Kaspi компаниясының тең иесі, миллиардер Михаил Ломтадзеге бақылау пакеті тиесілі Wycombe Wanderers футбол клубы голливудтық айтулы қожайындары бар командалармен бір лигада сайысады. Қазақстанда жүріп байыған грузиялық миллиардердің командасы қазір турнир кестесінде көш бастап тұр. Ал клуб басшылығы ұзақ мерзімге жоспар құрып отырғанын айтады.
Ағылшын футболының үшінші эшелонындағы ең күшті клубтардың біріне Голливуд жұлдыздары иелік етеді, ал ең қымбат команданың қожайындары арасында Американың Ұлттық футбол лигасы (NFL) тарихындағы атақты шабуылшы да бар.
Әйтсе де, маусымдағы 18 ойын нәтижесінде турнир кестесін аса атақ-даңқы жоқ Wycombe Wanderers клубы бастап тұр. Бұл команда тамыздың ортасынан бастап жеңістен жеңіске жеткен. Клуб акциясының бақылау пакеті биылғы жылдың басынан бері Михаил Ломтадзеге тиесілі.
Клубтың тактика жағынан әлі күнге дейін ағылшын бірінші лигасына шығудан үмітті алдыңғы қатарлы Wrexham AFC және Birmingham City командаларынан ерекшелігі неде деген сұраққа Wycombe Wanderers спорт саласындағы директоры Дэн Райс: "Біз басқаша әрекет етеміз", — деп жауап береді.
"Олардың нақты мақсаты бар — мейлінше тез арада Championship [ағылшын футболының екінші дивизионы] қатарына өтіп, содан кейін премьер-лигаға [жоғарғы дивизион] шығу. Біздің де көздегеніміз сол, бірақ біз клубтың ауқымын есепке ала отырып, негізгі назарды оны дамыту жағына бұрамыз", — деді Райс клубтың жаңа жаттығу базасында Азаттыққа берген сұхбатында.
Wrexham AFC командасына Голливуд актерлері Райан Рейнольдс пен Роб Макэлхенни иелік етеді. Олар клубтың ағылшын футболының бесінші және төртінші дивизионынан қалай өткенін баян ететін деректі фильм түсірген. Клуб иелері танымалдығын коммерциялық әріптестікті нығайту үшін пайдаланады.
Белгілі бір бөлігі NFL жұлдызы, "Патриоттар" даңқ залына енген Том Брэдиге тиесілі Birmingham City клубы бұрын әлдеқайда жоғарғы деңгейде ойнаған, еуропалық сайыстарға қатысқан, сонымен бірге 30 мың көрерменге арналған стадионымен мақтана алады. Бұл Wycombe Wanderers стадионынан үш есе үлкен.
Wycombe Wanderers басқаша әрекет ету дегенде "әлемдік деңгейдегі" футбол академиясын ашу жоспарын айтып отыр. Грузияда туып, Гарвардта білім алып, қаржы технологиясы саласындағы алпауыт, акциясы Nasdaq биржасында сатылатын Kaspi компаниясының тең құрылтайшысы ретінде байлыққа кенелген Михаил Ломтадзе бұл академияның филиалын Қазақстанда ашуды көздейді.
"Ойға алған дүниеміз іске асқаннан кейін мұнда қазақ ойыншыларды әкелеміз де, оларға өзіміз қалыптастырайын деп отырған үздік ортаны көрсетеміз. Біз қазақтан шыққан таланттарды іздеп табуға мүдделіміз", — дейді Райс.
ҰСАҚ-ТҮЙЕККЕ МӘН БЕРЕТІН КІШІГІРІМ КЛУБ
Қазір Wycombe Wanderers командасы жаттығуға пайдаланып жүрген Лондонның батыс шетіндегі Харлингтондағы алаң клубтың дамып жатқанынан хабар береді.
Imperial College London клубымен бірлесе пайдаланып отырған бас ғимараттың негізгі бөлігі құрылыс алаңына айналған. Қатары күннен-күнге артып келе жатқан команда мен қызметкерлерге арнап жаңа ғимарат салуға орын бөлінген.
Қалай болғанда да, қазіргі орны ойыншылардың алдыңғы маусымда пайдаланған жерінен әлдеқайда жақсы. Ол кезде команда Лондоннан солтүстік-батысқа қарай 50 шақырымдай жерде орналасқан, өздерінің Хай-Уиком қаласына жақын маңда жаттығатын.
Хай-Уикомдағы алаң балшық болғандықтан, кемінде жылына үш ай пайдалануға жарамайтын да, футболшылар жасанды жабын төселген алаңда ойнауға мәжбүр болатын. Ол қатты болғандықтан, жарақат алу жиі кездесетін.
Жазда клуб негізінен тегін трансфер және ойыншыларды жалға алу аясында болашағы зор бірнеше футболшыны алды.
Мұндай деңгейдегі клубтардың көпшілігі үшін бұл қалыпты жағдай. Алайда, өткен маусымда төменгі санатқа түсіп қалған команданы тез арада лигаға қайтару үшін маусым арасында ойыншы сатып алуға 35 миллион доллар жұмсаған Birmingham City сияқты клубтардың жөні бөлек.
Wycombe Wanderers командасының бірнеше рет қатарынан жеңіске жетуін сөз еткен Райс (Wrexham AFC және Birmingham City сынды бәсекелестері клубты соңғы рет тамыз айында ғана жеңді) табысты ойындардың алдында тағайындалған менеджер Мэтт Блумфилдтің еңбегін ерекше атап өтті.
Көзге көріне бермейтін ауқымды өзгерістер де жоқ емес.
Жаздан бері клубтың жастар академиясын ағылшын жоғары лигасындағы басымдығымен танымал Brighton and Hove Albion командасынан келген Джереми Сауэр басқарады.
Өнімділікті арттыру мақсатында бірінші команданың жаттығуын дронмен түсіреді. Харлингтон Хитроу әуежайына жақын орналасқандықтан, оларды ұшыру үшін күн сайын рұқсат алу керек.
Клуб ойыншыларды қалпына келтіруге айрықша мән беріп, спорт ғылымының үздік әдіс-тәсілдеріне қомақты қаржы салып отыр. Мұндай деңгейдегі командалар әр маусымда жан алысып, жан берісіп 46 матч ойнайтынын, мұның сыртында кубок үшін кездесулер бар екенін есепке алсақ, бұл аса маңызды.
АБРАМОВИЧ 2.0 ЕМЕС
Kaspi компаниясының Wycombe Wanderers клубына тікелей қатысы жоқ. Ломтадзе клубқа Blue Ocean Partners Ltd компаниясы арқылы иелік етеді.
Әйтсе де, бұл клубты Қазақстандағы цифрлық төлемдер мен маркетплейс қызметі саласында басым болып отырған, миллиардер Вячеслав Ким екеуі иелік ететін қаржылық технология компаниясы жаңа нарық іздеген уақытта сатып алды.
Қазан айында Kaspi Түркияның электрондық сауда саласындағы ірі ойыншы саналатын Hepsiburada компаниясы акциясының бақылау пакетін сатып алуға бір миллиард доллардан астам қаржы жұмсады. Қараша айында компания көршілес Өзбекстандағы HUMO мемлекеттік төлем жүйесін сатып алуға қатыспайтынын мәлімдеді. Ал алдында оны жекешелендіруге қызығушылық білдірген болатын.
Бұрынғы КСРО елдерінен шыққан миллиардерлердің ағылшын футбол клубтарын сатып алуы бір бұл емес.
Десе де, ресейлік олигарх Роман Абрамовичтің "Челси" клубын сатып алуының жанында Гарвардтың бизнес мектебін бітірген Ломтадзенің жобасы аса үлкен емес. Абрамович клубқа жиырма жылдай иелік етіп, 2022 жылы Ресей Украинаны басып кіргеннен кейін ғана "Челсиден" айырылды.
Қалай болғанда да, ағылшын футболындағы салыстырмалы түрде бертінде пайда болған жаңа ереже (Profit and Sustainability Rules) бір түнде "суперклуб" құруға ешқандай да мүмкіндік бермейді.
Бұл ереже клубтың шығыны мен оның билет сатудан, демеушілердің қолдауы мен басқа да коммерциялық жобадан тұрақты түрде табыс табу мүмкіндігін байланыстырады.
Қазіргі уақытта Wycombe Wanderers стадионды зорға дегенде толтырады, Азаттық сөзге тартқан Хай-Уиком тұрғындарының көпшілігі көршілес Лондондағы мейлінше ірілеу клубтардың жанкүйері екенін айтты.
Жүз жылға жуық уақыт бойы Хай-Уиком жиһаз өндірісінің орталығы болды, соған орай Wycombe Wanderers клубының лақап аты "орындықтар" болатын. Қазір ел астанасына жақын болуына орай бұл қалаға сырттан келетіндер көбірек қызығады.
Футбол матчтарынан қалмайтын жанкүйерлер 2012 жылдан 2020 жылға дейінгі аралықта, клубқа толықтай жанкүйерлер қауымдастығы иелік еткен уақытта команданың жеңісіне де, жеңілісіне де куә болды. Қазір бұл топқа Wycombe Wanderers акциясының 10 пайызы тиесілі.
Жақында сегіз жастағы қызымен бірге Wycombe Wanderers ойынын тамашалауға келген Джонни Випонд 137 жылдық тарихы бар клуб бұрын әуесқойлардың командасы болса, қазіргі дайындығы мүлдем басқа деңгейде деп санайды.
"Шамадан тыс ұмтылу бар ма десеңіз, бар деп ойлаймын", — дейді Хай-Уиком стадионына жақын маңдағы пабтардың бірінші сыралатып отырған Випонд.
ПІКІРЛЕР