Accessibility links

Тәуелсіздіктен соң биліктен шеттетілген Өзбекәлі Жәнібеков


Өзбекәлі Жәнібеков (сол жақта) пен Нұрсұлтан Назарбаев. Сурет qazaquni.kz сайтының келісімімен жарияланып отыр.
Өзбекәлі Жәнібеков (сол жақта) пен Нұрсұлтан Назарбаев. Сурет qazaquni.kz сайтының келісімімен жарияланып отыр.

1988 жылы Қазақстан алғаш рет Наурыз мерекесін ресми атап өтті. Түрлі естеліктерге қарағанда, бұрын тыйым салынған мерекені қалпына келтіру жөніндегі қоғамдық бастамаларды алғаш рет Қазақстан компартиясы орталық комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков қолдаған.

Совет одағы дәуірінде түрлі деңгейде басшылықта болған, Қазақстан комсомолын басқарған, кейін мәдениет саласында басшылық қызмет атқарған Өзбекәлі Жәнібековті еске алушы замандастарының бірі «Өзбекәлі Жәнібеков 1960 жылдардан-ақ Мәскеудің назарына ілікті. Бірақ Қазақстанда бәсекелестер пайда болып, ұдайы кедергі келтіруге тырысты. Оны Қонаев шебер пайдаланды»,-дейді. Өзбекәлі Жәнібеков өз естелігінде «Назарбаевты тезірек ысыла түссін деген ниетпен одақтық жиындарда қатыстырып,үлкен мінберлерденден сөйлетіп, өзімен бірге алып жүргенін» айтады. Ол 60 жасқа толған соң, жоғары билікке араласпады.

ЖӘНІБЕКОВ ЖӘНЕ «НАУРЫЗ» МЕРЕКЕСІ

Кейбір деректерде Наурыз мерекесі жайлы қоғамдық бастамаларға Өзбекәлі Жәнібековтің өзі түрткі болғаны айтылады. Жоғары билікте ұзақ жыл қызмет еткен Өзбекәлі Жәнібеков естеліктерде «басшылық қызметте жүріп Қазақстан мәдениетін дамытуға ерекше еңбек сіңірген тұлға» ретінде сипатталады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Наурыз мерекесінің оралуы.

Жазушы Шерхан Мұртаза «Өзбекәлі Жәнібековтің халқына сіңірген ерекше еңбегін тізбелеп шығу үшін ғана үлкен кітап жазу керек. Ол - киелі адам» деп бағалайды. Оның түрлі мәдени салаларды дамытуға қосқан үлесі мен жазған кітаптары туралы зерттеулер жиі айтылады. Дегенмен 1990 жылдары жоғары биліктегілер компартиядан шығып, тәуелсіз Қазақстан билігіне орныққанда Өзбекәлі Жәнібековтің не себептен шеттеп қалғаны жайлы мәлімет аз. Республикалық басылымдарда жарияланған мақалаларда «Өзбекәлі Жәнібековті Қазақстанның бірінші басшысы Қонаев қолдамады, Колбин тұсында қызметі өсті, Нұрсұлтан Назарбаев тұсында «тәуелсіз елдің тәуелді депутаты болудан қорықты», «ноқтаға басы сыймаған», «ақ қарға болған кездері көп» деумен шектеледі.

Оқи отырыңыз: Наурыз: Рысқұловтың бұйрығы мен Назарбаевтың жарлығы

Азаттық тілшісі Өзбекәлі Жәнібековпен бұрын қызметтес болған, қазір билікте жүрген бірнеше адамның пікірін сұрастыруға тырысты. Кейбірі Өзбекәлі Жәнібековтің Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысы жайлы айтқысы келмейтіні байқалды.

Өзбекәлі Жәнібековтің қызметіне берілген бағаның бірін Михаил Есенәлиевтің «Ұлылық пен әлсіздік» деп аталатын, Дінмұхаммед Қонаев туралы 1997 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланған естелігінен көруге болады. Михаил Есенәлиев өзі ұзақ жыл қызметтес болған Қонаевқа бейтарап баға беруге тырысады, жоғары бағалап, кемшіліктеріне де тоқталады.

ВИДЕО: 1989 жылы Наурыз қалай тойланды?

1989 жылы Наурыз қалай тойланды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:53 0:00

«Біртуар және талантты ұйымдастырушы, творчестволық түрде ойлайтын және үнемі ізденіс үстінде жүретін, мәдениет үшін жанын салатын Өзбекәлі Жәнібековке әділетсіз көзқарасын атап өтер едім. Комсомолдың ОК бірінші хатшысы болып ұзақ жылдар істеген, Мәскеуде және республикада үлкен беделге ие Жәнібековтің бар «кінәсі» оның комсомол жұмысынан кетер кезінде өзінің орнына Димаш Ахметұлы тағайындағысы келген адамды өткізбегендігінде еді. Осыдан кейін оны республика ішінде біресе Торғайға, біресе Мәдениет министрлігіне, біресе облаткомға және басқа да орындарға қуа берді. Тек, 1986 жылы Желтоқсан оқиғаларынан кейін ғана ол Мәдениет министрі болды, содан соң ОК хатшысы болып сайланды. Өкінішке қарай, Димаш Ахметұлынан өзгелерге қатысты, әсіресе, өз бетінше ойлай білетін, жағымпаздық дегенді білмейтін тұлғаларға қатысты объективті қараудан гөрі жеке басының мүддесі жоғарырақ тұратын қасиет байқалатын» деп жазады ол. Михаил Есенәлиев бұл пікіріне орай басқа да бірнеше мысалдар келтірген.

«ҚЫЗМЕТСІЗ ҚАЛДЫРУ»

«Өзбекәлі Жәнібековпен көп әңгімелестім» деген саясаткер Серікболсын Әбділдин деп осыған ұқсас пікір айтады. Оның сөзіне қарағанда «Қонаевқа жақпаған кадрларды Колбин көтермелеген кездер болған. Колбин Қазақстанды басқарғанда Нұрсұлтан Назарбаев үкімет төрағасы болды, ал Өзбекәлі Жәнібеков Мәдениет министрлігіне тағайындалған.

- Бірақ ол бұл қызметке Колбин мен Назарбаевтың қолдауымен ғана тағайындалған жоқ. Ол кезде Мәскеу Қазақстанның жоғары басшылығындағыларды назарда ұстайтын. Сол себептен еш қиындықсыз министрлікке бекіп, көп ұзамай Орталық комитет хатшылығына тағайындалды. Бұл кезде мен Мәскеуде жұмыс істедім, бұл мәселенің қалай шешілгенін көргенмін, - дейді ол Азаттыққа.

Серікболсын Әбділдин Өзбекәлі Жәнібековті «жағымпаздығы жоқ турашыл адам» деп сипаттайды.

Өзбекәлі Жәнібеков. Сурет zharkynshakarim.info сайтының келісімімен жарияланып отыр.
Өзбекәлі Жәнібеков. Сурет zharkynshakarim.info сайтының келісімімен жарияланып отыр.

- Біз бір көшеде тұрдық. Кешкі серуенде әңгімелесіп жүрдік. Сонда Нұрсұлтан Назарбаевты жас кезінен қызметке тәрбиелеп, Мәскеудегі ірі жиындарда сөйлеткенін, бірақ кейінгі істеріне оған риза болмай жүргенін өзі айтқан еді, - деп еске алады Әбділдин.

Азаттықпен сөйлескендер арасында «Өзбекәлі Жәнібеков қызметінен кеткен соң мәжіліс депутаты болды» деп санаушылар да бар. Кей сарапшылардың сөзінше, ол қызметінен алынбаған, 60 жасқа толысымен, 1991 жылы қыркүйектің жетісіне Қазақстан компартиясын таратқан съезден кейін қызметсіз қалған».

Серікболсын Әбділдиннің сөзінше Өзбекәлі Жәнібеков 12-сайланған Жоғарғы кеңесте депутаттығы аяқталғанша жүрген. Бірақ одан кейін мәжіліс депутаттығына түспеген. Өзбекәлі Жәнібековпен жақын араласқан, аты-жөнін атамауды өтінген адамның сөзінше «Өзбекәлі Жәнібековтің жоғары қызметте жүруіне Мәскеудегі орталық комитетте достары қолдау көрсеткен, Колбин мен Назарбаевтың да септігі тиген»

- Өзбекәлі Жәнібеков 1960 жылдардан-ақ Мәскеудің назарына ілікті. Бірақ Қазақстанда бәсекелестер пайда болып, ұдайы кедергі келтіруге тырысты. Оны Қонаев шебер пайдаланды, - дейді ол.

Өзбекәлі Жәнібековтың өмірінің соңына дейін жақын араласқан Серікболсын Әбділдиннің сөзінше «Өзбекәлі Жәнібеков үлкен қызметтен кеткеннен кейін қайта қызмет сұрамаған, депутаттыққа да қызықпаған. Ол мансап іздемеген адам еді. Сөйте тұра жоғары мансапқа жеткеніне өзі де таңырқап күлетін» деп еске алады ол.

Cерікболсын Әбділдин.
Cерікболсын Әбділдин.

Кей тұжырымдарға қарағанда «Өзбекәлі Жәнібеков Қазақстан басшылығынан гөрі Мәскеудегі орталық комитет басшыларымен жеке байланыс орнатқанымен, Қазақстан билігінде өз орнын сақтап, әрі қарай күшейтетін саяси ықпал орнықтырмаған».

КОЛБИН: «ЕҢ ПОТЕНЦИАЛДЫ ЕКІ ҚАЗАҚ»

Өзбекәлі Жәнібеков жоғары қызметтен кеткен соң мәдениет саласына байланысты бірнеше зерттеу кітап шығарды, естеліктерін де жариялады. Естіліктерінде өзінің Қонаевтың кадры болмағанын, орталық аппараттағы өзіне қатысты саяси ойындар қалай өткенін қысқа баяндайды.

«Тағдыр тағылымы» дейтін естілігінде Нұрсұлтан Назарбаевпен 1962 жылы сәуір айында танысқанын айтып, «Қазақстан комсомолының бірінші хатшылығына резервке алып, тезірек ысыла түссін деген ниетпен одақтық жиындарда қатыстырып,үлкен мінберлерденден сөйлетіп, өзіммен бірге алып жүретін едім» деп жазады.

Өзбекәлі Жәнібеков естелігінде кезінде журналистердің өзіне «Сіздің 60 жасқа толғаныңызды біреу біліп, біреу білмей тұрғанда президентттің «есебінен» шығып қалғаныңызға жол болсын. Бірін-бірі көптен білетін, сыйластығы жарасқан адамдардың бірден қол үзісіп кеткенін қалай түсінуге болады?» деген сұрақ қойғанын да еске алады. Естеліктерінде ол осы сұраққа да жауап беруге тырысады.

ҚазССР компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбиннің газеттегі суреттерінің бірі.
ҚазССР компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбиннің газеттегі суреттерінің бірі.

КПСС орталық комитеті Колбиннің орнына бірнеше кандидатты қарастырғанда өзінен де пікір сұрағанын, сонда Назарбаевты ұсынғанын, бірақ кейін жиналыста жұрт Назарбаевты қолдап сөйлегенде, «Мәскеуден келген өкілмен бір жарым сағат сөйлескеннен кейін бар ой-пікірімді айтып, жеткізгендей отыра беріппін. Нұрсұлтан мені әдейі үндемей қалды деп ойлауы ықтимал» деген ойын айтады.

«Г.Колбин кейде «ағынан жарылса» ойына келгенін ақтара салатын әдеті бар-тын. Бір жолы Назарбаев үшеуміз отырған сәтте: «Сіздер, ең потенциалды екі қазақ, мені қолдамайсыздар» деп қалғаны. Мұндайда не айта қоярсың, үндеген жоқпыз. Бірақ осы бір қас-қағымда, бәлкім, маған солай көрінген болар, Нұрсұлтан Әбішұлының жүзінде бүған дейін өзіме беймәлім сезім ұялағандай болды» деп жазады.

Оқи отырыңыз: Алғашқы вице-президенттің соңғы жылдары

Естелік мемуарда осыған ұқсас жағдай бірнеше рет қайталанып, «бақталас пиғыл менде болмағанымен бәсекелес адам болып көріндім бе, қайдам, әйтеуір арамыздан шынайылық кеткенін бұрынғыдай ақылдасып, бірлесе қимылдаудан қалғанымыздан да аңғаруға болатын еді» дейді.

Өзбекәлі Жәнібеков

Өзбекәлі Жәнібеков - Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті) түлегі. Бұрынғы Шымкент - қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданында мектеп мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, Келес ауданы комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған. Одан кейін Шымкент облысының комсомол хатшысы, Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы қызметін атқарды. Сол кездегі Торғай облысының хатшысы, Қазақстан компартиясы шет елдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан мәдениет министрінің орынбасары, мәдениет министрі, Қазақстан компартиясының хатшысы қызметіне дейін өсті.

Өзбекәлі Жәнібеков фольклорлық ансамбльдер ұйымдастырды. Наурыз мейрамының жаңғырып, репрессияға ұшыраған ақын-жазушылар еңбегінің жарық көруіне себепші болды. “Қазақтың ұлттық қол өнері” , “Қазақ киімі”, “Ежелгі Отырар” және т. б. кітаптардың авторы.

Өзбекәлі Жәнібековтің тәуелсіздіктен бергі Қазақстанның әлеуметтік, саяси-экономикалық жағдайына байланысты көзқарасын да жиі білдірмегені байқалады. «Несін жасырайық, Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі бес жылда екі рет парламент сайлауын, екі рет бүкілхалықтық референдум өткізіп, көп мәселелерді «конституциялық жолмен» реттеп алғанымыздың өзі қажағаймен таңба басқандай болды» деген қысқаша пікірінен ғана емеурін аңғаруға болады.

«КІЛЕМ ФАБРИКАСЫНДА - КЕҢЕСШІ»

2011 жылы Өзбекәлі Жәнібековтің 80 жылдығы қарсаңында парламент мәжілісінің сол кездегі депутаты Уәлихан Қалижан премьер-министр Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдап, «республикалық деңгейде өткізілетін мерейтойлар мен атаулы күндер тізбесіне ұлт мәдениетінің жанашыры, 70-тен астам этнографиялық ансамбльдердің ұйымдастырушысы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев сынды алаш ардақтыларының ақтаушысы Өзбекәлі Жәнібековті қосуды» ұсынған.

Осы сауалда ол «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев дертті болған Өзбекәлі Жәнібековтің шетелге емделуіне көмектескенін, кейін үш бөлмелі үйін сатып, жеке басы баспанасыз қалғанын» айтып, Өзбекәлі Жәнібековтің жұбайы Халихан Жәнібековаға Алматының орталығынан бір бөлмелі пәтер бөлуге қол ұшын беруді» сұрайды.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Уәлихан Қалижан осы хаттан кейін Халихан Жәнібековаға бір бөлмелі пәтер берілгенін айтты. Өзбекәлі Жәнібеков отбасын білетін адамның айтуынша бұл пәтер Алматы қаласының шетіндегі «Айнабұлақ» ықшам ауданынан берілген. Оның сөзінше Өзбекәлі Жәнібеков қызметінен кеткеннен кейін зейнетақысымен өмір сүрген.

- Өзін сыйлайтын адамдардың шақыруымен "Алматыкілем" фабрикасы жекеменшікке кеткенге дейін фабрика директорының кеңесшісі болды. Қызметтен кеткен соң билік тарапынан іздеушілер болмады. Өмірінің соңына қарай Иманғали Тасмағамбетов пен Қырымбек Көшербаевтың келгені есімде. Сонда өзін туған жері Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арыстан баб кесенесінің төңірегіне қоюды аманаттаған еді,-дейді ол.

Советтік кезеңнің соңғы жағында Қазақстанды басқарған Өзбекәлі Жәнібек оппозициялық коммунистік партия жетекшілікке шақырғанда да саясатқа араласпай, 1998 жылы ақпан айында 67 жасында өмірден озды.

XS
SM
MD
LG