Accessibility links

Билікті нығайту ма, жемқорлықпен күрес пе? Қырғызстанда бұрынғы басшылар неге ұсталып жатыр?


Солдан оңға қарай: экс-депутат Ысқақ Пирматов, депутат Торобай Зулпукаров, экс-премьер Өмірбек Бабанов, депутат Асылбек Жээнбеков және экс-депутат Талантбек Ұзақбаев.
Солдан оңға қарай: экс-депутат Ысқақ Пирматов, депутат Торобай Зулпукаров, экс-премьер Өмірбек Бабанов, депутат Асылбек Жээнбеков және экс-депутат Талантбек Ұзақбаев.

Қырғызстан ел тарихындағы жемқорлықпен күрестің ең ірі науқанын бастап, "Құмтөр" алтын кеніне байланысты бұрынғы үкімет басшыларын, басқа да лауазымды адамдарды бірінен соң бірін қамап, тергеп-тексеріп жатыр. Бұл іске не түрткі болды? Жақында ғана Конституциясын өзгертіп, парламенттік басқарудан президенттік формаға өткен Қырғызстандағы бұл оқиғаның саяси астары жоқ па?

КІМДЕР, НЕ ҮШІН ҚАМАЛДЫ?

31 мамырда Қырғызстан парламенті – Жогорку кеңеш депутаттары Асылбек Жээнбеков пен Торобай Зулпукаров екі айға қамалды. Сол күні елдің бұрынғы премьер-министрі Өмірбек Бабанов, бұрынғы депутаттар Ысқақ Пирматов пен Талантбек Ұзақбаев 48 сағатқа ұсталды. Бұған қоса, елдің бұрынғы премьер-министрлері Игорь Чудинов пен Темір Сариевтен де жауап алынды.

Бұлардың барлығы Қырғызстандағы алтын өндіретін ең ірі кен орны – "Құмтөрдегі" жемқорлық мәселесіне байланысты тергеліп жатыр. Жоғары лауазымды тұлғалардың кейбіріне "жемқорлық" бабы бойынша айып тағылса, кейбірі әлі куәгер ретінде қарастырылып отыр.

Асылбек Жээнбековті қолдап акция өткізген жақтастары. Қарақұлжа ауданы, Қырғызстан. 1 маусым 2021 жыл.
Асылбек Жээнбековті қолдап акция өткізген жақтастары. Қарақұлжа ауданы, Қырғызстан. 1 маусым 2021 жыл.

Ресми айып тағылған Асылбек Жээнбеков – Қырғызстан Жогорку кеңешінің үш шақырылымында депутат болған, 6-шақырылымда екі жыл спикер қызметін атқарған адам әрі ол былтыр парламент сайлауынан кейінгі жаппай наразылық кезінде биліктен кеткен президент Сооронбай Жээнбековтың інісі. Ал Зулпукаров қазір түрмеде отырған экс-президент Алмазбек Атамбаев басқарған Қырғызстан социал-демократиялық партиясынан 2010-15 жылдар аралығында парламент депутаты болған.

2011-12 жылдары Қырғызстан премьер-министрі қызметін атқарған Өмірбек Бабанов – елдегі ең ықпалды әрі ауқатты саясаткерлердің бірі. 2017 жылы президент сайлауында Сооронбай Жээнбековтың басты қарсыласы болған тұста Бабановтың үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалған.

Экс-премьер Өмірбек Бабановқа қолдау білдіріп, оның ісін қарап жатқан аудандық соттың алдына жиналған адамдар. Бішкек, 1 маусым 2021 жыл.
Экс-премьер Өмірбек Бабановқа қолдау білдіріп, оның ісін қарап жатқан аудандық соттың алдына жиналған адамдар. Бішкек, 1 маусым 2021 жыл.

Былтыр Бабанов президент сайлауына түспейтінін айтып, Садыр Жапаровқа қолдау білдірген. Биыл наурызда ол Қырғызстан бюджетіне 100 млн сом көмек ақша аударып, содан соң оның үстінен қозғалған қылмыстық істер тоқтатылған.

ОЛАРҒА ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ?

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, елдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінде (ҰҚМК) "Құмтөр" кенішіне байланысты тергеу жүріп жатыр. Асылбек Жээнбеков пен Торобай Зулпукаров Қырғызстан қылмыстық кодексінің "Жемқорлық" бабы бойынша қылмыс жасады деп айыпталып, екі айға қамалды.

ҰҚМК баспасөз хатшысы Назгүл Қыдыралиеваның айтуынша, ҰҚМК, бас прокуратура және ішкі істер министрлігі тергеушілерінен құралған "ведомствоаралық тергеу тобы "Құмтөр" кен орнын игерудің түрлі кезеңдеріндегі жемқорлық фактілері бойынша" істі қарап жатыр, соның аясында елдің бұрынғы премьер-министрі Бабанов 48 сағатқа ұсталған.

Қырғыз парламенті депутаты Ақылбек Жапаров.
Қырғыз парламенті депутаты Ақылбек Жапаров.

Мұның алдында, 2021 жылғы ақпанда "Құмтөрдің" жұмысын тексеру үшін құрылған мемлекеттік комиссия төрағасы Ақылбек Жапаров канадалық компаниямен келіссөздер жүргізіп, Қырғызстанның мүддесіне сай келмейтін келісімдерді мақұлдаған бұрынғы лауазымды тұлғаларды жауапқа тартуға шақырған.

Жапаров канадалық компанияға артықшылық пен салық жеңілдігін беруде және табысты бөлісуде қырғыз мүддесін "сатып кеткендер" туралы дерек барын айтқан.

"ҚҰМТӨРДЕ" ҚАНДАЙ ДАУ БОЛЫП ЖАТЫР?

"Құмтөр" – Қырғызстанның ең ірі алтын кеніші, оны канадалық Centerra Gold Inc. компаниясы игеріп жатыр, Қырғызстанның ондағы үлесі – 26 пайыз.

"Құмтөр" – Қырғызстанның ең ірі алтын кеніші.
"Құмтөр" – Қырғызстанның ең ірі алтын кеніші.

17 мамырда Қырғызстан парламенті "Құмтөр" компаниясының жұмысын тексерген мемлекеттік комиссияның есебін тыңдады. Комиссия түрлі талапты бұзғаны үшін компаниядан 460 млрд сом (5,5 млрд доллар) өндіруді талап етті. Жогорку кеңеш "Құмтөрде" сыртқы басқарушы енгізуді ұсынып, мұны президент Жапаров қолдады.

Мемлекеттік комиссияның ұйғарымы бойынша, Қырғызстан бұл кенішті игергелі бері одан 1,5 млрд доллар пайда көрсе, Centerra Gold Inc. – 11,5 млрд доллар табыс тапқан. Компания өкілдері мұнымен келіспейді әрі үкіметтің шешімдеріне наразылық білдіріп, халықаралық арбитраж сотына жүгініп жатыр.

Түрлі саясаткерлердің, құқық қорғаушылардың айтуынша, "Құмтөрдің" пайдасы аз, табиғатқа зиян мекемеге айналуына Қырғызстан тарихындағы көп басшылардың қатысы болған. Алғаш өзге бір канадалық компаниямен шарт жасасқан елдің бірінші президенті Асқар Ақаев үкіметінен бастап, кейінгі президенттердің тұсында да алтын кенішіне қатысты тиімсіз шешімдер қабылданған.

ІСТІҢ САЯСИ АСТАРЫ ЖОҚ ПА?

Былтыр күзде өткен парламент сайлауы кезінде болған халық наразылығынан соң түрмеден шығарылып, билікке келген президент Садыр Жапаров кейінгі кезде билікті қолына шоғырландырып жатыр. Ол билікке келе сала парламенттік басқарудан президенттік басқару формасына ауысуды ұсынып, жаңа Конституция жобасын жариялады.

Бұл Конституция биыл 11 сәуірде өткен референдумда қабылданды. Кей саясаткерлер "Құмтөр" дауының аясында кей адамдарды алалап қудалау жүріп жатыр деп санайды.

Мәселен, қамауға алынған Асылбек Жээнбековтың адвокаты Давран Қасымовтың айтуынша, бұл қылмыстық істің "саяси астары бар". Жээнбековтың бар "айыбы" – 2012 жылы "Құмтөрді" тексеруге байланысты парламент комиссиясы жұмыс істеген тұста Жогорку кеңештің төрағасы болғаны дейді ол. Бұл комиссияны қазіргі президент Садыр Жапаров басқарған. Олар мәселенің жай-жапсарын қарайтын мемлекеттік комиссия құру жөніндегі ұжымдық шешім ғана қабылдаған.

Өмірбек Бабановтың адвокаты да экс-премьерді бұл іс бойынша неге ұстағанын түсінбейтінін айтады.

Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Өмірбек Бабанов.
Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Өмірбек Бабанов.

– Ол (Бабанов – ред.) 2011 жылғы желтоқсаннан 2012 жылғы тамызға дейін премьер-министр болды. Осы аралықта ол екі әрекет қана жасады: "Кумтор Голд Компанидың" табиғатты қорғау заңдарын сақтау мәселесіне байланысты комиссия құрды және 16330 гектар жерді "Құмтөрге" беру жөніндегі бұрынғы кабинет жетекшісі Данияр Үсенов қол қойған қаулының күшін қойды, – деді оның адвокаты Амантұр Әбдірахманов.

Қырғызстанның бірінші президенті, қазір Мәскеуде тұратын Асқар Ақаев "Құмтөр" ісі бойынша басты кінәлі адам – оның жұмысын тексеру жөніндегі соңғы комиссияны басқарып, бұрынғы басшыларға кінә таққан депутат Ақылбек Жапаровтың өзі деді.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев.
Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев.

Ақылбек Жапаровтың бұрынғы басшыларды айыптаудағы "өз мүддесі бар", ол – басқаларды кінәлі етіп шығару деді қырғыз экс-президенті.

Ақаев Жапаровтың "Құмтөрге" 1990 жылдары алғаш келген канадалық компаниямен келіссөз жүргізуге де, кейінгі басқа келісімшарттарды жасауға да тікелей қатысқанын айтады. Сондықтан, "басты айыпты – оның өзі болуы керек" дейді Ақаев.

1 маусымда президент Садыр Жапаров "Құмтөрді" тергеу жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы Ақылбек Жапаровты экономика министрі етіп тағайындады. Фамилиялары бірдей болғанымен, бұл екі саясаткердің арасында туыстық жақындық жоқ.

БҰЛ НАЗАРДЫ БАСҚА ЖАҚҚА БҰРУ МА?

"Құмтөрді" мемлекет қарамағына өткізу арқылы Бішкек қандай жетістікке жетуі мүмкін? Қырғыз сарапшысы Еділ Байсалов 2016 жылы "Құмтөрге" қатысты кезекті іс қозғалғанда кенішті "саяси құрал" деп атаған және оның айналасындағы оқиғалардан билік халықтың назарын аударуға тырысып жатқандай көрінеді деген.

– Жұрттың бәрі үнемі "Құмтөр" туралы айтады, бірақ мұның еш мәні жоқ. Біз ЕЭО-ға (Еуразия экономикалық одағы – ред.) кіріп, жеңіліс таптық. Тұрмыс қиындап барады. Халықтың назарын басқа жаққа бұру әрекеті жасалып жатыр, – деген еді сарапшы.

"Құмтөр" алтын кенішіндегі техника.
"Құмтөр" алтын кенішіндегі техника.

Жапаров үкіметінің де "Құмтөр" бойынша жаңа іс бастауын осындай алдарқату әрекетіне балап жатқан сарапшылар бар.

"Садыр Жапаров пен оның айналасындағылар билікке нық отырғысы келеді, бұл үшін оларға ішкі саясаттағы оң өзгерісті паш ететін ірі жеңістер қажет. Әкімшілік даулы қырғыз-өзбек шекарасы мәселесінде сәтсіздікке ұшырады, Тәжікстанмен шекарадағы қақтығыс та оған жақсы атақ әкелмеді. Президенттің айналасындағылар "Құмтөрден" канадалықтарды ығыстырсақ, биліктің рейтингі өседі деп санайды" дейді Дағдарыстарды зерттеу орталығының (CSRC) сарапшысы Наталья Харитонова Deutsche Welle сайтына берген сұхбатында.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG