Accessibility links

Назарбаев пен Қырғызстан туралы фильмге белсенділер наразы


«Миссия миротворца. Кыргызский разлом» фильмінен скриншот.
«Миссия миротворца. Кыргызский разлом» фильмінен скриншот.

«Хабар» телеарнасы қарашаның 29-ы «Миссия миротворца. Кыргызский разлом» деген, Қырғызстандағы 2010 жылғы төңкеріс кезінде Қазақстан президенті Назарбаевтың бітімгер рөлін атқарғаны жайлы фильм көрсетті. Фильмде Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев көтерілісшілердің «іш киіміне дейін алып қалғанын» «ұяла отырып» айтады. Бішкекте наразылық акциясын өткізіп үлгерген белсенділер екі қорап іш киім алып шығып, оны Бакиевке жөнелтетінін мәлімдеді. Ал қазақ және қырғыз сарапшылары фильмнің не үшін көрсетілгенін түрліше жориды.

Фильмге қырғыз белсенділері наразы болып, Бішкектегі Қазақстан елшілігі алдына акция өткізді. «Айкол Ала-Тоо» қоғамдық бірлестігі мүшелері екі қорап іш киім алып шығып, оны Бакиевке жөнелтетіндерін айтты. Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты Мээрбек Мискенбаев «Қазақстанның мемлекеттік телеарнасы Сәуір төңкерісін жағымсыз жағынан көрсетті» деп те наразы.

- Қазақстанда осындай жағдай болып кетпесін деп көрсетіп отырғандары. Фильмде сөйлеген қанішер Бакиев «Қырғызстаннан кетерде іш киімін де тартып алып қалғаны жайлы айтады. Сондықтан екі қорап іш киімді, елшілік арқылы Бакиевке жібереміз, - деді ол.

ВИДЕО: "Бакиевке іш киім жіберу" акциясы (видео - орыс тілінде, 30 қараша 2017 жыл)

"Бакиевке іш киім жіберу" акциясы
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:52 0:00

ФИЛЬМ НЕГЕ НАРАЗЫЛЫҚ ТУҒЫЗДЫ?

«Хабар» телеарнасы «Миссия миротворца. Кыргызский разлом» фильмін қарашаның 29-ы күні кешке көрсетті. Фильм негізінен 2010 жылы сәуір айында Қырғызстанда болған төңкеріс кезінде Қазақстан билігінің әрекетін баяндайды.

Фильм сюжетіне қарағанда, Құрманбек Бакиевті Қырғызстан президенттігінен тайдырған төңкеріс кезінде Қырғызстанда азамат соғысы басталу қаупі болған. Фильмдегі кадр сыртындағы мәтінді оқыған дауыс «Бір анығы – сол кездегі заңсыз құрылымдар елдің барлық заңдарын таптай отырып, заңды билікті күшпен құлатты» деп мәлімдеп, «87 адам қаза тауып, жүздеген адам жараланған» Сәуір төңкерісінен кейін Бішкектен кетіп, Ошқа бекінген Бакиевтің билік үшін күресті жалғастыруға әзір болғанын әңгімелейді. Фильмде Қырғызстанның «оңтүстік пен солтүстік болып бөлініп кетуі мүмкін болғаны» айтылады.

Мұнан соң «президент оңтүстіктегі туған жеріне кеткен кезде, премьер-министр отставкаға шығып, астанада Роза Отунбаева бастаған уақытша үкімет құрылғаны» көрсетіліп, кадр сыртындағы дауыс «мемлекеттіліктің бір сәтте жойылып кету және Қырғызстанның соғыс ошағына айналу» қатері төнгенін айтады. Журналистің «Бакиев елден кетпегенде Қырғызстанда азамат соғысы тұтануы мүмкін бе еді?» деген сұрағына Роза Отунбаева «Толық мүмкін еді. Бізде елді оңтүстік пен солтүстікке бөлу бар» деп жауап береді. Фильмде сөйлеген Құрманбек Бакиев те «аймақтар арасында қақтығыс шығып кетуі мүмкін еді, мені жақтайтын күштер болды... азамат соғысы қатері төнгені рас» деп қостайды. Фильмде төңкеріс кезіндегі қорқынышты видеолар көп. Адамдарға оқ жаудырған сарбаздар, қақтығыстар, өртенген көліктер, жарылыстар мен құлап жатқан адамдарды жинап жүргендер видеолары фильмді кәмелет жасқа толмаған балаларға көрсетуге болмайтынын аңғартады.

Youtube желісінен алынған видео:

Фильмде Бішкектен қашып шыққан Құрманбек Бакиев пен билікке ие болған Уақытша үкіметті қолдаушылар арасында қарулы қақтығыс болмас үшін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонда сапарда жүрген жерінен Бакиевті Қырғызстаннан алып шығу ісіне араласқаны баяндалады. Сол кездегі «Қырғызстан бірнеше күн негізінен қылмыскерлерден құралған қарулы жасақтары бар тұрақсыз аймаққа айналды» деп сипатталады.

Фильмде Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісі Әділбек Жақсыбеков Сәуір төңкерісіне қатысты естеліктерін айтады. Оның сөзінше, «қарулы топтар пайда болуына байланысты Қазақстан шекарасын жабуға мәжбүр болған».

2010 жылы қорғаныс министрі болған Әділбек Жақсыбеков президент Назарбаевтың Бакиевті Қырғызстаннан алып шығу үшін әскери ұшақ жіберуге бұйрық беріп, оны шұғыл жүзеге асыруға кіріскенін айтады. Фильмде Құрманбек Бакиевті Қырғызстаннан алып шығу туралы ұсынысты Нұрсұлтан Назарбаевқа «екі әлемдік держава басшылары жасағаны» әңгімеленіп, АҚШ президенті Барак Обама мен Ресей президенті Дмитрий Медведев көрсетіледі. Олар «Қырғызстанда құрылған Уақытша үкіметті бұған тек Назарбаев қана көндіре алады деп сенген». Роза Отунбаева Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтоннан телефон шалып, «Бакиевті елден шығарып жіберу керек екенін, сол кезде елдің екіге жарылуының алдын алуға болатынын» айтқанын растайды. Бакиевті шығарудың шарты «оның биліктен өз еркімен бас тартуы болған».

«Хабар» телеарнасы көрсеткен «Миссия миротворца. Кыргызский разлом» фильмінде сөйлеп тұрған Құрманбек Бакиев. Видеодан алынған скриншот.
«Хабар» телеарнасы көрсеткен «Миссия миротворца. Кыргызский разлом» фильмінде сөйлеп тұрған Құрманбек Бакиев. Видеодан алынған скриншот.

​Ал Құрманбек Бакиев «Қазақстан ұшағымен Таразға келгенін, үстінде не болса, сонымен ғана кеткенін, тіпті іш киімі мен шұлығына дейін [көтерілісшілер] алып қалғанын және елге оралатын да уақыты келетінін» айтады.

Құрманбек Бакиевті Тараз қаласында қарсы алған сол кездегі Жамбыл облысы әкімі Қанат Бозымбаев «Биліктен бас тарту туралы Бакиев жазып берген хатты жаздырып алып, дипломатиялық каналдар арқылы Уақытша үкіметке жіберген».

«ЖАУАП» ВИДЕО

«Хабар» телеарнасы осы фильмді көрсететіні жайлы алдын ала анонс жариялаған болатын. Сонан кейін интернетте «Почему Назарбаев займется реабилитацией Бакиева» деген, жауапқа ұқсайтын видео пайда болды. Ол видео bulbul.kg сайтында тұр.

Екі материалды да қарап шыққан интернет пайдаланушылар түрлі болжам жасайды. Мәселен «Улугбек Бабакулов» есімді Facebook қолданушы: «Хабар» таратқан фильмді қарадым. Тарихи фактілер бұрмаланбаған. Ешкімнің жеке басына тиіспеген. Ал қырғызстан билігі екі күн бұрын эфирге шығарған фильм толығымен көршілес Қазақстан басшысына тіл тигізуге арналған. Олар, сірә, Атамбаевты сынайды деп ойласа керек. Бірақ фильмде Атамбаев туралы сөз жоқ» деп жазады.

"Улугбек Бабакулов" сілтеме берген bulbul.kg сайтындағы видеода сол кезде әлі жарияланбаған «Миссия миротворца. Кыргызский разлом» фильмі «билікте ұзақ отырған Назарбаевтың рөлін асыра көрсетуге арналатын болар» деген болжам да жазылған.

Алайда, жауапқа ұқсайтын әлгі видеода Құрманбек Бакиевті Қырғызстандағы кейбір белсенділер көтеріліске шыққан халыққа оқ жаудырған қанішер деп санайтыны айтылып, әлеуметтік желілерде фильмді түсірушілердің «қанішерге сөз бергеніне» ашуланған адамдардың сөздері берілген.

САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Азаттық тілшісі «Бұл фильм не себеппен көрсетілді?» деген сауалды саясаттанушы Айдос Сарым мен қырғызстандық белсенді Рита Қарасартовадан сұраған еді. Қазақстандық саясаттанушы Айдос Сарым:

Саясаттанушы Айдос Сарым.
Саясаттанушы Айдос Сарым.

- Фильмнің мақсаты Қазақстанның Сириядағы қарулы қақтығысты дипломатиялық жолмен реттеуге араласқаны, Түркия-Ресей жанжалы кезінде екі ел президенттері арасын жақындатқаны секілді Назарбаевтың осыған дейінгі бітімгершілік рөлін көрсетуге арналған секілді көрінді. Тұңғыш президент күні қарсаңында жарияланғанын ескеру керек, яғни ішкі аудиторияға арналған материал. Ал Қырғызстанға қарата әлдебір меңзеу бар деп ойламаймын. Өйткені фильмде айтылғандардың бәрі - бұрын да айтылған жайттар, - деді.

Қырғызстандық белсенді Рита Қарасартова «фильмнен кейін Бішкекте қарсылық акциясы өтуіне фильмді түсірушілердің бұрынғы президент Бакиевтен сұхбат алғаны себеп болуы мүмкін» деп санайды.

- Бұрынғы президенттер Асқар Ақаевтан, Құрманбек Бакиевтен журналистер сұхбат алса, көп ұзамай Қырғызстанда осындай акциялар өтетіні байқалады. Олар сол арқылы бұрын болған қанды оқиғаларды ұмытпайтынын білдіргісі келеді, - дейді ол.

Бұрынғы президенттер Асқар Ақаевтан, Құрманбек Бакиевтен журналистер сұхбат алса, көп ұзамай Қырғызстанда осындай акциялар өтетіні байқалады. Олар сол арқылы бұрын болған қанды оқиғаларды ұмытпайтынын білдіргісі келеді.

Рита Қарасартованың пікірінше, «2010 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Құрманбек Бакиевті Қырғызстаннан алып кетуге араласқанын қарапайым адамдар әрқилы түсінеді. Бакиевтің билігінен тікелей зардап шеккендер мен төңкеріс кезінде оққа ұшқандардың туыстары оның Қырғызстаннан шығарылғаны дұрыс деп есептемейді. Бірақ төңкерістен кейін ел ішінде қақтығыс болу қаупі төнгенін ескеріп, Роза Отунбаева дұрыс шешім қабылдады дейтіндер де бар».

- Дәл қазір Қырғызстанда мұндай фильмге жауап беру бірінші кезектегі мәселе емес. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы жағдайды реттеу болып тұр, - дейді Рита Қарасартова.

Қазан айында өткен Қырғызстандағы президент сайлауы қарсаңында биліктен кетіп жатқан қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев қазақ билігін бірнеше рет сынағаннан кейін Қазақстан тарапы «контрабандамен күрес» деген себеппен қазақ-қырғыз шекарасындағы бақылауды күшейткен. Осыған байланысты қырғызстандық жүк көліктерінің Қазақстанға өтуі қиындап, екі ел арасына саяси салқындық түскен. Саяси сарапшылар бұл салқындық Қырғызстанның жаңадан сайланған президенті Сооронбай Жээнбеков іске кіріскеннен кейін шешілуі мүмкін деген болжам жасаған.

ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ ҮКІМЕТ ДАУЫ ТУРАЛЫ МАҚАЛАЛАРДЫҢ ТОЛЫҚ ТІЗІМІ

Тұңғыш ресми сапарын Мәскеуге жасап, қарашаның 29-ы күні Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен Сооронбай Жээнбеков «Ертең Минскіде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) мемлекеттері басшылары жиналады. Онда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Әбішұлы да болады. Отырыс кезінде барлығымен кездесемін. Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесіп, келіссөз жүргіземін және бұл мәселе жөнінде де сөйлесеміз деп үміттенемін» деп мәлімдеген.

ВИДЕО: Қазақ-қырғыз шекарасында кезек ұзара түсті (30 қараша 2017 жыл)

Қазақ шекарасында кезек ұзара түсті
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:33 0:00

Қазақстан президенті баспасөз қызметі, я Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі екі президенттің кездесетіні жайлы әзірге қандай да бір ақпарат таратпады.

XS
SM
MD
LG