Accessibility links

Қазақстандық «Ревизор» Держимордасыз сахналанды


Алматыдағы "Ревизор" премьерасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:31 0:00
Жүктеп алу

Алматыдағы "Ревизор" премьерасы

Гогольдің «Ревизор» комедиясының Алматы сахнасындағы сәл қысқартылған қойылымы туралы алғашқы пікірлер айтыла бастады. Кейбіреулер спектакльдегі көріністерді Қазақстандағы қазіргі өмірмен байланыстырады.

Өткен аптаның аяғында Михаил Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры 82-театр маусымын әдетінше премьерамен ашты. Театр ұжымы бұл жолы Николай Гогольдің «Ревизор» комедиясын сахналады.

Гогольдің адам баласына тән парақорлық, қазына мүлкін қымқыру, жағымпаздық, шенге бас ұру, ақымақтық, жалқаулық сияқты пендешіліктерді зәрлі мысқылдауы ешқашан ескірмейді. Гоголь аяусыз келемеждеген кемшіліктер қоғамда қазір де бар, тіпті өміршең болып барады. Көрермендер премьерадан қарама-қайшы әсер алып тарады. Скептиктер Алматыда өткен премьерада пьеса түпнұсқасындағы «коррупцияны келемеждейтін тұстарын қысқартып тастаған» дейді.

N ҚАЛАСЫ ІРГЕМІЗДЕ

Спектакльді бір кездері Лермонтов театрында жұмыс істеп, кейін Ресейге көшіп кеткен режиссер Алексей Кизилов қойған.

Андрей Кизилов классикалық шығарманың алғашқы нұсқасын қазіргі заманға бейімдеп, қатты өзгертіп жіберетін өзге режиссерлердің жолымен жүрмеген. Декорация мен костюмнің көмегімен сахнада 19 ғасырдың 30 жылдарындағы, Николай патша тұсындағы Ресейді жаңғыртқан. Ал қоюшы суретші Владимир Кужель қиялына ерік берген (мысалы дуанбасы үйіндегі бөлменің жасау-жабдығына қатысты Гогольдің мәтінінде нұсқау өте аз).

Көрініс астана емес, қиырдағы N қаласында өткенімен, дуанбасының трактир сияқты екі деңгейлі етіп бейнеленген үйінің сән-салтанатпен жабдықталған интерьері қайран қалдырады. Суретші әлденені меңзеген деу қиын, бірақ мұны көргенде тіпті қиырдағы шалқып-тасып жүрген әкім-қаралардың қазіргі өмірімен еріксіз салыстырасың. Көрерменді спектакльге тартуға тырысқан Гоголь N қаласы әлдебір алыс жерде емес, іргеде болуы мүмкін, ал шенеуніктердің әсіреқызылдығы мен пендешілігі кез келгеніміздің бойымызда бар деген ойға жетелейді.

"Ревизор" спектаклінен бір көрініс. Алматы, 4 қазан 2014 жыл
"Ревизор" спектаклінен бір көрініс. Алматы, 4 қазан 2014 жыл

Гоголь пьесасы режиссерлік сүзгіден де өткен. Спектакль бағдарламасында пьесадағы 25 кейіпкердің орнына Гоголь «меймандар, көпестер, мещандар, арызданушылар» ретінде көрсеткен кейіпкерлерді есептемегенде, 15-і ғана көрсетілген. Спектакльден полицейлер Свистунов, Пуговицын және Держиморда, демалысқа шыққан Растаковский мен Коробкин сынды шенеуніктер, тағы біраз кейіпкер «қиылып» қалған.

ДЕРЖИМОРДА ЖОҚ, БІРАҚ ПАРА ЖИНАУШЫЛАР БАР

Біреулер егер «Ревизорды» толық сахналаса, спектакль ұзарып кетер еді, болымсыз кейіпкерлер алынып тасталғаны дұрыс болды деген уәж айтуы мүмкін. Ал сыншыл көрермен мұнымен келіспейді. Мысалы, Держиморданың рөлі өте шағын болғанымен, ол - есімінің өзі жалпылама есімге айналып кеткен кейіпкер.

Гоголь нақты сипаттаған кейбір типаждар да спектакльде өзгеріп кеткен. Мысалы, діни мекемелердің жанашыры Земляниканы пьеса авторы жуан, олақ әрі ебедейсіз адам деп суреттейді. Ал оның рөлін ойнаған актер Сергей Поповтың болмысы мүлде бөлек адам.

Виталий Багрянцев, қазақстандық актер "Ревизор" спектаклінде Хлестаковтың рөлін ойнап тұр.
Виталий Багрянцев, қазақстандық актер "Ревизор" спектаклінде Хлестаковтың рөлін ойнап тұр.

Гоголь Добчинский мен Бобчинскийді қортық, тапал адам етіп суреттеген болатын. Ал оларды ойнаған актерлар Михаил Токарев мен Геннадий Балаев бұл екеуіне мүлде ұқсамайды.

Алғашқы премъераға келген жұрттың бәрінің атынан пікір айту мүмкін емес, бірақ жұрттың кейбіріне жаңа спектакльдің ұнамай қалғаны байқалды. Мысалы, журналистермен алған әсерін бөліскен алматылық жазушы Лиля Калаус спектакльге көңілі толмағанын, әсіресе Гогольді бұрмалағандарына ыза болғанын айтты. Ол «мылқау сахна да сәтсіз шыққан» деп есептейді.

Алексей Кизилов бұл көріністі пьесада жазылғаннан өзгеше етіп сахналаған. Ол Гоголь ұсынғандай етіп бейнеленбеген. Алматы театры сахнасында астанадан келген ревизор бәрін қонақүйге шақырып жатыр деген хабарды естігенде дуанбасы бас киімін үнсіз шешіп алып, пара жинау үшін тосып тұрады. Қиырдағы N қаласының бетке ұстар ығай-сығайлары оған ақша тастайды.

Классикалық шығарманы сахналау әдетте қиын шаруа болып есептеледі. Өйткені әр көрерменнің белгілі бір кейіпкердің жүріс-тұрысы, түр-әлпеті туралы өзіндік ой-пайымы болады. Сондықтан театршыл жұрттың арасында қарама-қайшы пікірлер жиі айтылатыны орынды.

XS
SM
MD
LG