Accessibility links

Бурятия тұрғындары Оңтүстік Кореяға жұмысқа кетіп жатыр


Оңтүстік Корея астанасы Сеулде су жағасында отырған қыз бен жігіт. 15 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
Оңтүстік Корея астанасы Сеулде су жағасында отырған қыз бен жігіт. 15 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Бурятияда Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп баратын тұрғындар көбейіп келеді. Ол жақта Бурятияға қарағанда, күнкөріс арзан, жалақы 3-4 есе көп, жергілікті тұрғындар тіпті заңсыз еңбек мигранттарының өзіне адамгершілікпен қарайды. Делдалдар да жұмысқа орналастырғаны үшін қымбат сұрамай, 150-180 долларды місе тұтады. Оңтүстік Кореяда ресейліктер көбінесе зауыттарда, қонақүйлерде, егістік алқаптарында, теңізде және құрылыста жұмыс істейді.

Бурятияның астанасы Улан-Удэ қаласының 35 жастағы тұрғыны Эльмира Шоймполова дүкенде сатушы болып жұмыс істеген, бірақ 2014 жылдың аяғында қысқарып қалған. Жаңа жұмысқа орналасу әрекетінен түк шықпаған екі балалы әйел біразға дейін уақытша жұмыстар істеп, амалдауға мәжбүр болған, бірақ одан тапқан 15-18 мың рубль күнкөріске жетпеген.

Бір жыл әуре-сарсаңға түскен Эльмира Оңтүстік Кореяда жақсы жалақы төлейтін жұмысқа тұруға болады дегенді естіп, Сеулден 30 километр жердегі Соннам қаласына кетіп қалған. Жат елде заңсыз тұруға тура келеді деген ойдан сескенбеген. Эльмира Шоймполова күнкөріс қамымен Оңтүстік Кореяға қалай барғаны туралы айтып берді.

Эльмира Шоймполова.
Эльмира Шоймполова.

– Улан-Удэде тапқан-таянғаным екі баламды асырауға жетпеді. Біз қаланың шетінде тұрдық, ақшамның көбі жолға кететін. Бұған қоса, алған несием бар. Туыс аға-әпкем Кореяға кеткен, ол жақта жақсы ақша төлейді деп сол кісілер айтты. Бұл ел жайлы фильмдер мен интернеттен аз-маз білетінмін, бірақ ол жаққа баруды баяғыдан армандайтынмын. Қолымда шетелдік төлқұжатым да, ақшам да болған жоқ, бірақ кетуді ұйғардым. Көп ұзамай өз-өзінен бәрінің орайы келе бастады - төлқұжат та жасаттым, ақша да табыла кетті. Бәрінен балаларымды қалдыру қиын болды. Үлкен қызым 10 жаста, ұлым – жетіде. Өзімді осы екеуі үшін ақша табуға кетіп барамын ғой деп жұбаттым. Екеуін анам мен ініме қалдырып, мектепке жету оңай болу үшін орталықтан пәтер жалдап бердім.

Ресейліктердей емес, кореялықтар гастарбайтерлерге жақсы қарайды. Менсінбеу деген көзқарас сирек кездеседі.

Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасу бәрібір оңай шаруа емес екен. Ресейліктер ол жақта зауыттарда, қонақүйлерде, егістік алқаптарында, теңізде, құрылыста жұмыс істейді. Біздің жігіттерді әсіресе құрылысқа қуана-қуана жұмысқа алады, өйткені олардың денсаулығы мықты деп санайды. Қысқасы, ол жақта көбінесе қарапайым жұмысшыларды жақсы алады, ресейлік білікті мамандардың Оңтүстік Кореяда мамандығы бойынша жұмыс табуы екіталай, ол жақта бәсеке күшті. Ресейліктердей емес, кореялықтар гастарбайтерлерге жақсы қарайды. Менсінбеу деген көзқарас сирек кездеседі. Тағы бір байқағаным – жергілікті халық америкалықтарды қатты дәріптейді, солар тәрізді өмір сүргілері келеді екен. Олар тіпті гольф, бейсбол сияқты америкалық спорт түрлерімен де әуестенеді.

Көбі сол жақта орнығып қалсын деген оймен баласын АҚШ немесе Еуропаға оқуға жіберуді армандайды... Жөні түзу орын іздеп төрт ай бойы маусымдық жұмыстар істеп амалдай тұруға тура келді. Ол жақта жазда ыстық, сондықтан зауыттардың көбі апталап демалады екен, плантациядан өзге жерде жұмыс болмайды. Бірақ қайнаған күннің астында ұзаққа шыдай алмайтынымды түсіндім. Бақытыма орай, қонақүйде қызметші әйелдің жұмысы табыла кетті. Маған жалақыны қыркүйекте ғана жақсы төлей бастады, рубльмен есептегенде – 100 мыңдай шығады. Ақшаның көбін үйге жіберіп отырдым. Былтыр сәуірде інім училищені бітіріп, менің соңымнан Кореяға келді. Ол сол жақтан жұмыс тапсам деп армандаған, «Бурятияда жұмыс табу қиын, сенің несиеңді тезірек жауып тастауға көмектескім келеді, анама жер сатып әперіп, үй салар едік» дейтін. Ал балаларым анамның жанында қалды. Інім кір жуатын орында, жихаз шығаратын зауытта жұмыс істеді, біраз уақыт қонақүйде төсекке жайма төсеумен айналысып жүрді. Кореяда бұл жұмысқа ер адамдарды ғана алады, өйткені кереуеттері үлкен, сондықтан жайманы бір қыртыс қалдырмай созып, тарту керек. Кейін анамыз қайтыс болғаны жайлы хабар келді. Саша сол жақта қалды, ал мен анамды жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін елге кеттім, - деп еске алады Эльмира Шоймполова.

Көп ұзамай Сеулден «Александрды соққыға жығып кетті» деген хабар келген. Жүргіншілер жігітті жеке меншік клиникалардың біріне апарған. Эльмира әлгі түнгі оқиға қалай болғанын біраз уақыттан кейін шамалап қана анықтаған.

Эльмира Шоймполованың інісі Александр.
Эльмира Шоймполованың інісі Александр.

– 23 шілде күні Саша мен Улан-Удэде тұратын досы Андрей екеуі Сеулдің орысша сөйлейтін адамдар тұратын ауданына барыпты, - дейді көз жасын тия алмаған Эльмира. – Екеуі Кореяның оңтүстігіне кетуі тиіс болғандықтан, қонақүйге орналасқан болатын, бірақ автобусқа кешігіп қалыпты. Әлгі ауданда екеуі тағы бір таныс жігітті жолықтырып қалып, үшеуі кездескендерін «жуған» сияқты. Кейін Андрей қонақүйге қайтып кеткен, ал Саша мен әлгі таныс жігіт тағы бір жерлестерін жолықтырған. Олардың арасында төбелес болыпты. Сашаның досын денесінен, ал өзін бастан ұрған. Кейін төбелесіп жатқандарды біреулер үркіткенге ұқсайды. Саша тар, шолақ көшеге қарай қашқан. Сол жерде жағдайы нашарлаған. Полицейлер інімнің теңселіп кетіп бара жатқанын, басын ұстап отыра қалғанын, қалай құлағанын кейін видеокамералардан анықтаған. Ауруханаға апарғанда оның миына қан құйылғаны анықталған.

Саша қайтыс болғаннан кейін оның мәйітін алып кеткіміз келді, бірақ 100 мың долларды төлемей мәйітті бермейміз деді.

Бірінші операциядан кейін денесі тырыса бастаған соң, комаға жіберген. Кейін тағы екі операция жасалды. Бірақ ол сол күйі есін жимай, тура бір айдан кейін қайтыс болды. Інімнің медициналық сақтандыру полисі жоқ болатын, ол заңсыз жұмыс істеді ғой. Әлгі операцияларды санамағанда, ауруханада жатқан әр күні үшін 100 мың рубльге жуық ақша төлеу керек болды. Саша қайтыс болғаннан кейін оның мәйітін алып кеткіміз келді, бірақ 100 мың долларды төлемей мәйітті бермейміз деді. Інімнің сүйегін алып келуге жіберуді сұрап сыртқы істер министрлігінің, Оңтүстік Корея консулдығының табалдырығын тоздырдым, бірақ онымнан түк шықпады, өйткені визалық режимді бұздым ғой. Бурятиядағы адам құқығы уәкіліне барғаннан кейін ғана шаруам оңала бастады. Елшілікке клиникамен 99 пайыз жеңілдік жасау жайлы келісудің сәті түсті. Ақыры Сашаның мәйітін алдық. Мәйітті елге әкету тым қымбатқа түсетін болды, оған жарты миллион рубль керек болар еді. Сондықтан оның сүйегіне кремация жасатуды ұйғардық, ал күлін Бурятияға әкеліп шаштық.

Қазір қанша бурятиялық тұрғын Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүргенін ешкім білмейді. Бірақ республиканың экономикасына дағдарыс қатты тиді, жергілікті жұмыс берушілер жұмысшыларына 60 миллионнан көп рубль қарыз болып қалған. Бір кездері Ресейде екі мыңға жуық адамды (оның шамамен 600-і Бурятиядан) жұмыспен қамтамасыз етіп, атағы дүрілдеп тұрған "Байкалфарм" ликер-арақ зауыты 2014 жылы жабылып қалды. Оның ізінше Байкалбанк банкроттыққа ұшырап, тағы 900-ға жуық жұмыс орны жабылды. "Улан-Удэстальмост" пен "Молоко Бурятии" деген алып кәсіпорындар терең дағдарысқа тап болды. Қазір "Вконтакте" әлеуметтік желісінде Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналастыруда ақылы делдал қызметін көрсетумен айналысатын бірнеше топ бар.

Бірақ Бурятияның статистикалық қызметі 2017 жылғы мамырда Улан-Удэ кәсіпорны қызметкерлеріне төленген кесімді орташа жалақы 36 мың рубль болды деп хабарлайды. Ресми мәлімет бойынша, мамыр айының жалақысы алдыңғы аймен салыстырғанда 1,2 пайызға, ал 2016 жылғы мамырдан бері 2,4 пайызға өскен.

Бурятияның астанасы Улан-Удэ қаласы.
Бурятияның астанасы Улан-Удэ қаласы.

Улан-Удэ тұрғыны Оксана Черняева ресми статистика дерегіне қайран қалады.

– Қызық, қай жерден 36 мың жалақы табуға болады екен?! Бізде 15 мың рубль жалақы төлейтін сатушы, даяшы немесе күзетшінің орны болмаса, өзге жұмыс жоқ. Бізде электр қуаты өзге аймақтарға қарағанда қымбат, ал азық-түлік туралы тіпті айтпай-ақ қояйын. Балаларды мектепке дайындау үшін 30 мың рубльдей ақша керек. Мұндай жалақы алатын халықта ақша қайдан болады? - дейді ол.

Бізде 15 мың рубль жалақы төлейтін сатушы, даяшы немесе күзетшінің орны болмаса, өзге жұмыс жоқ.

Заңсыз мигрант мәртебесіне байланысты кезігетін қиындықтар мен қатерлерге қарамастан, Бурятиядан Оңтүстік Кореяға жастар ғана емес, жасы келген адамдар да жұмысқа кетіп жатыр. Былтыр желтоқсанда Оңтүстік Кореяда 51 жастағы Екатерина Балданова тура жұмыс орнында инсульт алып, клиникаға түсіп қалған.

– Тілмаш әйел бізге телефон соғып, операция жасату өте қымбатқа түсетінін, екі миллион рубль тұратынын хабарлады. Біз, әрине, оған келістік. Сондықтан сіңлім Кореяға бірден ұшып кетті, - дейді Екатеринаның қызы Надежда Жабаева.

Емдеу ақысының сомасы күн сайын өскен. Әйелдің туыстары таныстарынан көмек сұрап, несие алған. Көп ұзамай ауруханамен келісіп, әйелді үйге алып кетудің сәті түскен. Отбасы қарызға алған ақшаны әлі күнге толық қайтара алмаған.

Сеул қаласының түнгі көрінісі.
Сеул қаласының түнгі көрінісі.

Сібірдің өзге аймақтарының тұрғындары да Оңтүстік Кореядан жұмыс іздейді. Жоба менеджері болып жұмыс істеген 26 жастағы красноярлық Максимнің елдегі жағдайы тәуірлеу болған. Ол отбасына үй сатып алу арманы іске асар деген үмітпен шетелге кеткен.

– Красноярскіде келіншегім мен балам қалды. Ол жақта жалақым 30-40 мың рубль болған. Оңтүстік Кореяда қарапайым құрылысшы болып жұмыс істеймін. Жаңадан орналасқандарға күніне бес мың рубльден сәл көбірек төлейді. Ал көбірек жұмыс істегендердің күндік табысы 12 мыңға жетеді. Ресейде сатып алғым келетін үйге 5-7 жыл ақша жинар едім, ал мұнда ол ақшаны 2-3 жылда табамын. Оңтүстік Кореяға өзім келдім, жұмысты «ВКонтакте» әлеуметтік желісі арқылы өзім таптым. Жолым болып, ойымдағы жұмыс бірден табыла кетті. Мұнда альпомахта (биік ғимараттарды салуға арналған каркастың түрі) жұмыс істеуді көздеп келгенмін. Олар аллюминийден жасалады, атауы содан шыққан. Менің міндетім – жинау, бұзу, тиісті қабатқа көтеру. Жұмыс ауыр, икемділік пен төзімділікті қажет етеді, бірақ мұны қызықты оқиға сияқты қабылдаймын, оның үстіне жақсы ақша төлейді, - дейді Максим.

Ресейде сатып алғым келетін үйге 5-7 жыл ақша жинар едім, ал мұнда ол ақшаны 2-3 жылда табамын.

Оңтүстік Кореяда тұрғанына үш жыл болған әрі сол жақта қалғысы келетін бурятиялық тағы бір бойжеткен шын есімін атамай тәжірибесімен бөлісуге келісті. Бурятияда туып-өскен оның екі жоғары білімі бар, Красноярскіде ағаш өндіру саласында еңбек менеджері болып жұмыс істеген.

– Өмірімді өзгертуді ұйғардым, несиелерім болған, онсыз болмайды ғой, – дейді бойжеткен. – Әпкем Оңтүстік Кореяға баруға кеңес берді, Бурятияда бұл тенденция енді қызып келе жатқан. Ақыры неге бармасқа деген ой келді. Ақша табу үшін ол жаққа солай аттандым. Интернеттен егістік алқабында жұмыс істеуді ұсынған делдал таптым. Ондай жұмысқа жарамайтынымды түсінуге бір күн жетті. Мен ол жаққа күздің соңында келгенмін, ол жақта қар жауып жатыр екен, күн суық. Мен егістікте жұмыс істеуге үйренбегенмін. Үйде тіпті картоп отырғызып көрген емеспін. Ал ол жақта 12 сағат бойы жұмыс істеу керек, бұған шыдай алмадым. Таңертең бүкіл денем сырқырап, орнымнан тұра алмай қалдым. Кейін тағы бір делдал әйел тауып, жаңа жұмысқа орналастым. Қазір тоңазытқыш, кереует, теледидар, телефон, шкаф, плита, шәйнек, кір жуғыш машина, кондиционер, шапшаң интернет сияқты қажет дүниенің бәрі бар пәтерді жалға алып тұрамын. Оған шамамен 17 мың рубль төлеймін. Бәрінің ақысы осы соманың ішіне енеді. Егер заңды мәртебем болса үйге демалыс кезінде ғана барар едім. Біздің ел өркениеттен мешеу қалғаны мұнда барлық жағынан көрініп тұрады. Мысалы, маған оларда қоғамдық көлік жүйесін қалай ұйымдастырып қойғаны ұнайды. Автобусқа отырамын да, жол ақыны транспорттық карточкамен төлеймін.

Кірген және шыққан кезде оны арнайы мониторға жақындатасыз, ал сізден қанша ақша алу керегін жүйе өзі шешеді. Егер 30 минут ішінде өзге көлікке, тіпті метроға отырсаңыз да сізден ақша алмайды. Біздегі сияқты қайтсек қалтасын қағамыз деп емес, жол ақысын төлеп қойдыңыз деп есептеледі. Мұнда бәрі халық үшін жасалған. Бүкіл жерде тегін вай-фай бар. Ұшқыр поездар жүреді. Қарапайым дүкендерде арзан бағаға жеңіл-желпі тамақтануға болады, бүкіл жерде суды тегін ішуге болатын кулерлер тұрады, - дейді ол.

Бойжеткен қазір Оңтүстік Кореяда автомобиль зауытында жұмыс істейді. Бұрандаларды бұрап, оларды қораптарға, ал қораптарды паллеттерге салады.

Үйде ата-анам, бауырым күтіп отыр, оларға көмектесемін, жалақымның 70 мыңға жуығын соларға жіберемін, өзіме шамамен 15 мыңдайын қалдырамын.

– Темір-терсек салынған қораптардың қандай ауыр болатынын білмейсіз ғой. Жұмыс жеңіл емес, бірақ жайлы дегеннің не екенін, билік азаматтарына жағдай жасай алатынын осында келіп түсіндім. Маған мұнда бәрі ұнайды, тек отбасымды қатты сағынамын. Үйде ата-анам, бауырым күтіп отыр, оларға көмектесемін, жалақымның 70 мыңға жуығын соларға жіберемін, өзіме шамамен 15 мыңдайын қалдырамын, маған жетеді. Баспана мен тамақпен жұмыс беруші қамтамасыз етеді. Жеке гигиенаға қажет заттар мен кейде дәмді бірдеңе сатып алуға ғана ақша жұмсаймын. Бір жарым жылдан кейін ешқандай делдалсыз жақсы жұмысқа орналасудың сәті түсті. Тіл білсең және еңбекққор болсаң, Кореяда жұртқа сіңіп кетесің, - дейді бойжеткен.

Оның айтуынша, медициналық қызмет түрлерін алу тіпті заңсыз мигрант үшін де онша проблема емес.

Оңтүстік Кореяда өзіңнің сақтандыру полисіңмен біреуді емдетуге рұқсат етеді.

– Ақысын төлесең, медициналық көмек алу қиын емес. Ал негізі бастық өзінің сақтандыру полисімен бізді ауруханаға апарып, дәрігерлерге көрсете алады. Бір рет мені тіс дәрігеріне апарған. Айтпақшы, Оңтүстік Кореяда өзіңнің сақтандыру полисіңмен біреуді емдетуге рұқсат етеді. Ауыр жарақатты, мысалы егер саусағыңнан айырылсаң, емдеу 150-300 мың рубльге дейін тұрады. Кәрістер – әділ халық екен. Бірде мынадай жағдай болды. Дүкеннен нан сатып алдым. Көгерген нан екенін үйге келгенде ғана байқадым. Дүкенге қайта баруға уақыт болмады. Бір аптадан кейін әлгі дүкенге кірсем: «Сіз нан алып па едіңіз?» деп сұрайды. «Иә, бірақ ол көгеріп кеткен нан екен» дедім. Олар маған жаңа нан берді. Олар бәрін видеокамерадан қарап отырады, беделін түсіріп алудан қатты қорқады. Бір айтарым, Оңтүстік Корея жалқаулар мен әлсіз адамдарға арналған орын емес. Жүгенсіз қылық көрсеткендерді де сыйдырмайды. Мұнда ішімдік бірер копейка тұрады, ал зардабы ауыр болуы мүмкін.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Эдуард Акопянның мақаласынан аударылды.)

XS
SM
MD
LG