Accessibility links

Назарбаев туралы фильмге түскендер ауруханаға да түсті


«Елбасы жолы» фильмін түсіру сәті. Теміртау, 2012 жылдың тамызы.
«Елбасы жолы» фильмін түсіру сәті. Теміртау, 2012 жылдың тамызы.
Теміртауда Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Елбасы жолы» фильмін түсіру кезінде тақтай құлап, бір әйелдің аяғы үш жерден сынды. Фильмнің әкімшілігі жапа шеккендер толық сауыққанша көмектесуге уәде берді.

23 жастағы Регина Бендер – қыркүйектің 19-ы күні кешкісін Теміртау қаласының ескі бөлігінде «Елбасының жолы» фильмін түсіріп жатқанда зардап шеккендердің бірі. Көп адам түсетін көрініске екінші қатысуы екен. Өзінің айтуынша, ақша табайын деп қатысыпты. Кино әкімшілігі күніне екі мың теңге төлейді екен.

ҚҰЛАУ

- Түсірілім алаңында шамамен үш метрдей биіктікте тақтай төсепті. Біз соның үстінен ары-бері жүріп өтуге тиіс болатынбыз. Меніңше, бұл көпшілікті бір жерге жинап алып, ары-бері өтуге бұйрық берген адамның қателігі деп ойлаймын. Әлгі конструкцияның түрі де қорқынышты еді, сірә, қолға түскен тақтайлардан құрастыра салған болар. Кино түсіретін ұйымның аты дардай болғасын, қауіпсіздік шаралары дұрыс ойластырылған болар деп ойлап едік. Адамдар тұрған жаққа аттағаным сол еді, ұшып түстім, - дейді Регина Бендер.

Регинаның айтуынша, тақтайдың үстінде тұрған 20 шақты адамның барлығы құлапты.

- Әйтеуір есімнен танып қалған жоқпын. Бірақ әу дегенде аяғыма бірдеңе болғанын сезбедім. Аяғым тізе тұсынан ішке қарай қайырылып кетті. Басында адырайып
Фильмге түскен кезде аяғы сынған Регина Бендер. Теміртау, 20 қыркүйек 2012 жыл.
Фильмге түскен кезде аяғы сынған Регина Бендер. Теміртау, 20 қыркүйек 2012 жыл.
сүйегі шығып кеткендей көрінді. Сөйтсем, үш жерден сынған екен. Сүйегі уатылып кеткен, бір-екі майда сүйегі жетпейді. Түнде наркозбен аяғымды орнына салды. Жарықшақ сүйектер жетпейтін тұсқа темір шыбық қоямыз деді. Ауырғанда, шыдатпайды. Дәрігерлердің айтуынша, бәрінен қатты зардап шеккені мен екенмін, - дейді Регина.

Сүйегіне темір шыбық салып, жарақаты оңалған соң осы аптада Регинаны үйге шығарады.

- Өзім де күйгелек болып кеттім, бұдан әрі ауруханада жатуға шыдар емеспін, үйге қайтқым келеді. Кинокартинаның директоры ауруханаға келіп, халімді біліп кетті. Күйеуіме және басқаларға берген 20 мың теңге өтемақылары мардымсыз. Күйеуім де кинокартинаның директорына осыны айтқан екен, ол «әзірше осыны ала тұрыңдар» депті. Наркоздан оянғанымда полициядан кісі келді. Алда не жағдай болатынын білмегендіктен, полицияға шағым жаздым, - дейді «Елбасы жолы» фильмін түсіру кезінде зардап шеккен Регина Бендер.

Сол күні ауруханаға 16 жастағы бойжеткен де түсіпті. Қалалық орталық аурухананың дәрігерлерінің айтуынша, бұл науқас арқасын ауыртып алған. Оны жақында үйіне шығармақ.

Фильмнің түсіріліміне қатысқан тағы бір қыз құлаған кезде ұршығын тайдырып алыпты. Дәрігерлер оған гипс салып, үйіне қайтарыпты. Бойжеткен «егер сүйегім бітпесе, операция жасатуға тура келеді» дейді.

«ТОЛЫҚ САУЫҚҚАНША КӨМЕКТЕСЕМІЗ»

Азаттық тілшісі «Елбасы жолы» кинокартинасының продюсері Гүлшат Задорожневамен телефон арқылы сөйлесті. Продюсер Теміртауда фильм түсіріліп жатқанда адамдар зардап шекті деген ақпаратты растап, мұны «жазатайым оқиға» деп атады.

- Шара қолданып жатырмыз. Қыздар дәрігерлердің қарауында ем қабылдап жатыр. Біз де жағдайды бақылап отырмыз. Ең бастысы, қыздардың тәуір болып кеткені. 23
"Елбасы жолы" фильмінің түсіру алаңы. Теміртау, 22 тамыз 2012 жыл.
"Елбасы жолы" фильмінің түсіру алаңы. Теміртау, 22 тамыз 2012 жыл.
жастағы бойжеткеннің аяғы сынған, 16 жастағы қыз арқасын ауыртып алған. Құдайға шүкір, еш жері сынбапты. Оны көп ұзамай ауруханадан шығаруы тиіс. Ал аяғы сынған қыз дәрігерлердің бақылауында болғаны жөн. Оны тәжірибесі көп дәрігердің қарауына берді, - дейді Гүлшат Задорожнева.

Задорожневаның сөзіне қарағанда, көп адам қатысатын көрініске түсіп жатқан 20 шақты адам биіктегі тақтай төсемнен құлап кетіпті. Екі адам жарақат бөліміне түскен. Оқыс оқиғаның кімнің кінәсінен болғаны анықталып жатыр.

- Әлгі тұрғызылған конструкция емес, тақтайдан жасалған төсем болатын. Ол жерде ғимарат болған, адамдар соған өтуі үшін тақтай тасталған. Төсемді жұқа тақтайдан жасапты. Ғимарат ескі ғой, салмаққа шыдамай, бірдеңесі опырылып кетіпті. Адамдар да бір жерге жиылып тұрған. Биіктігі бір жарым метрдей болып қалады. Көп адам қатысатын көрініске түсуі тиіс 15-20 шақты адам бірінің үстіне бірі құлаған. Ғимараттың да ескі екенін ескерген жөн. Міне, сөйтіп жазатайым оқиға болды. Тағы біреулердің түрлі жарақат алғанын білемін. Біреу «миым шайқалыпты» деп жатты, - дейді Гүлшат Задорожнева.

Ол «Зардап шеккендерге толық сауығып кеткенше көмек көрсетіледі» дейді.

- Біз оларды толық сауығып кеткенше бақылаймыз. Дәрігерлер тарапынан бірдеңе қажет болса, бәрін істейміз. Алғашқы көмек көрсетілді. Енді дәрігерлердің не айтатынын күтіп отырмыз. Мүмкін, басқа жаққа апару қажет болса, апарамыз. Қазақстанда медицина тегін ғой. Дәрігерлер «бізге ештеңе қажет емес» деп отыр. Олармен үнемі сөйлесіп отырмыз. Түсірілім кезінде мұндай жазатайым оқиғалар болып тұрады, қайткенмен өндірістік процесс қой. Қазір фильмді түсіру жалғасып жатыр. Алдағы күндері көріністерді зауытта түсіреміз, - деді продюсер.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Елбасы жолы» фильмы үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі «Балалық шағымның аспаны» атауымен экранға былтыр шықты. «Темір тау» және «Отты өзен» атты бөлімдері қазір қатар түсіріліп жатыр.

Фильмді 2013 жылы шілденің 6-сына - Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні қарсаңында шығару жоспарланған.
XS
SM
MD
LG