Accessibility links

Қарағандыда тілдерді дамыту басқармасының бастығы зерттеу кітабын шығарып тергеуге қалды


Бақытқали Мұсабеков, Қарағанды облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы. Қарағанды, 16 ақпан 2010 жыл.
Бақытқали Мұсабеков, Қарағанды облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы. Қарағанды, 16 ақпан 2010 жыл.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының жұмыс аясы тағы да тексеріс нысанасына айналды. Прокуратура басқармадағы күдікті жемқорлық бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатса, басқарма бастығы Бақытқали Мұсабеков адвокатымен бірге өзінің ақтығын дәлелдеуге күш салатынын айтады.

2009 жылдың тамыз айында Қарағанды прокуратурасы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма жұмысына тексерістер жүргізіп, ондағы тендерді бөлудегі заңсыздықтарды тапқан еді. Осы тексеріс нәтижесі бойынша басқарма басшылығы мен 3 лауазымды қызметкер облыс әкімінің қатаң сөгісін алған болатын. Ол турасында Азаттық сайтында жазылған болатын.

Араға 2-3 ай уақыт салып, өткен жылдың желтоқсан айында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма бастығы Бақытқали Мұсабековтың үстінен «қызметтік лауазымын асыра пайдаланды» деген айыппен ҚР қылмыстық кодекстің 307 бабының 2 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.

-Мұсабеков мырза ономастика саласындағы атқарылған зерттеу жұмыстарын қабылдап, құжаттарға заңсыз қол қойған. Ал негізінде кітап боп басылып шыққан ол еңбектің ономастика саласына еш қатысы жоқ деп санаймыз,- дейді Қарағанды облысы прокуратурасының басқарма прокуроры Руслан Нұрғалиев.


Ал осы жылдың қаңтар айында жергілікті басылымның бірінде өз аты-жөнін Әділ Шындықов деп көрсеткен азаматтың Қазақстанның үкімет басшысына жолданып, жергілікті билікке «назарға алыңыздар» деп бағытталған ашық хаты жарияланған. Ол хатта Бақытқали Мұсабековтың жергілікті билік пен құзырлы орындар прокуратура мен қаржы полициясынан көріп отырған қысымы жайлы айтылған.


- Ол хат бізге де бас прокуратура арқылы жетті. Анонимді түрде жолданған хат болғандықтан бұл хатқа байланысты біз еш шара қолдана алмаймыз. Ондағы жазылғандарды дәлелдейтіндей дерек- дәйектер жоқ және оның бәрі жалған,- деп кесіп айтты облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Руслан Нұрғалиев.

Ал облыстың тілдерді дамыту жөніндегі басқарма бастығы Бақытқали Мұсабеков ҚР премьер-министріне жолданған хат бір жағынан оны ақтап жазылғандай болғанымен, одан келіп жатқан пайдадан зиянның көптігін тілге тиек етті. Мұсабеков ондай хатты жазған адамның кім екенін өзі білмейтінін айтады. Себебі, бұл хаттан кейін тексеріс те, тергеуші де көбейді дейді ол. Тіпті қаржылық бақылау басқармасының өзі, 2008 жылы тендер өткізудің өздері бекітіп берген ережесінен танып, басқарма жұмысынан түрлі "былықтарды тауып" жатқанын әңгімелеген Мұсабеков ондай хатты жазған адамның кім екенін өзі білмейтінін айтады.

-Мысалы тендер өткізудің ережелерін өздері бекітіп берген. Содан ауытқымай 2 жыл бойы жұмыс жасап келе жатырмыз ғой. 2 жыл бойына неше тексерістер жүрді. Барлығы жақсы боп келді де, осы даудың шеті басталғалы бері бұлардан да түрлі сәйкес келмеушіліктер шыға бастады,- дейді Бақытқали Мұсабеков.

Бақытқали Мұсабековтың айтуынша, ономастика саласына қатысы жоқ деп отырған еңбек нағыз сол ономастиканың бастау алатын жерін қамтыған ғылыми еңбек болып саналады екен.

- Кітаптың аты «Қазақ тілінде іс жүргізудің орталық комиссиясының 1923-1925 жылдардағы қызметі» деп аталады. Демек, бұл еңбекте біз тарихи құжаттарды көтеріп, зерттеуді мақсат етіп қойған едік. Сол арқылы тарихи жер атауларына сүйене отырып, жалқы есімдердің түпкі мағыналарын зерттеуді көздедік,- дейді Бақытқали Мұсабеков.

Ал прокуратура өкілдері ономастика саласына деп қыруар қаражат бөлінудің арқасында жарық көрген бұл еңбек сараптамаға жіберілді дейді.

-Қазақ тілінің мәртебесін көтеруде облыста қыруар іс-шаралар атқарылып жатыр. Өңірімізде «Сарыарқа» оқыту-әдістемелік орталығы жұмыс істейді. Республикалық байқау қорытындысы бойынша жүлделі орынды иеленіп жүрміз.Жұмысымыз әрқашанда ашық түрде өтеді. Семинарлар мен түрлі байқауларды өткізуде біздің басқармамыз үлгі боларлық, тілді дамытуға байланысты түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізуден де талмай келеміз,- деп Бақытқали Мұсабеков басқармада атқарылып жатқан істерді тізбеледі.

Прокуратура өкілдері тергеу жұмыстарының қызу қарқында жүріп жатқанын айтса, Бақытқали Мұсабеков қорғаушы көмегіне жүгініп, өзінің ақтығын дәлелдеуге барлық күш жігерімді саламын деп отыр.

XS
SM
MD
LG