Accessibility links

Сұралған жәбірленушілердің көбі айыпталушыларды кінәламайды


Арнайы полиция жасағы күзетте тұр. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл
Арнайы полиция жасағы күзетте тұр. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл

Жаңаөзен оқиғасына қатысты сотта жәбірленушілерді сұрау жалғасып жатыр. Сотқа қатысып отырған қоғамдық комиссия өкілдері жәбірленушілердің «айыпталушыларды кінәлау» мен «өтемақыдан бас тарту» мәселесінде шатасып қалатындығын айтады.

Бұған дейін адвокаттар қамауда отырған жаралы айыпталушылардың денсаулығы нашарлағанын, олардың жазасын үйқамаққа ауыстыру туралы өтініш түсірген еді.

ҮЙҚАМАҚҚА ШЫҒАРУ

Сотқа қатысып жатқан «Жаңаөзен-2011» халықаралық комитетінің өкілі Ерлан Қалиевтің айтуынша, сәуірдің 2-сі күні болған сотта судья Аралбай Нағашыбаев айыпталушылардың халін тексеру үшін денсаулық сақтау басқармасынан комиссия (төрағасы Орынбасарова, құрамында 5 адам) құрылып, өткен демалыс күндері айыпталушылардың денсаулығын қарағанын айтқан.

- Өтебеков, Ерғазев, Өскентаев, Шамшинов, Қойшыбаев, тағы басқа - барлығы он адам. Комиссия оларды стационарлы жағдайда емдетуге қажеттілік жоқ деген шешім шығарған. Комиссияның шешіміне сүйене отырып, судья «оларға қолданылған жаза түрі бұрынғыдай қала береді» деді, - дейді Ерлан Қалиев.

Өткен аптада дәл осындай өтінішті қараған судья айыпталушылардың бірі Әнуарбек Тәженовтың жарасы асқынып бара жатқанына байланысты оны үйқамаққа шығарған болатын.

«БӘРІНЕ БІРДЕЙ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛСЫН!»

Ақпарат бойынша, бүгін адвокаттар судьяға бірнеше өтініш түсірген.
ҚазТАГ агенттігінің хабарлауынша, адвокат Гүлнар Жуаспаева айыпталушылардың бірі - Қалиевке сот залында «ерекше жағдай» жасалғанын, оның өзгелерден бөлек жағдайда отырғызылғанын, бұған қоса өзгелер қол жеткізе алмаған мүмкіндік - адвокатымен сөйлесіп отырғанын айтып, айыпталушылардың барлығына бірдей жағдай жасау туралы судьяға өтініш айтқан.
Жаңаөзен сотының теле-трансляциясын көріп отырған айыпталушылардың туыстары. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл
Жаңаөзен сотының теле-трансляциясын көріп отырған айыпталушылардың туыстары. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл

Қалиевтің залға өзге айыпталушылардан бөлек кіріп-шығып жүргенін жазған оппозиция белсендісі Андрей Цуканов Facebook («Фейсбук») әлеуметтік желісінде «Айыптау қорытындысымен таныс адам Қалиевтің тергеу кезінде бірнеше айыпталушыға қарсы куәлік бергенін біледі» деп жазады.

Twitter-дегі жазбалар бойынша, Қалиев судьядан өзгелермен бірге отыруға рұқсат сұраған.

Ақпарат бойынша, бұдан бөлек, адвокаттар сот процесінің ұзақ, әрі күрделі болуына байланысты әрбір сот отырысының хаттамасын алу туралы, сонымен бірге прокурорлардың өзін-өзін таныстырып отыруы туралы өтініш беріп, судья барлығын да қанағаттандырған.

ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕР

Қазіргі күнге дейін шамамен 50-ден астам жәбірленуші сұралып, олардың жартысынан астамы айыпталушы мұнайшыларға ешқандай арыз-өкпелері жоқ екенін айтты.

Ақпарат бойынша, бүгінгі сотта түске дейін шамамен онға жуық жәбірленуші сұралып, олардың да жартысынан астамы сол жауапты қайталаған.
Негізінен мекеме өкілдері «арыздарынан бас тартпаған».
Қоғамдық комиссия өкілі Жәнібек Қожықтың айтуынша, негізінен мекеме өкілдері «арыздарынан бас тартпаған».

Нақтырақ айтсақ, дүйсенбіде өткен сот отырысында 1 миллион 415 мың теңге көлемінде шығын көрген «Халықтық банктің» зейнетақы қорының Жаңаөзен қалалық бөлімшесінің өкілі, 200 мың теңге материалдық тұрғыда залал шеккен «Дастарқан» супермаркетінің өкілі сияқты азаматтар болған.

«Жаңаөзен-2011» халықаралық комитетінің өкілі Ерлан Қалиевтің айтуынша, дәл осы мекеме өкілдері сұрақтарға тосылып, жауап бере алмай, ақырында судья оларға қосымша дайындалуға уақыт берген.

"БІЗ БАЛАЛАРДЫ КІНӘЛАМАЙМЫЗ, МЕМЛЕКЕТТІ КІНӘЛАЙМЫЗ"

Сотқа қатысып жатқан қоғам белсенділері тағы бір жайтқа назар аударып отыр.
Бұл – айыпталушы мұнайшыларға кінә тақпау мен мемлекеттік өтемақыдан бас тартпау мәселесінің арасындағы жәбірленушілер үшін «бұлыңғыр тұс».

Ерлан Қалиевтің айтуынша, осы бұлыңғыр тұсты сәтті пайдаланған мемлекеттік айыптаушылар жәбірленушілерге «егер арыздарыңыздан бас тартсаңыздар, онда шығындарыңызды да ешкім төлеп бермейді» деп тікелей айтпаса да, соған меңзеген.
Жаңаөзен сотынан көрініс. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.
Жаңаөзен сотынан көрініс. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.

- Жәбірленушілер адамша: «Біз бұл балаларды кіналамаймыз, мемлекетті кінәлаймыз. Шығынымызды да мемлекеттің төлегенін қалаймыз» десе, прокурорлар араласып: «Сіздер нақты арыздарыңыздан бас тартасыздар ма, әлде жоқ па?» деп сұрақ қояды. Олар: «Әрине, бас тартпаймыз. Біз материалдық тұрғыда залал көрдік. Одан қалайша бас тартамыз? Бас тартпаймыз» деп жауап береді. Сосын айыптаушылар «Міне, олар бас тартып отырған жоқ» деп айтады, - дейді Ерлан Қалиев.

Бұл тұсқа байланысты Андрей Цуканов та сәуірдің 2-сі күні Facebook әлеуметтік желісінде былай пікірін айтқан екен.

«Бір жағынан, оларға (жәбірленушілер – ред.) материалдық тұрғыда шығын келген. Екінші жағынан алып қарағанда, олар бұл шығынға қамауда отырған адамдардың қатысы бар деп ойламайды.
Арызынан бас тартқан сондай жәбірленушілердің біріне қол соққаны үшін сотқа қатысқан бір азаматты судья залдан қуып шықты.
Мысалы, «Дүкеніңізді қиратты деген адамның саусақ таңбалары сізге көрсетілді ме?» деп сұраған адвокаттардың сұрағына жәбірленушілердің бірі: «Жоқ» деп жауап беріп, темір торда отырғандардың ешқайсысын көрмегенін айтты. Жәбірленушілерге бұл қылмыстық істе айыпталушыларға арызым жоқ деп айтуға құқығы бар екенін, мемлекеттік органдардың үстінен жеке азаматтық шағым түсіре алатынын ешкім айтып түсіндірмеген. Бірақ жәбірленушілердің құқықтық сауаттылығының төмен екеніне қарамастан олардың көбісі ішкі түйсікпен арыздарынан бас тартып жатыр» деп жазады.

«Кәсіпкерлер арыздарынан ауызша бас тартып отыр ма, жоқ жазбаша ма?» деген Азаттық тілшісінің сұрағына өткен аптада сотта сұралған кәсіпкер Зияда Айтбаева «жазбаша түрде» деп жауап берді.

- Өткенде соттан шыққан күні мені алдымнан сондағы адамдар күтіп алды. Сөйтіп, қайтадан арыз жаздым. Бірақ онда маған ұнамаған бір нәрсе болды. Арыздағы «қайткенде дұрыс шешім қабылдаңыз, жаза қолданыңыз» деген тіркес. Мен «бұл сөзді жаза алмаймын. Өйткені арызды қайтарып алып тұрып, мынадай жаза қолданыңыз деп қалай жазам? Жазбаймын» дедім. Жанымдағы бір қыз да «Иә, дұрыс айтасыз. Адам қалай ниет етіп тұрса соны жазу керек қой» деді. Сөйтіп, жазған жоқпын. Бірақ алдымдағы басқа бір қыз сол тіркесті жазғандай болды.

Зияда Айтбаева сұралған өзге жәбірленушілердің мұндай арыз жазған-жазбағанын білмейтінін айтты.

ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕР ТІЗІМІНЕН ШЫҚҚЫСЫ КЕЛЕТІН ПОЛИЦЕЙ

Ал қазақстандық Tengrinews ақпарат агенттігінің хабарлауынша, сәуірдің 2-сі өткен сот отырысында жәбірленуші полиция қызметкерлерінің бірі жауап берген. Ол былтырғы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен қаласының орталық алаңында болған толқу кезінде жараланғанын мәлімдеген. Полицей айыпталушылардың ешқайсысын бұрын көрмегенін, оларға ешқандай арыз-талабы жоқ екенін айтып, өзін жәбірленушілер тізімінен шығарып тастауды сұраған.

Twitter-дегі жазбалар бойынша, түстен кейін сұралған жәбірленушілер де мұнайшыларға еш кінә таға алмайтындықтарын айтқан. Twit хабарларда арызынан бас тартқан сондай жәбірленушілердің біріне қол соққаны үшін сотқа қатысқан бір азаматты судьяның залдан қуып шыққаны туралы жазылады.

Жаңаөзен оқиғасына байланысты наурыздың 27-сі күні басталған сот Ақтау қаласындағы «Арман» орталығында өтіп жатыр. Сотқа 37 айыпталушы, 100-ден аса жәбірленуші, 45 куәгер мен 6 мемлекеттік айыптаушы қатысып отыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG