Accessibility links

Әділет министрлігі Азат ЖСДП-ға "ертең" жауап беретін болды


Азат ЖСДП-ның тең төрағасы Жармахан Тұяқбай баспасөз мәслихатында. Алматы. 20 шілде 2010 жыл.
Азат ЖСДП-ның тең төрағасы Жармахан Тұяқбай баспасөз мәслихатында. Алматы. 20 шілде 2010 жыл.

Азат ЖСДП партияны мемлекеттік қайта тіркеуден өткізбегені үшін әділет министрлігін сотқа бермек. Әділет министрлігі аталған партияны сегіз ай ішінде үш рет мемлекеттік қайта тіркеуден өткізбеген. Министрлік партияның бұл мәлімдемесіне ертең жауап бермекші





«САЙҚЫМАЗАҚ ЕСКЕРТПЕЛЕР»


Азат ЖСДП барлық заңдық шараларды орындағанын алға тарта отырып, тез арада мемлекеттік қайта тіркеуден өткізуді талап етіп отыр. Аталған партия үшінші рет тіркеуден өткізбеу туралы бұйрықты Әділет министрлігінен 14 шілде күні алған.
Азат ЖСДП-ның тең төрағасы Болат Әбілов баспасөз
мәслихатында. Алматы. 20 шілде 2010 жыл.
Партия өкілдерінің айтуынша, бірінші рет Әділет министрлігі партия жарғысында тең төрағалар өкілеттігінің уақыты көрсетілмеген деген себеппен тіркеуден өткізуді 31 наурызда тоқтатса, екінші рет өткізген құжатта қазақ және орыс тілінде жазылған мақалалардың тексті түпнұсқаға сәйкес емес деген себеппен тоқтатылған.

Азат ЖСДП-ның тең төрағасы Жармахан Тұяқбай Әділет министрлігі сайлауға аз уақыт қалғанда тіркеуден өткізуі мүмкін деген пікірде. Ол «Руханият» партиясының «Руханият» жасылдар партиясы болып өзгерген уақытта бір ай ішінде тіркеуден өткенін алға тарта отырып, Әділет министрлігі партияны екі себептен тіркеуге алмай отыр дейді:

– Біріншіден, олар екі партия қосылып, үлкен күшке айналғанын қаламайды. Екіншіден кеш тіркесе, партия жұмысын толыққанды дұрыс жүргізе алмайды. «Нұр Отан» партиясының жарғысында не жазылса, бізде де сол жазылған. Бірақ оларға ескертулер жазылмаған. Ал, бізге жазған ескертпелер - сайқымазақ ескертпелер.

Бір жыл бұрын «Азат» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиялары бір партия құру туралы шешім қабылдаған болатын. Азат ЖСДП-ның тең төрағасы Болат Әбілов екі партия қосылғанмен айтарлықтай бағдарламаларында да, жарғыларында да өзгеріс болмағанын айтады. Оның айтуынша, Қазақстанда тіркеуден бас тарту сияқты жағдайлар бірінші рет болып отырған жоқ..

– Қазіргі Қазақстан тарихынан белгілі болғандай мемлекеттік тіркеуден қайта өткізбей қойған бірнеше оқиғаларды мысалға келтіруге болады. 2005 жылдың сәуір айында «Нағыз Ақжол» партиясының съезін өткізген болатынбыз. 2006 жылдың наурыз айында ғана құжаттарды берді. Бір жыл бойына Әділет министрлігі тіркеуден өткізуден бас тартып келді,-деді Болат Әбілов.

«НЕГІЗСІЗ ҮРЕЙГЕ БОЛА ҚАБЫЛДАНҒАН ШАРА»

2005 жылдан бері Әділет министрлігіне құжаттарын тапсырғанмен әлі күнге дейін тіркеуден өтпеген партиялардың бірі – «Алға» партиясы.
Аталған партияның төрағасы Владимир Козлов Азат пен ЖСДП бірігіп, «Сайлау туралы» Заңға енгізілген өзгерістерді кері қайтару үшін күрескені жөн деген пікірде. Оның айтуынша, «Сайлау туралы» Заңға сәйкес саяси партиялардың сайлау алдында бір одаққа бірігуге құқысы жоқ..
– Екі партия біріккен уақытта мемлекеттік қайта тіркеуден өтпей тұрып біреуі өзін-өзі жойып жіберуі керек. Өйткені екі партияның біреуі жарғысын да, бағдарламасын да өзгертеді. Сосын қайта тіркеуден өту керек болады. Ал бұл құжаттар Әділет министрлігіне түседі. Ал Әділет министрлігі – тек билікке қызмет жасайтын орган. Аталған орган күшті партияның пайда болуына мүдделі емес. Сондықтан
құжат Әділет министрлігінің қолына түсетінін біле тұра, оған тәуелді болудың қажеті қанша? Егер партияны тіркеуден бас тартса, демек, сол партия жұмыс жасамайды деген сөз,-деді.
Әділет министрлігінің ресми өкілі - Ерболат Ерімбет.
Aстана, 22 маусым. 2010 жыл.
Ал саясаттанушы Расул Жұмалы Азат ЖСДП -ны тіркеуден өткізбеудің басты себебін саясатпен байланыстырады. Ол:
– Белгілі бір органдардың рұқсат бермеуі немесе олардың сұрауларын қанағаттандырмауы жоғарыдан келетін тапсырыс деп ойламаймын. Орта деңгейдегі шешім қабылдаушы органдардың саяси салдары бола ма деген негізсіз үрейден, қорқыныштан алдын-ала қабылдаған шарасы,-деді.

Бұл мәселеге қатысты ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі Ерболат Ерімбет 22 шілдеде өтетін брифингте мәлімдеме жасайтынын айтты.

Ал Азат жалпыұлттық cоциал-демократиялық партиясының басшылары министрліктің партияны тіркеуден бас тартқанына қарамастан, қазақстандықтардың құқығы мен мүддесін қорғау үшін жұмыс жасай беретінін мәлімдеп отыр.
XS
SM
MD
LG