Accessibility links

Бір айда арнайы орталыққа құлдықтан босаған 10 адам келді


Құлдықтан құтқарылған қыз. (Көрнекі сурет.)
Құлдықтан құтқарылған қыз. (Көрнекі сурет.)

Құлдықтан босап шыққан адамдар көрген қорлықтарын ұмыту мүмкін емесін айтады. Ал заңгер «құлдыққа түскен азаматтардың құқығын қорғауда қиындықтар бар» дейді.

Шымкенттегі «Сана Сезім» қоғамдық бірлестігінің жанынан құлдыққа түскен азаматтарға көмек беру мақсатында сәуір айында ашылған арнайы орталық бір айда 10 адам қабылдады. Солардың бірі – 26 жастағы Света Иванованың (аты-жөні өзгертілді – ред.) орталыққа келгеніне бір апта болған. Ол құлдыққа ойда-жоқта түскенін айтады.

– Алматыдан Шымкентке ұрлап алып келді. Келген бойда қысым көрсетті. Ауыз ашуға мұршам келмеді. Ұрды, тепті. Сексуалдық қызметке жекті. Бес күн құлдықта болдым. Келген клиенттен көмек сұрадым. Полиция қызметкерлері құтқарып алды. Қазір қылмыстық іс қозғалған. Орталықтан сыртқа шығуға қорқамын. Кез-келген көлікті көрсем қорқамын, – дейді Света Иванова.

«ҚҰЛДЫҚТА КӨРГЕНІМ ЕСІМНЕН КЕТПЕЙДІ»

Орталықтағы бұрын құлдықта болған адамдардың енді бірі, 36 жастағы Зәуре Аманованың (аты-жөні өзгертілді – ред.) бойын үрей билегені сырт бейнесінен байқалып тұрды. Тұйық келіншек алғашында Азаттық тілшісімен сөйлескісі келмеді. Сәлден кейін ғана ашыла әңгімелескен ол кісі құлдықта бес жыл жүргенін айтып, «қорлықпен өткен күндерім есімнен кетпейді, өмір бойы көз алдымда тұратын сияқты» деп көзіне жас алды.

Зәуренің айтуынша, әке-шешесі ерте көз жұмған, ет жақын туысынан тұрмысқа шығып кеткен жалғыз әпкесі ғана болған.

– 18 жасымда базарға әк сатуға шықтым. Раиса деген әйел бізбен бірге жұмыс істеді. Сол әйел Мәскеуде жұмыс істеп, бір жылда үй сатып алуға болатынын айтты. Сендік те, үш қыз бірге Мәскеуге бардық. Жеткеннен жеке куәлігімізді алып қойды. Үшеумізді үш жаққа бөліп тастады, – дейді ол.

Зәуре Аманованың сөзінше, ол бес жыл бойы ақысыз-пұлсыз біреудің баласын баққан.

– Бес жылда көрмеген қорлығым қалмады. Зорлады, ұрып-соқты, қолымды сындырды, құлағымды кесті. Қазір сау жерім жоқ. Мүгедекпін. Өмірімнің талқаны шықты, – дейді Зәуре Аманова.

Зәуре Аманова бір жылдан соң қашуға әрекеттенін, оны сезіп қойған «қожайыны» пәтерде қамап ұстағанын айтады.

– Түрме сияқты еді. Сырттан құлыптап кететін. Күнде ұратын. Бала тамақ жемей қалса, ұрады. Жыласа болды, ұрады. Арнайы тамақ дайындап ішкен емеспін. Көбіне қара су ішіп жүре беретін едім. Қатты қиналдық қой. Кімге не деп айтасың? Көндік де жүре бердік, – дейді ол.

"Сана Сезім" қоғамдық бірлестігі орналасқан ғимарат. Шымкент, 10 мамыр 2017 жыл.
"Сана Сезім" қоғамдық бірлестігі орналасқан ғимарат. Шымкент, 10 мамыр 2017 жыл.

Мәскеуде бес жыл құлдықта болған Зәуре Аманова ақыры жаяу қашып шығып, үш күн дегенде бір деревняға жетіп, сол жердегі бейтаныс адамдардың көмегімен пойызға билет алып, Шымкентке жеткенін айтады.

– Баратын жерім болмаған соң орталыққа келдім. Бұл жерден кеткеннен соң қайда барамын – білмеймін. Өткен күнімді еске алсам әлі қорқамын, ашулана беремін, өз-өзімді ұстай алмаймын. Мұндай қорлықты ұмыту мүмкін емес, – дейді ол.

ҚҰЛДЫҚ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЗАҢЫ

Света мен Зәуре сияқты құлдықта болған адамдардың психологиялық халі қиын екенін «Сана Сезім» қоғамдық бірлестігінің психологы Шахноза Хасанова да растайды.

– Өткен қиындықты ұмыту мүмкін емес. Оны қабылдау керек. Әрине, өте қиын. Үнемі күйзеледі, торығады. Олардың басындағы жағдайын өздерінен басқа ешкім терең түсіне алмайды. Егер мақсат, әрекет болмаса, тұңғиықтан шығуы қиын. Олардың бойындағы қорқыныш пен комплекс өмір бойы қалып қоюы мүмкін, – дейді Шахноза Хасанова.

Оның айтуынша, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын бұл орталықтан құлдықтан босап шыққан азаматтарға құқықтық, психологиялық, медициналық және әлеуметтік көмек көрсетіледі.

– Азаматтар орталықта алты айға дейін тұрады. Егер қылмыстық іс қозғалған жағдайда тағы үш айға тұруға рұқсат беріледі, – дейді ондағы азаматтардың қауіпсіздігі үшін орталықтың мекен-жайын құпия ұстайтындарын айтқан маман.

"Сана Сезім" үкіметтік емес ұйымының өкілі Шахноза Хасанова (оң жақта) Қазақстанда жұмыс істеп жүрген шетелдік азаматқа еңбек мигранттарының құқығы туралы кеңес беріп отыр. Шымкент, 10 ақпан 2009 жыл.
"Сана Сезім" үкіметтік емес ұйымының өкілі Шахноза Хасанова (оң жақта) Қазақстанда жұмыс істеп жүрген шетелдік азаматқа еңбек мигранттарының құқығы туралы кеңес беріп отыр. Шымкент, 10 ақпан 2009 жыл.

Шахноза Хасанованың сөзінше, мұндай орталықтың Шымкентте ашылуына құлдыққа түскен азаматтардың көбеюі себеп болған. «Сана Сезім» қоғамдық бірлестігі 2015 жылы 25 адамды құлдықтан шығарып алғанын, 2016 жылы 38 адамға көмек бергенін, биыл құлдыққа түскен 11 адамды құтқарғанын хабарлайды.

– Адам саудасы – дүние жүзінде үшінші мәселе. Қазақстанда бұл мәселе қиын шешіледі. Арнайы заң жоқ, – дейді психолог Шахноза Хасанова.

«Қазақстанда адам саудасы туралы арнайы заңның жоқтығы құлдыққа түскен азаматтардың құқығын қорғауды қиындататынын» заңгер Эльдар Халиуллин де айтады.

– Қазақстанда азаматтар сақтандырылмаған. Азаматтар көбіне пайда табуды көздейді де, еңбек келісім-шартын ұмытады. Куәлігі не тіркеуі жоқ азаматтар құқық қорғау органдарына шағымдануға қорқақтайды. Құжаттарды қайта рәсімдеуге жарты жыл уақыт кетеді. Кейбірі оларға (полицияға – ред.) сенбейді, – дейді Эльдар Халиуллин.

Оның сөзінше, орталық сондай құжатсыз-тіркеусіз азаматтарға заңдық көмек көрсетіп жатыр.

Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті дерегінше, өңірде 2015 жылы 42 адам саудасы оқиғасы тіркелген, былтыр 50 шақты дерек анықталған. Департамент жәбірленушілердің көбінің «жайсыз отбасынан шыққан, жоқшылық күйзелткен, қараусыз қалған немесе тұрақты мекен-жайы жоқ адамдар, шетел азаматтары, тастанды балалар» екенін хабарлайды.

Құлдықпен күресетін халықаралық ұйымдардың дерегінше, әлемде жыл сайын 800 мың адам құл саудасының құрбанына айналады. Қазіргі замандағы адам саудасы құрбандарының көбі – әйелдер және халықтың осал бөлігінің балалары. Бұл қылмыстың жылдық айналымы 9 миллиард долларға жуықтайды.

XS
SM
MD
LG