Accessibility links

АҚШ Канадада тұратын «қазақстандықты» «хакер» деп ұстатты


CBC/Radio-Canada-ның Кәрім Баратов туралы мақаласындағы суреттің скриншоты. Канада, Онтарио, 2017 жылдың наурызы.
CBC/Radio-Canada-ның Кәрім Баратов туралы мақаласындағы суреттің скриншоты. Канада, Онтарио, 2017 жылдың наурызы.

АҚШ билігі Ресей барлау қызметінің екі өкілі мен тағы екі хакерге интернет алпауыты Yahoo желілеріне «бұзып кірді» деген айып тақты. Хакердің бірі ретінде Қазақстанда туған Канада тұрғыны Кәрім Баратов аталады. Yahoo аккаунттарын жаппай бұзып кіру оқиғасы 2014 жылы болған еді.

АҚШ әділет департаменті мен ФБР (АҚШ тергеу бюросы) екі хакер мен Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) екі тыңшысына қылмыстық іс қозғалғанын наурыздың 15-і хабарлады.

ФСБ қызметкерлерінің аты – жөні: Дмитрий Докучаев пен оның бастығы Игорь Сущин. Докучаев Мәскеуде ұсталып, «отанын сатты» деген айыппен тергеліп жатыр. Ал АҚШ шенеуніктері Баратовтан басқа екінші хакердің есімі Алексей Белан екенін хабарлады.

Yahoo былтыр «2014 жылы 500 миллион қолданушының аккаунты бұзылғанын» мәлімдеген болатын. Ағылшын тілді ақпарат құралдарының кейбірі Кәрім Баратовты «қазақстандық-канадалық азамат» деп сипаттайды. АҚШ билігі Баратовтың «Вашингтонның өтінішімен наурыздың 14-і күні Канадада ұсталғанын» хабарлады.

АҚШ ТАҚҚАН АЙЫПТАР

АҚШ ресми органдары тағып отырған айыптар 2016 жылы осы елде өткен президент сайлауына Ресейдің «араласуына» қатысты тәрізді. ФБР қазір осы күдікті тексеріп жатыр, сайлау кезінде Демократиялық партияның ұлттық комитеті серверін хакерлер бұзып кірген деген ақпарат тараған еді. Бұл жөнінде Ресейдің Вашингтондағы елшілігі өкілі Николай Лахонин Кремльдің бұл айыптауға қатысты қандай да бір мәлімдемесі жоқ екенін хабарлаған. Лахонин Азаттық тілшісіне Ресейдің «Спутник» ақпарат агенттігінің «АҚШ ресми тұлғалары Ресейден Yahoo аккаунттарын бұзу ісін тергеуге қатысты ешқандай көмек сұрамады» деген ақпарат таратқанын да ескертті.

CBC/Radio-Canada-ның Кәрім Баратов туралы мақаласының скриншоты.
CBC/Radio-Canada-ның Кәрім Баратов туралы мақаласының скриншоты.

Ал Мәскеуде қамауда отырған ФСБ-нің ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі қызметкері Докучаев желтоқсан айында тұтқындалған. Ресейлік БАҚ ақпаратына қарағанда Докучаев- Forb псевдонимімен жұмыс істеген бұрынғы хакер. Докучаевпен бірге ұсталған ФСБ офицері Сергей Михайлов туралы АҚШ билігінің айыптау актісінде ештеңе айтылмаған. Ақпараттарға қарағанда, Михайловтің белгілі хакерлік топ - «Шалтай-Болтайға» қатысы бар. Олар кезінде Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевтің, президент әкімшілігінің, қорғаныс министрлігінің электрондық хаттарына бұзып кірген еді.

Докучаевтың адвокаты Иван Павловтың айтуынша, оларға "АҚШ барлауына құпия ақпараттарды берді" деген айып тағылған. Докучаевтармен бірге Kaspersky Lab жеке компаниясында жұмыс істеген, Ресей ішкі істер министрлігінің бұрынғы қызметкері Руслан Стоянов та тұтқындалған. Мұндай тұтқындаулар мен ресейлік БАҚ-та жарияланған кейбір құпия ақпараттарға қарағанда хакерлердің барлау қызметтерімен байланысы бар тәрізді.

АҚШ билігі "Беланды 2012-2013 жылдары ФБР іздегенін, 2013 жылы Интерполға оны ұстау туралы ордер берілгенін" хабарлады. Ол Еуропада бір мәрте ұсталып, кейін Ресейге қашып кеткен. АҚШ ресми тұлғалары "Беланды Ресей Yahoo желілеріне бұзып кіру үшін пайдаланды" дейді. АҚШ әділет департаментінің айыптау актісінде "2014 жылы Белан Докучаев пен Сущиннің нұсқауымен Yahoo кодтарын ұрлаған" деп жазылған.

ФБР-дің хакерлік шабуыл жасады деп айыпталған ресейлік Дмитрий Докучаев пен Алексей Белан және Игорь Сущинге жариялаған іздеуі.
ФБР-дің хакерлік шабуыл жасады деп айыпталған ресейлік Дмитрий Докучаев пен Алексей Белан және Игорь Сущинге жариялаған іздеуі.

Ресейлік БАҚ тұтқындалған ФСБ қызметкерлері қатарында Сущиннің аты-жөнін атамайды. Ресейлік журналистер Докучаевтың бастығы деп Михайловты көрсетеді. Азаттықтың "тұтқындалған ФСБ қызметкерлеріне Сущиннің қатысы бар-жоғы" туралы сауалына Павлов "Мен бұл туралы айта алмаймын" деп жауап берген.

КӘРІМ БАРАТОВ КІМ?

АҚШ әділет департаменті таратқан айыптау актісіндегі ақпаратқа қарағанда, 22 жастағы күдікті Кәрім Баратов "Кәрім Таловеров" және "Кәрім Ахмет Тоқбергенов" деген аттармен белгілі. Ол «Қазақстан мен Канада азаматы».

Канадалық БАҚ Кәрім Баратовтың осы елдің Онтарио өңірі Анкастер қаласындағы үйінде сейсенбі күні ұсталғанын жазады. БАҚ ақпаратына қарағанда, Баратовтың Ресей журналистерінің, АҚШ және Ресей шенеуніктері мен кәсіпкерлерінің интернеттегі есептік жазбаларын бұзуға қатысы болуы мүмкін.

CBC/Radio-Canada "Анкастердегі тыныш көше сейсенбі күні халықаралық даудың шоғырланған жеріне айналды" деп жазады. БАҚ Баратовтың бұл көшедегі үйін "үш бірдей жатын бөлмесі бар үлкен баспана" ретінде, ал өзін "қымбат көліктерге құмар жігіт" ретінде сипаттаған. Баратовтың көршілері журналистерге оның саяқ жүргенін, өздерімен араласпағанын айтқан. Instagram-дағы Баратовтың парақшасына 30 мыңдай адам жазылған, ол Aston Martin, Audi, Mercedes және BMW сияқты қымбат көліктер суретін жиі жариялаған. Ол өзін "7-сериялы BMW көлігін мінуге лайық және алғашқы үйінің ипотекасын төлеуге шамасы жететін білімді азаматпын" деп суреттеген.

ФБР-дің Алексей Беланға іздеу жариялағаны туралы ақпараты.
ФБР-дің Алексей Беланға іздеу жариялағаны туралы ақпараты.

Көршілер дүйсенбі күні Баратовтың үйінің алдында "үйдің сатылатыны" туралы хабарландыру пайда болғанын айтады. Канадалық БАҚ онлайн-сервисте үй бағасы 929 мың доллар деп көрсетілгенін жазды. Сәрсенбі күні журналистер үйге кірмек болғанда, оның жабық тұрғаны белгілі болды.

Америкалық The Wall Street Journal газеті күдікті Кәрім Баратовтың интернетте өзін бай адам ретінде көрсеткенін жазады. Ол "интернетте карьера жасау үшін мектепті тастап кеткенін" баяндаған. Газет "интернеттегі карьера арқылы ол байыған тәрізді" дейді. Мақалада Баратовтың интернетте Rolex сағаттарын тағып, қымбат темекілермен, экзотикалық көліктермен түскен суреттерін жариялағаны айтылған.

CBC/Radio-Canada-ның Кәрім Баратовтың үйі деп көрсеткен суретінің скриншоты.
CBC/Radio-Canada-ның Кәрім Баратовтың үйі деп көрсеткен суретінің скриншоты.

Канадалық БАҚ-тың жазуынша, Баратов АҚШ сотына жалғыз өзі қатысуы мүмкін, өйткені Ресейде ұсталған адамдар Кремль мен Вашингтон арасында күдіктілерді беру туралы келісім жасалмағандықтан, сотқа қатыса алмайды.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Twitter арқылы наурыздың 15-і күні Канадада ұсталған Кәрім Баратовтың Қазақстан азаматтығынан 2011 жылы шығып кеткенін хабарлады.

XS
SM
MD
LG