Accessibility links

Саясаткерлердің бір тобы Рахат Әлиевтің әлі жарық көрмеген кітабына сенбеуге шақырады


Оппозициялық саясаткерлердің бірқатары ІІМ-нен Алтынбек Сәрсенбайұлы және оның екі көмекшісі Бауыржан Байбосын мен Валерий Журавлевтің өлтірілуіне қатысты қылмыстық істі қайта қарауды талап етті.

Бұл туралы Қазақстан оппозициясының өкілдері 5 ақпан, бейсенбі күні Алтынбек Сәрсенбайұлының кісі қолынан қаза тапқанына 3 жыл толуына байланысты өткізілген басқосуда мәлімдеді.

КазТАГ агенттігі «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбіловтің төмендегі сөздерін келтіреді:

-Біз Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына қатысты Австриядағы бұрынғы елші Р.Әлиев және Н.Әбіқаев неге тергеуге алынбағанын білгіміз келеді. Біз істің қайта қаралып, Рахат Әлиевтің осы қылмыстық іске, демек Сәрсенбайұлының өлтірілуіне қатысы бар ма, жоқ па, соның анықталғанын қалаймыз.

İİМ-нің атына мұндай мәлімдемені Болат Әбілов, Жармахан Тұяқбай, Гүлжан Ерғалиева және Айдос Сарым жасады.

Қазақстан қоғамында Алтынбек Сәрсенбайұлын кім, не үшін өлтірді деген сауалға әлі жауап табылған емес.

Ал, Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың жетекшісі, саясаттанушы Айдос Сарым, аталған іс бойынша сот процесі ең негізгі «Кім өлтірді? Және не үшін өлтірді» деген сұраққа жауап бермеді дей келе, қылмысты ұйымдастырған және жасаған адамдар бұл істің ақиқаты ашылмайды деп ойласа, қатты қателесетінін атап көрсеткен КазТАГ агенттігіне:

-Менің ойымша Р.Әлиев 2006 жылдың ақпан айында қойылған ең басты сұраққа: оның Сәрсенбайұлының өлтірілуіне қатысы бар ма, жоқ па деген сұраққа жауап беруі керек. Егер ол өз кітабында осындай сауалға жауап беретін болса жақсы болар еді. Соның өзінде біз оған сенеміз бе, сенбейміз бе деп күмәнданамыз, -дейді Айдос Сарым.

ЖСДП -сы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов, Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты шындықтың беті ашылмағанын, сондықтан қоғамның, БАҚ тың және тәуелсіз сарапшылардың қатысумен істің қайта қозғалуы керектігін, себебі, саясаткердің кісі қолынан қаза табуына байланысты құқық қорғау орындарының айтқан уәждеріне орай оппозицияның қарсы қояр сауалдары бар екенін айта келіп:

— Рахат Әлиев қазір бұрынғыдай бүгінгі биліктің адвокаты емес, Н.Назарбаевтың сыншысына айналғандықтан оның бұл қылмыстық іске қатысы жоқ болса, оны нақты фактілермен дәлелдеуге мүмкіндігі бар. Өйткені, ол бұрын ҰҚК басқарған және биліктің өз ішінен шыққан адам болғандықтан, қолында аталған іске қатысты жеткілікті материал бар. Ал егер өзінің қатысы жоқ болса және шынымен осы елдің шынайы патриоты болғысы келсе, онда қылмыстық іске қатысы бар бүгінгі биліктегі адамдардың атын атап, түсін түстеп берсін. Р.Әлиев Алтынбектің өліміне кімдердің қатысы бар екенін білуі әбден мүмкін, – деді Әміржан Қосанов Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Сондай-ақ, Ә.Қосанов, Президент Н.Назарбаев пен күйеу баласы Р.Әлиевтің ортасында Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасының шындығына қатысты белгілі бір өзара келісім болған күннің өзінде ол бәрібір бір күні су бетіне шығатынын, ал осы қылмысқа қатысы бар адамдар бар білетін құпияларын бүгін жария етсе, халық оларды бәлкім іштей кешіруі мүмкін екенін атап өтті.

Өз кезегінде президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев Алтынбек Сәрсенбайұлының өлтірілген күні қарсаңында өзінің әшкерелу кітабын шығарып, оның тұсаукесерін өткіземін деп мәлімдеген болатын. Ол кітапта Әлиев Сәрсенбайұлын өлтіруге кімдер тапсырыс берді және кімдер ол тапсырысты орындағандығын аты-жөндерін көрсетіп тұрып, ашық жазамын деп уәде еткен еді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Р. Әлиев Азаттық радиосына жақында берген сұхбатында "Өкіл қайын ата" кітабының тұсаукесері ақпан айында Лондонда өтетін болады деген еді.

«Р.Әлиевтің дәл Алтекең қаза болған күні кітабының тұсаукесерін өткіземін деуі, ақылға сыймайтын іс және бұл қылмыс жасаған адамның оқиға орнына немесе сол күнге қайта оралып отыратын қылмыскердің психологиясын еске салады», -деді Алтынбектің ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы.

Айта кететін бір жайт, Р.Әлиев өз адамдары арқылы Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына байланысты деректер бар екенін айтып, оны ағасына беремін деп, Рысбек Сәрсенбайұлына хабарласқан көрінеді. Сөйтіп, Р.Сәрсенбайұлы Р.Әлиевпен кездеспекке Еуропаға аттануға даяр болған кезде, Р.Әлиев бастапқы сөзінен тайқып, әлгі деректерді өз кітабына енгізетінін айтыпты. Мұны Рысбек Сәрсенбайұлының өз аузынан естідік.

Ал ЖСДП ның төрағасы Жармахан Тұяқбай аталған қылмыстық іске байланысты сот ісі әуелі дұрыс бағытта өрбігенімен, саясаткердің қазасына тікелей қатысты шындықтардың шеті көріне бастағанда-ақ, сот заңды белшесінен басып, өрескел қателіктерге жол бергенін айтып өтті.

Осыдан 3 жыл бұрын яғни 2006 жылдың 11 ақпанында белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісі Бауыржан Байбосын және Валерий Журавлев кісі қолынан қаза тапқан болатын.

Рахат Әлиев 2007 жылдың мамыр айында мемлекеттік қызметтен кетірілді. Қазақстан билігі де және бірқатар оппозициялық тұлғалар да Рахат Әлиевтің 2007 жылдың қаңтар айында "Нұрбанктің" екі менеджерінің жоғалуына қатысы бар деп есептейді. Рахат Әлиев ол айыптауларға жауап ретінде оппозиция жетекшілері Болат Әбілов пен Жармахан Тұяқбайды ҰҚК-мен бірлесіп жұмыс істейді деп айыптады. Әбілов пен Тұяқбай бұны жоққа шығарады.
XS
SM
MD
LG