"Бірнеше айдан бері хабар-ошар жоқ"
Жетісу облысы Ақсу ауданында тұратын 80 жастағы Рәзиқан Мұсабек Қытайдағы баласы, қазақ ақыны Білісбек Әбдіразаққа былтырдан бері сұрау салып келеді. Айтуынша, ұлы Қытайда не себепті қамауға алынғанын білмейді. Кейуана баласы Қытай азаматы болса да, өзі Қазақстан азаматы екенін айтып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрап отыр.
– Бір жыл болды дауысын ести алмай сағынып, сарғайып, көзімнің жасы да таусылды... Баламның дауысын бір естіртіп, маған кеңшілік етесіздер ме? Мен сияқты бәріңнің анаң бар. Бәріңнің анаң сағынып-сарғаяды, – деді Рәзиқан Мұсабек көмек сұраған видеоүндеуінде.
Туыстарының сөзіне қарағанда, Білісбек Әбдіразақ 2025 жылдың желтоқсанында ұсталған. Бұл жөнінде туыстарына ақынның әйелі хабарлаған. Биыл қыркүйек айында Туыстары Қытайдан келген таныстарынан Білісбек Әбдіразақ Үрімжі қаласында сот басталуын күтіп жатыр дегенді естіген. Бұдан өзге мәлімет жоқ, қандай айып тағылғанынан өздері бейхабар.
– Жеңгем келіп алып кетті деп қана айтты. Сосын 3 айға дейін 20 күн, 1 айдай уақыт салып хабарласып тұрған. Одан кейін ағам хабарласпаған, – деді ақынның бауыры Қыдырбек Сұлтанбек Азаттық радиосына.
58 жастағы Білісбек Әбдіразақ – Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі "Іле айдыны" журналында редактор, Іле қазақ облысы жазушылар қоғамының бас хатшысы қызметтерін атқарған.
1999 жылы Қазақстанға келіп, Алматыдағы әл Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде журналист мамандығы бойынша білімін жетілдірген. 2001 жылы Қазақстан жазушылар одағына қабылданған. 2003 жылы Қытайға оралған.
Білісбек Әбдіразақтың төте жазумен "Ай бетіндегі ауыл", "Күлкінің құлагері", "Аққудың көз жасы", "Қарқара қасіреті" және "Қытай қазақ ақпарат-баспа сөзінің қысқаша тарихы" сынды өлең, тарихи роман және публицистикалық кітаптары жарық көрген. 2004 жылы Астанада "Елорда" баспасынан "Ақсақ бөрі" деген жыр жинағы кирилл қарпімен басылып шыққан.
Әбдіразақ деп атасының тегін алғанымен, ақынның құжаттағы фамилиясы – Сұлтанбек.
Қаламгерлердің президент Тоқаевқа жазған хаты
Әлеуметтік желіде Білісбек Әбдіразақтың қамалғаны туралы хабарға алаңдап отырғандардың қатары мол. Солардың бірі – "Гүлжан Тоқтасын" деген YouTube-арнаның авторы. Өз арнасына ол Білісбек Әбдіразақтың "Қарқара қасіреті" деген шығармасын аудио түрінде жариялаған. Шығарма орыс патшасы өкіметінің отарлық саясаты жөнінде.
– "Қытайға босып өткен халықтың тарихын тарихи деректер негізінде баяндайды" деп жазылған [кіріспеде]. Қарқара өңіріндегі көтерілістің себебі мен салдары, патша өкіметінің отарлық саясатын және халықтың көрген құқайын архив материалдары мен ауызша деректер арқылы саралаған. Осындай керемет кітапты жазған адам ол жақта, шынымен де, аман жүруі, қысымға ұшырамай жүруі деген өтірік әңгіме, – дейді арна авторы.
Қазақстандағы қаламдастары да Білісбек Әбдіразақтың ұсталуына тарихи еңбектері түрткі болуы ықтимал деген ойда. Олар кейінгі уақытта ресми Пекин аз ұлттардың зиялы қауымына қарсы қудалау науқанын күшейтті деп естігендерін айтады.
– Кейінгі жылдары ол кісі әдеби-тарихи зерттеулер жасады. Мысалы, Шыңжаң қазақтарының баспасөз тарихы туралы кітап жазды деп естідім. Одан сырт Қарқара көтерілісі туралы монография, тарихи романдар жазған. Ол жақта кейінгі екі-үш жылда [ұсталғандар туралы] сөз көп. Үрімжіде бір топ зиялы қауымды ұстапты деп естідік. Ол туралы бұл жақтағы баспасөз беттерінде жазылды. 2017 жылдан басталған саяси лагерге қамау науқаны зиялы қауымға, таңдаулы адамдарға бағытталды деген де қауесет бар. Осы жаққа келіп жатқан ақпараттардан біліп жатамыз. Ішінен іріктеп, белгілі бір адамдарды нысанаға алған болуы мүмкін, – деді ақын Тоқтарәлі Таңжарық.
Түркі елдері жазушылары одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет бірнеше жыл бұрын Қытайға барған сапарында Білісбек Әбдіразақпен жолығыпты. Ол Шыңжаңда тәртіп қатаңдағанын байқаған.
– Мен бір жылы Құлжа қаласына барғанымда жолықтық. Бірақ арғы бетте бір науқан болып жатыр екен. Көшеде әскер жүрді деген сияқты… Ол жақтағылардың біріне-бірін тексертіп қойған ба... Қоғамдық көлікте тексеріс болып жатты. Біз олардың арасында жүрген жоқпыз. Біздің қонақүйге сол жақтағы ақындар келіп амандасып, дастархандас болдық. Олар өлеңдерін оқыды. Ақын болғаннан кейін бір-біріне үйір болады ғой. Солардың ішінде Білісбек болған. "Кезінде сенімен елге келген жігіттер жерсініп, сіңіп қалды. Сен де сіңіп кетесің, орныңды табасың, елге кел, атамекенің" дедім. "Түбі келем ғой, аға"деді. Одан кейін көрген жоқпын. Үрімжі, Алтай, Тарбағатай, Іледегі беткеұстар интеллигенцияны ұстап қамады дегенді естіп жүрміз. Бірен-саран шыққандары да бар. Әдебиеттің, мәдениеттің белді өкілдерінің бостандыққа шыққаны керек-ақ, – деді Ұлықбек Есдәулет.
Биыл Ұлықбек Есдәулетпен қатар Ғалым Жайлыбай, Тұрсын Жұртбай, Серік Ақсұңқар сынды бірқатар қаламгер қол қойып, Білісбек Әбдіразақты бостандыққа шығаруға қол ұшын созуын сұрап, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған.
"Соңғы жылдары сіздің ықпалыңызбен екі ел арасындағы әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық жоғары деңгейге көтерілді. Қытай төрағасы Си Цзиньпин мырзамен достық қарым-қатынасыңыз екі елдің байланысын стратегиялық әріптестікке жеткізді. Дәл осындай жағдайда Білісбек Әбдіразақ секілді қаламдасымыздың белгісіз себептен тұтқындалуы бізді қатты алаңдатып отыр. ...Араша түсуіңізді сұраймыз", деп жазылған хатта.
Мұндай хаттарды ақынның туыстары да Ақорда мен сыртқы істер министрлігіне бірнеше рет жөнелткен.
Хат авторлары "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсiздiгi туралы" заңына сүйенеді. Заңның 8-бабында "Қазақстан Республикасы Республика шегiнен тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiлдiк қажеттерін қанағаттандыруға қамқорлық жасайды, олар азаматы болып отырған мемлекеттермен жасалған шарттар негiзiнде бұл азаматтардың мүдделерiн қорғайды" деп жазылған.
Қазақстан билігінің жауабы
Ал ол хаттарға жауап берген ресми Астана "Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясына" басымдық береді. Яғни, шетел азаматының ісі – сол елдің ішкі шаруасы дейді қазақ билігі.
"Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының" 41-бабының 1-тармақшасына сәйкес, мемлекеттер бір-бірінің ішкі істеріне араласпауы керек. Сонымен бірге Консулдық жарғыға сүйенсек, министрлік шет елдерде Қазақстан азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөнінде шаралар қабылдайды. Білісбек Сұлтанбекұлы – Қытай Халық Республикасының азаматы, оның мәселесі сол елдің заңнамасымен реттеледі" делінген Қазақстан сыртқы істер министрлігінің жауабында.
Азаттық Білісбек Сұлтанбекұлы Әбдіразаққа қандай айып тағылғанын, тергеуге шығармаларының қатысы бар-жоғын сұрап Қытайдың Қазақстандағы елшілігіне ресми хат жолдады. Осы материал жарияланғанға дейін жауап келген жоқ.
2024 жылы "Жас Алаш" газеті Қытайда 22 адам ұсталғанын жазған. Олар: қаламгер, ғалым және мұғалімдер. Басылымдар осы кезден бері Қытайда зиялы қауым өкілдері қудалауға ұшырады деп хабарлаған.
Қытай 2017 жылдан бастап Шыңжаңдағы аз ұлттарға қарсы бақылау мен қамау науқанын жүргізіп келеді. Қытай билігі қамау орындарын "кәсіби даярлау орталықтары" деп атайды. Халықаралық ұйымдар мұндай мекемелерге адамдар сотсыз қамалып, мәжбүрлі еңбекке жегіліп жатыр деп мәлімдемелер жасаған. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2022 жылғы есебінде ресми Пекиннің әрекетін "адамзатқа қарсы қылмыс болуы мүмкін" деп бағалаған. Пекин айыптаулардың бәрін жоққа шығарды.
Биыл ресми Пекин "Этностық бірлік пен прогреске ықпал ету туралы" деп аталатын заң қабылдады. Бұл құжат 56 этностың бірлігін күшейтеді деп түсіндірді. Билікке сын көзімен қарайтындар болса, бұл жаңа заң ежелден өз жерін мекендеп келе жатқан ұйғыр, қазақ, тибеттіктерді қытайландыруды көздейді, аз ұлттардың тілі мен мәдениетіне ауыр соққы жасалуы мүмкін деп наразы пікірлер айтты.