Accessibility links

«Моңғолиядағы қазақ тілі тағдыры қиындау болар деп қорқамын»


Моңғолиядағы қазақ тілі пәні мұғалімі Айгүл Қали (арғы қатарда оң жақтан бірінші тұр) мен шәкірттері.
Моңғолиядағы қазақ тілі пәні мұғалімі Айгүл Қали (арғы қатарда оң жақтан бірінші тұр) мен шәкірттері.

Қазақ тілі олимпиадасында жеңімпаз атанып, оқу гранттарын иеленгендер арасында Моңғолиядағы қазақ жастары да бар. Бірақ ол оқушылардың ұстазы елдеріндегі қазақ тілінің болашағына алаңдайтынын айтады.

KATEV халықаралық қоғамдық қоры биыл өткен «Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасында бас жүлде алып, жоғары оқу орындарының грантына ие болған оқушылардың тізімін жариялады.

Қазақстандағы бірнеше университетте тегін оқу мүмкіндігіне ие болған 40 шақты баланың арасында Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында тұратын қазақ оқушылар да бар. Биылғы «Жарқын болашақта» моңғолиялық қазақ жастарының бесеуі жеңімпаз атанған еді.

Сол оқушылардың бірінің ұстазы, Өлгий қаласындағы №1 орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Қали Моңғолиядағы қазақ тілінің жайы, ондағы қандастарының тұрмысы туралы әңгімеледі.

Азаттық: - Оқушыларыңыздың Қазақстанда өткен жарыста көп жүлдеге ие болғанына қарағанда, Баян-Өлгий аймағындағы мектептерде қазақ тілін оқыту сапасы жақсы сияқты ғой?

Айгүл Қали: - Биыл «Жарқын болашақ» олимпиадасынан балаларымыз бес алтын, төрт күміс, бір қола әкелді. Жалпы бұл ғана емес біздің аймақтың оқушылары жыл сайын Қазақстанда өтетін «Дарын» халықаралық қазақ тілі олимпиадасынан да үнемі грант жеңіп алады, яғни бұл оқу сапасының жаман еместігін дәлелдейді. Алайда қордаланған мәселелер жоқ емес. Қазақ тілін оқыту Баян-Өлгийде бұрынғыға қарағанда орташа деңгейде. Себебі, қазақ тілі пәніне бөлінетін сағат саны азайған, бағдарламаны әрең сыйғызамыз. Қазақ тілі мен әдебиетінің жылдық бағдарламасын Моңғолия білім министрлігінің оқу бағдарламасына лайықтап өзіміз дайындап алғанбыз. Аймақтық білім басқармасында қазақ тілін жауаптанған бір әдіскер жұмыс істейді. Және Улаанбатарда білім министрлігінің қасында «Қазақ балаларын оқыту секторы» жұмыс істейді. Соның бір әдіскері аймақтық білім басқармасында қызмет етеді.

Моңғолиядағы қазақ тілі пәні мұғалімі Айгүл Қали мен шәкірттері.
Моңғолиядағы қазақ тілі пәні мұғалімі Айгүл Қали мен шәкірттері.

Олардың басшылығымен аймақ орталығындағы мектептерде істейтін алты мұғалім кеңесші топ дегенді құраймыз. Қазақ тіліне қатысты түрлі іс-шараларды, семинар, оқулық жазу, олимпиадаларды ұйымдастырамыз. Билік тарапынан белгілі дәрежеде қолдау бар. Десе де салмақ ұстаздарымыздың мойнында.

Азаттық: - Сіздер Моңғолияда қазақ тілі мен әдебиеті пәндері оқулықтарын қайдан аласыздар? Қазақстанда басылған мектеп оқулықтары бойынша оқытасыздар ма, әлде Моңғолияда шығара ма?

Айгүл Қали: - Оқулық жеткіліксіз. Қазақстанның мектеп бағдарламасы бізге толық сәйкес келмейді. Бірақ соған лайықталған кітаптарды жинақтап пайдаланамыз. Кей сыныпта бірнеше түрлі оқулықпен оқып жатқан жағдай бар. Оған қоса Қазақстаннан да бұрынғыдай оқулықтар келмейді. Алтыншы және жетінші сыныптарға арналған қазақ тілі оқулықтарын өзіміз дайындап, оны Моңғолия білім министрлігі екі жыл бұрын бастырып берген. Одан кейін қаржы таппай, ол ісімізді жалғастыра алмадық.

Азаттық: - Баян-Өлгийдегі қазақ мектептерінің оқушылары қазақ тілі мен әдебиетінен өзге пәндерді қай тілде жазылған оқулықтар бойынша оқиды?

Айгүл Қали: - Басқа пәндердің оқулығы түгелдей Улаанбаатарда моңғол тілінде басылады. Бұл оқулықтар жеткілікті. Бастауыш сыныптардың біраз оқулығын да Улаанбаатарда қазақша бастырып жүрген еді, соңғы кездері ол да азайып қалды. Бастауыштағы балалар моңғолша түсіне бермейді, мұғалім сондықтан моңғолша оқулықты қазақша үйретуге мәжбүр.

Орта сыныптан бастап барлық пәндер моңғол тілінде өтеді. Жеке меншік мектептердің кейбірінде қазақ тілі сабағы мүлде жоқ. Мысалы, Баян-Өлгий аймағының орталығы Өлгий қаласындағы кей мектептерде сабақ үш тілде – ағылшын, түрік, моңғол тілдерінде оқытады. Жалпы, қазақ тіліне сұраныс аз, қысым да бар.

Азаттық: - Қазақтар тұратын аймақта қазақ тіліне сұраныс азаюының себебі не? Қандай қысым бар?

Мемлекеттік емтихан, жоғары оқу орындарына түсердегі конкурс– бәрі моңғол тілінде. Осының кесірінен біздің аймақтан барған балалар конкурста төмен балл жинайды. Сол себепті ата-аналар соңғы жылдары балаларын моңғол мектептеріне көп беріп жатыр.

Айгүл Қали: - Мемлекеттік емтихан, жоғары оқу орындарына түсердегі конкурс– бәрі моңғол тілінде. Осының кесірінен біздің аймақтан барған балалар конкурста төмен балл жинайды. Сол себепті ата-аналар соңғы жылдары балаларын моңғол мектептеріне көп беріп жатыр. Балаларын Қазақстаннан оқытқысы келетіндер болмаса, қазақ тіл деп жүгіретіндер аз. Өзара сөйлесу қазақша болған соң, Баян-Өлгийдегі қазақтар қазақ тілінің бағасын білмей жатқан шығар. Бірақ осылай моңғолшаға бет бұра берсек, біраз жылдан кейін бұл аймақтағы қазақ тілінің тағдыры қиындау болар деп қорқамын.

Азаттық: - Моңғол үкіметінің елдегі этникалық азшылық – қазақтарға қатысты саясаты қандай?

Айгүл Қали: - Жалпы біздің аймақты моңғолдар бөлекше қабылдайды. Бізге келгендері «шетелге келгендей әсер аламыз, өйткені тіл, дәстүр, киімдеріңнен бастап бәрі бөлек»деп жатады. Бұл біздің аймақтың өзіндік ерекшелігін танытса керек. Осыдан-ақ елдің саяси көзқарасын аңғаруға болар.

Баян-Өлгийге елдің басқа аймақтарынан көшіп келіп қоныстанып жатқан моңғол азаматтары да біршама болып қалды. Себебі біздің аймақта тіршілік ету негізі жеңіл, үш елмен – Қазақстан, Қытай, Ресеймен тікелей араласып тұрамыз, соған қызығады. Аймақтың дамуы жаман емес. Қазақ шаруашыл елміз ғой, көштен қалмай келе жатырмыз. Халықтың жағдайы да пәлендей нашар емес, дегенмен ел болған соң ала-құла бола береді ғой.

Жайлауда отырған Монғолия қазақтары. 13 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Жайлауда отырған Монғолия қазақтары. 13 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаттық: - Аймақтарыңыздағы қазақ тіліндегі ақпарат құралдарының жағдайы қалай? Моңғолиядағы қазақтар ата-мекендеріндегі – Қазақстандағы оқиғалардан хабардар болып отыра ма?

Айгүл Қали: - Баян-Өлгийде күнде кешке бір сағаттық радио хабар қазақша жүріледі. Үш-төрт жеке меншік телеарна да бар. Өлгийдегі қазақ тіліндегі бірнеше газет үздік-создық шығып тұрады. Ал Қазақстанның барлық телеарналарын көре аламыз. Малшылар да Отау ТВ не басқа да спутниктік каналдар арқылы Қазақстанның және Қытайдың қазақша телехабарларын көре алады. Ал қазақстандық газет-журналдарды тапсырып алдыратындар бар. Өзім де жүрген-тұрғаннан алғызып тұрамын.

Мұндағы қазақтар Қазақстанда болып жатқан маңызды оқиғалардан үнемі хабардар болып отырады. Мысалы, соңғы кездері сөз болған жерге қатысты дауды да естідік. Ешкім көңіл бөлмей қалмайды ондай жағдайда. Әлеуметтік желі арқылы пікірлерін білдіріп жатады.

Азаттық: - Сұхбат бергеніңізге рақмет!

XS
SM
MD
LG