Accessibility links

Қаладағы үйсіздер бейімдеу орталығын паналайды


Алматыдағы үйі жоқ кезбелер. 18 қазан 2012 жыл.
Алматыдағы үйі жоқ кезбелер. 18 қазан 2012 жыл.
Алматыда бір жарым жылдан бері әлеуметтік патруль қызметі жұмыс жасайды. Олар көшеде үйсіз-күйсіз жүрген адамдарды жинап, арнайы бейімдеу орталығында апарады.

65 жастағы Мұрат Нұрахановтың далада тұрып жатқанына бір жылдан асыпты. Күнделікті өмірін қаладағы аялдамаларда немесе ағаштардың түбінде өткізеді.

«АЛМАТЫҒА ӘКЕП ТАСТАДЫ»

Мұрат Нұрахановтың айтуынша, егде тартқан қартты әйелі мен балалары тастап кеткен.
Үйсіз-күйсіз өмір сүріп жатқан Мұрат Нұраханов. Алматы, 18 қазан 2012 жыл.
Үйсіз-күйсіз өмір сүріп жатқан Мұрат Нұраханов. Алматы, 18 қазан 2012 жыл.

- Далада тұрып жатқаныма бір жыл болды. Құжаттарым жоғалды. Зейнетақы алмаймын. Әйелім мен балаларым Алматыдағы пәтерді сатып, Украинаға кетіп қалды. Енді далада тұрып жатырмын. Балаларым шешесінің айтқанымен кетті, - дейді ол.

Мұрат Нұрахановтың баратын жері жоқ. Қыста аяғы үсіп ауруханаға да жатып шыққанын айтты. Еш жерде тіркелмегендіктен, бір жыл бойы зейнетақы алмаған. Өз сөзінше, қайыр тілеп тапқан ақшасына арақ алады.

Ал 41 жастағы Алламберген Жолдасбаев Қазақстанға Қарақалпақстаннан жұмыс іздеп келіп, қайыршылыққа басқаша жолмен ұрынған.

- Алматының шетіндегі Қарасу ауылындағы қыстауда бір байдың қойын бақтым. Тоғыз ай тегін бақтым. Ақша беремін деп, бермей қойды. Құжаттарым да жоқ. Алдап Алматыға әкеп тастады. Енді еліме қайта алмай жүрмін. Екі рет қамалдым, - дейді ол.
Үйсіз-күйсіз Алламберген Жолдасбаев. Алматы, 18 қазан 2012 жыл.
Үйсіз-күйсіз Алламберген Жолдасбаев. Алматы, 18 қазан 2012 жыл.

Ал Талғат есімді үйсіз азамат туберкулезге шалдыққанын жеткізді. Қаңғыбас боп жүргеніне екі жылдан асыпты. Араққа салынған қырық жастағы азамат Алматыға Қостанайдан жұмыс іздеп келген. Екі рет миының зақымдалғанын, фамилиясы мен туған жылын ұмытып қалғанын, «Әкемнің аты – Сүлеймен» деген соң дәрігерлердің өзіне «Сүлейменов» деген фамилия бергенін айтады.

Қазіргі жай-күйі туралы Талғат:

- Арқам, аяғым аурады. Үсіп қалғам, - деп қана қойды.

БІР ЖЫЛДЫҚ МЕКЕН МЕН СЕГІЗ МЫҢДЫҚ АЙЫППҰЛ

Әртүрлі себеппен үйсіз-күйсіз қалып, қайыр тілеп жүргендерді Алматы қаласында бір жарым жылдан бері жұмыс істейтін әлеуметтік патруль қызметкерлері арнайы оңалту орталығына алып кетіп жүр.

Олар осы орталықта құжаттарын реттеп, уақытша паналай тұрады. Орталық өкілінің айтуынша, қаңғыбастарға киім, тамақ, жатар орын және жұмыс беріледі.

Алматыдағы әлеуметтік бейімдеу орталығының директорының орынбасары Гүлнар Сүлейменова Азаттыққа әлеуметтік патрульдің қызметі туралы ақпарат берді.
Алматыдағы әлеуметтік бейімдеу орталығының директорының орынбасары Гүлнар Сүлейменова. Алматы, 18 қазан 2012 жыл.
Алматыдағы әлеуметтік бейімдеу орталығының директорының орынбасары Гүлнар Сүлейменова. Алматы, 18 қазан 2012 жыл.

- Әлеуметтік патруль қызметкерлері Алматы көшелерін күнде аралайды. Үйсіз жүрген азаматтарды әлеуметтік оңалту бөліміне апарады. Арақтан уланғандар, үсіп қалған адамдардың барлығына алғашқы медициналық көмек көрсетеміз. Асқынғандарын қалалық ауруханаларға жібереміз, - дейді оңалту орталығының өкілі.

Әлеуметтік патруль қызметкерлері әкелген үйсіздер оңалту орталығында ұзағанда бір жыл тұра алады. Одан кейін олардың қолдарына құжаттары беріліп, сыртқа шығарылады.

- Көбінде құжат жоқ. Төлқұжаттарын толық қалпына келтіреміз. Бірақ құжатсыз жүргені үшін мемлекет оларға айыппұл салады. Айыппұлды олар өздері төлеуі керек. Ал үйі, жұмысы жоқ азаматтар төлқұжатты жоғалтқаны үшін төлейтін сегіз мың теңгені қайдан табады? Сондықтан біз кейде өзіміз жинап, жөндеп береміз. Кейде мешіт, шіркеулерден көмек келеді. Біздің есептеуімізше, Алматыда 1300 адам қайыршылықпен күнелтеді. Бұл - ресми тіркелгендерден шығарылғандардың статистикасы. Тіркелмегендері қаншама, - дейді Гүлнар Сүлейменова.

Қазір орталықта 330 адам тұрып жатыр. «Қыс түсіп келе жатқанын ескерсек, бұл көрсеткіш үш есеге өсіп, мыңға жетуі мүмкін» дейді бейімдеу орталығының мамандары. Ал үйсіздерге пана болар орталықта 700 орын бар.

Қалада үйсіз-күйсіз қараусыз қалғандарды қадағалайтын әлеуметтік патруль қызметкерлерінің ұзын саны - 40.

Әлеуметтік патруль қызметі туралы видео-үзіндіні мына жерден көре аласыз:
Алматы қаңғыбастары
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:02:02 0:00


Бұл тақырыпты автордың Facebook-тегі жеке парағында да талқылай аласыздар.

(Материалды әзірлеуге Әбілқасым Есентаев қатысты)
XS
SM
MD
LG