"Қышымаған жерді қасудың қажеті жоқ"
Қыркүйектің басында Instagram желісінде жарияланған видеода Лола Каримова-Тилляева марқұм әкесі Өзбекстанда құбылмалы жылдары тұрақтылықты сақтай алғанын айтты.
"Мен бүгін бар жауапкершілікпен мынаны айта аламын: бірінші президент Өзбекстанды өзара азаматтық соғыстарға батырмады, ел Таяу Шығыс мемлекеттерінің, атап айтқанда, Сирияның тағдырын қайталамады. Бұл үшін бірінші президентімізге үлкен алғыс айтамын".
Лола ақпарат алаңында Ислам Каримов мұрасын кемсіту жұмыстары әлі жүріп жатыр деді. Ол бұл сөзімен "жала жабу материалдарын, тапсырыспен жазылған сұхбаттарды және тролльдер қызметін" меңзегенін білдірді.
"Бұл айыптаулардың бәрі маған күлкілі болып көрінеді. Тарихты қайта жазу мүмкін емес. Ол ел тарихында өз рөлін әлдеқашан атқарды. Ең бастысы – оның істері Өзбекстанды бүгінгі күнге жеткізді", – деді ол әкесі Ислам Каримов жайлы жылы еске алатындарға алғыс білдіріп. Ол сондай-ақ бір күні әкесі туралы тың естелік бөлісетінін айтты.
Лоланың бұл үндеуі қоғамда сынға ұшырады. Бірінші болып Журналистика және бұқаралық коммуникация университетінің ректоры Шерзодхан Кудратхожа пікір білдірді. Ол "Каримов елді апаттан құтқарды" деген сөзге күмән келтірді.
"Бәлкім кейін бізді радикалдануға әкелген 90-жылдардағы қате саясат болар? Егер парасатты, жан-жақты ойластырылған саясат жүргізілгенде мыңдаған адамның тағдырын тәлкек етпеуге болмас па еді? – деді Шерзодхан Кудратхожа. – Бәлкім бізді бұрынғы Сирияға немесе Ауғанстанға ұқсатқан күштерді Ислам Каримовтің басқару стилі тудырған болар? Олардың (Лола мен Гүлнара Каримовалар – ред.) әкелері: "Қышымаған жерді қасыма" дейтін".
Сынаушылар арасынан өзбек ақыны Дилором Исхакова сияқты өзге де қоғам қайраткерлері табылды.
"Меніңше, Өзбекстанның тәуелсіздігі Каримов елдегі барлық маңызды орындарға өзіне адал адамдарды қойып, өз позициясын нығайтып, тирания орната алатынын түсінген күні аяқталды. Бұл тәуелсіздік Каримовтің тәуелсіздігіне айналды. Ол Каримовке шексіз берілген адамдардың; оның қыздары – Гүлнара мен Лоланың тәуелсіздігі болды. Бұл олар қалағанын істеген тәуелсіздік еді. Өзбек халқы бұл тәуелсіздіктен ешқандай пайда көрмеді", – деді Исхакова өзбекстандық Paradigma.uz YouTube-арнасына берген сұхбатында.
Лола Каримова-Тилляева Instagram желісінде бұл сынға жауап қатып, "саяси дискуссияға түспейтінін" айтты:
"Бірінші президенттің қайтыс болғанының 9 жылдығына арнап жазғаныма түсініксіз реакция сұрап тапсырыс берушілердің бақытына орай, қандай да бір полемикаға кіруге саяси амбициям жоқ. Орыстың "Не буди лихо пока тихо" ("Тыныш жатқан жыланның құйрығын баспа" – ред.) деген жақсы мақалы бар".
"Өзбекстандағы бар мүлкімізді саттық"
Каримовтің кенже қызы бұған дейін ле қоғам сынына ұшыраған. Мәселен, 2011 жылы ол Rue89 француз интернет-басылымын жала жапты деп сотқа берді.
Оған Канны қаласындағы қайырымдылық кеші туралы жазылған мақала түрткі болған. Мақалада Лоланы "диктатордың қызы" деп атап, оны әпкесі Гүлнара Каримовамен бірге қымбат шаралар арқылы елінің беделін арттырғысы келеді деп айыптаған. Гүлнара ол кезде Өзбекстанның Испаниядағы елшісі болатын. Ол сондай-ақ БҰҰ-ның Женевадағы штаб-пәтерінде де өзбек елшісі қызметін атқарған. Мақала авторларының жазуынша, актриса Моника Белуччи осы кешке қатысқаны үшін 190 мың евро алған.
Каримова-Тилляева басылымнан 30 мың евро өтемақы талап еткен, бірақ сот журналистерді жақтаған. "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы соттың бұл шешімін қуаттап, оны заңды деп тапқан.
Дегенмен Каримова-Тилляева өзге жағдайларда өзіне көп назар аудартпаған. Өзбекстанда ол туралы ақпарат аз болатын.
Лола Каримова 1978 жылы Ташкентте туған. Ол Ислам және Татьяна Каримовалардың кенже қызы. Әпкесі Гүлнарадан бөлек бір әкеден туған Петр дейтін бауыры бар. Лола Ташкенттегі Әлемдік экономика және дипломатия университетінде халықаралық құқық мамандығы бойынша бакалавр және магистр дәрежелерін алған, кейін Ташкент мемлекеттік университетінде психология ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғаған.
Ресми дереккөздерден Лола Каримованың өткен өмірі туралы ақпарат табу мүмкін емес. Wikileaks сайты жариялаған АҚШ дипломатиялық хабарламаларында (2004 жылғы) белгілі бір деректер келтірілген. Онда сол кезде 26 жаста болған Лоланы "сауықшыл" деп сипаттап, оның әр түн сайын Porsche Cayenne көлігімен Ташкенттің әсем көшелерінде бой көрсететінін жазған.
Дереккөздер оның таң атқанша өзінің "бандитке ұқсайтын" жігіті әрі болашақ күйеуі – ұзақ уақыт бойы "Абу Сахийді" басқарған кәсіпкер Тимур Тилляевпен бірге қыдыруды ұнататынын айтқан. Елдегі бұл ірі сауда-көлік компаниясы тауарларды импорттаумен айналысқан, сондай-ақ Ташкенттегі аттас көтерме сауда базарына иелік еткен.
Бұл жұптың қашан үйленгені белгісіз. Олар Өзбекстанды ширек ғасыр бойы темірдей қатаң қолмен басқарған Ислам Каримовтің көзі тірісінде-ақ шетелге тұруға көшіп кеткен. Ал Каримов 2016 жылдың қыркүйегінде 78 жасында қайтыс болды.
2006 жылы Тилляевтер Ригаға қоныстанды. Кейін олар Парижге, одан соң Швейцарияға көшті. Лола Каримова-Тилляеваның үш баласы бар. 26 жастағы үлкен қызы Мариям – АҚШ-та тұратын танымал блогер және инфлюенсер.
Саяси және бизнес элитаға белсенді араласқан әпкесі Гүлнараға қарағанда, Лола қайырымдылық және мәдени жобаларды артық көрді. Ол 2002 жылы балаларға көмектесу үшін құрылған "Сен жалғыз емессің" қорын басқарды (бұл ұйым қазір немен айналысатыны белгісіз).
2007 жылы Лола Каримова-Тилляева Өзбекстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі болып тағайындалды. Ол бұл қызметті он жылдан астам атқарды. Сондай-ақ ол көп жыл бойы Өзбекстан гимнастика федерациясын басқарды, Азия гимнастика одағының құрметті президенті лауазымын атқарды және Мәскеу мемлекеттік университетінің Ташкенттегі филиалы директорының орынбасары болды.
2013 жылы Каримова-Тилляева өзінің жеке парфюмерия үйін құрды. Компанияның сайтында айтылғандай, "Лола парфюмерия өнерін зерттей бастап, фэн-шуйді көп жыл зерттегеннен кейін, осы философияға енгізілген терең идеяларды хош иістер тіліне аударатын парфюмерия үйін құру жайлы шешім қабылдады".
Өзбекстан баспасөз құралдары оның қоғамдық, мемлекеттік және басқа да қызметтері туралы мүлдем хабар таратпады. Ерлі-зайыпты Тилляевтар бұқаралық ақпарат құралдарының назарына көбінесе жанжалдар аясында ілікті. Соның бірі – шетелден қымбат жылжымайтын мүлік сатып алған кезде туған дау.
Мәселен, 2013 жылы Азаттықтың Өзбек қызметі Тилляевтардың АҚШ-тағы Le Palais (Сарай) атты зәулім үйінің құны шамамен 58 миллион доллар болады деп хабарлаған. Бұл сарайды танымал америкалық-палестиналық сәулетші Мохаммед Хадид француз сарайы стилінде жобалаған. Үй Лос-Анджелес қаласының батысындағы Беверли-Хиллзде орналасқан.
Зерттеушілердің мәліметінше, 4460 шаршы метр аумақты алып жатқан зәулім үйде жеті жатын бөлме мен 11 жуынатын бөлме, 200 қонаққа арналған банкет залы, галерея, 12 көлікке арналған жерасты гаражы және суперкинотеатр, жабық және ашық бассейн, раушан гүлдері бар төрт бақ, аққу тоғаны және екі субұрқақ бар.
Бірнеше жылдан кейін америкалық журналистер Калифорниядағы бұл зәулім үй Ислам Каримовтің кенже қызы иелік ететін жалғыз мүлік емес екенін анықтады.
2015 жылы америкалық The New York Times газеті жариялаған зерттеуде Лола Каримова-Тилляева мен оның күйеуі Лос-Анджелестен әрқайсысы бірнеше миллион доллар тұратын қымбат үй сатып алғаны айтылды. Бұл үйлер "періштелер қаласының" ең беделді аудандарының бірі саналатын, атақты адамдар жиі қоныстанатын Бель Эйрде орналасқан болуы мүмкін деп көрсетілді.
Лола Каримова-Тилляеваның меншігінде 2010 жылы 47 миллион долларға сатып алынған Женева маңындағы резиденция да болған. Бұл туралы TheBlacksea.eu тәуелсіз журналистік ұйымы жазды.
Ерлі-зайыптының адвокаттары бұл зерттеулерді терістеп, Тимур Тилляевтың кәсіпкер екенін, бұл дәулеттің Өзбекстандағы мемлекеттік ресурстарға қатысы жоғын айтқан.
"Біз оның [Лола Каримова-Тилляева – ред.] және оның жұбайы Тимурдың ешқашан отбасылық жағдайын пайдаланбағанын тағы да қайталаймыз. Ол бұрын мәлімдегендей, оның күйеуі сауда-көлік компаниясында акционер. Ол тендерлерге қатысқан жоқ және оның қызметі газ бен мақта сияқты ұлттық ресурстарға байланбаған. Тимурдың компаниясы бизнесті жүргізудің барлық ережелерін сақтайды, салық жеңілдіктері мен монополия мәртебесіне ие емес", – деп жазды адвокат 2015 жылы Азаттықтың Өзбек қызметінің жазбаша сұрауына жауап ретінде.
2013 жылы Каримова-Тилляева британдық BBC-дің Өзбек қызметіне жазбаша жауап беруге келіскен. Сұхбатта ол Женевадағы үйді ипотекаға алғанын мәлімдеді.
"Біздің дәулетімізді қалай бағалағанын білмеймін. Бізге өзге біреудің жетістігін теліп отырғанына сенімдімін. Женевадағы отбасылық үйімізге келсек, бұл біздің негізгі тұрғылықты жеріміз. Біз Өзбекстандағы бүкіл жылжымайтын мүлікті сатып, тек Ташкентте ғана пәтер қалдырдық. Өзбекстанға балаларымызбен барғанда сол жерде тұрамыз. Женевадағы үйге өз қаражатымыздан 18 пайызын төлеп, қалған сомасын банк несиесі есебінен жаптық".
2024 жылы Wall Street Journal газеті Тилляевтердің Беверли-Хиллздегі зәулім үйі 36 миллион долларға сатылғанын хабарлады.
Гүлнара Каримованың көлеңкесі
Лола көптеген жыл бойы әпкесі Гүлнараның көлеңкесінде жүрді. Әпкесі бір кездері Орталық Азиядағы ең ықпалды әйел, әкесінің ізбасары болуы ықтимал тұлға саналған.
Гүлнара Каримова әкесінің билігі тұсында-ақ қыспаққа алынып, қаржы қылмыстарын жасады деген айыппен түрмеге тоғытылды.
ВВС-ге 2013 жылы берген сұхбатында Лола әпкесімен араласпайтынын айтқан.
"Біздің араласпағанымызға 12 жылдан асты. Бұл ешқашан жасырын болған емес, мұны көп адам біледі. Арамызда туыстық та, достық та қатынас жоқ. Біз тіпті отбасылық шараларда да кездеспейміз. Қарым-қатынас жақсы болуы үшін дүниетанымның ұқсастығы немесе мінез-құлықтың сәйкестігі, не ортақ қызығушылықтар мен әдеттер болуы керек – біздің арамызда мұның ешқайсысы жоқ. Біз мүлде екі бөлек адамбыз" – деп жазды ол.
Өзбекстан басшысы қайтыс болған соң үш ай өткенде оның немересі, Гүлнараның ұлы кіші Ислам Каримов те ВВС-дің Өзбек қызметіне сұхбат берген. Ол әпкелі-сіңлілі екеуінің араздығына себепші болған адам Каримовтің өзі деп мәлімдеген:
"Анам [Гүлнара Каримова] атамның жолын қуып, математика мектебін алтын медальмен бітірді. Спортпен айналысты, қара белбеу иегері болды. Өзіндік мансабын құра бастады. Ол не істесе де, әпкем соны қайталауға тырысатын. Менің ойымша, мұның себебі – атам өмір бойы: "Неге сен әпкең сияқты бола алмайсың?" деп айтатын. Бұл оған әсер етті. Өмір бойы бір бәсеке болды. Әпкем де өзінің бір нәрсеге қабілетті екенін дәлелдегісі келді. Меніңше, жеккөрушілік сол жерден басталды".
Туыстар арасындағы суық қарым-қатынас кейінгі буынға да өткенге ұқсайды. Жақында Лоланың блогер қызы Мариям Тилляева анасымен бірталай жыл бойы араласпай жүргенін айтты:
"Уақыт өте көп нәрсе бір-біріне қабаттасып кетті. Қашан татуласатынымызды білмеймін, өйткені барған сайын мен оны танудан қалып барамын... әңгімелерге қарағанда, ол өзінен мейлінше қашып, көп нәрсені назар аударту үшін жасайтындай көрініп барады".
Бұл жазбаға Лола Каримова-Тилляева жауап бермеді.
Ерлі-зайыптының одан бөлек Омар деген ұлы, Сафия деген қызы бар. Бірақ ашық көздерде олар туралы дерек жоқ.
2016 жылғы қарашада, әкесі дүниеден озғанына екі ай толғанда Лола Ислам Каримов қорын құрды. Бұл қор қайырымдылықпен айналысып, марқұм президенттің "қағидаттарын мәңгі есте қалдыруға" жұмыс істеуі қажет болған.
Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін бір жыл өткенде Тимур Тилляевтың Өзбекстандағы компаниясы иесі мен атауын өзгертті.
Тағы бір жылдан соң Лола Каримова-Тилляева еліндегі барлық ресми қызметтерден босатылып, жұрт көзінен таса болды. Жақында әкесі туралы естелік үндеуін жариялағанға дейін назарға ілікпеді.