Accessibility links

Украиндарды паналатқан Австрия қазағын олардың жігері тәнті етті


Украин босқындарды үйінде паналатқан Австрия қазағы
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:07 0:00

Австрия қазағы Ләззат Әбдуәлиқызы мен ол үйіне паналатқан украин босқындар.

Австрияда тұратын Ләззат Әбдуәлиқызының үйінде Украинадан босқан үш отбасы тұрып жатыр. Оның бәрі – әйелдер мен балалар. Ерлері соғыс аумағында қалған. Ләззат Азаттыққа босқындарды қалай тапқанын, тілі бөтен кісілермен қалай түсінісіп жатқанын баяндап берді.

Екі әже, екі әйел, үш бала – украиналық жеті кісі Вена маңындағы ауылдардың біріндегі үйді үш аптадан бері паналап отыр. Олар 24 ақпанда Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағанда ондаған мың азаматпен бірге Киевтен қашып шыққан. Жүздеген шақырым жол жүрген босқындарды өздері ешқашан көрмеген, ешқандай туыстығы жоқ адам күтіп алды.

"ОЙЛАНБАСТАН "МАҚҰЛ" ДЕДІМ"

50 жастағы Ләззат Әбдуәлиқызы Қытайдың Шанхай қаласында туып-өскен. Кейінгі алты жылдан бері күйеуімен бірге Австрияда тұрады.

Ләззат соғыстан қауіпсіз жерге бас сауғалаған азаматтардың уақытша пана іздеп жатқаны туралы жұбайынан естіген.

– Жұбайымның бір досы Берлинде тұрады. Оның басқа бір досының әйелі украиналық екен. Таныстарынан "Туыстарымыз Австрияға келе жатыр. Кімнің мүмкіндігі бар? Көмектесе аласыңдар ма?" деп сұраған екен. Жұбайым бұл хабарды естіген соң менен сұрады, – дейді Ләззат. – "Біздің үйімізде біраз орын бар. Төрт-бес адамды қабылдайтын мүмкіндігіміз бар. Өзің қалай ойлайсың?" деп. Ойланбастан "Көмектесейік" дедім.

Австрияда тұратын қазақ Ләззат Әбдуәлиқызы.
Австрияда тұратын қазақ Ләззат Әбдуәлиқызы.

Ләззат қонақ күтуге қамдана бастайды. Көрпе-төсек дайындап, азық-түлік алады. Үш күн қалғанда үйге әуелгіде айтылғандай төрт-бес адам емес, тоғыз кісі келе жатқанын біледі.

– "Ойбай, менің тек екі бөлмем бар ғой, тоғыз адамды қайда жатқызамын" деп біраз абдырап қалдым. Жұбайым сол кезде Германияда жұмыспен жүріп, жалғыз өзім қалып қарсы алатын жағдай болды, – дейді үй иесі. – Көршілеріме бардым. "Төрт-бес адамға дайындалып едім, тоғыз адамды қалай күтерімді білмей отырмын" дедім. Бәрін бірден сатып алу да қиын. Көршілерім сондай жақсы кісілер. Үш отбасынан көрпе-жапқыштар жинап, тоғыз адамға төсек салып қойдым.

Босқындар ұзақ жол жүріп, Ләззаттың үйіне 11 наурызда жетеді. Екінші қабаттағы екі бөлме тоғыз адамға расымен тарлық қылады. Егде жастағы екі кісі жер төсекке жата алмай, ауыл ішінен қонақ үй іздейді.

– Қонақ үй иесі екі қарияның Украинадан келгенін естігенде үш күн тегін тұруға рұқсат берді. Кейін ол кісілерді басқа үйге көшірдік. Айналаның бәрі кішкентай болса да, жәрдем берді, – дейді Ләззат.

"БОСАҢСУҒА БОЛМАЙДЫ"

Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, соғыс басталғалы Украинадан 4 миллионнан аса азамат кеткен. Күн сайын ондаған мың адам қақтығыс аймағынан шет елдерге бас сауғалауға мәжбүр.

Украинадан кеткендердің 90 пайызы – әйелдер мен балалар. 18-60 жастағы ер адамдар соғыс жағдайында әскерге алынып, елден шыға алмайды.

38 жастағы Надежда Бушнева Ләззаттың үйінде шешесі, бес жасар баласы үшеуі тұрып жатыр. Бұрын техника сату менеджері болып істеген күйеуі қазір майдандағы еріктілер қатарында жүр.

Австрия қазағы Ләззат Әбдуәлиқызы (сол жақта) мен украин босқын Надежда Бушнева Азаттыққа сұхбат беріп отыр.
Австрия қазағы Ләззат Әбдуәлиқызы (сол жақта) мен украин босқын Надежда Бушнева Азаттыққа сұхбат беріп отыр.

– Елде қалған туысымыз көп. Ата-енем мен ағам да сонда. Біз олармен күн сайын бірнеше рет байланысып отырамыз. Олар, құдайға шүкір, жақсы, – дейді Надежда. – Киевте қазір ахуал біршама тұрақты, бірақ босаңсуға болмайды, алда не боларын білмейміз.

Надежда соғысқа дейінгі өмірі туралы өткен шақта айтқысы келмейді. Сұхбат беріп жатып "Есепші болып істегенмін" емес, "істеймін" деп нақтылап айтты. Украинадағы ахуалды көріп отырып көзіне жас алады.

– Бар ашу-ызамды жеткізуге сөз таппаспын. Бұлай деуге болмайтын шығар, бірақ көп адам [Ресей президенті Владимир Путинге] өлім тілейді, – дейді Надежда. – Тіпті Ресейде де шын мәнінде не болып жатқанын түсінетін адекват адамдар бар. Олар әскердің тыныш жатқан тәуелсіз елге басып кіргенін, ұрыста жеңе алмай, ақырында бейбіт адамдарға соғыс ашқанын көріп отыр.

"ЕЛІМІЗДІ ҚАЛЫПҚА КЕЛТІРУГЕ КӨМЕКТЕСЕМІЗ"

Үй иесі мен босқындардың қатынасуы оңай емес: Ләззат орысша білмейді, ал қонақтар ағылшыншаға шорқақ. Надежда он шақты адамға тілмаш болып жүр.

Ләззат жақындары от пен оқтың арасында жүрген украиндардың жігерлі халық екеніне куә болғанын айтады.

– Үйде жүрген екі күннен кейін "Сізге ақша төлейік, үйіңізді беріп жатырсыз ғой, ұялып кеттік" деді. "Сендердің жағдайларыңды білеміз. Бір тиын да алмаймыз" дедік. "Көмектесіп жатырсыңдар. Көп адам бізге жақсылық істеп жатыр. Біз тек елден алмай, тіліміз келмесе де, қолмен істейтін жұмыс тауып бере аласыңдар ма, өзіміз жұмыс істейік. Өз нанымызды өзіміз табайық, елден көмек сұрағанды ұнатпаймыз" деп өтінді. Халықтың жігерін адам еріксіз құрметтейді екен, – дейді.

Ләззат "қонақтардың бар уайымы – жақындарының амандығы" дейді. Жырақта жүрсе де, елдегі соғыс пен туыстарын ойынан шығармайды.

– Бір күні мен оларды кафеге апардым. Қиын жағдайды сәл ұмытсын, күнделікті өмірді көрсін дедім. Торт пен кофе алып бердім. "Рақмет" деп біраз отырды. Бірақ шыққаннан кейін біреуі келіп: "Туыс-туғандарымыз ана жақта қиналып жатыр. Біз сәл жақсырақ жерде отырып, тәттірек тамақ ішсек, жүрегімізге ауыр тиіп жатыр" деп жылағысы келіп әрең тұр. Сосын көмектескенде де біраз абайлау керегін түсіндім. Содан кейін керек заттарды сырттан әкеліп, көңілін көтеру үшін үйде тамақ жасап беремін, – дейді Ләззат.

Ләззаттың үйіндегі украин босқындардың аяқ киімі.
Ләззаттың үйіндегі украин босқындардың аяқ киімі.

Австрия халық санына шаққанда ең көп босқын қабылдаған ел саналады. 14 наурыздағы дерек бойынша, Австрияға соғыс басталғалы 120 мыңға жуық украин келген. Күн сайын 4 мыңға дейін адам кіріп жатыр.

Австрия ұлттық кеңесі (парламент – ред.) босқындардың бәрін медициналық сақтандыру жүйесіне қосу туралы қаулы қабылдаған. Ел соғыс аумағынан келетіндер бұдан көп болады деп жоспарлап, 2022-2026 жылдардың бюджетіне қосымша шығын мөлшерін де енгізіп қойды.

Вена наурыз басында соғыстан бас сауғалаған азаматтарға визасыз тұруға рұқсат ететін бұйрық мақұлдаған. Бұл құжат келер жылдың көктеміне дейін жарамды.

Бірақ Надежданың мұнда қалатын ойы жоқ. Оның соғыстан кейінгі өмірге үміті зор. Балалар да, әжелер де, өзі де соғыстың аяқталғанын күтіп отыр.

– Сол кезде бәріміз туған қаламызға қайтып, елімізді қалыпқа келтіруге көмектесеміз. Экономиканы көтеру керек, бәріміздің жұмыс істеуіміз керек. Тоқтамауымыз керек. Соғыстан кейін де тіршілігіміз жалғасады. Өміріміз керемет болады деп сенемін, – дейді Надежда.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG