Accessibility links

Назарбаев: "Енді бала тәрбиесіне кірісу керек"


Нұрсұлтан Назарбаев 8 наурыз мерекесіне орай бір топ әйелмен кездесіп тұр. Астана, 7 наурыз 2013 жыл
Нұрсұлтан Назарбаев 8 наурыз мерекесіне орай бір топ әйелмен кездесіп тұр. Астана, 7 наурыз 2013 жыл

Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 8 наурыз мейрамына орай бір топ әйелмен кездесіп, "экономиканы дамытып алған шақта енді отбасын құру мен тәрбие ісіне көңіл бөлуге" шақырды.

Президент Назарбаев Астанада өткен әйелдермен кездесу кезінде Қазақстанда 50 мың әйел мемлекеттік қызметте, ал 260 әйел әкім болып қызмет ететінін айтты.

- Парламент мәжілісінің қазіргі құрамында өткен парламентпен салыстырғанда әйелдер қатары 2,5 есе артты. Барлық депутаттық корпустың 24 пайызын әйелдер құрайды. Бұл тіпті әлемдік рейтингте де өте жоғары көрсеткіш, - деді Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың ойынша, Қазақстан қоғамында әйел мен еркек тең құқылы, ал мемлекеттік қызметтегі әйелдер өз жұмысына жауапты, пара алмайды.

СУ МЕН ЭНЕРГИЯНЫ ҮНЕМДЕУ МӘСЕЛЕСІ ДЕ АЙТЫЛДЫ

Кездесуде президент Назарбаев су мен электр энергиясын үнемдеу керектігін де айта кетті.

- Біз мүлде су мен электр энергиясын үнемдемейміз. Себебі Қазақстанда су мен электр энергиясы ТМД елдеріне қарағанда үш-төрт есе арзан. Ал Еуропамен салыстыруға мүлде келмейді. Әр бала суды, энергияны үнемдеу керектігін, онда есептегіш құрал тұрғанын біледі. Сондықтан отбасылық шығындарды үнемдеу арқылы елге көмек тиеді, - деді Қазақстан басшысы.

Назарбаев Қазақстанда тәуелсіздік алғалы алты миллион бала дүниеге келгенін айтып, әйелдер қауымына "халық санын көбейтуге өз үлестерін қоса беру" туралы тілек айтты.
Нәрестені шомылдырып жатқан көп балалы ана. Оқырман жіберген сурет.
Нәрестені шомылдырып жатқан көп балалы ана. Оқырман жіберген сурет.

- Әрбір әйелдің киелі борышы - жаңа ұрпаққа өмір сыйлап, балаларды тәрбиелеу. Ең көп баласы бар әйел – әлемдегі ең сұлу әйел. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда алты миллион бала дүниеге келді. Бұл - алты миллион әйелдің ерлігі. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері қазақтың саны 4 миллион адамға көбейді. Мұндай қарқын елімізде ешуақытта болған емес. Соңғы жылдары бала дүниеге келгенде берілетін бір реттік төлем 5,5 есеге өсті. Бір жасқа дейінгі бала күтіміне төленетін жәрдемақы 3,5 есеге дейін артты. Сол қамқорлықтың арқасында табиғи өсім жыл сайын еселеп артып келе жатыр, - деді президент.

Алайда Назарбаев бала туған әйелдердің бір бөлігіне берілетін бір жолғы төлемдердің қысқаруы туралы шыққан жаңа заң жайлы ештеңе айтпады.

30 жастағы аяғы ауыр астаналық Раушан есімді әйел президент бүгін дәл осы шулы заңға қатысты өз пікірін айтар деп күткен.

- Өткен жылы желтоқсанда ол журналистермен кездескенде мемлекет басшысы алты-жеті баласы барларға ғана емес, үш балалы отбасыларға да көмек беру керектігін айтқан. Оның алдында әйелдерді белсенді түрде саясатпен айналысуға шақырған. Енді келіп көп бала табуға шақырып отыр. Ал әйелдерге бала туғаны үшін берілетін бір реттік төлемнің қысқаруына байланысты бір сөз айтпауына қатты таң қалдым, - дейді астаналық тұрғын.

«ЖАСТАРДЫ БАЛА ТӘРБИЕЛЕУ ӨНЕРІНЕ ҮЙРЕТУ КЕРЕК»

Астанадағы кездесуде айтқан бір сөзінде Қазақстан президенті:

- Біз ана болу - күрделі кәсіп дейміз. Бірақ неге екені белгісіз, оны ешкім ешқашан үйретпейді. Ана болуды, отбасылық өмірді және балаларды тәрбиелеу ісін де үйрену керек. Сондықтан күшімізді жинап, экономикамызды дамытып алған шағымызда енді осыған кірісуіміз керек шығар. Жастар үшін отбасылық өмірдің қыр-сырын меңгеріп, оны одан әрі алып кету ең ауыр кезең. Әлемнің кейбір елдерінде отбасын құруға бел буған жастарды арнайы оқытатын тәжірибе де бар. Дәл осылай бізге де ана болу мен бала тәрбиелеуге жастарды үйрету керек, - деген ойын да білдірді.

Ал биыл жазда отбасын құрғалы жүрген алматылық Гүлназ Мәзен президенттің жастарды бала тәрбиелеу өнеріне үйрету идеясын орынсыз деп ойлайды.

- Бұл идеяны естіп, күлкім келді. Әке-ана болар жас адам өзінің ата-анасының тәрбиесін баласына сіңіргісі келеді. Ал бізге бала тәрбиесін үйрететін орталықтар не үйрете алады? Тәрбие отбасыдан ғой. Бірақ алдағы уақытта бұл айтылған ой жүзеге асып кетуі де мүмкін. Қазақстанда президенттің кез-келген ойы жүзеге асып жатады ғой, - дейді ол.

«ПРЕЗИДЕНТТІҢ ӘЙЕЛДЕРГЕ ТАПСЫРМАСЫ»

Әнші Баян Нұрмышева президенттің су мен энергияны үнемдеу туралы сөзі тікелей әйелдер қауымына қаратылып айтылған сөз ретінде қабылдапты.
Лондон олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова. 5 тамыз 2012 жыл.
Лондон олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова. 5 тамыз 2012 жыл.

- Ол кісі (президент Назарбаев – ред) әр сөзін ойланып айтады ғой. Су мен жарықты үнемдеу мәселесін дұрыс көтерді. Президент енді әйелдер қауымына су мен жарықты үнемдеу үшін мемлекетке көмектеседі деп үміт артып отыр. Сондықтан балаларымызға үнемшілік туралы көп айтқанымыз дұрыс, - дейді әнші.

Дзюдодан Азия чемпионы, Лондон олимпиадасының қатысушысы Гүлжан Исанова спортшы әйелдердің де еңбегін ешқашан естен шығармаған жөн екенін айтады.

- Қазақстанда шенеунік әйелдер көбейіп келе жатқаны рас шығар. Бірақ спортшы әйелдердің де жыл сайын саны артып келеді. Лондон олимпиадасында жеңіп алған жеті алтынның төртеуін әйел спортшылар алды. Сондықтан ел намысы үшін жарыстарға қатысып жүрген әйелдердің де еңбегін әрқашан ұмытпасақ, - деді спортшы.

Статистика агенттігінің дерегіне сүйенсек, Қазақстан халқының 58 пайызын әйелдер құрайды.
XS
SM
MD
LG