Accessibility links

Кремльдің "Мемориал" орталығын жабуы нені аңғартты?


Совет кезіндегі саяси репрессия құрбандарына қойылған "Соловецкий тасы" дейтін ескерткіштің алды.
Совет кезіндегі саяси репрессия құрбандарына қойылған "Соловецкий тасы" дейтін ескерткіштің алды.

"Мемориал" халықаралық тарихи-ағартушылық қоғамы мен құқық қорғау орталығының жабылуы жылдың ең маңызды оқиғаларының бірі болды. Биыл Ресей президенті Владимир Путиннің үкіметі өзгеше ойлайтындарды, тәуелсіз журналистер мен қоғам белсенділерін қудалаумен болды. Либерал саясаткер Григорий Явленский "Мемориалдың" жабылуы биліктің авторитаризмнен тоталитаризмге ойысып жатқанын білдіреді дейді.

2021 жылдың соңына қарай Ресейде бірқатар алаңдатарлық оқиғалар болды. Бұл оқиғалар президент Владимир Путин мен оның үкіметінің пиғылы жөніндегі күдікті күшейте түсті.

Біріншіден, баспасөз құралдарын бақылайтын Роскомнадзор мемлекеттік агенттігі OVD-Info веб-сайтын бұғаттады. Бұл сайт наразылық кезінде құқық қорғау органдарының қолына түскендерді адвокаттармен байланыстыратын ақпарат алаңы болған еді.

Одан кейін Петрозаводск қаласының соты танымал тарихшы Юрий Дмитриевті 15 жылға бас бостандығынан айырды. Сарапшылар диктатор Иосиф Сталин мен совет үкіметінің қылмысын зерттеген тарихшыға жалған айып тағылғанын айтады.

Ресей жоғарғы соты "Халықаралық мемориал" тобын жабу туралы шешім шығарды. Құқық қорғаумен және тарихи зерттеулер жүргізумен айналысқан үкіметтік емес ұйым совет лидері Михаил Горбачев кезінен бері азаматтық қоғамның маңызды бөлігі болып келді.

"Мемориал" құқық қорғау орталығын жабу ісі қаралған Мәскеу сотының сыртында тұрған полицейлер. 29 желтоқсан 2021 жыл.
"Мемориал" құқық қорғау орталығын жабу ісі қаралған Мәскеу сотының сыртында тұрған полицейлер. 29 желтоқсан 2021 жыл.

Сол күні Иркутск, Томск, Архангельск, Барнауыл, Саратов қалаларында полиция түрмеде отырған оппозицияшыл саясаткер Алексей Навальныйдың жергілікті үйлестірушілерін ұстап, жауап алды.

Ертеңінде, 29 желтоқсанда Мәскеу қалалық соты "Мемориал" халықаралық тарихи-ағартушылық қоғамының жобасы – "Мемориал" құқық қорғау орталығын жабу туралы шешім шығарды.

Либерал саясаткер Григорий Явлинский "Мемориалдың" жабылуы биліктің авторитаризмнен тоталитаризмге ойысып жатқанын, Путин үкіметі өзін Сталин және совет режимінің ізбасары деп жариялағанын білдіреді деп жазды.

Ал журналист Кристина Астрафурова: "2022 жылды "Мемориалсыз", жүздеген саяси тұтқынмен, түрмелердегі азаптаулармен, былтыр елден кетуге мәжбүр болған ондаған адаммен бастаймыз. (Әлі қаншасы елден кетеді?)" деді.

Ресей үкіметі жылдар бойы тәуелсіз журналистика мен қоғам белсенділерін басып-жаншып келеді. 2024 жылы президенттік мерзімі аяқталатын Владимир Путин үкіметі мұны өз мақсаттарына пайдаланып жатыр. Былтыр үкімет конституцияға өзгеріс енгізіп, Путинге алты жылдан тағы екі рет, яғни 2036 жылға дейін билікте қалуға мүмкіндік берді.

Last September, the ruling United Russia party was awarded a constitutional majority in the State Duma, the lower house of parliament, in controversial elections that saw genuine opposition almost entirely sidelined.

Қыркүйекте елде парламент сайлауы өтіп, билік партиясы "Единая Россия" Мемлекеттік думада конституциялық басым күшке айналды. Бірақ бұл сайлауда даулы жайт көп кездесті, ал нағыз оппозицияға бағын сынауға жол берілмеді.

2020 жылғы тамызда уланып, өлім аузында жатқан Алексей Навальный Германияда бірнеше апта емделіп, қаңтарда Ресейге оралған еді. Бірақ оны сол жерден ұстап әкетті. Навальный мұны қасақана улау әрекеті деп атап, мұның артында Путин тұр деді. Билік елге оралған Навальныйды екі аптадан соң шартты жазадан мерзімінен бұрын босату ережелерін бұзғаны үшін деп екі жарым жылға бас бостандығынан айырды. Ол өзіне тағылған айыппен келіспейді.

Сонымен қатар, "Жемқорлықпен күрес қоры" мен Навальный штабтары "экстремистік" ұйым деп танылып, жабылды. Оған мүше болғандардың көбі қудалауға ұшырап, Ресейден кетуге мәжбүр болды.

"Навальныйдың ұсталуымен басталған жылдың осылай аяқталуы заңды сияқты" дейді журналист Дмитрий Колезев. Ол Горбачев "Мемориалды" ашуға көмектесіп, Ельцин оған мүше болғанын, ал Путин оны жапқанын айтты. "Жыл "Мемориалдың" жабылуымен аяқталып жатыр. Билік [мемлекеттік террор] естеліктерімен жұмыс істеуге тыйым салып, сол террорды ұйымдастырушыларды дәріптегенде, оның қай бағытты таңдағаны анық байқалады".

Журналист және белсенді Зоя Светова "Халықаралық мемориалды" жабу шешімі туралы Путин үкіметі "өзін дәлелдеуді, демократия кейпін танытуды доғаруды ұйғарды" деп жазды.

"Шын мәнінде бұл тоталитаризмге оралу және тірінің бәрін бульдозермен басып өту" деп жазды ол.

Сарапшылардың пікірінше, Ресейде өзгеше ойлайтындарды басып-жаншудың кері әсері болған. Бұл әділ сот өткізіп, қудалаулар кезінде демократияны қорғауы тиіс институттарды да біріктірген. Автор және журналист Александр Минкин "жоғарғы сот "Мемориалды" жапты" деудің орнына "Путин жоғарғы сотты жапты" деу керек деп жазды.

Grani.ru сайты Twitter-де "судья "Мемориал" құқық қорғау орталығын жабу туралы Путиннің шешімін оқыды" деп жазды. Бұл сайт адам құқықтары туралы жазады.

Үкіметтің OVD-Info сайтын бұғаттау шешіміне келсек, кей сарапшылар мемлекеттің осы бұйрығын орындаған Ресейдегі ең ірі "Яндекс" интернет компаниясын қатты сынға алды.

Яндекс "бұрын керемет компания және ұлттың мақтанышы болды" деп жазды блогер және белсенді роман Попков. Ол енді компания "цензура құралына айналды" дейді. "Ресей болашағының технологиясы Ресей өлімінің технологиясына айналды" деп жазды ол.

Оппозиция белсендісі Денис Билунов "Халықаралық мемориалдың" жабылуын "үлкен дабыл" деп атады.

"Бұл табыттың қақпағына шеге қағумен бірдей" деді ол Фейсбукте. "Путиннің паравозы не бұрыла алмай, не тоқтай алмай жүрген сияқты".

Азаттықтың Орыс қызметі мен "Настоящее время" тілшілерінің ақпараты негізінде жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG