Accessibility links

Қырғызстанның бұрынғы бас прокуроры жемқорлық күдігіне ілінді


Қырғызстанның бұрынғы бас прокуроры Индира Жолдубаева.
Қырғызстанның бұрынғы бас прокуроры Индира Жолдубаева.

Қырғызстанның бұрынғы бас прокуроры қылмыскерді түрмеден заңсыз босату ісіне байланысты жемқорлық күдігіне ілініп, үйқамаққа алынды. Бұл іс бойынша айып тағылған бұрынғы бір топ жоғары лауазымды шенеуніктің арасында экс-президент те бар.

КҮДІКТІНІ ҮЙҚАМАҚТА ҰСТАУ ТУРАЛЫ СОТ ШЕШІМІ

Қырғызстан ішкі істер министрлігі тамыздың 20-сы күні елдің бұрынғы бас прокуроры Индира Жолдубаеваға қарсы жемқорлық күдігімен қылмыстық іс қозғаған. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады. 40 жастағы бұрынғы бас прокурор қылмыс әлемінің өкілі Азиз Батукаевты түрмеден заңсыз босату ісіне байланысты күдікке ілінген.

ІІМ хабарлауынша, Бішкектің Бірінші мамыр аудандық соты тергеу кезінде Индира Жолдубаеваны үйқамақта ұстау туралы шешім шығарған.

Мамандығы заңгер Индира Жолдубаева 2009 жылдан бастап мемлекеттік органдарда түрлі қызмет атқарған. 2010 жылы Қырғызстанда билік ауысқаннан кейін ол сол кездегі үкімет жетекшісі Алмазбек Атамбаевтың аппаратында құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі болып істеген. 2011 жылдан бастап Қырғызстан президенті аппаратының сот реформасы және заңдылық бөлімін басқарған Индира Жолдубаева 2015 жылғы қаңтарда президент Атамбаевтың ұсынысымен бас прокурор болып тағайындалған.

Индира Жолдубаева бас прокурор болып тұрған кезде Қырғызстанда оппозиция өкілдерінің үстінен қылмыстық істер қозғалып, сотқа дейін жеткен. Олардың кейбіреуі сот үкімімен бас еркіндігінен айырылған.

2018 жылғы сәуірде Жогорку кеңеш (парламент) Индира Жолдубаеваны қызметінен босату туралы елдің қазіргі президенті Сооронбай Жээнбековтің ұсынысын көпшілік дауыспен мақұлдаған.

БАТУКАЕВТЫҢ ІСІ

2013 жылы сәуірдің 9-ы күні Нарын қалалық соты қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айыпты деп танылып, 2006 жылы 16 жылға бас бостандығынан айырылған соң түрмеде жазасын өтеп жатқан Азиз Батукаевты дәрігерлердің "айықпас дертке шалдыққан" деген қорытындысы негізінде қамаудан мерзімінен бұрын бостандыққа шығару туралы шешім қабылдаған. Түрмеден шыққан Батукаевтың қазір қайда жүргені белгісіз.

Азиз Батукаевтың Нарында түрмеде отырған кезде түскен суреті.
Азиз Батукаевтың Нарында түрмеде отырған кезде түскен суреті.

2019 жылдың басында бұл іс бойынша тергеу қайта қозғалып, арасында бұрын жоғары лауазымды қызметте болған шенеуніктер де бар 20 шақты адам күдікті ретінде ұсталған. Күдіктілер арасында Қырғызстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Динара Сагинбаева, Нарын облысы прокурорының бұрынғы орынбасары Майрамбек Акматалиев, премьер-министрдің бұрынғы орынбасары Шамиль Атаханов және бұрынғы тағы бір бас прокурор Аида Салянова бар. Олардың бәрі сот шешімімен үйқамақта отыр.

Осы іс бойынша Қырғызстан қорғаныс кеңесінің бұрынғы хатшысы Бусурманкул Табалдиевке іздеу жарияланған.

АТАМБАЕВҚА ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТАР

Азиз Батукаевты түрмеден заңсыз босату ісіне байланысты Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевқа да айып тағылған. Өзіне бірнеше рет шақырту жіберген тергеушілерге барудан бас тартқан Атамбаев өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, мұны қазіргі билік саяси мақсатпен қолдан жасап отыр деп мәлімдеген. Ол тамыздың 7-і күні Бішкек маңындағы Кой-Таш ауылына бұрынғы президентті тергеуге күштеп жеткізу үшін барған арнайы жасаққа бағынбай, қарсылық көрсеткен. Екі күнге жалғасқан қақтығыстар барысында арнайы жасақтың бір офицері қаза тауып, 170-тен астам адам зардап шеккен. Ресми ақпарат бойынша, жараланғандардың арасында күш құрылымдарының 79 қызметкері бар.

Жақтастарымен бірге Кой-Таштағы үйіне бекінген Алмазбек Атамбаев тамыздың 8-і күні күш құрылымдарына берілгеннен кейін Бішкекке жеткізіліп, Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің (МҰҚК) тергеу абақтысына қамалған. Тамыздың 16-сы күні МҰҚК ғимаратында көшпелі отырысын өткізген Бішкек қалалық соты Атамбаевты тамыздың 26-сына дейін қамауда қалдыру туралы аудандық сот шығарған шешімді күшінде қалдырды. Жабық өткен сотқа бұрынғы президенттің туыстары мен БАҚ өкілдерін қатыстырмады.

Биыл мамырда Қырғызстанда бұрынғы президентке тиіспеушілік туралы заңға өзгертулер енгізілгеннен кейін маусымның соңында парламент экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған Атамбаевқа сол кезде құрылған депутаттық комиссия бірнеше айып таққан еді.

Атамбаев ол айыптарды жоққа шығарып, оларды "саяси астармен қолдан құрастырылған" деп атаған.

Атамбаевтың адвокаты Сергей Слесарев тамыздың 15-і күні Азаттыққа берген сұхбатында қамауда отырған бұрынғы президентке қазіргі кезде жалпы саны 14 айып тағылғаны туралы мәлімдеген. Атамбаевқа билік өкілдеріне күш көрсету, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, адам өлтіруге оқталу, кепілге адам алу, заңсыз қару ұстау және жемқорлықпен бірге Азиз Батукаевты түрмеден заңсыз босату ісі бойынша да айып тағылған.

Атамбаевтың туыстары мен жақтастары билік оны саяси бәсекелес ретінде қуғынға салып отыр деп санайды. Қырғызстан билігі Атамбаевқа тағылған айыптардың саяси астары барын жоққа шығарады.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалдары негізінде дайындалды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG