Accessibility links

Түрмедегі Берік Әбдірахмановтың тағдыры


Сотталушы Берік Әбдірахмановтың Ақтөбеге этаппен жөнелтілер алдында, Қарағанды тергеу абақтысында түскен суреті. 2017 жылдың қаңтары. Суретті Берік Әбдірахмановтың туыстары жолдаған.
Сотталушы Берік Әбдірахмановтың Ақтөбеге этаппен жөнелтілер алдында, Қарағанды тергеу абақтысында түскен суреті. 2017 жылдың қаңтары. Суретті Берік Әбдірахмановтың туыстары жолдаған.

Түрмеде отырған Берік Әбдірахмановтың үстінен биыл мамыр айында үшінші іс қозғалды. Шамамен алты айдан кейін ол «тартқан азаптарыма айыпты жандар» деп бірнеше адамды көрсетіп, «ақтық хатын» жазған. Қазан айының аяғында Әбдірахмановты тағы да карцерге қамаған. Туыстары оған қысым жасалып жатыр дейді. Билік оны терістеп, тұтқын Әбдірахмановты «нашар» жағынан сипаттайды.

Гүлім Әбдірахманова Ақтөбе қаласындағы тергеу абақтысында жазасын өтеп жатқан күйеуі, 39 жастағы тұтқын Берік Әбдірахмановтың түрмедегі жағдайына байланысты Азаттық редакциясына хат жолдады. Әйелінің сөзінше, оны «діни-радикалдық» баптар бойынша, оның ішінде діни араздықты қоздырғаны үшін және Қазақстанда тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир» діни ұйымына мүше болғаны үшін 2009 жылы тұтқындап, алты жылға соттаған. «Ол кезде алты адам сотталған еді, оларды төрт жылдан жеті жылға дейін мерзімге түрмеге кескен. Бәрі жазасын өтеп, бостандыққа шығып алды. Ал менің күйеуіме түрмеде отырғанына үш жыл болғанда, яғни 2012 жылы жаңа мерзім қосты» деп жазады Әбдірахманова.

Гүлім Әбдірахманованың жазуынша, күйеуін түрмеге түскен кезден бері үнемі азаптап, ұрып-соғып келеді. Оның сөзінше, түрлі құзырлы мекемелерге жазған шағымдарына «азаптау мен ұрып-соғу болған жоқ» деген сырғытпа жауаптар келген. 2018 жылғы мамырда күйеуінің жаза мерзімі бітуі тиіс, бірақ Әбдірахманованың сөзінше, биыл күйеуінің үстінен жаңа қылмыстық іс қозғалған. Әбдірахманованың жазуынша, екі мәрте туберкулезге шалдығып, аяғындағы қан тамырларында түйіндер (варикоз) пайда болған ерінің тән азабы тіпті көбейген. Бұған қоса, оның жазуынша, «оны тізесін бүгіп жүруге мәжбүрлеген кезде варикоздан қатты қиналады».

Гүлім Әбдірахманова хатының соңында «Күйеуімнің өмірі үшін қатты қорқамын, енді қашанға дейін төзетінін білмеймін... Жуырда ол ақтық хатын жазды, өйткені оны өлтіруге әрекет жасалып, сосын суидцид деп көрсете салуы мүмкін» деп жазған. Ол күйеуінің «өліп кетсем, осылар айыпты» деген лауазымды тұлғаларды көрсеткен.

«ӨЛІП КЕТСЕМ, ОСЫЛАР АЙЫПТЫ»

Ақтөбедегі тергеу абақтысында (КА-168/1 мекемесі) жазасын өтеп жатқан 39 жастағы Берік Әбдірахманов қазан айының басында адвокат арқылы (туыстары адвокаттың аты-жөнін көрсетпеуді өтінді) туыстарына Ақтөбе қаласы прокуроры Ғани Әміровтің атына жазған шағымын беріп жіберген. Тұтқын Әбдірахманов әлгі шағымында лауазымды тұлғалар тарапынан «қысымға ұшырағанын», өзін біреулердің «өлтіруі мүмкін» екенін жазған.

Берік Әбдірахмановтың шағымының фрагменті. 2017 жылдың қазаны.
Берік Әбдірахмановтың шағымының фрагменті. 2017 жылдың қазаны.

Тұтқын Әбдірахманов «Маған қарсы тыйым салынған ұрып-соғу сияқты және моральдық, психологиялық қысым тәсілдері қолданылып жатыр...» деп жазған әрі тізімде екі прокурор, тергеуші және түрме әкімшілігінің кей қызметкерлерінің аты-жөнін көрсеткен.

Тұтқын Әбдірахманов шағымын (оны «ақтық хат» деп те түсінуге болады) «Жоғарыда аталған тұлғалардың құқығымды бұзғаны және тыйым салынған тәсілдерді қолданғаны жайлы тексеру барысында жан-жақты баяндап беруге әзірмін. Алда-жалда өліп кетсем, ажалыма осы лауазымды тұлғаларды айыпты деп санауды өтінемін. Шағымымды тексеріп, заңды құқықтарымды қалпына келтіруді сұраймын» деп аяқтаған.

Берік Әбдірахмановтың шағымының фрагменті. 2017 жылдың қазаны.
Берік Әбдірахмановтың шағымының фрагменті. 2017 жылдың қазаны.

Сондықтан Гүлім Әбдірахманова құзырлы органдардың бәрін шағымданып, арыз жолдаған, қазір кейбірінен жауап алып та үлгерген. Мысалы, ішкі істер министрлігіне (ІІМ) қарасты ішкі қауіпсіздік департаменті бастығының орынбасары, полковник Талғат Шаяхметов қазанның 20-сы жолдаған жауабында Әбдірахманованың арызы қарауға қабылданғаны жайлы хабарлайды.

Полковник Талғат Шаяхметов «Аталған арыз Ақпаратты есепке алу кітабына тіркелді және тексеру үшін Ақтөбе облысы ІІД-нің (ішкі істер департаменті – ред.) ішкі қауіпсіздік басқармасына жолданды. Нәтижелері және қабылданған процессуалдық шешім туралы Сізге осы бөлімше хабарлайтын болады» деп жазған.

Бірақ Гүлім Әбдірахманова құзырлы мекемелерге арыз жазуын тоқтатпаған.

Президент әкімшілігінің жалпы бөлімі Гүлім Әбдірахмановаға «Сіздің арызыңызды қарау үшін ол Қазақстан Республикасы бас прокуратурасына жолданды әрі олардан қабылданған шешім жайлы Сізге хабарлауды өтінгенімізді хабарлаймыз» деп жазған.

Гүлім Әбдірахманованың арызы бас прокуратурадан Ақтөбе облысы прокуратурасына, ал ол жақтан Ақтөбе қаласы прокуратурасына жолданған.

2017 жылы қарашаның 1-і күні Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары Данияр Сыздықов Ақтөбе қаласы прокурорына «Күйеуі Б.Е.Әбдірахмановтың қылмыстық қудалау органы әрекеттеріне қарсылығы туралы жазған Г.К.Әбдірахманованың арызы қарау үшін жолданып отыр. Арызды қарау нәтижелері туралы арыз авторына хабарлауыңызды сұраймын» деген тапсырма берген әрі арызы жолданғаны жайлы Гүлім Әбдірахмановаға да хабарлаған.

Майор Макаровтың айтуынша, карцерде отырған тұтқын Әбдірахмановқа «үш уақ тамақ береді, ешкім қол тигізбеген». Азаттық тілшісінің «Қалжың емес пе?» деген сұрағына майор Макаров «Жоқ, қалжың емес. Шынымен солай» деп жауап берді.

Гүлім Әбдірахманова тиісті мекемелерден келген мұндай хаттарды «сырғытпа жауаптар» деп атайды. Ал қазан айының соңында оның күйеуін карцерге тағы қамаған. Туыстарының сөзінше, карцерге оны бұрын да жиі қамаған. Бірақ жаңа қылмыстық іс қозғалып әрі ол «ақтық хатын» жазған тұста карцерге қамау тұтқын Әбдірахмановтың туыстарын алаңдатқан.

Бірақ билік тұтқын Берік Әбдірахмановқа қатігездік көрсету фактісін жоққа шығарады, оның өзін нашар жағынан сипаттайды.

«ҮШ УАҚ ТАМАҚ БЕРЕДІ, ҚОЛ ТИГІЗБЕГЕН»

Қазан айының аяғында тергеу абақтысына барған мемлекеттік адвокат тұтқын Берік Әбдірахмановтың әйеліне күйеуі 10 тәулікке карцерге қамалғаны туралы хабарлаған. (Биыл мамырдың аяғында «бағынбау» бабымен жаңа қылмыстық іс қозғалуына байланысты Әбдірахмановтың мүддесін қорғау үшін мемлекеттік адвокат тағайындалған).

Тұтқын Берік Әбдірахмановтың карцерде отырғанын Азаттықпен телефон арқылы сөйлескен тергеу абақтысы бастығы міндетін атқарушы майор Нұрмағанбет Макаров та растады. Бірақ ол тұтқынға қатігездік көрсету фактісін жоққа шығарды. Майор Макаровтың айтуынша, карцерде отырған тұтқын Әбдірахмановқа «үш уақ тамақ береді, ешкім қол тигізбеген». Азаттық тілшісінің «Қалжың емес пе?» деген сұрағына майор Макаров «Жоқ, қалжың емес. Шынымен солай» деп жауап берді.

Айып абақтысында қамауда отырған Әбдірахманов Б.Е. оның алдында билік өкілдері, яғни қызметтік міндеттерін орындау үстіндегі әрі форма киген әкімшілік қызметкерлері тұрғанын біле тұра ішкі тәртіп талаптарын орындаудан бас тартып, оларға қасақана бағынбай қойған, тіпті әкімшілік қызметкерлерін дөрекі сөздермен балағаттай бастаған.

Ақтөбедегі түрмеде (КА-168/1 мекемесі) отырған тұтқын Берік Әбдірахмановтың үстінен қылмыстық-түзету мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбады (қылмыстық кодекстің 428-бабы 1-бөлімі) деген күдікпен биыл мамырдың 27-сі күні қылмыстық іс қозғалған. Ақтөбе қаласы ішкі істер басқармасының тергеушісі подполковник А.Қалиеваның қаулысына сәйкес, биыл мамырдың 25-і күні таңғы тексеру кезінде түрме қызметкерлері айыппұл абақтысында отырған тұтқын Берік Әбдірахмановтан өзін «таныстыруды», яғни «атын, тегін, әкесінің атын, қай бап бойынша сотталғанын және жаза мерзімін атауды, бұған қоса қолдарын артқа ұстауды талап еткен».

Тергеуші Қалиеваның қаулысында «Айып абақтысында қамауда отырған Әбдірахманов Б.Е. оның алдында билік өкілдері, яғни қызметтік міндеттерін орындау үстіндегі әрі форма киген әкімшілік қызметкерлері тұрғанын біле тұра ішкі тәртіп талаптарын орындаудан бас тартып, оларға қасақана бағынбай қойған, тіпті әкімшілік қызметкерлерін дөрекі сөздермен балағаттай бастаған» деп жазылған.

Тергеуші Қалиева «Осылайша, Әбдрахманов Б.Е. Қазақстан қылмыстық кодексінің 428-бабы 1-бөлімінде қарастырылған қылмыс жасады, яғни қылмыстық-түзету мекемесі әкімшілігі талаптарына бағынбады» деген қорытынды жасаған әрі тұтқын Әбдірахмановтың үстінен қылмыстық іс қозғау кезінде осы қаулыға сүйенген.

Тұтқынның әйелі тергеуші Қалиеваға сілтеме жасай отырып Азаттыққа «Берік Әбдірахмановтың жаңа ісіне қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жолданғанын» хабарлады.

«ӨЗБЕК ТЕХНОЛОГИЯСЫ»

Түрмедегі жағдайының нашарлап кетуіне Тұтқын Әбдірахмановтың өзі де, туыстары да түрме жүйесін және оны бақылау құрылымдарындағы «түрме жүйесі мүддесіне қызмет етуші» лауазымды тұлғаларды айыптаса, билік бүкіл кінәні тұтқынның өзіне аударады.

Мысалы, Берік Әбдірахмановтың қарындасының Ақтөбе тергеу абақтысы қызметкерлерінің заңға қайшы әрекеттеріне қатысты шағымына 2017 жылғы маусымның 12-сінде Ақтөбе облысының сол кездегі прокуроры Нұрғалым Әбдіров «түрме режимін бұзғаны және әкімшілік талаптарына бағынбағаны үшін Б.Әбдірахманов жазасын өтеп жатқан кезден бері 14 рет жазаға тартылып, 8 рет карцер мен тәртіптік абақтыға (ДИЗО) қамалды» деген жауап жазған. Әбдіров «Ақтөбе облысы мекемелеріндегі шаралардың бәрі негізді қолданылған, ал [тұтқынның] тәртіп бұзғанын құжаттар және видеожазба растайды» дейді.

Бұған қоса, Әбдіров тұтқынның қарындасы шағымданған тергеу абақтысы әкімшілігінің әрекеттері «заңды» екенін жазған.

Прокурор Әбдіров «Тексеру нәтижелеріне сәйкес, әкімшілік тарапынан заң бұзылғаны анықталмады... Баяндалған жайттарға байланысты прокурор тарапынан шара қолдануға негіз жоқ» деп жазған.

Қазақстандағы адам құқығы бюросы директорының орынбасары Денис Дживага Азаттықпен әңгімесінде тұтқын Берік Әбдірахмановқа қатысты қалыптасқан ауыр жағдайда кімнің дұрыс, кімнің бұрыс (туыстары ма әлде түрме әкімшілігі ме) екеніне кесімді төрелік айтудан бас тартты. Бірақ құқық қорғаушының сөзінше, Қазақстан түрмелерінде тұтқындар түрме әкімшілігіне толық кіріптар, сондықтан оларға қысым жасау, оның ішінде азаптау фактілері мүлде дәлелденбейді деуге болады.

Денис Дживаганың айтуынша, тіпті егер тұтқын іс жүзінде азаптаудан қайтыс болса да - ал оның қазасын жасырып қала алмайды, сондықтан қылмыстық іс қозғалады, істі бәрібір «азаптау» бабы емес, өзге, мысалы «қызметтік өкілетін асыра қолдану» сияқты жеңіл баптармен қозғайды. Құқық қорғаушының пікірінше, мұның бәрі түрме әкімшілігі қызметкерлерінің тұтқындарға үстемдігін жүргізуіне мүмкіндік береді, ал құқығын қорғағысы келетін тұтқындарды мүлде дәрменсіз етеді.

Денис Дживаганың сөзінше, мұндай жағдай Қазақстан түрмелерінде бұрыннан бар, бірақ 2015 жылғы қаңтардың 1-інен бастап жаңа қылмыстық кодекс күшіне енгеннен кейін тұтқындардың жағдайы тіпті нашарлай түскен, өйткені заң түрме әкімшілігіне көбірек құқық беретін «репрессияға» бейім етіп жасалған.

- Енді, жалпақ тілмен айтқанда, әр түшкірікті заң бұзуға жатқызып, іс қозғауға болады –дейді Денис Дживага.

Мына жағдай түрмеден шығармау үшін «діни» бап бойынша сотталғандарға екі-үш жылды қосып қоятын «өзбекстандық технология» екені айдан анық. Қазір «қызметкерлерге бағынбады», «тәртіп бұзды» деген желеулермен мұны тіпті жиі пайдаланады.

Гүлім Әбдірахманова көмек сұрап жүгінген Қазақстандағы адам құқығы бюросы директоры Евгений Жовтистің айтуынша, адвокат жалдауға ол басқаратын ұйымда қазір қаражат жоқ. Ал тұтқын Берік Әбдірахмановтың жағдайына қатысты Жовтис қазір Қазақстан билігі «өзбек технологиясын» барынша пайдаланып жатыр дейді.

- Мына жағдай түрмеден шығармау үшін «діни» бап бойынша сотталғандарға екі-үш жылды қосып қоятын «өзбекстандық технология» екені айдан анық. Қазір «қызметкерлерге бағынбады», «тәртіп бұзды» деген желеулермен мұны тіпті жиі пайдаланады, - дейді Евгений Жовтис.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 17 қазан 2016 жыл.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 17 қазан 2016 жыл.

Туыстары «егер түрме әкімшілігі мен прокуратураның Берік туралы жазғандарын оқысаң, ол қылмыскер болып туған» дейді. Ал олар оны қамқор әке (қызы 10-да, ұлы сегіз жаста) және аяулы жар деп санайды. Берік Әбдірахманов түрмеге түскенге дейін футбол ойнаумен әуестенген, жергілікті команданың лидері болған. Берік Әбдірахмановтың туыстары мен сыныптастары оны қайырымды жан, тілге шешен, тура мінезді және сөзіне берік адам деп сипаттайды. Туыстары ертеректе оны «сыбайластарын» көрсетуге де, видеокамера алдында діни көзқарасынан бас тартуға да көндіре алмай қойған түрме билігі мен арнайы қызметтің шүйлігіп алуына оның дәл осы қасиеттері себеп болуы мүмкін деп болжайды.

2010 жылы тамыздың 3-і күні Астананың Сарыарқа аудандық соты Берік Әбдірахмановты діни араздықты қоздырды, заңмен тыйым салынған діни ұйымға мүше болды және терроризмді насихаттады деген айыптармен алты жылға соттаған. Жаза мерзімін өтеу 2009 жылғы қазанның 3-інен бастап есептелген.

2013 жылғы ақпанның 13-і күні (ол кезде Әбдірахманов түрмеде отырған) Павлодар қалалық соты діни араздықты қоздырды деген айыппен оны төрт жылға соттаған. Өтелген және өтелмеген мерзімдерін алып-қосқанда, екінші іс бойынша үкім кесілген күннен бастап ол түрмеде бес жыл алты ай отыруы тиіс болған.

Берік Әбдірахмановтың әскерде жүрген кезі (екінші қатарда оң жақта тұр). Алматы облысы, Шонжы, 11 қараша 1997 жыл. Суретті оның туыстары берген.
Берік Әбдірахмановтың әскерде жүрген кезі (екінші қатарда оң жақта тұр). Алматы облысы, Шонжы, 11 қараша 1997 жыл. Суретті оның туыстары берген.

Тараз қаласы сотының 2015 жылы ақпанның 3-і шыққан қаулысына сәйкес, Берік Әбдірахмановтың бірінші ісі бойынша 2010 жылғы тамыздың 3-і кесілген үкім өзгертілген, яғни терроризмді насихаттау айыбы сотпен тыйым салынған діни ұйымға мүше болды деген бапқа ауыстырылған, бұған қоса, жаңа жаза мерзімі – 2012 жылғы қарашаның 28-інен бастап 2018 жылғы мамырдың 27-сіне дейін деп белгіленген.

Мақаланы жазу аяқталған сәтте Гүлім Әбдірахманова сот істері базасы сайтынан ері Берік Әбдірахмановтың жаңа қылмыстық ісі қарашаның 13-і күні Ақтөбе сотында судья Динара Ғылманованың төрағалық етуімен қаралатыны туралы ақпарат тапқанын хабарлады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG