Accessibility links

Соғыс кезіндегі өкілеттікті "анықтайтын" тұжырымдама


Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы елдерінің бірлескен әскери жаттығуы. Алматы облысы, 22 мамыр 2018 жыл.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы елдерінің бірлескен әскери жаттығуы. Алматы облысы, 22 мамыр 2018 жыл.

Екі апта бұрын қоғамдық талқылауға ұсынылған "соғыс жағдайы мәселелері жөніндегі" заңнамаға түзету енгізу туралы жоба тұжырымдамасына (онда Қазақстанда тұрақсыздық болса, онымен күресу үшін "гибридтік" әдіс қолдану мүмкіндігі туралы жазылған) ешбір пікір айтылмады. Кей сарапшылар президентке қосымша өкілеттік беру қарастырылған құжатта саяси контекст бар дейді.

ӨКІЛЕТТІКТІ "АНЫҚТАУ"

"Қазақстан Республикасының соғыс жағдайы мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының тұжырымдамасы соғыс бола қалған жағдайда президенттің, үкімет пен билік органдарының өкілеттігін "нақтылауды" ұсынады. Құжат тамыздың 22-сі күні нормативтік-құқықтық актілер сайтына шықты – қоғамдық талқылауға бөлінген екі аптада (қыркүйектің 5-інде аяқталған) ол бойынша ешкім пікір жазып, реакция білдірмеген.

Тұжырымдама ең алдымен 2003 жылы қабылданған "Соғыс жағдайы туралы" заңға және тағы 13 заңға өзгеріс пен толықтыру енгізу қажеттігіне негізделген.

Тұжырымдама авторларының пікірінше, заңнамамы өзгерту қажеттігі қазіргі заманғы әскери жанжалдар сипатынан туындайтын, ықтимал қарсылас елде тұрақсыздық жасау және әскери-саяси мақсатына жету үшін "гибридтік" күрес әдістерін қолдануы мүмкін дегенге негізделген. Сондықтан, тұжырымдама әзірлеушілердің сөзінше, Қазақстанның әскери қауіпсіздігі мен қорғанысы үшін "мемлекеттің жиынтық күш-қуатын пайдалану үшін билік органдарының "өкілеттігін нақтылау" қажет.

Тұжырымдама президенттің өкілеттігін кеңейтуді – оған соғыс жағдайы кезінде үкіметтік емес ұйымдардың, соның ішінде "соғыс жағдайында елдің қауіпсіздігі мен қорғанысын бұзатын іс-әрекет пен үгіт-насихат жүргізетін саяси партиялар, өзге де қоғамдық және діни бірлестіктер, олардың одақтары (қауымдастықтар), сондай-ақ, шетелдік және халықаралық ұйымдардың" қызметін тоқтату құқығын беруді ұсынады.

Тұжырымдамада үкіметке, мысалы, жекелеген қаржылық-экономикалық қызмет түрлеріне, оның ішінде тауар, қызмет пен қаражатты орналастыруға шектеу қоятын құқық беру қажет деп көрсетілген.

Тұжырымдаманы дайындағандар "соғыс жағдайы кезінде азаматтардың құқығы мен бостандығы төтенше жағдай кезіндегінен де үлкен ауқымда шектелуі ықтимал " деген қорытынды жасаған. Құжатта ақпаратты іздеу, алу, беру, өндіру және тарату құқығын уақытша шектеу туралы тармақ бар.

КҮШКЕ ҒАНА ЖҮГІНУ МЕ?

Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис соғыс жағдайы туралы заңда және оны дамытатын тұжырымдамада соғыс бола қалған күнде мемлекеттегі күш құрылымдарының үстемдігіне ерекше акцент берілген дейді. Бірақ, оның айтуынша, ақиқатына келсек, елде бейбіт күннің өзінде күш құрылымдары де-юре және де-факто үстемдік етіп отыр. Жовтис ұсынылған тұжырымдама ішкі саяси бағытты көбірек көздейді деп санайды.

Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис. Алматы, 17 қазан 2016 жыл.
Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис. Алматы, 17 қазан 2016 жыл.

– Бұл тұжырымдама биліктегілерді жұбату үшін керек, олар бәрін қарастырып, алдын ала жазып қойсақ дейді. Екіншіден, қоғамға жанама түрде болса да ескерту жасап, қорқытып қойғылары келеді, - дейді құқық қорғаушы.

Тұжырымдамаға байланысты биліктің өз-өзін қайрап, іле-шала "әдемі жазылған қағаздың" көмегімен тағы да өзін тыныштандырып отырғаны байқалады деп қорытады Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис.

Қазақстандық саясаттанушы, Тәуекелді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаев аса үлкен аумақта орналасқан, шекарасы созылыңқы, халқының саны аз Қазақстан сынды мемлекет армиясын халқы сөзсіз қолдаса ғана агрессияға төтеп бере алады дейді. Сәтпаевтың пікірінше, қаржылық жағдайы нашарлай түскен ел билігі жемқорлығымен, авторитарлық іс-әрекетімен, құқық пен еркіндікке полицияның тізе батыруымен ықтимал патриоттарды өзіне қарсы қойып отыр.

Тәуекелді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаев.
Тәуекелді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаев.

– Элитаның басында пайда болған дағдарыс кейін қоғамға ауысады, оны сыртқы ойыншылар мақсатына пайдаланып, мемлекетті қирата бастайды. Бізде ресми құрылым деңгейінде қауіпсіздік мәселесіне тым немқұрайлы қарайды – тек күш блогын нығайтқан жөн деп ойлайды, мұндай жағдайда қоғамдық пікірмен, қоғам санасымен еш санаспайды. Соның салдарынан Қазақстан тұрғындарының белгілі бір бөлігі қазіргі билікке бейіл емес – оны билік өз қолымен жасады, - дейді Досым Сәтпаев.

"ГИБРИДТІК" ӘДІС ДОКТРИНАСЫН ЖАЛҒАСТЫРУ

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов тұжырымдаманы қазіргі заман талабына сай және елдің қауіпсіздік қорғанысын нығайту үшін қажет құжат деп санайды.

"2014 жылы Украинаның Қырымнан айрылуы және, шындығында сыртқы агрессия кесірінен елдің оңтүстік-шығысындағы жанжал, 2016 жылы Түркияда әскери төңкеріс жасамақ болған әрекет – осыған ұқсас жайттар мен қазіргі заманның өзге де сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерін терең талдап, солардың нәтижесінде дұрыс қорытынды жасап, оны заңнамада бекіту керек", - дейді Нұрмұхамедов.

Ресейдегі әскери ойындарға қатысушы қазақстандық сарбаздар. Мәскеу облысындағы Алабино полигоны. 11 тамыз 2018 жыл.
Ресейдегі әскери ойындарға қатысушы қазақстандық сарбаздар. Мәскеу облысындағы Алабино полигоны. 11 тамыз 2018 жыл.

Совет одағы Ауғанстанда жүргізген соғысқа қатысқан запастағы полковник Сергей Пашевич соңғы уақытта Қазақстан заңнамасында "агрессор" деген терминнің пайда болғанын, бірақ әскери доктринада да, соғыс жағдайы туралы заңда да, тұжырымдамада да "агрессордың" кім екені көрсетілмегенін айтады. Тұжырымдамада (Ресей Қырым түбегін аннексия жасағалы бері өзекті болған) "гибридтік" соғыс әдістері туралы түсінік қамтылғанына қарап полковник Пашевич агрессор деп Ресейді айтатын болар деп болжайды. Оның ойынша, бұл тұжырымдаманың әскери емес, сыртқы саяси мәнге ие екенін меңзейді.

Қазақстанда алғаш рет "гибридтік" күрес әдістері туралы ескерту былтырғы жылдың соңында қабылданған әскери доктринада айтылған. Онда ықтимал қарсыластардың "мемлекеттегі жағдайды тұрақсыздандыруды көздейтін астыртын іс-әрекеттер, соның ішінде ...сепаратистік қозғалыстарды" қолдануы мүмкін екені айтылған. Доктрина Қырымды аннексия жасаған соң үш жарым жылдан кейін әзірленген, бірақ онда Украинадағы оқиғаға тікелей сілтеме жасалмаған.

Қазақстан Ресейдің сөзі жүретін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше. Осы екі елмен бірге құрамында Армения, Белоруссия, Қырғызстан мен Тәжікстан бар ұйымның міндеті – мемлекеттердің аумақтық-экономикалық кеңістігін халықаралық терроршылар, ауқымды табиғи апаттар және "кез келген әскери-саяси агрессордан армия мен қосымша бөлімшелердің көмегімен бірлесе қорғау" деп жарияланған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG