді телефондарға арналған бұл қосымша кісінің эпидемия жағдайындағы мәртебесін көрсетеді. 20 мамыр 2021 жыл.
Алматы әуежайында күзетші Ashyq қосымшасын көрсетіп тұр. Мобильді телефондарға арналған бұл қосымша кісінің эпидемия жағдайындағы мәртебесін көрсетеді. 20 мамыр 2021 жыл.

Қарағандыдағы сауда орталықтарынан дүкенді жалға алған азаматтар Азаттық тілшісіне әкімшіліктен келген хатты көрсетті. Онда сауда орталығының әкімшілігі жалға алушыларға жұмысын жалғастырғысы келсе, вакцина салдыру керегін ескерткен.

Хатта "Қызметкерлері вакцина салдырған жалға алушылар ғана толық көлемде жұмыс істей алады. Сіздерді өзіңіздің және дүкенге келуші азаматтардың алдында азаматтық жауапкершілік танытуға шақырамыз. Ауырып, жұмыс істей алмай қалғанша, екпе салдырған жақсы" делінген. Онда сондай-ақ сауда орталығы жабылып қалса, бүкіл жауапкершілік вакцина салдырмаған жалға алушыларға жүктелетіні жазылған.

Бұл осы тектес жалғыз хабарландыру емес.

Қарағандыдағы тағы бір сауда орталығының хатында "Бәріңізді жақын күндері вакцинаның бірінші компонентін салдыруға шақырамыз! Бізге вакциналау паспорты, екпенің бірінші компонентін алғанын немесе вакцинаға қарсы медициналық көрсеткіші барын растайтын анықтамасы жоқ адамдарды жұмысқа кіргізбеуге тура келеді" деп жазылған.

Оралда тұратын медициналық қызметкер Асылбек (аты өзгертілді) жұмыстан шығып қалудан қорқып, денсаулығы екпе алуға жарамаса да, вакцина салдыруға мәжбүр болған.

– Еңбек демалысынан шықсам, басшылық мәжбүрлі вакциналау туралы шешім қабылдаған екен. Мәжбүрлі дегенде қалай… бізге жай ғана шарт қойды: вакцина салдырмай жұмыс істегілерің келсе, ай сайын аптасына төрт рет өздерің ақша шығарып, ПТР тест тапсырыңдар деді. Медициналық қарсы көрсеткіші барын растайтын анықтама әкелуге болады. Бірақ бұл анықтаманы үш ай сайын өткізу керек. Оны бірнеше дәрігерден тұратын комиссияның қорытындысына қарап береді. Оларға (дәрігерлерге) әртүрлі анализ бен КТ, МРТ, УЗИ сияқты тексеру қорытындысын көрсету қажет. Бұл шығынның бәрін өзің төлейсің. Яғни, бізге барып, вакцина салдырудан басқа амал қалдырмады, – дейді ол.

Асылбек денсаулығы вакцина салдыруға жарамайтынын, сырқаты барын айтады.

– Басшылықпен ұрысып, вакцина салдары үшін жауапкершілік алуды талап еттім. Бірақ маған әлдеқайда жеңіл араб вакцинасын (Қытайда әзірленіп, БАӘ-де өндірілген Hayat-Vax екпесі – ред.) салдыруды ұсынды. Бірақ "Спутникпен" салыстырғанда, оның әсерінен пайда болатын антидене көлемі төмен. Вакцинаның бірінші дозасын алдым, екіншісін үш аптадан кейін салады. Жағдайым жақсы, тек ине салған жер аздап ауырып тұр, – дейді медициналық қызметкер.

"ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ" ДЕГЕН ҰҒЫМҒА БӘРІ КІРЕДІ

Заңгер Жангелді Сүлейманов екі-үш айдан бері қызметкерлерден міндетті вакциналауға қатысты шағымдар түсіп жатқанын айтады. Оның сөзінше, "қазірге дейін вакциналау заң тұрғысынан ерікті, ал іс жүзінде мәжбүрлі" боып келген.

– Қазір осыған дейін істелген дүниенің бәрін заңдастырып, вакциналауды міндетті шараға айналдыруға тырысып жатыр. Қызметкер мен жұмыс берушінің қарым-қатынасын еңбек кодексі реттейді. Онда вакциналау паспорты болмағаны үшін жұмысқа кіруге тыйым салу туралы ештеңе жазылмаған. Сондай-ақ өзінің, тіпті жұмыс берушінің есебінен қайта-қайта ПТР тест нәтижесін өткізу туралы талап та заңсыз. Еңбек кодексіне сәйкес, жұмысқа қабылдау кезінде вакциналау паспортын талап етуге болмайды. Заңның 32-бабында жұмысқа қабылдау үшін қажет құжаттар тізімі көрсетілген. Бірақ вакциналау паспорты міндетті құжатқа жатпайды, – дейді Сүлейманов.

Заңгер "қызмет көрсету саласы" деген "тым жалпылама" ұғым деп есептейді.

– Бәріміз қызмет көрсету саласында істейміз. Шаштараз, саудагер, заңгер, журналист – бәрі қызмет көрсету саласында жүр. Бізде мемлекеттік қызмет түрлерін ұсынатын халыққа қызмет көрсету орталықтары бар. Бұл да қызмет көрсету саласына жатады. "Қызмет" сөзінің мағынасына бәрін сыйдыруға болады. Бұл санитар дәрігер арқылы бүкіл халықты міндетті вакциналаудан өткізу шарасы заңдастырылды, ешкімде таңдау құқығы мен қарсы шығу мүмкіндігі болмайды дегенді білдіреді. Конституция мен БҰҰ-ның 1966 жылғы декларациясына сәйкес, әр адам өз денсаулығын қорғауға құқылы. Адамдардың вакцинаға күмәнмен қарауға, өзін толық зерттелмеген препараттың кері салдарынан қорғауға құқығы бар, – дейді Сүлейманов.

Үнді штамы тараған тұста вакцинаға кезек көбейді. Иммунолог "індетті тек екпе тоқтатады" дейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:46 0:00

Заңгер мемлекет вакциналауды заң шығару механизмдері арқылы міндеттейтін уақытты жіберіп алды деп санайды.

– Олар міндетті вакциналау енгізгісі келсе, мұны санитар дәрігердің заңды күші жоқ түсініксіз қаулысы арқылы емес, парламент, заң арқылы жасауы керек еді. Денсаулық сақтау министрлігі еңбек кодексіне өзгерістер дайындайды, мәжіліс пен сенат тыңдалым өткізеді, кейін президент [қол қояды], одан соң Конституциялық кеңес мақұлдайды. Бірақ мұндай процедура сақталған жоқ. Вакцина жасау былтыр басталғандықтан, мемлекеттің бұл процесті жүзеге асыруға уақыты жеткілікті еді. Бірақ заң қабылданғаннан кейін тараптардың құқықтары мен міндеттері пайда болады. Мүмкін мемлекет міндет алғысы келмеген болар, – дейді Сүлейманов.

Денсаулық сақтау министрі заңды процедуралардың сақталуы туралы сұраққа "қазіргі жағдай кезек күттірмейтін шаралар қабылдауды талап етеді" деп жауап берді.

– Жедел әрекет ету керек. Кез келген заңнаманы қарау үшін ұзақ талқылаудан өткізу қажет. Заңға өзгеріс енгізу үшін кем дегенде жарты жыл, кейде бір жыл уақыт керек. Бізде еріктілік пен таңдау құқығы сақталған: вакцина салдыруға не ПТР тестін тапсыруға болады, – деді министр 23 маусымда өткен брифингте.

ЕРІКТІ ВАКЦИНАУДЫҢ СӘТСІЗДІГІ

Дәрігер-белсенді, медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғалы Конеев міндетті вакциналау "Денсаулық туралы" жаңа кодекске қайшы келетінін айтады.

– Кодексте вакциналау ешкімді мәжбүрлемей, ерікті түрде жүруі керек деп жазылған. Әрине, заңды айналып өтуге болатын амалдар бар. Осы амалдарды пайдаланып, азаматтарды вакцина салдыруға мәжбүрлеп жатыр. Жалпы вакцина алған дұрыс, бұл – коронавирус инфекциясына қарсы күрестің тиімді әдістерінің бірі. Бірақ біріншіден, халық әр вакцинаның коронавирус штамдарына қарсы тиімділігі туралы жеткілікті ақпарат алуы керек, таңдалатын вакцина қатары көп болуы тиіс. Екіншіден, вакциналаудан бөлек, індетке қарсы басқа да шараларды жалғастырған жөн, – дейді Конеев.

Дәрігерлерде таңдаудың болмауы және халықты вакциналауға мәжбүрлеу әлеуметтік шиеленіске әкеліп соғуы мүмкін деп қауіптенеді.

– Халық одан әрі қарсыласа түседі. Вакцина салдыруға түбегейлі қарсылар да, жалпы алғанда [екпеге] дайын, бірақ вакцинаға күмәнмен қарайтын адамдар да бар. Адамдарды вакцина салдыруға мәжбүрлеу әлеуметтік шиеленіске әкеліп соғады. Бұл жерде басқа механизмдерді іздеу керек. Биліктегілер вакцина тиімділігі туралы айтып, өз үлгісінде көрсетсе артық болмас еді, – дейді дәрігер-белсенді.

Конеев халықты вакцина салдыруға міндеттеудің салдарынан жалған вакциналау паспортын жасату фактілері көбеюі мүмкін деп алаңдайды. Бұл пікірді Health&Capital компаниясының басшысы, денсаулық сақтау саласындағы консалтинг қызметімен айналысатын сарапшы Марат Мамаев қуаттайды.

– Алматыда вакциналау паспортын сатып алу жағдайлары болды. Бұл фактілердің бір қаламен ғана шектелмей, бүкіл елге таралмасына кім кепіл? Мемлекетке азаматтың вакцина алғанын құжат жүзінде дәлелдегені маңызды болып тұр ғой. Ал ол құжатты қандай әдіспен алғаны маңызды емес. Міндетті вакциналау деген қандай да бір қағазбен растау дегенді білдіреді. Негізгі мақсат сол болады. Бұл мәселеде халықтың қарапайым сенімі жатыр. Сондықтан азаматтарды вакцина салдыруға мәжбүрлеудің қажеті жоқ, одан да халықтың сенімін арттыруға көңіл бөлу керек деп есептеймін, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, вакциналау процесінің баяу жүруінің астарында денсаулық сақтау министрлігінің халықты көндіре алмауы деген себеп жатыр.

– Міндетті вакциналауға көшу – ковидтің алдын-алу және инфекциядан сақтану бойынша жүргізілген жұмыстардың сәтсіз аяқталғанын мойындаумен тең. Сондықтан күш қолданатын амалға көшті. Олардың бір жыл уақыты болды. Осы уақыт ішінде халыққа ақпарат жеткізіп, райынан қайтара алмады. Мәселе телеарнаға шығып, Facebook-тен сөйлеп, халықты вакцина салдырғысы келмегені үшін кінәлауда емес. Халық ақылды, бірақ ол билікке сенбеуі мүмкін. Билікке сенім жоғары болса, мұндай мәселе болмас та еді. Халықтың сенімі екі-үш есепті кездесуде қалыптаспайды. Бұл тұрақты жүйелі жұмыс. Оның ішінде қандай да бір шешім қабылдау процесінің ашықтығы мәселесі де бар. Біз зерттеу жүргізіп, бюджеттен медициналық қызметкерлерге өтемақы мен үстеме ақы төлеуге қаржы бөлу кезінде де ашықтық болмағанын анықтадық, – дейді Мамаев.

Сарапшы міндетті вакциналау туралы шешімнің астарында денсаулық сақтау министрлігінің өз жұмысындағы кемшіліктерді жабу мақсаты жатуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Оның үстіне, үкімет те вакциналау процесінің баяу жүріп жатқанын мойындады. "Вакциналау қарқынына көңіліміз толмайды. Бұл бірнеше облысқа, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласына қатысты. Сондықтан вакцина салдырған адамдар санына қатысты талапты күшейтеміз. Жоспар бойынша, бір тәулікте вакцина алатын адамдар санын 70 мыңға жеткізу керек", – деді 23 маусымда Ералы Тоғжанов.

Марат Мамаев шенеуніктер көбіне жылдам әрі тез қол жететін жетістіктерге ұмтылады деп есептейді.

– Екі-үш күнде ештеңе шешілмейді. Қазір жедел жеңістер сәнге айналған. Бірақ денсаулық сақтау саласында мұндай жеңістер тиімсіз. Халықтың сенімін арттыратын қарапайым, бірақ ұзақмерзімді дүниелерден бастау керек. Бірінші кезекте, медицина қызметкерлерінің билікке деген сенімін қайтару қажет. Бірақ бұл қысқа мерзімде шешілмейді, ал олар жарты жыл уақытын өткізіп алды, – дейді Мамаев.

Ералы Тоғжанов "ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында ешқандай сәтсіздік болмағанын" айтты.

– Бұл шаралар соңғы жағдайға байланысты қабылданған. Қосымша шаралар қабылдауымыз керек. Барлық жерде жаппай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр, бірақ біз мұның жеткіліксіз екенін түсінеміз,– деді вице-премьер.

"ҚОҒАМ АЛДЫНДА ЖАУАПКЕРШІЛІК БОЛУЫ КЕРЕК"

"Аман-саулық" қорының басшысы Бақыт Түменова инкубациялық кезеңнің қысқалығын және үнді штамының тез тарайтынын ескерсек, міндетті вакциналау ақталады деп санайды.

– Мутацияға ұшыраған коронавирус күтіп тұрмайды, ол әлдеқайда тез тарайды. Вирустың инкубациялық кезеңінің небәрі үш-жеті күнге ғана созылуы, оның қаншалық ауыр әрі қауіпті екенін көрсетеді. Қызмет көрсету саласында істеп, тек вакцина салдырған адамдарды ғана ішке кіргізетін болсаң, қызметкерлер де вакциналаудан толық өтуі керек. Келіспесең, жағымсыз эпидемиологиялық жағдай кезінде жұмыс істей алмайсың. Өзіңнің ғана емес, қоғамның алдында да жауапкершілік болуы керек. Бізде медициналық қызметкерлер костюм киіп, жеке қорғаныш құралдарын пайдаланады. Ауыр болса да, солай істеуі керек. Сондықтан әзірге жеке басыңды ғана емес, өзің қызмет көрсетіп жүрген адамдарды қорғау үшін де осындай шарттар қажет. Қыркүйектен бастап мектептер мен балабақшалар жұмыс істесе, мұндай талаптарды мұғалімдер мен тәрбиешілерге де қолдану керек, – дейді Түменова.

Бақыт Түменова сонымен қатар халық арасындағы ақпараттық жұмысты жақсарту керегін айтады.

– Сұрағы, күдігі бар адамдарға дұрыстап жеткізу керек. Бұл үшін вакцина өндірушілер, оны жасап шығарған ғалымдар халықтың алдына шығып, өз вакцинасының басқалардан қандай айырмашылығы барын, несімен тиімді екенін түсіндіруі тиіс. Нақты әрі толық ақпарат және көбірек түсіндіру жұмыстары қажет, – дейді Түменова.

Еңбек және кәсіподақ құқығы саласының сарапшысы Бибігүл Нұрашева ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тағы да нәтиже бермесе, қиын дилемма туатынын айтады.

– Бір жағынан, кәсіпкерлер мемлекеттік органдардың қаулысына бағынуы тиіс. Екінші жағынан, олардың жұмысшыларды мәжбүрлеуге құқығы жоқ. Еңбек кодексінің 23-бабына сәйкес, жұмыс беруші қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуі керек. Қызметкерлер бас тартса, кәсіпкер қалай жағдай жасайды? Бұл жағдайда кәсіпкерлер екі есе көп зардап шегеді. Мемлекеттік органдардың талаптары, актілері мен қаулыларына бағынбауға болмайды, қызметкерлерін жұмыстан шығаруға да құқығы жоқ. Еңбек құқығы тұрғысынан алғанда, мұндай жағдайда не істеу керегі жазылмаған. Еңбек кодексінде қызметкерді мәжбүрлеуге болмайды деген бап жоқ. 52-бапта еңбек шартын бұзуға негіз болатын себептер көрсетілген. Бірақ жұмыс беруші бас санитар дәрігердің кәсіпкерлерді қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыруға үндейтін қаулысы негізінде жергілікті деңгейде қызметкерлерге орындауға міндетті акті шығара алады. Қызметкер жергілікті актіні бұзса, оны тәртіптік жауапкершілікке тартып, бұл әрекетін тағы да қайталаса, еңбек шартын бұзуға болады, – дейді Бибігүл Нұрашева.

Ол еңбек қатынастары тұрғысынан алғанда, мемлекет пен қоғам пандемияға байланысты қиындықтарға дайын болмай шыққанын айтады.

– Былтыр бұл инфекцияның пайда болуы еңбек кодексінің кемшіліктерін әсіресе, қашықтан жұмыс істеу форматындағы мәселелерді айқын көрсетті. Қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбегін реттеу туралы заң жобасын дайындауға тура келді. Қазір бұл жоба парламенттің талқылауында жатыр. Көп дүние бар. Барлық қызметкерді бірдей қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстыра алмайсың. Мысалы, тазалыққа жауапты қызметкерлер, күзетшілер бар. Иә, еңбек құқығы тұрғысынан алғанда біз шынымен дайын болмай шықтық, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, мемлекет азаматтардың еңбек құқығын бұзбайтын және қоғамдық денсаулыққа қауіп төндірмейтін шаралар ойлап табуы керек.

– Вакциналауды қолдаймын. Бірде ковидпен ауырғанына қарамастан, жұмысқа келіп, бүкіл бөлімге вирус жұқтырған әріптесінің үстінен арыз жазуға бел буған әйел көмек сұрады. Нәтижесінде оның анасы қайтыс болды. Сондықтан біз, қызметкерлер ұзақ уақыт бойы бір ұжымда істесек, өзімізді және басқаларды вирустан қорғауға күш салуымыз керек, – дейді Нұрашева.

Вице-премьерге "Уақыт өте келе вакциналау ПТР тестін тапсыру мүмкіндігінсіз толықтай міндетті шараға айналуы мүмкін бе?" деген сұрақ қойылды.

– Мен ПТР тестілеу емес, бәріміз вакцина салдыратын шығармыз деп ойлаймын. Қалғаны эпидемиологиялық жағдайға байланысты, – деді Ералы Тоғжанов. Ол болашақта вакцинаны балама ұсынбай міндеттеу ықтималдылығын жоққа шығарған жоқ.

Мәскеуде қызмет көрсету саласы қызметкерлерін міндетті вакциналаудан өткізу ережесі жаңартылды. Мәскеудің коронавирусқа қатысты жағдайды бақылау және мониторингілеу жөніндегі оперативті штабының хабарламасында "Міндетті вакциналаудан өтуі керек азаматтар тобына кіретіндер екпеден бас тарта алады. Бірақ ондай кезде бұл адамдар жағымсыз эпидемиологиялық жағдай аяқталғанша, жұмыстан шеттетілуі керек" делінген.

Вакцина салдырмаған қызметкер жұмыстан шеттетілген уақыты үшін жалақы алмайды, бұл кезең еңбек демалысын алуға мүмкіндік беретін еңбек өтіліне қосылмайды.

Қазақстандағы қоғам белсенділері біздің билік те осыған ұқсас шаралар қабылдауы мүмкін деп қауіптенеді.

Мақалаға Азаттық тілшісі Елена Вебер үлес қосты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG