Accessibility links

Лукашенко президент сайлауына тағы да түсетінін мәлімдеді


Беларусь президенті Александр Лукашенко парламент сайлауына дауыс берген соң БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп тұр. Минск, 17 қараша 2019 жыл.
Беларусь президенті Александр Лукашенко парламент сайлауына дауыс берген соң БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп тұр. Минск, 17 қараша 2019 жыл.

Беларусьте парламент сайлауы аяқталған кезде, осы елді 1994 жылдан бері басқарып отырған Александр Лукашенко 2020 жылы өтетін президент сайлауына түсетінін айтты. Бұған дейін ол ел президенті болып бес рет сайланған.

Қарашаның 17-сі күні Минскіде сайлау учаскесінде журналистермен әңгімеде Александр Лукашенко келесі жылға жоспарланған президент сайлауына дейін Конституцияға өзгеріс енгізу "ақымақтық" болатынын мәлімдеді. Ол егер халық қолдамаса, билікке жармаспайтынын айтты.

"Қазіргі орныма қолымнан әл кеткенше жармаспаймын деп уәде еттім" деді 65 жастағы Лукашенко.

9,5 млн халқы бар Беларусь мемлекетін 1994 жылдан бері басқарып отырған Лукашенко қазір бесінші президенттік мерзімін атқарып жүр. Елде 2004 жылы өткен бүкілхалықтық референдум нәтижесінде бір адамның президент болып сайлануына қойылған шектеу жойылған.

Президент бұл мәлімдемесін оппозиция өкілдері де қатысқанына қарамастан, Лукашенконы қолдайтын үміткерлер өтетіндігіне әуелден ешкім шүбә келтірмеген парламент сайлауы аяқталған кезде жасады. Дауыс беру қарашаның 17-і күні жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де аяқталды. Алдын ала мәлімет бойынша, сайлауға дауыс берушілердің 71 пайызы қатысқан, 110 сайлау округінің бәрінде сайлау заңға сай деп танылған.

Минскідегі сайлау учаскелерінің бірінде журналистер алдында сөз сөйлеген Лукашенко парламент сайлауының қорытындысы жайлы батыс бақылаушылары не айтар екен деп алаңдамайтынын білдірді.

"Менің мұндайдан өзіме "жарнама" жасайтын әдетім жоқ" деді ол.

"Егер қоғамға президенттің [сайлауды] қалай ұйымдастырғаны ұнамаса, келер жылы жаңасын таңдай алады" деді Лукашенко.

Парламенттің төменгі палатасындағы 110 орынға 500-ден астам үміткер таласқан. Тағы 200 үміткер (көпшілігінің оппозициямен байланысы бар) қолдаушыларынан "жеткілікті жарамды қол жинай алмады" деген уәжбен сайлаудан шеттетілді. Олардың арасында оппозициялық Біріккен азаматтық партия өкілі Анна Канапатская мен оппозициямен байланысы бар тәуелсіз үміткер Алена Анисим де бар. Екеуі де 2016 жылғы сайлауда депутат болып сайланып, 1996 жылдан бері алғаш рет парламентке өткен тәуелсіз үміткер болған еді.

Президент Лукашенко сайлау туралы тамыздың 5-і күні, қазіргі парламенттің өкілеті аяқталуға тура бір жыл қалғанда жариялады. Парламент депутаттары төрт жылға сайланады.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) сайлауды бақылау миссиясының алдын ала қорытындысын қарашаның 18-і күні жариялайтынын мәлімдеген.

Беларусь Республикасында осының алдында, 2016 жылы өткен парламент сайлауында ЕҚЫҰ сайлау ашық болған жоқ және бірқатар заңбұзушылықтарға жол берілді деп мәлімдеген. Сайлаушылардың төрттен бір бөлігі қарашаның 12-16 күндері аралығында сайлауға мерзімінен бұрын дауыс беріп қойған. Оппозиция ерте дауыс беру кезінде сайлау жәшіктері қадағалаудан тыс қалатынын, дауыс санау бақылаушылардың қатысуынсыз өтетінін айтып, алаңдаушылық білдірді.

Беларусь ОСК жетекшісі Лидия Ермошина парламент сайлауынан бір күн бұрын дауыс беріп тұр. Минск, 14 қараша 2019 жыл.
Беларусь ОСК жетекшісі Лидия Ермошина парламент сайлауынан бір күн бұрын дауыс беріп тұр. Минск, 14 қараша 2019 жыл.

Орталық сайлау комиссиясының жетекшісі Лидия Ермошина қарашаның 13-і күні ерте дауыс берген кезде заңбұзушылық болады деген айыптауларды терістеп, оларды "ойдан шығарылған дау" деп атады. Ол "студенттерді дауыс беруге міндеттеп, сайлауға қатыспаса жатақханадан шығарамыз деп қоқан-лоқы көрсеткен" деген ақпаратты да жоққа шығарды.

Тәуелсіз бақылаушы ерте дауыс беру кезінде Польшамен шекараға жақын орналасқан Брест қаласындағы сайлау учаскесінде жәшікке бірнеше бюллетень салып жатқан әйелді видеоға түсіріп алған. Қазіргі қызметін 23 жылдан бері атқарып келе жатқан Ермошина видео түсірген бақылаушыны аккредитациядан айыру керек деп айтқан.

Парламент сайлауы өткен күні сайлау учаскесінде сатылып жатқан азық-түлік өнімдері. Минск, 17 қараша 2019 жыл.
Парламент сайлауы өткен күні сайлау учаскесінде сатылып жатқан азық-түлік өнімдері. Минск, 17 қараша 2019 жыл.

Сайлау қарсаңында Минскідегі Тәуелсіздік алаңына жиналған 1000-1500 адам Лукашенконың батыстағы қарсыластары "Еуропадағы соңғы диктатура" деп атаған елде демократиялық өзгерістер болуы талап етті. Қарашаның 8-і күні өткен рұқсат етілмеген акцияға халықты NEXTA деген лақап есімімен танымал блогер Степан Светлов шақырған. NEXTA YouTube және Telegram желілерінде Лукашенко мен оның үкіметін сынайтын сатиралық видеолар жариялайды. Қарашаның 25-і күні жарияланған Лукашенконың билікке қалай келгені туралы видео 1,7 млн рет қаралған.

Қарашаның 15-і күні Минскіде оппозицияны қолдайтын 200-ге жуық азамат "Еркін адамдар кездесуін" өткізді. Шараға қатысушыларды ұстаған жоқ. Бірақ акция қарсаңында "Еуропалық Беларусь" қозғалысының үш өкілін қосқанда, жалпы саны төрт белсендіні полиция ұстаған.

Соңғы жылдары Лукашенко үкіметі екі оттың ортасында қалды. Минскіні тығыз әскери және экономикалық әріптестік орнатуға итермелеген Мәскеудің іс-әрекеті Лукашенконы Ресеймен келіссөздерге ықпал етудің жаңа тетігін басқа жерден іздеуге мәжбүрлеп отыр.

Мәскеу 2014 жылы Украинадан Қырымды аннексиялап алғаннан кейін Лукашенко Ресейге тәуелділігін азайтуға тырысып жүр. Минск Ресейдің арзан мұнайы мен совет заманынан қалған ескі экономикасына жыл сайын берілетін 5 млрд доллар көлеміндегі субсидиясына тәуелді. Беларусь экономикасының қарқынды дамып келе жатқан ақпараттық технологиялар саласынан басқа көп бөлігі негізінен мемлекет еншісіне тиесілі.

Ресей мен Беларусь 1999 жылы одақтас мемлекет құрып, ортақ шекараны кедендік одақ аясында ашық ұстау туралы келісімге қол қойған. Қарашаның 17-і күні журналистермен әңгіме кезінде Лукашенко келесі айға белгіленген, одақтас мемлекет идеясын жақындататын Мәскеумен әріптестік туралы келісімге қол қоймауы мүмкін екенін айтты.

"Бізге жылда жаңа шарттарды тықпалайды. Нәтижесінде экономикамызда біраз нәрседен айырыламыз. Кешіріңіздер, бірақ мұндай одақ кепкеннің басына қажет пе?" деді Лукашенко. Бұған қоса ол егер көмірсутек жеткізу мен нарықтарды ашу мәселелері шешілмесе, жол картасына қол қойылмайтынын айтты.

2016 жылы Еуропа Одағы Беларусь пен Лукашенко үкіметіне салған санкцияларының көбін алып тастаған. Өткен аптада Лукашенко соңғы үш жылда алғаш рет Еуропаға сапармен барып, Венада болып қайтты.

Беларусь пен АҚШ арасындағы қарым-қатынас та оңалып келеді. Қыркүйек айында екі тарап 11 жыл үзілістен соң алғаш рет Вашингтон мен Минскіге елшілерін қайта жіберетінін мәлімдеді.

Соңғы жылдары Беларусь Қытаймен де экономикалық байланысын нығайта бастаған. Қыркүйек айында Қытай даму банкі Беларуське Мәскеу беруге уәде етіп, кейін бас тартқан 600 млн доллар қарыздың орнына 500 млн доллар несие берген.

Пекин мен Минск Беларусьтегі ең ірі шетелдік инвестициялық жоба - "Ұлы тас" индустриялық паркі" арнайы экономикалық аймағы құрылысын қолға алған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG