Accessibility links

Жапондықты қазақ күйеуінің тегіндегі «-ов» әуреге салды


Жапониялық Минами Сейтенова (оң жақта) жұбайы Қанат Сейтеновпен бірге. Сурет жеке мұрағаттан алынған.
Жапониялық Минами Сейтенова (оң жақта) жұбайы Қанат Сейтеновпен бірге. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

Қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан жапон қызы жаңа фамилиясы "Сейтенов" емес, "Сейтенова" болуы үшін сотқа жүгінді.

Жапониялық қыз Минами Тошима биыл қыркүйекте қазақ жігіті Қанат Сейтеновке қосылған соң аты-жөні «Минами Сейтенов» болып шыға келді. Соңынан фамилиясын сот арқылы "Сейтеноваға" өзгертті.

СОТҚА ЖҮГІНУ

Жапонияда заң бойынша ерлі-зайыптылардың екеуі де не күйеуінің, не әйелінің фамилиясында болуы керек. Қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан жапондық қыз жұбайының фамилиясына шығу үшін біраз әуреге түсті.

Келер жылы күйеуінің отанына келуді ойлаған Минами Қазақстанда әйел адамның аты-жөні «-ова» жұрнағына аяқталатынын дәлелдеу үшін жапон сотына жүгінді.

– Фамилиямды ауыстырайын десем, жапон тілінде грамматикалық категория болмағандықтан «-ова» жұрнағын жалғау қиынға түсті. Ақыры сотқа жүгіндім. Қазақстандық құрбым Жаннаның көмегі арқасында сотта мақсатыма жеттім. Сот «өзіңнің ықыласың ерекше екен» деп, Сейтенов деген фамилияма «а» әрпін қосудың қажеттілігін түсініп, рұқсат берді, – деді жарым-жартылай қазақша сөйлеп отырған Минами Азаттық тілшісіне.

Оның Минами Сейтенова атануына Жапонияның Кагава префектурасы соты қарашаның ортасында рұқсат еткен.

«-ОВТЫҢ» КЕСІРІ

Минамидың құрбысы Жанна Қаршығанова бұрын Алматыда жұмыс істеген таныс жапон жігіт қазақстандық қызға үйленіп, әйелінің фамилиясына ауысқанын есіне алды.

– Ол жігіттің фамилиясының соңына «-ова» жұрнағы жалғанған еді. Бірақ олар Жапонияда тұрып жатқандықтан бұған ешкім мән берген жоқ. Ал Минами болашақта Қазақстанда тұратын болған соң қолдан келгеннің бәрін жасады. Жолдасының фамилиясы жай ғана "Сейтен" болғанында мұншалықты көп әңгіме​ шықпас еді, – дейді Жанна Қаршығанова Азаттық тілшісіне.

Қазақстан паспортының ішкі беті.
Қазақстан паспортының ішкі беті.
Ол жапон құрбысына көмектесу үшін отыздан астам қазақстандық қыз-келіншектің паспорт көшірмесін жинағанын, сотта соның себі тигенін айтады.

Жапониядағы Қазақстан консулы Қараш Әнуарбектің айтуынша, мұндай жағдайлар жиі кездесіп тұрады екен.

– Жапонияның заңы осылай енді. Жапонияда грамматикалық категория жоқ болғандықтан «-а» әрпін неліктен қосу керек екенін түсінбейді. Мұндай жағдайда «-ова» деген жұрнақты алып тастасын. Мысалы, "Алмас Асқар" деген сияқты, – дейді ол.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің 2011 жылғы бұйрығы бойынша, аты-жөніндегі «-ов» («-ова»), «-ев» («-ева») қосымшасынан арылғысы келетін азаматтар екі түрлі нұсқа таңдай алады. Бірі – бұл жұрнақты алып тастап, тегінің түбірін ғана қалдыру, екіншісі – тегіне «-ұлы», «-қызы» деген сөзді жалғау.
XS
SM
MD
LG