Accessibility links

Советке қарсы күрескен Құныскерей еді


Құныскерей Қожахметов. Өткен ғасырдың 30-жылдары түсірілген бұл сурет «Құныскерей» кітабынан апынды.
Құныскерей Қожахметов. Өткен ғасырдың 30-жылдары түсірілген бұл сурет «Құныскерей» кітабынан апынды.

Қазақ даласында Совет билігі орнаған 1920-30 жылдары Кіші жүзде жаңа тәртіп пен ұжымдастыруға ашық түрде қарсы шыққан ердің пайда болғанын жалпақ жұрт біле бермейді. Біз чекистердің өзін үрейлендіріп, халық арасына «Құныскерей бандысы» деген атпен танылған Құныскерей Қожахметовтың қайғылы тағдыры жайында сыр шертпекпіз.

Бірден ескеретін жайт, халық «банды» деп жалпы қарақшыларды емес, чекистерге қарулы қарсылық танытқан адамдарды атаған.

Құныскерей Қожахметовтың өмірбаянын кезінде атыраулық тілші, тарихшы, өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев терең зерттеп, «Құныскерей» деген деректі кітап жазған.

– Советтік билік көптеген жылдар бойы Құныскерей бейнесін қандай да бір моральдық қағидалар мен идеялардан жұрдай контрреволюцияшыл, барымташы, қарақшы ретінде таныстырып келді. Алайда, бүгінгі күні деректі оқиғалар мен оның замандастарының әңгімелерін терең зерттегеннен кейін алдымыздан тоталитаризм жүйесіне қарсы шыққан адамның қайғылы тағдыры көзге елестейді, – дейді Өтепберген Әлімгереев.

ТАЙСОЙҒАНДЫҚ МЕРГЕН

Құныскерей Қожахметов 1895 жылы қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы Тайсойған құмындағы Нөсер қыстауында дүниеге келген. Ол Кіші жүздің ірі руларының бірі он екі аталы Байұлының құрамына кіретін Ысық руынан тарайды. Құныскерей жергілікті
Атыраулық тілші, тарихшы, өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев.
Кермеқас және Қаракөл орыс-қазақ мектептерінен бастауыш білім алады. Ол мектептер Қызылқоғада 1880 жылы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің ықпалымен ашылған болатын. Құныскерейдің білімді адам болғаны, болыс хатшысы, кейін Совет өкіметі орнаған соң ауылдық кеңестің хатшысы болғаны айтылады.

Өміріндегі екі оқиға советтік билікті еркін қабылдаған және қолдау көрсеткен Құныскерей Қожахметовке көзқарасын өзгертіп, коммунистерге ашық қарсы шығуына итермелеген еді.

Алғашқы оқиға 1920 жылы болған. Ол кезде Кеңес билігі жекеменшігінде малы болған азаматтардың барлығына бірдей азық-түлік салығын енгізген. Құныскерей ауылдық кеңестің төрағасы болып жұмыс істей жүріп, басшылыққа халықтан жүн, ет және сары май жинау жөніндегі есепті ай сайын тапсыруға міндетті болды. Жоспарды толық орындау мүмкін бола бермейтін. Күн ыстық кездерде халық ет пен майды сақтай алмай қалып жататын. Кей кездерде азық-түлік салығының жиналуын тексеріп, бір топ чекистер қазақ ауылдарын аралайтын. Олар шектен жиі шығатын, «зиянкестерді» анықтап, коммунистердің саясатына наразыларды іздейтін.

Осы әділетсіздіктердің барлығы Құныскерейдің көз алдында өтіп жатты. Оған да Кеңес билігінің саясатын халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізбегені және контрреволюциялық, дұшпандық элементтерді анықтамағаны үшін сын айтылатын.

Күздің бір түнінде Құныскерей азық-түлік салығы жөнінде есеп тапсыру үшін Калмыков ауылына бара жатып, жолда бір үйге түнейді. Ол үйдің жанынан ұзақ жолдан болдырған атты байқайды. Үйге кіріп келген Құныскерей қатты ұйықтап жатқан адамдар арасынан ұйқысыздықтан жапа шеккен жолшыны байқайды. «Барлығы тыныш ұйықтап жатыр. Ал ол бірнәрсеге алаңдап отыр. Милицияның Қызылқоғада пайда болған оралдық Олжабай деген қашқын контрреволюционерді іздестіріп жатқанын естіген едім. Ол бізге тиіспейді. Менің де онда шаруам қанша», – деп ойлаған Құныскерей ұйқыға жатқан.

Кенет үй маңынан тұяқ дүбірі мен айғай естіледі. Мызғып отырған жолшы атып тұрып, жасырын мылтығына жармасқан кезде Құныскерей оны тоқтатып, тыныш қана шу шығармауға бұйырған. «Сен дыбысыңды шығарма. Мен шығып, не болып жатқанын білейін», – деп сыбырлайды Олжабайға.

Үйдің сыртын ОГПУ және милиция қызметкерлері толық қоршап алған екен. Үйден шығып келген Құныскерейге олар: «Сен кімсің? Атыңды айт», - деп бұйырған. Ол өзін ауылдық кеңестің төрағасы Қожахметовпін деп таныстырған.

«Біз таң атқалы бері далада жалғыз шапқыншыны қуудамыз. «Контра» деп ойласақ, өзіміздің советтік екен ғой», - дейді қуанып қалған милиционерлер.

Осы кезде үйден атып шыққан Олжабай қызылдарға оқ жаудырған. Атыс тез аяқталып, қарсы оқ атқан қызылдар қашқынды атып өлтірген.

«Халық жауының» қазасын көруі Құныскерейді терең ойлантып тастайды. Ал жергілікті билікте сол кездің өзінде өзімен бірге түнеп жатқан халық жауын жасырмақшы болған ауылдық кеңес төрағасы Қожахметовтің сенімділігі жөнінде күдік туа бастайды.

«ҚАЗАҚ ҚОНАҒЫН ЖАУЫНА САТПАЙТЫН ЕДІ!»

Құныскерей Қожахметовты Кеңес билігіне қарсы шығу жолына толығымен түсірген оқиға өз қонағын – қашқын «халық жауын» коммунистерге бермеумен байланысты.

Бұл оқиға жазушы Қайыржан Хасановтың әңгімелерінде суреттеледі. Ол оқиғаны 60-жылдары атақты қазақ жазушысы Хамза Есенжанов «Ағайынды Жүнісовтер» атты романында сюжет ретінде пайдаланған.

Бұл оқиға жайлы атыраулық қариялар – қызылқоғалық ақсақал Хасан Жақыпқалиұлы мен Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданы Базаршолан ауылының тұрғыны Ораз Ұсағалиева толығымен әңгімелеп берді.

1922 жылдың күзінде Құныскерейдің үйіне Кіші жүздегі атақты ақын, композитор, еркіндік сүйетін тентек Ерғали Аязбаев түнеуге келеді. Қазан төңкерісіне дейін оны қарақшы-барымташы деп ізіне түссе, коммунистер оған контрреволюционер деген айдар тағылды. Ол Құныскерейдің құрдасы болатын. Олар ежелден дос-жар, туыс адамдар болатын. Олар бір-біріне құда еді. Сол түні жаралы Ерғали қуғыннан жасырынып жүрген. Жанында екі жолдасы болатын.

Олар демалып жатқан кезде Құныскерейдің үйін ОГПУ мен милиция қызметкерлері, жалпысы 20 қаралы адам қоршауға алады.

Қашқын қарақшыны ұстау ісіне Ырза деген аудандық милиция бастығы, Зиман деген болыстық комитет төрағасы (академик Салық Зимановтың әкесі) және аудандық ОГПУ бастығы жетекшілік жасаған.

Милиционерлермен келіссөз жүргізуге Құныскерей сыртқа шыққанда, олар:

– Сен үйіңе Совет билігінің жауын жасырдың! Оны өз қолыңмен бізге тапсыруға міндеттісің! Олай болмаған жағдайда екеуіңді де атамыз! – дейді.

– Сендер менен не сұрап тұрсыңдар? Қазақ қонағын ешқашан жауына бермеген! Менің үйімнің артындағы қыраттан асып бара жатқанда ұстай беріңдер. Мен бұлайша өз қонақтарымды сендерге бермеймін! – деп жауап береді Құныскерей.

Милиционерлер үйге кірмекші болғанда Құныскерей мылтығын жұлып алып, олардың жолын бөгеп, атыс басталады.

Құныскерей аудандық милиция бастығы Ырзаны дәл көздеп атып, бала кезінен таныс Зиманға аяушылық танытып, аяғынан атады. Милиционерлердің сасып қалғанын пайдаланған Құныскерейдің қонақтары үй артындағы шөпке өрт қойып, қоршаудан қашып шығады. Құныскерей атыса жүріп, жүйрік тұлпарының арқасында қоршаудан құтылады.

Ал Ерғали Аязбаевтың одан кейінгі тағдыры қайғылы болады. 1928 жылдың қаңтарында жапан далада ОГПУ-дің қолына түседі. Тура бір жылдан кейін Оралда ОГПУ «үштігі» «халық жауы» Ерғали Аязбаевты, оның екі ұлы Ахмет пен Жұмабайды ату жазасына кеседі.

ОТҚА САЛСА - КҮЙМЕЙДІ, СУҒА САЛСА - БАТПАЙДЫ

Билікке қарсы шыққан қауіпті қылмыскерді ұстауға Тайсойған құмына Гурьев милициясының, ОГПУ-дың және Қызыл Армияның барлық күштері жұмылдырылады. Оның туған ауылын бақылауға алып, ата-анасы мен отбасын қамап, репрессияға ұшыратады. Көп ұзамай Құныскерейдің маңайына жақын туыстары мен большевиктердің саясатына наразы адамдар жинала бастайды. Олар коммунистер күштеп ұжымдастыра бастаған ауылдарға дүркін-дүркін шабуыл жасап, байлардан тартып алынған малдарын айдап әкете берді.

Чекистер әр ауылды түгел тінтіп шығады. Алайда, сыбайластарымен бірге жүрген қашқын қашан да табылмайды. Құныскерей қарапайым
Қожахметовтер отбасының суреті, 1968 жыл. Алдыңғы қатарда солдан оңға қарай: келіні Рысты, Құныскерейдің жары Әсем және үлкен ұлы Айтжан. Артқы қатарда оң жақта тұрған кенже ұлы Айтмұхан және есімі белгісіз туысқаны. Сурет Өтепберген Қожахметовтың «Құныскерей» кітабынан алынды.
халықты ешқашан ренжітпей, кедейлерге көмектесіп келгендіктен халық оны құрметтейтін және жақсы көретін. Қауіп жайлы алдын ала ескертіп отыратын.

Азаттық радиосының тілшісіне Атырау облыстық мұрағатынан өткен ғасырдың 20-жылдарының соңында Гурьев чекистерінің Мәскеуге жіберген жеделхатын табудың сәті түсті. Жеделхатта Құныскерейдің халық арасындағы танымалдылығы айтылады.

Мәселен, мынандай жеделхат бар: «Құныскерей Қожахметовтың контрреволюциялық бандысының соңына түстік. Қуғын жергілікті кедейлердің оны қолдайтынына және жасыратынына байланысты қиын болды. Гурьев ОГПУ бастығы Фролов».

Негізі, Құныскерейдің атын жамылған қылмыскерлер де аз болмаған. Оның жолдасымыз деп, тонаушылықпен айналысып, адам өлтірген. Бұл, әрине, кеңес билігіне жағатын жағдай болатын. Олар Қожахметов бандасының қарақшылық істері туралы өсек таратты.

Әдетте, мұндай адамдарды Құныскерей өзі іздеп тауып, қатаң жазалайтын. Олардан барымта малын тартып алып, иелері мен кедейлерге қайтаратын.

Құныскерейдің қарасы аз тобы ешқашан Қызыл Армияға қарсы ашық әскери әрекетке бармаған. Қалай болғанда да, мұндай шайқастарды сипаттаған деректі құжаттар сақталмаған. Алайда, Құныскерей қазақ ауылдарына қырғидай тиген Кеңес билігінің жазалаушы күштеріне қарсы дәл соққы беріп отырғаны мәлім.

ҚҰТҚАРУ

Советтік насихат ұзақ уақыт бойы Құныскерейді қандықол қарақшы ретінде таныстырғанымен де, ол зұлымдық пен жазықсыз жандардың өлтірілуіне үзілді-кесілді қарсы болатын. Тіпті, өзінің ата жауы коммунистердің өзіне себепсіз тиіспеуге және қандарын төкпеуге тырысатын.

Мынадай бір оқиға баяндалады. Құныскерей Тайсойғандағы ауылдардың бірінде қонақта отырғанда оның киіз үйіне жергілікті ауылдық кеңестің төрағасы кездейсоқ кіріп келеді. Ол кезде билік өкілінің әрқайсысының қалтасында қарақшы Қожахметовты көрген жағдайда ОГПУ-ге тез арада хабарлау жайындағы нұсқаулық жататын. Ұсталмайтын батырды көрген төраға қорыққанынан есік көзінде тұрып қалады.

– Қорықпа, кір. Мен саған тиіспеймін, - дейді Құныскерей. Дірілдеген төраға кірген кезде дәстүр бойынша амандасып, үй-ішінің амандығын, жұмыс-шаруасын сұрайды.

– Біздің ауылдағы комсомол басшысы қалай? Аман-есен бе? – деп сұрайды Құныскерей төрағадан.

– Аман. Сіз соңғы кездескенде оны жараладыңыз... – деп жауап береді төраға.

– Ол жерде былай болды. Менің ізіме оншақты милиционер мен чекист түсті. Қуғын басталды. Мен қара үзіп кеттім. Сол кезде жүйрік ат мінген бір жігіттің қалмай келе жатқанын байқадым. Жүзіне қарап, таныс ақсақалдың баласы екенін байқадым. Комсомолдың белсендісі болғанын естігенім бар еді. Біз оқ жетер жерге теңестік. "Ойпырмай, атсам – баланы өлтірем, атпасам – мені өлтіреді" деп ойладым. Жеңіл жараласам, қабырғасын сүйкеп атсам, тірі қалатын шығар деп шештім. Аттым - комсомол кейін қала бастады. Біртіндеп көзден ғайып болды. Одан бері екі ай өтті. Мен әлі күнге дейін мүлт кетіп, байқамай өлтіріп алған жоқ па екенмін деп алаңдадым. Обалына қалған жоқпын ба? – деп сұрайды Құныскерей.

Төраға оның сөзін толық растайды:

– Иә, жігіт жеңіл жараланған. Оқ қабырғасын жанай өткен екен.

Сондай-ақ, қариялар Құныскерейдің милиционерлердің аттарының шамасын байқау үшін қалай мініп кететінін әңгімелейтін. Ары-бері жүріп келіп, "аттарыңнашар екен, мені онымен қуып жете алмайсыңдар" деп, иесіне тапсырады екен.

ӘКЕ ҚАЗАСЫ

1930 жылдың жазында Тайсойған құмында Қожахметов бандасын жою жөніндегі ауқымды операция басталады. Қызылқоғалық ақсақал, марқұм Қайырбай Жалмұрзин естеліктерінде чекистер мен милиция Құныскерейдің ауылына жазалау рейдін жүргізетіні айтылады. Билік өкілдерінің қазасына ашуланған қызылдар көтерілісшіні ұстаудың құйтырқы тәсілін жасайды. Олар батырдың үйі мен қыстауын өртеп жібереді. Сосын Құныскерейдің қартайған әкесі Қожахметті атып өлтіріп, өлі денесін үш тәулік бойы көмуге тыйым салып, қораға қойып қояды. Чекистер "Құныскерей әкесін жерлеу үшін туған ауылына келеді" деп үміттеніп, қақпан құрады.

Алайда, көп ұзамай жазалаушыларға "Құныскерей әкесінің үйіне келіп, отбасымен, жақындарымен, ауылдастарымен қоштасып, Қызылқоға даласынан кетіп қалыпты" деген сөз жетеді.

Мұны естіген милиция басшылығы бірнеше күнге созылған бақылаудан шаршап, қырағылықты ұмытып, демалуға кетеді. Түнде Құныскерейдің адамдары ауылға жасырынып келіп, Қожахметтің сүйегін ұрлап кетеді. Әкесін жерлеген соң батырдың тобы ауылға басып кіріп, милицияның барлығын аяусыз атып, көмекшілерін жазалайды.

ҚОШТАСУ

Әкесі қайтыс болған соң Құныскерей тобымен бірге қызылдардың қуғынынан қашып, бүкіл Батыс Қазақстанды шарлап шығады.

Ол өзі секілді «халық жауларына» айналған басқа көтерілісшілермен байланысады. Құныскерей Нарын құмындағы атақты Аманғали бандасымен және маңғыстаулық көтерілісші Құрмашпен кездеседі. Алайда, қолбасшылар бірігуге келісе алмайды. Құныскерей тобы Маңғыстау арқылы Қарақалпақстанға өтіп, одан әрі Түркіменстанға кетеді. Алайда, Иран шекарасына жетісімен кенеттен кері бұрылады.

30-жылдардың басында чекистердің қуғынына түскен Құныскерей қауіпсіздік мақсатымен өз адамдарын таратуға бел байлайды. Олардың көбісі қамауға алынып, НКВД қабырғасында қаза тапты.

Інісі Жәрдем Қожахметовты билік қолға түсіріп, Гурьев қаласының түрмесінде «халық жауы» ретінде ату жазасына кеседі. Алайда, ол күзеттен қашып шығады. 1944 жылы Қарақалпақстанда қайтыс болады.

Совет билігі Қожахметовтың отбасына да аяушылық танытпады. Зайыбы Әсемді «халық жауының әйелі» ретінде қамауға алып, Саратов қаласына айдап жібереді. Ол жерде Әсем бірнеше жылын өткізеді. Құныскерейдің екі жас қызын Махамбет ауылындағы балалар үйіне береді. Олар сол жерде қайтыс болады. Ұлдары Айтмұқан мен Айтжанды жақын туыстары жасырып үлгереді.

Құныскерей жалғыз өзі Қазақстанды тастап шығып, жасырын Уфа қаласына жетеді. Ол жерде ұжымдастырудан қашқан алыс туыстарына барып паналайды. Теміржол бекетіндегі асханаға жұмысқа тұрып, Новосібір қаласына кетеді.

1933 жылдың күзінде Құныскерей Тайсойғандағы өзінің Кеңкөкті ауылына келіп, әке-шешесінің басына барып, қаңырап қалған, тоналған үйімен қоштасып, туған өлкесінен біржолата кетеді.

Уфада жүрген кезінде Мәриям деген татар қызымен танысып, үйленеді. Олар Қарақалпақстанға барып, одан әрі оңтүстікке кетеді. Содан соң Құныскерей Қожахметов біразға дейін із-түзсіз кетті.

ӘБІЛҚАЙЫР ЖАМАНОВТЫҢ СЫРЫ

Тек 70-жылдардың соңына таман "атақты Құныскерей қалған өмірін Түркіменстанда өткізді, онда екінші отбасы бар екен" деген сөз тарады.

Өтепберген Әлімгереевтің кітабында Индер ауданының прокуроры Қадыр Нұржановтың естелігі келтіріледі. Ол 1976 жылы түркіменстандық белгісіз әріптес-заңгерден мынадай оқиғаны естиді.

Түркімен заңгер өзінің отанында тағдыры қызық бір қазақ барын әңгімелеген.

– Біз Түркіменстанның оңтүстігінде Марый облысында өмір сүреміз. Шеркеш-Байұлы руынан тарайтын Әбілқайыр Жаманов деген бажам бар. Біз оны кейде Елемес, кейде Андрей деп атаймыз. Біз Уфалық апалы-сіңлілі татар қыздарына үйленгенбіз. Ол Түркіменстандағы Ташкөпір бекетіне 30-жылдардың ортасында келді. Ол жерде қазақ босқындарының отбасылары тығыз орналасқан. Жаманов "әйеліміз екеуіміз аштықтан, Батыс Қазақстандағы ұжымдастырудан қаштық" дейтін. Әбілқайырдың әйелінің аты – Мәриям. Жақсы дос болдық және бірімізді-біріміз туған бауырлардай сыйлайтынбыз, - дейді заңгер.

1964 жылы 70 жасар Әбілқайыр ауыр науқастанып жатқан кезде бажасын шақырып алады. Қария "ақырғы тілегімді орындай аласың ба?" деп сұрапты. Ол орындауға уәде берген соң құпиясын айтқан екен.

«Мен сендер Әбілқайыр Жаманов деп жүрген адам емеспін. Елемес те, Андрей де мен емеспін. Менің азан шақырып қойған атым – Құныскерей, тегім – Қожахметов. Батыс Қазақстанның Гурьев облысында, Қызылқоға ауданында, Тайсойған құмында дүниеге келгенмін. Руым – Ысық-Тоғызбай», – дейді Әбілқайыр.

Құныскерей Совет билігі жасаған әділетсіздіктер мен бассыздықтарға төзе алмағанын, қолына қару алып ұжымдастыруға, қазақтарды репрессиялауға қарсы шыққанын әңгімелеген. Еркінен тыс отбасын, бала-шағасы мен туған үйін тастап, қашқын болғанын да айтқан...

– "Қайтыс болсам, жаназа үстінде өзімнің шын аты-жөніммен – Құныскерей Қожахметов деңдер, ал құлпытасқа Әбілқайыр Жаманов деп жазыңдар" деді. Жергілікті тұрғындардың барлығы оны осы атпен танып, осы атпен құрметтеді емес пе? – деп еске алады бажасы.

АҢСАТҚАН АТА-МЕКЕН

Қазір Әбілқайыр Жаманов деген атпен ұсталмас Құныскерей жасырынғанында шүбә жоқ. Гурьев чекистерінің ата жауы Түркіменстанда кеңестік өлшеммен алғанда жақсы ғұмыр сүрді. Ұста, бригадир, жергілікті совхоз төрағасының орынбасары болыпты. Ақалтеке
Совет өкіметі «халық жауы» деп қуғындаған Құныскерей Қожахметовтың қызы Айман Жаманова. Сурет Өтепберген Қожахметовтың «Құныскерей» кітабынан алынды.
тұлпарларын баптапты. Жергілікті газет беттерінде социалистік еңбек белсендісі ретінде аты аталып жүрді. Екінші әйелі Мәриямнан екі қыз көріпті. Қыздарының аты – Шолпан және Айман.

Құныскерейдің балалары "әкемізді ауру емес, тілімделген жүрегіндегі өмірінің ақырына дейін тарқамаған құса әкетті" дейді екен.

Қызы Айман Жаманованың айтуынша, 1964 жылы олардың совхозына Батыс Қазақстаннан бір ақсақал туыстарына қыдырып келген екен.

«Ауыл қарияларының барлығы қонақтың құрметіне жайылған дастархан басына жиналды. Олардың қатарында біздің әкеміз де болды. Оны көрген сәтте Қазақстаннан келген ақсақал селк ете түсіп, жүзіне көзін тіктей қарап, ақырын қана: «Жерлесім, бұл дүниеде әлі тірі екенсің ғой!» – деді. Әкем: «Жылжыған жалған дүниеде өмір сүріп жатырмын», – деп жауап берді деп еске алады Айман.

Келесі күні Құныскерей әлгі қонақты үйіне шақырыпты. Жұрт тараған соң үй иесі қонақты алып қалып, үйіне қондырыпты. Қонақ бөлменің есігін жауып алып, таң атқанша көз ілместен әңгімелеседі. Жерлестердің не туралы сыр шерткені беймәлім. Таңертең Құныскерей қатты шаршап, тұнжырап отырыпты. Қызы Айманға "совхозға жеткізіп тасташы" депті. Арбаға мініп, тау бұлағының қасынан өтіп бара жатқанда Құныскерей қызына "су әкеліп берші" депті. Қызы су әкелсе, әкесі жылап отыр екен.

– Не болды? Неге жылап отырсыз? Ауырып отырсыз ба? – дейді Айман.

– Жоқ, қызым. Менің жылап отырғаным - туған жеріме деген құсадан шаршадым. Келер жылы, аман-есен болсам, тұтқындап, атып тастаса да, сендерге қазақ даласын көрсетемін, - деді әкем көз жасын сүртіп отырып».

Алайда, тағдыр оған жазбады. Бірнеше айдан соң Құныскерей қайтыс болды.

Қазақстанда Құныскерей Қожахметовтің есімі әлі күнге дейін ақталмаған. Ол әлі «халық жауларының» тізімінде тұр.

Тек 2010 жылдың көктемінде ғана Атырауда батырдың құрметіне қала іргесіндегі шағын ғана көшеге Құныскерей аты берілді.
XS
SM
MD
LG